Қазақ қолөнерінің жаңа тынысы: Әлия Төлеуханова ұлттық ою-өрнекті қалай жаңғыртып жүр?
Суретші әрі сәндік-қолданбалы өнер шебері Әлия Төлеуханова қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін заманауи дизайнмен ұштастырып, шетелдік аудиторияға таныстырып жүр. STEPPE Әлиямен ұлттық қолөнерге деген қызығушылықтың қайта оянуы, халықаралық нарықтағы мүмкіндіктері және дәстүрді сақтай отырып, оны жаңаша дамытудың маңызы туралы әңгімелесті.
Бір кездері көбіне музейлер мен сандықтардан көретін қазақтың ою-өрнегі бүгінде заманауи киімдерде, интерьер заттарында және халықаралық брендтердің жобаларында қолданыла бастады. Ұлттық нақышқа деген қызығушылық артып, дәстүрлі қолөнер жаңа сипат алып келеді.
Әлия Төлеуханова — осы бағытта еңбек етіп жүрген суретшілердің бірі. Ол отандық брендтерге принттер әзірлейді, біз кесте және басқа да қолөнер техникаларымен жұмыс істейді. Бүгінде оның шығармашылығы шетелдік серіктестердің де назарын аударған.

Қазақ ою-өрнегіне қызығушылық қашан қайта оянды?
Бүгінде ұлттық ою-өрнектерді футболкалардан, сөмкелерден, интерьер бұйымдарынан және қазақстандық брендтердің топтамаларынан жиі көреміз. Алайда бірнеше жыл бұрын жағдай басқаша еді.
Көркем тоқыма мамандығын меңгерген жас суретшілер үшін дәстүрлі қолөнер әрдайым табыс әкелетін кәсіп бола бермейтін. Сұраныстың аздығынан кейбірі басқа салаға ауысуды да ойлаған.
«Оқуды бітіріп, декретте отырған кезімде басқа мамандық меңгерсем бе деп ойладым. Өйткені өз ісіңе сұраныс болмаған кезде сенімің де азая бастайды. Сол уақытта менің мамандығым адамдарға қажет емес пе деген ой келді», — деп еске алады Әлия.
Оның байқауынша, өзгеріс пандемия кезінде басталған. Сол жылдары ұлттық ою-өрнектер күнделікті киімдерде жиі қолданылып, көпшіліктің назарын қайта аударды.
«Біреудің ақ футболкаға қошқармүйізді басып шығарғаны есімде. Адамдар соған қызығып, ою-өрнектерді қайта тани бастағандай болды. Ал біз оларды он жыл бойы оқып, салып жүрген едік. Біз үшін бұл үйреншікті нәрсе болатын».
Бұған дейін ою-өрнек көпшілік үшін көбіне музейден көретін немесе ұлттық бұйымдардан кездестіретін дүние болып келген. Ал күнделікті өмірде оның заманауи үлгілері сирек қолданылатын.
Осы кезеңде ұлттық нақыштағы принттерге де қызығушылық арта бастады. Суретші Purple Mulina атты Instagram парақшасын ашып, планшетте салған ою-өрнектерін жариялайды. Уақыт өте жұмыстарға қызығушылық танытқандар көбейіп, алғашқы тапсырыстар пайда болады.
Осылайша бұрын сұранысы аз көрінген мамандық жаңа мүмкіндіктерге жол аша бастады.
«Біздің әжелеріміз де принт дизайнерлері болған»
Дәстүрлі қолөнер мен заманауи дизайнның арасында үлкен байланыс бар. Мәселен, қазақтың сырмақтарына қарасақ, бұрынғы шеберлердің күрделі композиция құрып, түстер мен пішіндерді үйлестіре білгенін байқаймыз.
«Ескі сырмақтарға қарасам, біздің әжелеріміз де қазіргі тілмен айтқанда принт дизайнерлері болған ғой деп ойлаймын. Бір ою екіншісімен жалғасып, тұтас композиция құрайды. Оның қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын кейде ажырату қиын. Бұл да үлкен өнер».
Бүгінгі принт дизайнында қолданылатын көптеген тәсілді дәстүрлі қолөнерден де кездестіруге болады. Өрнектерді қайталау, симметрия сақтау, түстерді үйлестіру және композиция құру — мұның бәрін қазақ шеберлері бұрыннан қолданған.

