Қазақ дзюдосының жаңа тарихын жазуды жалғастырамын - Елдос Сметовпен эксклюзивті интервью
Елдос Сметов — Қазақстан дзюдосының тарихына есімін алтын әріппен жазған спортшы. Ол Олимпиада ойындарының алтын, күміс және қола жүлделерінің толық жиынтығын иеленген еліміздегі тұңғыш дзюдошы атанып, жылдар бойы қазақстандық спорттың басты символдарының біріне айналды. Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы тарихи жеңісінен кейінгі STEPPE басылымына берген алғашқы эксклюзивті сұхбаты.
Елдос Сметов — Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, Рио-2016 Олимпиадасының күміс жүлдегері, Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының чемпионы және жүлдегері, Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Grand Slam және Grand Prix турнирлерінің жеңімпазы. Power Figures: Sport Edition by Almaty Marathon жобасында Олимпиада чемпионы шынайы чемпиондық жолдың өз-өзіңмен адал болудан басталатынын, халықаралық спорттың ел алдындағы жауапкершілікті қалай қалыптастыратынын және биік белестерге талант емес, ең алдымен тәртіп пен тынымсыз еңбек жеткізетінін әңгімеледі.
— Сізден прогресс емес, нақты нәтиже күтіле бастағанын сезген сәт болды ма? Бұл спортшыны іштей қалай өзгертеді?
— Мен үшін ондай кезең 2010 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында басталды. Сол жарыста Қазақстан тарихындағы тұңғыш жастар арасындағы әлем чемпионы атандым. Дәл сол сәттен бастап мен дзюдода үлкен мақсаттарға жетуге болатынын анық сезіндім. Олимпиада чемпионы боламын деген арман да, соған жетемін деген сенім де сол жеңістен кейін қалыптасты.
Сол уақыттан бастап адамдардың маған деген сенімі артты. Әр жарыста, жеңілсем де, жеңсем де, артымнан үміт күтіп отырған жанкүйерлердің, бапкерлердің, жақындарымның көп екенін сезіндім. Спортшы үшін дәл осы жауапкершілік ішкі өзгерісті қалыптастырады. Нәтиже үшін еңбек етуге, әр жарысқа бұрынғыдан да үлкен жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

— Сіз қай уақытта өзіңізді тек қатысушы ретінде ғана емес, спорт түріңіздің көшбасшысы ретінде қабылдай бастадыңыз?
— Мен өзімді көшбасшы ретінде алғаш рет жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін сезіне бастадым. Себебі дәл сол жеңіс Қазақстан дзюдосының тарихында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Сол кезден бастап еліміздің тарихын жаңартуға өз үлесімді қоса алатыныма сенім пайда болды.
Көшбасшы болу — тек жеңіс емес.
Ол өзіңнен кейінгі буынға жол көрсету, елдің сенімін ақтау және әр жарыста Қазақстанның намысын қорғау деген сөз.
— Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы спортты дамытуды ең көп тежейтін нәрсе не?
— Мен спортты тежейтін нәрседен бұрын, оның дамып келе жатқанын көбірек көріп жүрмін. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан спортқа үлкен көңіл бөлініп жатыр. Заманауи спорт нысандары салынып, спортшыларға барлық жағдай кезең-кезеңімен жасалуда.
Әрине, бір күнде әлемдегі ең мықты спорттық мемлекеттердің деңгейіне жету мүмкін емес. Бірақ біз сол бағытта жүйелі түрде келе жатырмыз. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда өзгеріс өте үлкен. Талап та, нәтиже де өсті. Жыл сайын жаңа тарихи жетістіктер тіркеліп жатыр. Сондықтан мен Қазақстан спортының болашағына үлкен сеніммен қараймын.

— Соңғы жылдары Қазақстанда спорт айтарлықтай өзгерді. Мұны өз тәжірибеңізде қайдан сезінесіз?
— Ең үлкен өзгерісті халықаралық жарыстарға дайындық мүмкіндіктерінен сезіндім. Бүгінде біз әлемнің кез келген елінде оқу-жаттығу жиындарын өткізе аламыз, кез келген халықаралық турнирге қатысуға мүмкіндік бар. Бұл — мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі.
Осындай жүйелі жұмыстар спортшылардың мотивациясын арттырып қана қоймай, әлемдік деңгейде тұрақты нәтиже көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында Қазақстан спортының жаңа тарихы жазылып жатыр.
— Бүгінгі жас спортшылар алдыңғы буыннан немен күшті? Олар әлі қандай қасиеттерді қалыптастыруы тиіс?
— Бүгінгі жастардың мүмкіндігі әлдеқайда көп. Олар жақсы жағдайда жаттығады, халықаралық тәжірибе жинақтай алады, әлемнің үздік спортшыларымен еркін жұмыс істейді. Бірақ қандай заман болса да өзгермейтін қасиеттер бар.
Ең бастысы — еңбекқорлық, тәртіп, сабыр және мақсатқа адалдық. Талант әркімде болуы мүмкін, бірақ үлкен жеңіске тек күнделікті еңбегімен дайын адам ғана жетеді.

