«Ерлігі ұмытылмасын»: Семейдегі алапат өрт қалай «38. Соңғы нүкте» киноcына айналды? Продюсер, режиссер және идея авторымен эксклюзивті сұхбат
Steppe Select 13 Августа, 2026

«Ерлігі ұмытылмасын»: Семейдегі алапат өрт қалай «38. Соңғы нүкте» киноcына айналды? Продюсер, режиссер және идея авторымен эксклюзивті сұхбат

2023 жылғы Семей орманындағы алапат өрт Қазақстан үшін орны толмас трагедияға айналды. Мыңдаған гектар орманды жалын шарпып, қызметтік міндетін атқарып жүрген 15 орманшы қаза тапты. Бұл оқиға табиғи апаттың ауқымын ғана емес, күн сайын орманды қорғап жүрген адамдардың еңбегі мен олардың қандай қауіппен бетпе-бет келетінін де көрсетті.

Үш жылдан кейін осы оқиға «38. Соңғы нүкте» толықметражды фильмінің негізіне айналды. Авторлар 2023 жылғы өртті сол күйінде экранға көшіруді мақсат етпеген: кейіпкерлер мен олардың тағдыры көркемдік мақсатта өзгертілгенімен, фильмнің өзегінде Семейдегі трагедия мен қаза болған орманшылардың ерлігі жатыр.

STEPPE фильмнің режиссері Төребек Бейсебаев, продюсер-сценарисі Нұржігіт Хайдар және идея авторы Мақсат Жұмахановпен сөйлесіп, ауыр оқиғаны көркем киноға айналдырудағы жауапкершілік, түсірілім барысында таныған орманшылар әлемі және бір фильмнің бүкіл шығармашылық топтың табиғатқа деген көзқарасын қалай өзгерткені туралы сұрады.


«Басты мақсат — олардың ерлігін халықтың есіне салу»

— «38. Соңғы нүкте» фильмін түсіру идеясы қалай пайда болды? Неліктен дәл 2023 жылғы Семейдегі өртті таңдадыңыздар?

— Идея авторларының бірі — Мақсат Жұмаханов ағамыз. Екеуіміз Астанада кездесіп, осы жобаны талқыладық. Оның ең бірінші айтқан сөзі 2023 жылғы үлкен өрт туралы болды.

Қазақстанда бұған дейін де бірнеше осындай қайғылы жағдай болды. Бірақ 2023 жылғы Семейдегі өрт — Орталық Азиядағы ең үлкен апаттардың бірі. 63 мың гектар аумақ жанып кетті. Сол кезде Мақсат аға: «Осы кісілердің ерлігі ұмыт болмасыншы», — деген еді.

Бастапқыда бірден толықметражды фильм түсіреміз деген ой болған жоқ. Ең басты мақсатымыз — сол адамдардың ерлігін халықтың есіне салу үшін не істей аламыз деген сұраққа жауап іздеу болды. Кейін мұндай үлкен оқиғаны кино арқылы жеткізу керек деген шешімге келдік.

Бұл фильм 2023 жылы Семей орманында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған адамдардың рухына арналған.

Семей орманындағы өрт. Семей орманы. 38 Соңғы нүкте. Семей өртi 2023. орман өрті. Семей трагедиясы. қазақстандық кино. фильм-катастрофа. орманшылар. Абай облысы.

«Бұл деректі фильм емес»: шын оқиға мен көркемдік шешімнің арасы

— Нақты трагедияны көркем фильмге айналдырғанда шындық пен көркемдік шешімнің арасындағы шекараны қалай белгіледіңіздер?

— Фильмнің негізі сол оқиғадан алынған. Оны көрген адам 2023 жылғы Семейдегі жағдайды сезінеді деп ойлаймын. 

Бірақ кейіпкерлердің өмірі мен олардың оқиғаларын көркемдік мақсатта өзгерттік. Өйткені бұл деректі емес, толықметражды көркем фильм. Біз қаза болған адамдардың жеке өмірін экранға көшірген жоқпыз.

Сонымен қатар фильмнің соңындағы 14 адамның орман ішінде, өрт құрсауында қалып қоятын сәтін сол кездегі жағдайға барынша ұқсатуға тырыстық. Бірнеше адаммен сөйлесіп, өрт кезінде не болғанын, адамдар қандай жағдайда қашқанын зерттедік. Сол мәліметтерді ескеріп барып оқиғаны құрастырдық.

