Анвар Матжанов: «Қазақстанда Голливудтан кем түспейтін экшн түсіруге болады»
Steppe Qazaqsha 28 Октября, 2026

Анвар Матжанов: «Қазақстанда Голливудтан кем түспейтін экшн түсіруге болады»

«Бизнес по-казахски», «Таптым-ау сені» және «Брат или брак 3» фильмдерімен танылған режиссер Анвар Матжанов алғаш рет экшн жанрында бағын сынап көрді. STEPPE режиссермен киноға келу жолы, «Шымыр» фильмінің түсірілімі, қазақстандық каскадерлердің мүмкіндіктері және отандық киноның болашағы туралы сөйлесті.

Қазақстандық кинопрокатта комедиялар ұзақ уақыт бойы ең сұранысқа ие жанрлардың бірі болды. Алайда соңғы жылдары отандық режиссерлер триллер, хоррор және экшн бағыттарына да бет бұрып, көрерменге жаңа оқиғалар ұсына бастады. Осындай жобалардың бірі — Анвар Матжановтың «Шымыр» фильмі. Сценарийін Әділхан Ержанов, Қуаныш Тоқанов және Айнұр Мұбарова жазған туындының экшн көріністерін дайындауға NOMAD STUNTS командасы атсалысты.


«Әр фильм — келесі жұмысыма дайындайтын мектеп»

Ең алдымен, кино саласына қалай келгеніңізден бастасақ. Режиссер болуға не себеп болды және алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?

Менің киноға жолым монтаждан басталды. Мектептен кейін монтажға қатты қызығып, әртүрлі жұмыстарды көп жасадым. Сол кезде әр жасаған жұмысыма қуанып, мақтанып жүретінмін. Бірақ уақыт өте келе тек монтажбен айналысу маған аздық ете бастады.

Монтаждың бір ерекшелігі — түсірілімде қабылданған шешімдердің бәрін сол жерде көресің. Қай жерде не жетіспейтінін, нені басқаша түсіруге болатынын байқайсың. Сондай сәттерде: «Осы оқиғаны өзім қалай түсірер едім?» деген ой жиі келетін болды. Біртіндеп оқиғаны монтажда құрастырумен қатар, оны түсірілімнің басынан бастап өзім жасағым келетінін түсіндім.

Содан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Екінші курста оқып жүргенімде белгілі режиссер Серікбол Өтепбергенов бір сериалға қосалқы режиссер ретінде жұмыс істеуді ұсынды. Бұл мен үшін үлкен сенім әрі алғашқы маңызды мүмкіндік болды. Режиссерлік жолым осылай басталды.

шымыр. интервью. анвар матданов. режиссер шымыр. фильм шымыр. первый экшн казахстан.

Бүгінге дейін түрлі жанрда жұмыс істедіңіз. Солардың ішінде өзіңіз ерекше мақтан тұтатын жоба қайсы? Ал қай фильм сізге режиссер ретінде ең үлкен тәжірибе берді?

Өз жұмыстарымды жақсы көремін және оларды мақтан тұтамын. Өйткені әрқайсысында сол кездегі ойым, ізденісім, еңбегім бар. Бір қызығы, мен үшін ең соңғы түсірген жұмысым әрдайым ең жақсысы болып көрінеді. Себебі оған дейінгі жобалардан үйренгенімнің бәрін жаңа фильміме алып келемін. Бұл сезім менің алға жылжып келе жатқанымды білдіретін сияқты.

Ал ең көп тәжірибе берген бір фильмді бөліп айту қиын. Әр жұмыстың өз сабағы бар. Бірінде актермен жұмыс істеуді тереңірек түсінесің, екіншісінде оқиғаның ырғағын сезінесің, тағы бірінде күрделі жағдайда шешім қабылдауды үйренесің. Сондықтан мен үшін әр фильм — келесі жұмысыма дайындайтын мектеп.

Сіз көрермен жақсы қабылдаған, кассалық табысқа жеткен бірнеше фильм түсірдіңіз. Осы тәжірибе арқылы қазақстандық көрермен туралы не түсіндіңіз? Бүгін біздің аудиторияны таңғалдыру үшін не қажет деп ойлайсыз?

Меніңше, біздің көрермен де, жалпы кез келген көрермен де жақсы баяндалған оқиғаны, мінезі айқын, есте қалатын кейіпкерлерді жақсы көреді. Көрерменге кейіпкердің не үшін күресіп жатқанын түсіну, оның тағдырына алаңдау маңызды. Сол байланыс пайда болса, ол оқиғаға сенеді, бірге күледі, бірге уайымдайды.

Ал өзім түсінген ең басты нәрсе — біздің көрермен жанын салып түсірген киноны сезеді. Сенің өз кейіпкеріңе, айтып отырған оқиғаңа сенетінің экраннан көрінеді. Сондықтан көрерменді таңғалдыруды ғана мақсат етпес едім. Ең алдымен оны оқиғаға сендіріп, сезіміне әсер ету керек деп ойлаймын.

