
Айрықша 5 мамандық иелері: жаңа кейіпкерлердің таңдауы
STEPPE редакциясы болашақ мамандық таңдау тақырыбын жалғастырады. Бұл бөлімде біз ерекше кейіпкерлерді таныстырамыз: дзюдодан Париж-2024 Параолимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек, бүркітшілер династиясының ізін жалғаушы құсбегі Арманбек Күнтуған, «Қайтадан» фильмінің режиссері Думан Еркімбек, «Tynda music» оркестрінің негізін қалаушысы және дирижері Айдос Мендалиев және спорт комментаторы Лилиана Қанатқызы. Бұл жолы жаңа кейіпкерлеріміз де балалық армандарынан бастап, бүгінгі таңда қалай өз ісін тапқанын баяндап берді.
Балалық арманнан — алғашқы таңдауға
Әрбір арман бала күннен бастау алады. Сол сәтте көрген мультфильм, ата-ананың ықпалы, қоршаған ортаның әсері болашаққа бағыт береді. Біздің кейіпкерлер де бала кезінде түрлі салаға қызығып, армандарын құшағына алған екен.
Ақмарал Науатбек, дзюдошы:
Бала кезімде тергеуші болғым келді. Шпиондар, агенттер туралы фильмдер көп көріп, ер балалардың ойыншығы саналатын атыс ойындарын да жақсы көретінмін. Кейін бухгалтер болсам деген ойым да болды. Бірақ спортқа аяқ басқан сәттен бастап болашағымды мүлде басқаша елестете бастадым. 6-сыныпта дзюдоға келіп, 7-сыныпта спорт-интернатқа түстім. Сол кезден бастап олимпиада чемпионы болуды армандадым.

Арманбек Күнтуған, бүркітші:
Мен мектеп бітірген соң, экономист-менеджер болдым. 12 жыл бойы сол салада жұмыс істедім. Бірақ бала күннен бастап әкеміздің бүркітпен аңға шыққанын көріп өстім. Сол сәттер менің санамда ерекше орын алып, ұлттық спортқа деген махаббатымды оятқан еді.
Лилиана Қанатқызы, спорт комментаторы:
Мектептен кейін журналист болғым келген. Бірақ оқу үшін Алматыға бару қажет, ол уақытта қала алыс болған соң, үйге жақын жерден эколог мамандығын таңдадым. Себебі мектепте география пәнін жақсы көретін едім. Қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімді қоссам деген мақсат болды.
Айдос Мендалиев, дирижер:
Мен футболшы боламын деп армандайтынмын. Көптеген баланың арманы осы болған шығар. Бірақ төртінші сыныпта өмірім музыкаға қарай бұрылды. Спорт та, музыка да өте үлкен жұмысты талап етеді және ерте жастан бастаған дұрыс. Ал мен домбыра классына түстім. Оныншы сыныпта бағдарламамызға дирижерлік сабағы қосылып, осы бағытқа қызығушылығым артты. Зерттей келе, тани келе осы бағыттың жақындығын түсіндім. Дирижерлікке жылына бір ғана грант бөлінеді. Сондықтан өзіме басқа дағдыларымды дамытып, кейін осы жолға түстім.
Думан Еркімбек, режиссер:
Алғашында ғалым боламын деп ойлайтынмын. Ғылымға қызығып, міндетті түрде ғылыми жаңалық ашамын деп ойлайтынмын. Ғұлама ғалымдардың атқарған қызметін, әкелген өзгерістеріне таңданып өстім. Физика-математика бағытында жаңалық ашсам деген бағытты ұстандым. Бірақ кино өнерін танығаннан кейін бұл салада өзімді табатынымды түсіндім. Әсіресе «V for Vendetta» фильмі маған ерекше әсер етті.
Кездейсоқтық па, әлде жүрек қалауы ма?
Кейде адамдар өз мамандығына саналы түрде келеді, кейде тағдырдың өзі сол жолға бағыттап жібереді. Таңдау – әркім үшін әрқалай: біреу бала кезінен өз бағытын біледі, енді бірі жолай кездейсоқ басып кірген есіктің ар жағынан өз орнын табады.
Ақмарал Науатбек:
Мен үшін спорт – тек қызығушылық емес, өмірлік миссияға айналды. Дзюдоға алғаш келген сәттен-ақ, бұл менің өмірімнің ажырамас бөлігі екенін сезіндім. Армандарым мен еңбегім тоғысып, спортшы болуды жүрегіммен қаладым. Спортқы қызығушылықты көбіне хобби ретінде қабылдайтыны рас. Өзім де спортты анамның кеңесімен мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығымен қатар аламын деп шешкен болатынмын. Кейінгі жетістіктерім спорттағы саналы таңдаудың дұрыстығын дәлелдеп берді.