«27 жаста еді. Артында анасы қалды»

— Сценарийді жазу барысында сізге ерекше ауыр тиген оқиға болды ма?

— Маған қатты әсер еткен оқиғалардың бірі — Серікжан Тоқтасын есімді орманшының тағдыры. Ол орманға кірерден үш сағат бұрын депутатқа өзінің ішкі ойын, сұрағын айтып, кейін жұмысқа кетеді. Сол өртте қаза болады. Ол небәрі 27 жаста еді, артында анасы қалды.

Анасымен бірнеше рет телефон арқылы сөйлестім. Оған да: «Біз дәл сіздің балаңыздың өмірін түсіріп жатқан жоқпыз. Бұл — сол кісілердің рухына тағзым ретінде жасалып жатқан фильм», — деп түсіндірдім. Ол кісі жылы қабылдады.

Фильмнің ішінде маған жақын, тіпті көзге жас келетін сахналар өте көп. Мүмкін, оның бізге ерекше әсер етуінің себебі осы фильммен бір жарым жылдан астам уақыт өмір сүріп келе жатқанымыз шығар.

Семей орманындағы өрт. Семей орманы. 38 Соңғы нүкте. Семей өртi 2023. орман өрті. Семей трагедиясы. қазақстандық кино. фильм-катастрофа. орманшылар. Абай облысы.

Бір фильмнен кейін орманға деген көзқарас қалай өзгереді?

— Осы тақырыпты бір жарым жыл зерттеу сіздің өзіңізге қалай әсер етті?

— Менің орманға, жалпы табиғатқа деген көзқарасым осы фильмнен кейін қатты өзгерді. Түсірілім тобының да көзқарасы өзгерді деп ойлаймын.

Біз орманның ішінде тұрдық, орманшылардың жұмысын көрдік. Сырттан отырып бұл жұмыстың қаншалықты күрделі екенін толық түсіне алмайсың.

Маған олардың бір қасиеті ерекше әсер етті: олар үшін әрбір ағаш маңызды. Бір ағаш жанып жатса, өрт екіншісіне өтпеуі үшін барын салады. Олар өртке сырттан қарап тұрмайды, оның ішіне кіреді. Тіпті бір ағаш үшін күреседі.

Бұл жұмысты істеу үшін орманға деген махаббат, табиғатқа деген ерекше сезім керек. Меніңше, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс.

2000 гектар орманға жауапты екі адам

— Орманшылардың жұмысын зерттегенде сізді ең қатты таңғалдырған не болды?

— Мені таңғалдырған жағдайлардың бірі — екі адамның шамамен 2000 гектар аумаққа жауапты болуы. Екіншісі — олардың қолында қару болмауы.

Орманды заңсыз кесуге келген адамның қаруы болуы мүмкін. Ал сол орманды қорғап жүрген адамның қолында қару жоқ. Бұл мен үшін үлкен сұрақ болды.

Тағы бір мәселе — жастардың бұл салаға аз келуі. Орман шаруашылығында негізінен орта жастан асқан қызметкерлер көп. Бірақ мен үшін ерекше әрі жақсы жаңалық болған бір нәрсе бар: әке жолын қуған балалар өте көп.

Бір қызметкер бізге өзінің осы салада жұмыс істеп жүрген әулеттің төртінші буыны екенін айтты. Атасы, әкесі орман шаруашылығында еңбек еткен, енді өзі жалғастырып жүр. Менің байқағаным, бұл салаға көбіне орманды бала кезінен көріп, оның қалай өсетінін, оны сақтаудың қаншалықты қиын екенін түсінетін адамдар келеді.

38 the steppe 3

«650 мың гектарды бақылау оңай емес»

— 2023 жылғы апаттан кейін орман шаруашылығындағы жағдай өзгерді ме?

— Қазір 2023 жылмен салыстырғанда жағдай өзгерген. Техника жаңарған, мұнараларға камералар орнатылған. Өрт шыққан жағдайда ақпарат орталыққа жылдам жетеді. Жалақы мәселесінде де өзгерістер бар.