«Маған Шымырдың қалай төбелесетінінен бұрын, неліктен осындай адамға айналғанын түсіну маңызды болды»

«Шымыр» — сіздің экшн жанрындағы алғашқы үлкен жобаңыз. Неліктен дәл осы жанрды таңдадыңыз? Бұл өзіңізді жаңа қырынан сынап көру ме, әлде көрерменнің талғамы өзгеріп жатқанын байқадыңыз ба?

Шынымды айтсам, бұрын экшн түсіруді мақсат еткен емеспін. Өзім оқиғасы терең, мейірімі бар, адамға әсер ететін фильмдерді жақсы көремін. Бірақ «Шымырдың» идеясы мені қатты қызықтырды. Кейіпкердің өткенін ашып, оның бүгінгі болмысы қалай қалыптасқанын көрсете алсақ, өте әсерлі фильм шығатынын сездім.

Маған Шымырдың қалай төбелесетінінен бұрын, неліктен осындай адамға айналғанын түсіну маңызды болды. Оның ішінде қандай жара бар? Оны әрекет етуге не итермелейді? Осы сұрақтарға жауап іздеу мені жобаға жақындатты. Сондықтан бұл жанрға келуім көрермен талғамын есептеуден емес, осы кейіпкердің оқиғасын айтқым келгеннен басталды.

шымыр. интервью. анвар матданов. режиссер шымыр. фильм шымыр. первый экшн казахстан.

Бұған дейінгі фильмдеріңізбен салыстырғанда «Шымырдың» басты ерекшелігі неде? Бұл жоба сізден режиссер ретінде қандай жаңа қабілеттерді талап етті?

Көпшілік мені комедияларым арқылы таныды. Толықметражды киноға режиссер ретінде келгенде де алғаш ұсынылған жобаларым комедия болды. Содан «тек комедия түсіретін режиссер» деген түсінік қалыптасқан шығар. Бірақ оған дейін әртүрлі жанрдағы сериалдарды көп түсірдім. Сондықтан өзімді бір жанрмен шектемеймін, тіпті драма маған жақынырақ деп айтар едім.

Шынымды айтсам, драма мен экшн түсіру кей тұста маған жеңілірек көрінді. Комедия — өте күрделі жанр. Оқиғаны дұрыс баяндаумен қатар, әр әзілдің интонациясын, уақытын, актердің орындауын дәл табуың керек. Сәл қателессең, жақсы әзілдің өзі көрерменге жетпей қалады.

Ал «Шымырда» мен үшін басты міндет — кейіпкердің ішкі драмасы мен экшнді байланыстыру болды. Төбелес кезінде де оның мінезі, күйі, не үшін күресіп жатқаны сезілуі керек еді. Әр қимыл оқиғаны жалғастырып, кейіпкер туралы бір нәрсе айтуы маңызды болды.

«Бізде NOMAD STUNTS сияқты команда бар кезде, Голливудтан кем түспейтін экшн түсіруге болады»

Экшн фильмдерінде төбелес, қуу және қауіпті трюктер маңызды рөл атқарады. «Шымырдағы» осындай көріністер қалай дайындалды? Каскадерлермен жұмыс істеу барысында қандай қиындықтар болды?

Сценарийде төбелес пен адам өлімі болатын көріністер көп еді. Оларды бір-біріне ұқсатып түсірсек, көрермен үшін қызығы азаятынын түсіндім. Сондықтан төбелестердің әрқайсысының өз мінезі, өз ырғағы болғанын қаладым. Экшн экранда ұзаққа созылмаса да, қатты әсер етуі керек еді. Ең бастысы, көрермен кейіпкердің әрекетін және оның әділет іздеуін түсінсе дедім.

Қоюшы мамандармен бірге әр көрініске лайық қимыл мен төбелес тәсілдерін іздедік. Бұл жағынан NOMAD STUNTS жігіттері үлкен көмек көрсетті. Өз ісін өте жақсы білетін мықты мамандар. Олармен жұмыс істегенімізге қуаныштымын.

Актерлерімізге де ерекше ризамын. Олар түсірілімге екі ай қалғанда дайындықты бастап кетті. Репетицияға үлкен жауапкершілікпен қарап, кей тұста каскадерлерден кем түспеді. Өздерінің төбелестері мен экшн көріністерін өздері орындады, оның ішінде нәзік көрінетін актрисаларымыз да бар. Экрандағы сол сенімділіктің артында үлкен еңбек жатыр. Актерлерге де, оларды жан-жақты дайындаған каскадерлерге де алғысым шексіз.

шымыр. интервью. анвар матданов. режиссер шымыр. фильм шымыр. первый экшн казахстан.

Қазақстандық каскадерлер халықаралық деңгейдегі ірі фильмдерге қатысып жүр. «Шымыр» фильмінде олардың тәжірибесін қалай пайдаландыңыздар? Жалпы, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі экшн түсіру үшін қандай мүмкіндіктер бар және бізге әлі не жетіспейді?

Бізде NOMAD STUNTS сияқты команда бар кезде, Голливудтан кем түспейтін экшн түсіруге болады деп сенемін. «Шымырда» олардың тәжірибесі актерлерді дайындаудан бастап, төбелес көріністерін құруға дейін үлкен көмегін тигізді. Олармен жұмыс істегенде мүмкіндігіміздің қаншалықты мол екенін түсінесің.