Арманбек Күнтуған:
Мен үшін құсбегілік кездейсоқ таңдау емес, ата-бабадан қалған аманатты жалғастыру. Әкемнің қолындағы бүркітпен аңға шыққан сәттері бала кезімнен жаныма сіңді. Сондықтан бұл жолды саналы түрде таңдадым. Мен үшін бұл жай кәсіп емес, дәстүрді жалғау, ұлттық рухты сақтау.

Лилиана Қанатқызы:
Қазіргі мамандыққа келуім кездейсоқ болды. Кішкентай кезімнен мәнерлеп сырғанауды теледидардан көруді ұнататын едім. Спортшылар туралы газет-журнал қиындыларын жинадым. Өзім дәптерге жыл сайынғы чемпиондардың аты-жөнін жазып жүретінмін. Жанымдағыларға жарыстар туралы, спортшылар туралы қызықты әңгімелер айтып қызықтырып қоятынмын. Бір күні қазақша осы мәліметтерді айтатын ешкім жоқ, неге комментатор болмайсың деді. Кастинг өтетінін кездейсоқ естіп қалып, бардым. Содан ұнаған болуым керек, мені таңдап алды.
Айдос Мендалиев:
Музыкаға келгенімде, шыны керек, өзімді толық сенімді сезінбедім. Бұл саналы қадам болды ма, әлде тағдырдың сыйы ма – оны да ойланып жүрдім. Бірақ уақыт өте келе дирижерлік маған тек кәсіп емес, жан дүниемді толық ашатын сала екенін дәлелдеді. Себебі кәсіпкерлікке қызығамын, ал осы екі бағытты қосып, дамытуға болатындығы таңдауымның дұрыс екендігін дәлелдеп келеді.
Думан Еркімбек:
Мен үшін режиссерлік – нақты саналы шешім. Сол кезде батылдықпен бағытты өзгерттім. Кино өнеріне келуім – жүрегімнің таңдауы әрі өмірлік арманымды іске асыру жолындағы ең айқын қадамым болды. Себебі барлығы саналы қадамдар басталды. Бағытта салалық оқыға түспегеніммен, тәжірибемді суретке түсіру, музыкалық бейнелерден, сериалдар түсіру жұмысымен айналыстым. Осылайша өзімнің бағытым үлкен экрандарға арналған кино туындыларды түсіру арманымның орындалуына алып келді.
Оқыңыз: Қалыпты таңдаудан бас тартқан мамандық иелері: өз мансап жолын қалай табуға болады
Әр жасөспірімнің таңдауы айналасындағылардың көзқарасына тәуелді болып жатады. Кейде ата-ана немесе туысқандар түсінбей жатса да, олардың қолдауы жас адамның жігерін бекіте түседі. Осы сәтте отбасының сенім артуы үлкен рөл ойнайды.
Ақмарал Науатбек:
Алғашында анам спортты мамандық ретінде толық түсінбеді. Біздің әулетте кәсіби спортшылар болмағандықтан, ол үшін бұл сала тосын әрі беймәлім еді. Мен жаттығуларға қатысып, алғашқы кішігірім жеңістерімді ала бастағанда анамның көзқарасы өзгере бастады. Уақыт өте келе ол менің табандылығымды көріп, спортқа деген ынтамды қолдап, ең үлкен жанкүйеріме айналды.
Арманбек Күнтуған:
Менің жағдайымда қолдау жеткілікті болды. Бүркітшілік – әкемнен көрген өнер, сондықтан отбасыма бұл таңдауым тосын емес еді. Әкемнің өзі маған ұстаз болды, туыстарым да құсбелгілікті құрметтейтін. Сол себепті мен өз жолымды сеніммен бастадым.
Лилиана Қанатқызы:
Мен кастингтен өттім дегенде жақындарым мен достарым таң қалған жоқ. Себебі олар осы спортты жай фанаттардың ішінде ең жақсы білетіндердің бірісің дейтін. Мен комментатор болғалы биыл 10 жыл болды.

Айдос Мендалиев:
Менің музыкалық жолым алғашында көпшілікке түсініксіз болды. Ата-анам да, ұстаздарым да бұл саланың болашағына сенімсіздікпен қарады. Дирижерліктің болашығы түсініксіз болды. Бірақ достарым мені үнемі жігерлендіретін.