Бірақ сырттан отырып «техника жетіспейді» немесе «неге өртті тез сөндірмейді?» деп айту оңай. Орманның ішіне кірген кезде жағдайдың мүлде басқа екенін көресің.

Семей орманының іші құмды. Бірнеше тонна су тиеген көлік кірсе, батып қалуы мүмкін. Біздің өзіміздің көліктеріміз де түсірілім кезінде батып қалып жүрді. Оның үстіне Семейде жел қатты. Өрттің тез таралуына бұл да әсер етеді деп ойлаймын. 

650 мың гектар аумақты бақылап отырудың өзі өте қиын. Оның ауқымын сырттан отырып елестету оңай емес.

Өрт бір жерден екінші жерге «секіреді»

— Орман өртінің табиғаты туралы бұрын білмеген қандай дүниелерді түсіндіңіз?

— Орманда екі айдай уақыт өткіздік. Сол кезде найзағайдың қаншалықты жиі түсетінін көрдік. Кейбір ағаштар жүз жылдан астам уақыт өсіп тұрады. Найзағай ағашқа түскенде өрт бірден байқалмауы мүмкін: алдымен оның тамыры жана бастайды.

Орман өрті төменгі және жоғарғы өрт болып бөлінеді. Жоғарғы өрт басталған кезде оны адамның күшімен сөндіру өте қиын. Арнайы техника мен әуеден көмек қажет болады.

Тағы бір қызық нәрсе — ағаштың жанған бүрлері ондаған метрге дейін ұшып, басқа жерден жаңа өрт ошағын тудыруы мүмкін. Яғни өрт бір нүктеден біртіндеп тарамайды. Бір жерде ағаш жанып жатса, одан алыс жерде жаңа ошақ пайда болуы ықтимал.

Осының бәрін көргеннен кейін орманның қаншалықты нәзік экожүйе екенін түсіндім.

«Біз тек трагедияны көрсеткіміз келмейді»

— Неліктен бұл фильмнің дәл қазір шығуы маңызды деп ойлайсыз?

— Біздің мақсатымыз тек сол қайғылы оқиғаны көрсетіп қою емес. Фильм арқылы орманды сақтау туралы да айтқымыз келеді.

Өрт тек табиғи себептерден шықпайды. Адамдардың табиғатқа немқұрайлы қарауы да себеп болуы мүмкін. Орманда қоқыс немесе бөтелке қалдыру, от жағып, шоғын толық сөндірмей кету — қарапайым көрінетін әрекеттердің салдары үлкен болуы ықтимал.

Біз күнделікті өмірде жұтып жүрген таза ауамыздың қайдан келетінін көп ойлай бермейміз. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында деп мақтанамыз, бірақ жеріміздің аз ғана бөлігін орман алып жатқанын ескере бермейміз.

Семейде Қазақстандағы ең үлкен орман алқаптарының бірі орналасқан. 2023 жылы оның 63 мың гектары жанып кетті. Оның ішінде қаншама жануар, құс, олардың мекені жойылды.

Сондықтан фильмнің тағы бір мақсаты — адамдарды табиғатты қорғауға шақыру. Орманды сақтау керек.

Семей орманындағы өрт. Семей орманы. 38 Соңғы нүкте. Семей өртi 2023. орман өрті. Семей трагедиясы. қазақстандық кино. фильм-катастрофа. орманшылар. Абай облысы.

Сценаристен продюсерге: «Бұл жобаға менен артық ешкімнің жаны ашымайды деп ойладым»

— Бұл фильмде сценарист қана емес, продюсер ретінде де жұмыс істедіңіз. Неліктен екі рөлді қатар алып жүруге шешім қабылдадыңыз?

— Сценарий авторлары — Мақсат Жұмаханов ағамыз және мен. Сценарийді жазып болғаннан кейін: «Бұл жобаның ішкі дүниесін өзім жақсы білемін, оған менен артық ешкімнің жаны ашымайтын шығар», — деп ойладым. Содан продюсерлікті де игеріп көруге шешім қабылдадым.

Осылайша сценарист Нұржігіт бір жобаға продюсер Нұржігітке айналды. Әзірге бір жоба үшін деп ойлағанмын, бірақ алдағы уақытта продюсерлікпен айналысу жоспарым бар.