— Халықаралық аренада қазақстандық спортшыларға көзқарас өзгергенін қашан сезіне бастадыңыз? Бүгінде қазақстандық спортшыларды әлемде қалай қабылдайды?
— Қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы беделі жылдан-жылға артып келеді. Бұл тек дзюдоға ғана қатысты емес. Бізде Олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары, кәсіби бокста да, әуесқой бокста да әлемге танылған спортшылар жеткілікті.
Мысалы, Геннадий Головкин Қазақстанның спортын әлемге танытуға орасан зор үлес қосты. Біз де сол жолды жалғастырып келеміз. Өзім Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін халықаралық жарыстарда Қазақстан дзюдосына деген көзқарастың өзгергенін анық сезіндім.
Жақында ғана Қытайдағы халықаралық жарыстан келдім. Бұрын Олимпиада чемпиондарының жанында арнайы операторлар жүріп, оларды түсіріп жүргенін қызыға қарайтынбыз. Ал бүгін сол құрметті өзім де сезініп жүрмін. Бұл — біздің спортшылардың халықаралық деңгейде беделі мен абыройының артқанын көрсетеді.
— Қазір Қазақстан сіздің спорт түріңізде қандай деңгейде? Бұл әлемдік бәсекелестікте нені білдіреді?
— Қазақстан дзюдо бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі деп толық айта аламын. Біздің спортшылар Олимпиадада, әлем чемпионаттарында тұрақты түрде жүлде алып келеді. Бұл кездейсоқ нәтиже емес, көп жылғы еңбектің жемісі.
Қазір халықаралық жарыстарда Қазақстан құрамасына ерекше дайындалады. Себебі біз кез келген турнирде алтын медаль үшін күресе алатын елдердің қатарындамыз. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді әрі әр жарыста өз деңгейімізді дәлелдеуді талап етеді.

— Жарыстан тыс жұмысыңыздың немесе дайындықтың ең күрделі бөлігі қандай? Бұл қысыммен қалай жұмыс істейсіз?
— Шын мәнінде, жарыстың өзі емес, оған дейінгі дайындық әлдеқайда қиын. Әсіресе ұзақ үзілістен кейін қайта бабқа келу, салмақты реттеу, тамақтану тәртібін қалыпқа келтіру, физикалық және техникалық сезімді қайта табу — бәрі үлкен еңбек.
Осындай кезеңдерде мен өзімді психологиялық тұрғыда дайындаймын. Алдымдағы мақсаттарымды жиі есіме саламын. Қиындыққа сынбай, не үшін еңбек етіп жүргенімді ойласам, кез келген ауыр кезеңнен өту оңайырақ болады.
— Сіздің мансабыңызда отбасы мен айналаңыздағы жандар қандай рөл атқарады? Бұл Қазақстандағы спортшының жолына қалай әсер етеді?
— Отбасым — менің өмірімдегі ең үлкен тірегім әрі басты мотивациям.
Қиын кезеңдерде күш-қуатты да, сенімді де солардан аламын. Кейде шаршап кетсем немесе көңілім түссе, жақындарыммен сөйлесудің өзі қайтадан жігер береді.
Маған ең үлкен қуаныш — олардың жүзінен қуаныш көру. Қолымнан келгенше оларды қуантуға, тосын сый жасауға тырысамын. Сондықтан спортта да, өмірде де жеткен жетістіктерімнің артында ең алдымен отбасым тұр деп есептеймін.
— Топ-деңгейге көтерілу нақты жолы қандай? Әдетте кадрдың артында қандай кезеңдер мен қиындықтар бар?
— Топ деңгейге апаратын жалғыз жол — еңбек. Егер адамның мақсаты айқын болса, арманы болса және соған адал еңбек етсе, міндетті түрде нәтижеге жетеді.
Менің ойымша, ең алдымен адам өзімен күресуді үйренуі керек. Күн сайын өз-өзіңе есеп беру маңызды: бүгін қандай жұмыс атқардым, ертеңгі мақсатыма бір қадам жақындадым ба, осы нәтижеге лайық еңбек еттім бе? Мен тіпті айнаға қарап тұрып өзіме осы сұрақтарды қоямын. Осындай ішкі тәртіп қана адамды нағыз чемпион деңгейіне жеткізеді.