Думан Еркімбек:
Менің ата-анам мені әрқашан қолдап, шығармашылыққа бейімділігімді түсінетін. Одан бөлік өзім қабылдаған шешімдерге деген табандылығымды бала кезден көрсетіп, дәлелдеп келемін. Сондықтан режиссер боламын деген шешімімді қабылдап, еш қарсылық көрсеткен жоқ. Олардың сенімі мен түсіністігі маған батылдық беріп, алға нық қадам жасауға мүмкіндік берді.
Қиындықтар, күмәндер және жеңістер
Армандарға жету жолында күмәндар да туындайды. Ал кейде дәл сол күмәннің өзі адамның қаншалықты шыдамды әрі қайсар екенін көрсетеді. Егер күмән мен әлсіздікке берілсек, бүгін біз Париж-2024 Параолимпиадасында Қазақстанның тұңғыш чемпионын көрмес едік. Сондықтан кейіпкерлеріміздің тәжірибесі — әр қадамда төзімнің, сенімнің қаншалықты маңызды екенін еске салады.
Ақмарал Науатбек:
Спорт – өте ауыр жол. Жеңілістер мен жарақаттар, сәтсіздіктер кездескенде сенімнен айырылмау — ең үлкен сынақ. Мен талай рет күмәнданған сәттерден өттім. Әсіресе денсаулыққа келгенде, сол шешімдердің бағасын түсіне бастайсың. Бірақ сол кезеңдерде берілмесем, мүлде басқа нәтижелер болар еді. Спортты жәл мамандық, жұмыс ретінде қабылдау кейде қиын деп жатады. Сондықтан берілмей, табандылық көрсету, шешім қабылдау мен арман жолындағы батылдық шын сүйген ісіңмен айналысуға жетелейді.
Арманбек Күнтуған:
Менде күмән болған жоқ. Өйткені құсбегілік жанымның қалауы болды. Бұл істі ақша үшін емес, ұлттық дәстүрді жалғастыру үшін таңдадым. Әрбір аңға шыққан сәтім – ата-баба рухымен тілдескендей әсер сыйлайды. Сондықтан бұл жолда мен үшін күмәнға орын жоқ. Әсіресе жануарлардың адамға деген қарым-қатынасын көргенде таңдауымның дұрыстығына көзім жетеді. Менің әкемнің өмірден өткеніне 11 жыл болады. Ол кісінің құсын қазір мен баптап жүрмін. Ақбалақ 29-30 жасқа келді. Әкеміз өмірден өткеннен кейін, Алматы облысындағы бүркіттер арасындағы жарысқа қатысқанбыз. 5-6 бүркіт финалға шықты. Сол уақытта әкемнің туған ағасы Тәпсір деген кісі келген еді. Әкеме түр келбеті де, дауысы да ұқсайды. Ақбалақпен кездесіп, томағасын сыпырған кезде, бүркіт екі ойлы болды, әкеме қатты ұқсатқан болу керек. Ағамның да көзіне жас келіп, бүркітте мазасызданып кетті. сонда қатысқан бүркітшілер таңқалған оқиға құс жарыстан бас тартып, Ақбалақ аққудың дауысы ұқсап сұңқалдап жылығанда, барлығымыз бір күрсініп алдық. Иесін қатты сағынғандығы деп ойладық. Осындай байланысты көрген кезде осы салада болғаныма, әкемнің жолын жалғағаныма қуанамын.
Лилиана Қанатқызы:
Ешқашан күманданған кезім болған жоқ. Қайтадан осы жолды таңдар едім. Себебі 10 жыл мемлекеттік қызметте, қоршаған ортаны қорғауға үлес қостым. Ал қазір спорттың әдемі, эстетикалық түрлері туралы көрерменге әңгіме айту ұнайды. Мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика музыкамен, әдемі би қимылдарымен көрерменді сұлулыққа жетелейтін спорт түрлері. Көрерменнің мәдениет, музыка жағынан білімін толықтыратын спорт. Сондықтан да осы мамандықты қайта таңдар едім.
Айдос Мендалиев:
Шынымды айтсам, әлі күнге дейін күмән туындайтын уақыттар болып тұрады. бұл өте қиын мамандық дей аламын. себебі техникалық дағдылардан бөлек, бұл тұлғалық қасиеттер софт-дағдыларды талап етеді. Барлығын қатар дамыту маңызды. Көбіне дирижерлікпен нақты бір аспаппен не мамандықпен жетістікке жеткен үлкен жолдан өткен мамандар айналысатынын сала болғандықтан, критикалық көзқараспен қарағанда күмән пайда болатыныны анық. Бірақ дәл сол күмәндар менің кәсіпкерлікке деген қызығушылығым мен мамандығымды біріктіріп дамытуға мүмкіндік берді. сондықтан күмәнданудың да пайдасы бар.