Өнер адамының продюсер болғаны жақсы екен деп түсіндім. Өйткені біз ең алдымен «қанша шығын кетеді?» деген сұрақты емес, «мұны қалай жақсы әрі көркем жасай аламыз?» деген мәселені көтердік.

Бір жарым жылға созылған жол

— Идеядан дайын фильмге дейінгі процесс қалай өтті?

— Бастапқыда фильмді жеке қаржыға түсіреміз, демеушілер іздейміз деп ойлағанбыз. Кейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының питчингі басталғанын көрдік. Қолымызда дайын сценарий болғандықтан, қатысуға шешім қабылдадық.

Бірнеше кезеңнен өтіп, мемлекеттік қолдауға ие болдық. Одан кейін сценарийді толықтыруға қосымша уақыт берілді. Сценарийге өзгерістер енгізіп, бірнеше ай дайындық жүргіздік. Түсірілімнің өзі шамамен бір жарым айға созылды. Кейін монтаж және постпродакшн кезеңіне өттік.

Осылайша идеядан бастап дайын фильмге дейінгі жұмыс бір жарым жылдан астам уақытты алды.

Семей орманындағы өрт. Семей орманы. 38 Соңғы нүкте. Семей өртi 2023. орман өрті. Семей трагедиясы. қазақстандық кино. фильм-катастрофа. орманшылар. Абай облысы.

Трагедияны экранға қалай көшіруге болады?

Егер продюсер Нұржігіт Хайдар үшін «38. Соңғы нүкте» ең алдымен қаза болған орманшылардың ерлігін ұмыттырмау идеясынан басталса, режиссер үшін басты сұрақтың бірі — шынайы трагедияны көркем киноға айналдырғанда оның шекарасын қалай сақтау болды.

Фильмнің режиссері Төребек Бейсебаевпен біз нақты оқиға мен көркемдік шешімнің арақатынасы, қаза болған азаматтардың отбасылары алдындағы жауапкершілік және үлкен апаттың масштабын экранда көрсету туралы сөйлестік.

— Бұл фильм сіз үшін неден басталды? Неліктен осы оқиғаны экранға шығарғыңыз келді?

— Бұл жобаға дейін маған түрлі жобалар ұсынылды, бірақ көңілімнен шықпады. Осы фильм туралы ұсыныс келген кезде қатты қуандым. Мен үшін бұл көптен бері ойда жүрген тақырыппен жұмыс істеуге берілген мүмкіндік болды.

65 пайыз шындық: фильмдегі оқиға мен кейіпкерлер қалай жасалды?

— Фильм нақты оқиғаға негізделгенімен, кейіпкерлер көркемдік мақсатта өзгертілген. Шындық пен көркем шешімнің арасындағы балансты қалай ұстадыңыздар?

— Жалпы фильмнің шамамен 65 пайызы шынайы оқиғаға негізделген деп айтар едім.

Біз өрттің неден шыққанын, қанша гектар аумақтың жанғанын, өрттің қанша күнге созылғанын, оның қалай басталғанын, кейін кімдердің көмекке келгенін зерттедік. Фильмде осы негізгі оқиғалардың барлығы бар.

Бірақ кейіпкерлерді өзгерттік. Өйткені 14 адамның өмірбаянын жеке-жеке экранға көшірсек, ол көркем фильмнен гөрі деректі фильмге айналып кетер еді.

Сонымен қатар олардың өмірінен кейбір ұқсастықтар бар. Қаза болғандардың арасында 25-27 жастағы жастар болды. Фильмдегі кейіпкерлердің бойынан сол тағдырлардың белгілерін байқауға болады, бірақ олар тікелей белгілі бір адамның көшірмесі емес.

Әр кейіпкерге өзінің ішкі мәселесін, отбасы мен жеке өміріндегі драмасын бердік. Өйткені көрермен орманшыны тек форма киген қызметкер ретінде емес, арманы, отбасы, қорқынышы бар адам ретінде сезінуі керек.

«Олардың жарасын қайта тырнағымыз келген жоқ»

— Нақты адамдардың тағдырын көрсетпеу туралы шешімге не себеп болды?

— Бастапқыда қаза болған азаматтардың өмірін тікелей көрсетуді де ойладық. Бірақ кейін бұл шешімнен бас тарттық.