— Қазақстанда спорт біртіндеп индустрияға айналып бара жатқандай сезім бар ма? Бұл бүгінгі күні неден көрінеді?
— Иә, спорттың индустрияға айналып келе жатқанын сезінемін. Соңғы екі-үш жылдың ішінде бұл өзгеріс ерекше байқалады. Еліміздің көптеген өңірлерінде жаңа спорт кешендері салынып жатыр, инфрақұрылым қарқынды дамып келеді, спортшыларға жасалып жатқан жағдай да жыл сайын жақсарып келеді.
Мұның бәрі спорттың тек жарыс нәтижесімен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Спортқа жүйелі түрде инвестиция салынып, ұзақ мерзімді даму бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан бұл өзгерістер алдағы уақытта бұдан да үлкен нәтижелерге жеткізеді деп сенемін.
— Қазір спортшыларды даярлау жүйесіндегі қандай өзгерістер қажет деп есептейсіз?
— Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін сол жүйенің ішінде жұмыс істеп көру керек деп ойлаймын. Өйткені әр спортшының, әр жаттықтырушының өз тәжірибесі мен өз әдістемесі бар.
Дегенмен, дзюдода қазір шетелдік мамандармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл — өте дұрыс шешім. Себебі олардың тәжірибесі мен дайындау жүйесін үйрену біздің бапкерлер үшін де, жалпы қазақстандық дзюдоның дамуы үшін де үлкен мүмкіндік. Ал қандай өзгеріс нақты қажет екенін айту үшін әр спортшының физикалық, техникалық және психологиялық дайындығын жан-жақты зерттеу керек.
— Халықаралық тәжірибе сізге спортшы ретінде ғана емес, сіздің ойлауыңызға қалай әсер етті?
— Халықаралық деңгейде жүрген сайын өзіңнің тек жеке нәтижең үшін емес, тұтас еліңнің абыройы үшін жауапты екеніңді тереңірек сезіне бастайсың. Себебі сен барған жерде сені арқылы бүкіл қазақ халқына баға беріледі.
Сондықтан әр сөзіңе, әр әрекетіңе жауапкершілікпен қарайсың. Бұл тек спортшы ретінде ғана емес, адам ретінде де өсіреді. Халықаралық тәжірибе мені сабырлы болуға, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға, елдің атын әрдайым биік ұстауға үйретті.
— Дайындық процесінде жүгірудің рөлі қандай? Үлкен жарыстар алдындағы дайындықта ол қаншалықты маңызды?
— Жүгіру менің дайындық бағдарламамның ең маңызды бөліктерінің бірі. Кардио дайындығына ерекше көңіл бөлеміз. Аптасына кемінде бір рет он шақырымдық жүгіру, ұзақ уақыттық кардио жаттығулары тұрақты түрде жоспарға енгізілген.
Осындай дайындықтың арқасында төзімділік артып, ұзақ белдесулерде күшті дұрыс бөлуге мүмкіндік туады. Сондықтан жүгіру дзюдодағы жоғары нәтижеге жетудің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі деп есептеймін.
— Сіздің ең тығыз күніңіз қандай? Сырт адамдарды күнделікті өміріңізден ең таңғалдыратыны не?
— Ең қарбалас кезең — оқу-жаттығу жиындары. Күнім таңғы жаттығудан басталады. Одан кейін дұрыс тамақтану, қалпына келу, демалыс, кешкі жаттығу, қайтадан қалпына келу — бәрі минутына дейін жоспарланған.
Бұл режимнен ауытқымау өте маңызды. Себебі әрбір сағат, әрбір жаттығу үлкен нәтижеге әсер етеді. Ал бос уақытта отбасыммен бірге болғанды жақсы көремін. Сол сәттер мен үшін ең қымбат уақыт.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Алдағы басты мақсатым — 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына төртінші рет қатысып, қазақ дзюдосының тарихында жаңа белеске жету.
Оған дейін бізді Азия ойындары мен 2027 жылғы әлем чемпионаты күтіп тұр. Бұл жарыстардың әрқайсысы Олимпиадаға апаратын маңызды кезең.
Менің мақсатым өзгерген жоқ — әр жарысқа алтын үшін күресу, Қазақстанның көк туын ең биік тұғырға көтеру және қазақ дзюдосының жаңа тарихын жазуды жалғастыру.