Думан Еркімбек:
Менде күмән болған жоқ. Себебі жүрегім нені қалайтынын нақты білдім. Бұл шешімім ешқашан өзгерген емес. Дегенмен кино саласы да оңай жол емес — қаржы, уақыт, шығармашылық қысым көп сынайды. Бірақ фильмдерді өзімнің жеткізгім келетін мағыналар, ойлар бар. Осы енді экранда көретін туындыда кіші ініме жеткізгім келетін мағына бар. Сондықтан фильмдермен айналысудағы қиындықтар мені керісінше шыңдап, берілген жолымның дұрыстығына көз жеткізді.
Қызықты: «Қайтадан»: как в Казахстане сняли первый фильм-катастрофу
Бүгінгі түлектерге қандай кеңес берер едіңіз?
Әр буын өзінен кейінгілерге жүріп өткен жолынан сабақ қалдырады. Біз кейіпкерлерімізден болашақ түлектерге айтар кеңестерін сұрадық. Бұл жауаптарды редакция ықшамдап бермей, тікелей кейіпкерлердің аузынан, олардың айтқанындай жеткізуді жөн көрді.
Ақмарал Науатбек:
«Жүректеріңді тыңдаңдар. Кейде ата-ананың немесе қоғамның айтқанына еріп, өз армандарымызды ұмытамыз. Бірақ табысқа тек сүйіп істеген істе жетуге болады. Егер мен күмәнге беріліп, басқаның пікіріне ерсем, Паралимпиада чемпионы атанбас едім. Сондықтан ішкі дауысты тыңдаудан қорықпаңыздар».
Арманбек Күнтуған:
«Біреудің таңдауымен алынған мамандық ешқашан өмірлік іс болмайды. Жүрек қалауы – ең бастысы. Егер бала күніңізден сезінген құштарлық бар болса, оны ешқашан жоғалтпаңыз. Құсбегілік мен үшін сондай болды».
Лилиана Қанатқызы:
Түлектерге жағдайы келсе ең алдымен жаны қалап тұрған мамандықты таңда дер едім. Себебі үйінен жұмысқа жұмыс емес, мейрамға бара жатқандай шығатын жанның бірі мен. Сондықтан да өзіңе ұнайтын мамандықты таңдаған жөн. Ал әзірше ештеңе ұнамайды, мамандық таңдай алмай жүрмін дейтін түлектер болса, бос уақытыңда немен айналысқанды жақсы көресің, соған назар аудар дегім келеді. “Қазақстан” РТРК шығарған “Комментатор сөздігі” жақында ғана қолыма тиді. Осы сөздіктің шығаруға қатысқан редакция мүшелерінің ішінде мен де бармын. Қазақта болмаған спорт түрлерінің терминдерін қазақшалауға атсалысқаныма қуаныштымын.
Айдос Мендалиев:
«Өздеріңізді түрлі салаларда сынап көріңіздер. Бірден таба алмай жатсаңыздар, уайымдамаңыздар – әр адамның жолы әртүрлі. Мектептен кейін, кей елдерде тәжірибедегі gap year алу мүмкіндігін қолдануға кеңес берер едім. Соның арқасында өзіңіздың жаныңызға жақын істі табасыздар. Музыканы таппасам, мүмкін мен де басқа салада жүрер едім. Бірақ ізденістің өзі сізді алға жетелейді».
Думан Еркімбек:
«Батыл қадам жасаудан қорықпаңыздар. Қалаған істеріңізді бар ынтамен істесеңіздер, ол сізді алға жетелейді. Менің режиссерлікке келуім – осының дәлелі. Жүрекпен таңдалған іс ешқашан адастырмайды».

Әрбір кейіпкеріміздің әңгімесінен байқайтынымыз – мамандық таңдаудың ортақ ережесі жоқ. Біреу бала күнінен армандағанына жетсе, енді бірі мүлде басқа салаға бұрылып, жүрек қалауымен таңдау жасайды. Бірақ бәрін біріктіретін бір ой бар: адам бақытты болу үшін сүйікті ісімен айналысуы керек.
STEPPE редакциясы бұл тақырыпты әлі де жалғастырады. Алдағы уақытта тағы да түрлі саладағы ерекше мамандардың тарихын әкелеміз. Күтуді ұмытпаңыздар — алда талай қызықты кейіпкерлер мен жаңа оқиғалар бар.