Бір отбасы екі адамынан айырылды, бір ана жалғыз баласынан айырылды, балалар әкесіз қалды. Уақыт өте келе олардың жүрегіндегі жара енді ғана жеңілдей бастағанда, қайтадан сол оқиғаны алдарына әкеліп, жанын ауыртқымыз келген жоқ.

Сондықтан кейіпкерлерді көркем түрде жасадық. Қаза болған азаматтардың жақындарымен де сөйлестік. Кейбірі түсірілім кезінде бізге келді. Оларға бұл фильм нақты бір адамның өмірбаяны емес екенін, бірақ сол азаматтардың ерлігіне арналғанын түсіндірдік.

Фильмнің соңында олардың суреттерін көрсетеміз. Өйткені бұл кино сол кісілердің құрметіне түсірілді. Біздің негізгі мақсатымыз — олардың есімдері мен ерліктері тарихта қалсын деген ниет.

«Хейт болатынын білеміз. Оған дайынбыз»

— Нақты трагедия туралы фильм болғандықтан, әсіресе Семейдегі көрермен тарапынан сын болуы мүмкін екенін түсіндіңіздер ме?

— Әрине. Тизер мен трейлер шыққаннан кейін-ақ пікірлер айтыла бастады.

Біреу техникаға қарайды, біреу формаға қарайды. «2023 жылы мұндай көлік болмаған» деген сияқты пікірлер де бар. Бірақ тизерде бүкіл оқиға ашылмайды. Толық фильмді көрген кезде көп нәрсе түсінікті болады. Сын болатынын білеміз және оған дайынбыз.

Бірақ бұл фильмді тек Қазақстан ішінде көрсету үшін ғана түсірген жоқпыз. Оның әлемге шыққанын қалаймыз. Басқа елдің көрермені біздің адамдардың қандай жағдайда жұмыс істейтінін, біздің де өз қаһармандарымыз бар екенін көрсін дейміз.

Америкалық кино өз суперқаһармандарын ойдан жасайды ғой. Ал біздің өмірімізде шынайы қаһармандар бар.

Орманшы — тек ағаш қарайтын адам емес

— Осы фильмге дейін орманшылардың жұмысы туралы көзқарасыңыз қандай еді және түсірілім барысында не өзгерді?

— Шынымды айтсам, бұған дейін орманшылардың жұмысының қаншалықты ауыр екенін білмеппін. Олар тек ағаш отырғызып, соны бақылап жүретін адамдар емес. Орманды қорғайды, өрт шықса, оның ішіне кіреді. Заңсыз ағаш кесуге келген адамдармен де бетпе-бет келуі мүмкін.

Мені таңғалдырған дүниелердің бірі — шамамен 2000 гектар аумаққа екі адамның жауап беруі. Олар оны атпен де, көлікпен де аралайды. Сонымен қатар әр ағашты өздері отырғызады, күтеді. Сол ағаш өртеніп жатса, өз баласы өртеніп жатқандай қабылдайды.

Мен кейде қалжыңдап бір нәрсе айтсам, орманшылар: «Одан да мені ат», — дегендей жауап беретін. Өйткені олар үшін орман жай ғана жұмыс орны емес. Өз отбасы сияқты. Оны көзбен көргеннен кейін ғана түсіндім.

«Бір ағаштың өсуіне жүз жыл кетуі мүмкін»

Семей орманындағы өрт. Семей орманы. 38 Соңғы нүкте. Семей өртi 2023. орман өрті. Семей трагедиясы. қазақстандық кино. фильм-катастрофа. орманшылар. Абай облысы.

— Орман туралы сізді жеке адам ретінде ең қатты таңғалдырған не болды?

— Біріншіден, Семейде осыншама үлкен орман бар екенін білмедім.

Көп адам Семейді көбіне дала ретінде елестетеді. Өзім алғаш барған кезде де орманның масштабын көріп таңғалдым.

Екіншіден, орман өздігінен ғана өсіп кете береді деп ойлайтынмын. Бірақ оны өсірудің өзі өте үлкен еңбек екен. Арнайы көшет өсіреді, қатар-қатар отырғызады, әрқайсын күтеді. Кішкентай көшеттің үлкен ағашқа айналуына ондаған, кейде жүз жылдан астам уақыт кетеді. Сол кезде бір ағаштың өзі қаншалықты бағалы екенін түсінесің.