Бізде талантты жас режиссерлер де, керемет актерлер де, мықты қоюшы мамандар да бар. Енді соларға мүмкіндік беретін, халықаралық нарықты көздейтін, жобаны алға жылжыта алатын продюсерлер көбірек керек. Әрине, тиісті бюджет, сенім және мемлекет тарапынан қолдау да маңызды. Әлемдік деңгейге шығу үшін соған сай мақсат қойып, мамандарымызға сол мақсатқа жететін жағдай жасауымыз қажет.

Көрермен экшн жанрын көбіне Голливуд фильмдерімен салыстырады. «Шымырды» түсіргенде шетелдік фильмдерге ұқсамайтын, өзімізге тән ерекшелікті қалай көрсетуге тырыстыңыз?

Мен үшін Шымырдың өзімізге жақындығы — оның мінезінде. Біздің арамызда әділеттілікті қалайтын, тәртіпті бағалайтын, адал еңбектеніп, отбасына жауапкершілікпен қарайтын адамдар көп. Шымырдың бойынан сол қасиеттерді көремін. Ол — адал, жауапкершілігі мол, баласын жақсы көретін әке.

Өзім армандайтын қаһарманның бейнесі осы шығар. Оның күшінен бұрын адамдық қасиеттері маңызды. Көрермен оның әкелік сезімін, жауапкершілігін, әділетсіздікке төзе алмайтынын түсінсе, кейіпкерді өзіне жақын қабылдайды деп ойлаймын. Фильмнің өзімізге тән болмысын ең алдымен осы адамдық қасиеттер арқылы жеткізгім келді.

шымыр. интервью. анвар матданов. режиссер шымыр. фильм шымыр. первый экшн казахстан.

Түсірілім кезінде ең қиын болған көрініс қайсы? Оған қанша уақыт дайындалдыңыздар және сол сәтте қандай күтпеген қиындықтар кездесті?

Бір көріністі бөліп айту қиын. Шынымды айтсам, жеңіл сахна болған жоқ. Әрқайсысы дайындықты, зейінді, бүкіл команданың бірлескен еңбегін талап етті.

Бірақ түсірілім алаңында үнемі жақсы атмосфера болды. Фильмге қатысқан әр адамға сол үшін алғыс айтқым келеді. Бір-біріміздің қолдауымызды сезініп жұмыс істедік. Қиындықтар болса да, жұмыстан ләззат алдық. Кейде тіпті жұмыс істеп жүріп демалып жатқандай сезінетінбіз. Бұл еңбектің жеңілдігінен емес, жаныңдағы адамдармен бір мақсатта болып, істеп жатқан ісіңнен қуаныш алғаннан деп ойлаймын.

«Бәрімізге ортақ мақсат — жақсы фильм жасау»

«Шымыр» фильмінің сценарийін Әділхан Ержанов, Қуаныш Тоқанов және Айнұр Мұбарова жазған. Әсіресе, Әділхан Ержанов авторлық кино бағытындағы жұмыстарымен танымал. Ал сіздің тәжірибеңіз көбіне көпшілікке арналған коммерциялық фильмдермен байланысты. Осындай екі түрлі бағыттың бір жобада тоғысуы қалай жүзеге асты?

Дайындық басталмай тұрып Әділханмен кездесіп, сөйлестік. Ол идеяның қалай туғанын, оқиғаны қалай ойластырғанын айтып берді. Мен өз кезегімде фильмді қалай көретінімді, не қосқым келетінін түсіндірдім. Ол мені бірден қолдап, толықтыруларымды қабылдады. Өзгенің көзқарасын тыңдай алатын, өте ашық, керемет адам екен.

Сондықтан жұмыс барысында «авторлық кино» мен «коммерциялық кино» деп бөлінген жоқпыз. Бәрімізге ортақ мақсат — жақсы фильм жасау болды. Сценаристер менің ойларымды толықтырып, көптеген тамаша шешім ұсынды. Осы бірлескен ізденістің арқасында оқиға байи түсті.

шымыр. интервью. анвар матданов. режиссер шымыр. фильм шымыр. первый экшн казахстан.

Сценарий толық дайын болғанда да, менің ішкі ізденісім тоқтамады. Күн сайын үйде әйеліме фильм туралы айтып беретінмін. Ол да шығармашылық адамы. Бір күні ол Ақбота Нұр сомдайтын кейіпкерді қызығырақ ашудың жолын ұсынды. Содан екеуміз күн сайын кейіпкерлердің мінезін, бейнесін, түрлі жағдайларды талқылай бастадық. Меніңше, соның арқасында образдар одан әрі айқындала түсті.

Бұл фильмге көп адамның ойы мен еңбегі сіңді. Әділханға, Қуанышқа, Айнұрға, әйеліме — осы ізденіске үлес қосқан барлығына ризамын.

Қызықты материал: Кино мен театр – «екі бөлмелі бір үй»: Еркебұлан Дайыровпен үлкен әңгіме

Автор статьи

Аксулу Элубаева