Катастрофаның масштабын экранда қалай көрсетуге болады?

— 2023 жылғы өрттің ауқымын жаңалықтан көрдік. Бірақ үлкен экранда сол масштабты сезіндіру үшін не істеу керек болды?

— Бұл жерде бізге Абай облысы мен Семейдегі мемлекеттік қызметтер үлкен қолдау көрсетті.

Техника жағынан, түсірілім локациялары жағынан көмектесті. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да қолдау көрсетті. Соның арқасында үлкен масштабтағы көріністерді түсіруге мүмкіндік болды. Түсірілім Абай облысында, Бородулиха мен Каштак маңында өтті.

Түсірілім үшін бірде-бір тірі ағаш өртелген жоқ

— Фильмде үлкен өрт сахналары бар. Табиғатқа зиян келтірмеу мәселесін қалай шештіңіздер?

— Түсірілім барысында бірде-бір тірі ағашты өртеген жоқпыз. Фильмде ағаш кесілетін сахна бар. Бірақ ол да тірі, сау ағаш емес еді. Көркемдік жағынан оны тірі ағаш сияқты көрсеттік. Біз орман туралы фильм түсіріп отырып, сол орманға зиян келтіре алмаймыз ғой. Бұл біз үшін принципті мәселе болды.

— Фильмдегі кәсіби детальдардың шынайылығын қалай тексердіңіздер?

— Фильм идеясының авторы Мақсат Жұмахан орман саласында 12 жыл жұмыс істеген. Қаза болған азаматтардың кейбірін жұмысқа қабылдаған адамның өзі.

Сценарий жазылған кезден бастап ол бізге кеңес берді. «Мұндай болмайды», «бұл жерде былай істеу керек», «мына жағдай болуы мүмкін» деп әр детальды айтып отырды. Одан бөлек экологтармен, орманшылармен және сол жерде жұмыс істейтін мамандармен сөйлестік. Кейде сценарийде өзіміз бір нәрсе ойлап табамыз, кейін мамандардан: «Шынайы өмірде осылай болуы мүмкін бе?» деп сұраймыз.

Сондықтан бұл фильмге тек режиссер мен сценаристер емес, осы саланы білетін көптеген адам атсалысты деп айтуға болады.

Катастрофаны көрсету мен трагедияны пайдаланудың арасында шекара бар

— Фильм-катастрофа табиғатынан әсерлі, масштабты болуы керек. Бірақ бұл жерде нақты адамдар қаза тапқан. Режиссер ретінде сол шекараны қалай бақыладыңыз?

— Бұл туралы өте көп ойландық. Бізге көрерменді қызықтыратын кино жасау керек болды. Бірақ сонымен бірге нақты трагедияның үстінен эмоция жасауға болмайтынын түсіндік. Сол үшін қаза болған адамдардың жеке өміріне тікелей кірмеуді таңдадық. Өйткені олардың отбасылары әлі де сол қайғыны көтеріп жүр. Кейіпкерлерді ойдан жасауымыздың тағы бір себебі осы.

Мен үшін ең басты шекара — көрермен кино көріп отырғанын сезінгенімен, оның артында шынайы адамдардың өмірі мен шынайы трагедия тұрғанын ұмытпауы керек.

Семей орманындағы өрт. Семей орманы. 38 Соңғы нүкте. Семей өртi 2023. орман өрті. Семей трагедиясы. қазақстандық кино. фильм-катастрофа. орманшылар. Абай облысы.

Екі күн түсірілген, бірақ фильмге кірмеген 20 секунд

— Түсірілім кезінде сізге ең қиын түскен сахна қайсы болды?

— Фильм өрттің арасынан қашып келе жатқан жылқылардан басталуы керек еді. Орманда адамдар ғана емес, жануарлар да бар ғой. Абай облысы мал шаруашылығы дамыған аймақ болғандықтан, сол апаттың жануарларға да әсерін көрсеткіміз келді.

Оны графикамен емес, шынайы түсіргіміз келді. Бір сахнаны екі күн түсірдік. Экранда бар болғаны 20-30 секунд болуы керек еді. Бірақ жылқылар оттың арасымен біз жоспарлағандай жүрмеді, жан-жаққа тарап кетті. Бүкіл команда екі күн бойы сол сахнамен жұмыс істеді. Ақырында түсірілген материал көңілімнен шықпағандықтан, фильмге қоспадым.

Режиссер ретінде ол сахнаның фильмде болғанын қатты қаладым. Бірақ кейде қанша еңбек кеткеніне қарамай, фильм үшін дұрыс шешім қабылдау керек.

«Олар отбасы мен орманның арасынан таңдау жасайды»

— Фильмдегі қай сәт көрерменге ең қатты әсер етеді деп ойлайсыз?

— Кейіпкерлердің отбасы мен өзінің қауіпсіздігін емес, орманды таңдаған сәттері бар. Сол эпизодтар мен үшін фильмнің ең маңызды жерлерінің бірі. Орманшы деген мамандықтың мәнін сол жерден түсінуге болады. Ол жай ғана жұмыс емес. Кейбір сәтте адам өзінің өмірінен де маңызды нәрсені қорғауға барады.

Көрерменге сол сахналарды көру оңай болмайды деп ойлаймын.

Фильмнен шыққан адам табиғатқа басқаша қараса

— Көрермен фильмнен қандай оймен шыққанын қалар едіңіз?

— Ең алдымен табиғатқа жауапкершілікпен қараса екен деймін. Біз тауға, орманға демалуға шығамыз. Кейде қоқыс қалдырамыз, от жағамыз, оны дұрыс сөндірмейміз. Соның салдарынан өрт шығуы мүмкін.

Ал өртеніп кеткен орманды қайта қалпына келтіруге ондаған, тіпті жүздеген жыл қажет. Сондықтан әр ағашқа, әр табиғи аймаққа жауапкершілікпен қарасақ екен. Фильмде тек орман туралы ғана емес, отбасы, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы да тақырыптар бар. Бірақ ең басты ойлардың бірі — табиғатты аялай білу.

«Бұл менің толықметражды кинодағы дебютім»

— «38. Соңғы нүкте» сіз үшін режиссер ретінде нені білдіреді?

— Бұл менің алғашқы толықметражды фильмім. Оған дейін сериалдар түсірдім, соның ішінде төтенше жағдай қызметкерлері туралы «Ұшқын» жобасымен жұмыс істедім. Бірақ толықметражды киноға келуім осы фильмнен басталды.

Маған бұған дейін де түрлі ұсыныстар болды, оның ішінде комедиялар да бар. Кейде өзім: «Неге маған әлі үлкен, ауыр тақырыптағы толықметражды фильм бұйырмай жүр?» деп ойлайтынмын. Әр адамның өз уақыты бар екен. Осындай жобаның менің алғашқы толықметражды фильмім болғанына ризамын.

Басты актер түсірілімге үш күн қалғанда ауысты

— Актерлік құрамды қандай принциппен таңдадыңыздар?

— Бастапқыда біз көп фильмге түсе қоймаған, көрерменге жаңа есімдерді іздедік. Басты кейіпкерге де бастапқыда басқа актер бекітілген еді. Бірақ түсірілімге үш күн қалғанда ол отбасылық жағдайына байланысты жобадан шығып қалды.

Сол кезде Асан Мәжит есімізге түсті. Онымен бұған дейін кездейсоқ кездесіп, біздің жоба туралы сөйлескен едік. Кейін дәл сол сәтте оның уақыты бос болып шықты.

Хабарластық. Ол бірден келісті. Үш күн ішінде күндіз-түні дайындалып, кейіпкерді бірге талдадық. Осылайша түсірілімге үш күн қалғанда Асан Мәжит фильмнің басты актерлерінің біріне айналды.

Семей орманындағы өрт. Семей орманы. 38 Соңғы нүкте. Семей өртi 2023. орман өрті. Семей трагедиясы. қазақстандық кино. фильм-катастрофа. орманшылар. Абай облысы.

— Осындай масштабты фильмді түсіруде команданың жұмысы қаншалықты маңызды болды?

— Бұл фильмді бір-екі адам жасаған жоқ. Үлкен команда жасады.

Біз үш ай бойы өте мұқият дайындалдық. Қай жерде қандай техника тұрады, актер қай жақтан келеді, камера қай жерде болады — барлығын алдын ала жоспарладық. Кино өндірісінде бір түсірілім күні әдетте 12 сағатқа жоспарланады. Біз сол уақыттан асып кеткен жоқпыз.

Көп адам оған таңғалды. Бірақ оның себебі — үш айлық дайындық. Сол себепті түсірілім барысында үлкен форс-мажорлар болған жоқ. Бұл — бүкіл команданың еңбегі.

Осы жобаға режиссер ретінде сенім білдірген продюсер әрі сценарист Нұржігіт Хайдарға да алғысым ерекше. Бұған дейін көбіне сериал түсірген режиссерге осындай үлкен жобаны сеніп тапсыру оңай шешім емес. Ол маған сенді.

Бұл оқиға ол үшін сценарийден бұрын басталған

Фильм авторлары үшін Семейдегі өрт — зерттелген тарихи оқиға болса, Мақсат Нұрғазыұлы үшін бұл жеке таныған адамдарынан айырылған трагедия. Ол «Семей орманы» Новошульба филиалында бес жыл басшылық қызметте еңбек етіп, 2023 жылғы өртте қаза тапқан азаматтардың көбімен бірге жұмыс істеген.

«38. Соңғы нүкте» жобасының идея авторы әрі сценарисі ретінде ол фильмге тек оқиғаның желісін емес, орманшылардың күнделікті еңбегі, кәсіби ортасы мен сол жүйенің ішкі шындығын алып келді.

«14 адам үш күн болды хабарсыз»

— Осы тақырыпта кино түсіру идеясы қалай туындады? Бұл жоба сіз үшін неге маңызды болды?

— Өрт болған кезде мен Алматыда едім. Ол жерде қаза тапқан азаматтардың бәрімен бірге жұмыс істегендіктен, оларды жақсы білетінмін.

Өрт кезінде әріптесім Саяттың зайыбы Арай хабарласып: «14 адам үш күн болды хабарсыз, біліп беріңізші», — деп сұрады. Кейін 14 азаматтың қаза тапқаны белгілі болғанда жүрегім қатты ауырды.

Орманшылар сол кезде ел бойынша ең төменгі жалақы алатын мамандардың қатарында еді, бірақ жауапкершілігі өте жоғары болатын. Осыдан кейін менде бір ой пайда болды: қаза тапқан әріптестерімнің ерлігін, орманшылардың ауыр еңбегі мен тұрмысын халыққа да, мемлекетке де қалай жеткізуге болады?

Фильм идеясы осылай туды.

— Сценарийді жазғанда нақты оқиғадан қаншалықты алыстадыңыздар?

— Фильмдегі оқиғалардың шамамен 65–70 пайызы шындыққа жанасады. Өрт кезінде азаматтар жалынды сөндіруге барған. Сол сәтте желдің бағыты күрт өзгеріп, өрт жоғарғы өртке айналған. Мұндай жағдайда жағдай бірден күрделене түседі.

Бірақ біз фильмде қаза болған азаматтардың аты-жөндерін сол күйінде қолданған жоқпыз. Біріншіден, олардың туыстарына ауыр тимесін дедік. Екіншіден, нақты адамдардың өмірбаянын толық қайталасақ, бұл көркем фильмнен гөрі деректі киноға айналып кетер еді.

Сондықтан негізгі оқиға мен кәсіби шындық сақталғанымен, кейіпкерлер көркемдік мақсатта өзгертілді.

38 the steppe2

Бір орманды қайта өсіруге ондаған жыл қажет

— Фильм арқылы көрерменге қандай негізгі ой жеткізгіңіз келді?

— Бірінші мақсат — қанша уақыт өтсе де, қаза тапқан азаматтардың ерлігін ұмытпау.

Екіншісі — ағартушылық ой айту. Орман өртіне табиғи себептер де, адам факторы да әсер етеді. Орманда қоқыс қалдыру, пластик немесе шыны бөтелке тастап кету өте қауіпті.

Адамдар кейде орманды дайын күйінде көріп, оның қалай пайда болғанын ойламайды. Ал биік орман қалыптасуы үшін 70–80 жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Тұқымды егіп, 12–17 сантиметрлік қылқан ағашқа дейін өсірудің өзіне екі жылдай уақыт кетеді. Сондықтан бір өртпен жоғалған орманды қайта қалпына келтіру оңай емес.

Оны қорғау — тек орманшылардың емес, бәріміздің міндетіміз.

Автор статьи

Аксулу Элубаева