Алайда ұлттық мұраны сақтау үшін көне үлгілерді өзгеріссіз қайталау жеткіліксіз.
«Егер ою-өрнекті бұрынғы қалпында ғана қолдана берсек, оның дамуы тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан жаңа техникаларды, түстерді, әлемдік дизайндағы өзгерістерді зерттеп, оларды ұлттық нақышпен үйлестіруіміз керек».
Осылайша дәстүрлі ою-өрнек өткеннің естелігі болып қана қалмай, бүгінгі заманның сұранысына жауап беретін өнер түріне айнала алады.
Instagram-нан халықаралық коллаборацияларға
Ұлттық нақыштағы заманауи принттерге сұраныс Қазақстанмен шектелмейді. Әлеуметтік желілер арқылы отандық суретшілердің жұмыстары шетелдік аудиторияға да жетіп жатыр.
Әлия бірнеше жыл бойы қазақстандық брендтерге принттер әзірлеп, тұрақты тапсырыс берушілермен жұмыс істеген. Кейін оның шығармашылығына америкалық серіктестер қызығушылық танытқан.
«Америкадағы серіктестерім жұмыстарымды Instagram-нан көрген. Ұнатып, өздері хабарласты. Содан кейін бірге жаңа жоба жасап көруді ұсынды».

Бұл тәжірибе қазақ ою-өрнегінің халықаралық аудиторияға да қызықты болуы мүмкін екенін көрсетті. Дегенмен ұлттық оюды кез келген затқа сол күйінде орналастыру жеткіліксіз.
Шетелдік аудиторияның назарын аудару үшін оның пішінін, түсін және композициясын заманауи дизайнға бейімдеу маңызды. Мәселен, қошқармүйіз, қызғалдақ және басқа да өсімдік тектес оюларды жаңаша түрлендіріп, түрлі материалдар мен бұйымдарға қолдануға болады.
«Егер ою-өрнектерді бұрынғы қалпында ғана ұсынсам, шетелдік аудиторияға қызық болмауы да мүмкін еді. Ал оларды заманауи дизайнмен үйлестіргенде басқа мәдениет өкілдері де назар аудара бастайды».
Осылайша қазақтың ою-өрнегі дәстүрлі бұйымдармен шектелмей, жаңа материалдар мен дизайнерлік жобалар арқылы Қазақстаннан тыс жерде де таныла бастайды.
Қазір оқырмандарға қызық болуы мүмкін: «Үлкен брендке апарар жол өз ауылыңнан басталады»: Ақтаулық креатордың жеке шығармашылық жобасы adidas назарын қалай аударды
Әр ою-өрнектің астарынан ерекше белгі іздеу керек пе?
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде қазақ ою-өрнектерінің мағынасы туралы түрлі ақпарат таралып жүр. Кейбір жазбаларда белгілі бір оюларды ер адамдарға немесе әйелдерге қолдануға болмайтыны, тіпті кейбір өрнектер жамандық әкелуі мүмкін екені айтылады. Алайда мұндай түсіндірмелердің бәрі бірдей тарихи деректерге сүйенбейді.
Ою-өрнектерді зерттегенде олардың символдық мағынасымен қатар, қандай бұйымға және қандай техникамен салынғанын ескеру қажет.
Әлия бұл мәселеде этнограф Ерал Оспанұлының «Қазақ ою-өрнегінің атласы» еңбегіне сүйенетінін айтады. Мысалы, нәзік кестеге арналған ұсақ оюларды ағаш сандыққа дәл сол күйінде түсіру ыңғайсыз. Ал үлкен бұйымдарға көлемді өрнектер көбірек сәйкес келеді.
Әрине, кейбір ою-өрнектердің өзіндік мәні болған. Олар белгілі бір салт-дәстүрлерде қолданылып, адамдар арасында ақпарат жеткізудің де бір жолына айналған.

«Меніңше, ою-өрнекті тым күрделендірудің қажеті жоқ. Әр өрнекке ерекше қасиет таңып, одан қорқудың орнына, оның қайда және қалай қолданылғанын түсінген дұрыс».
Мұндай түсініктер кейде адамдарды ұлттық өнерден алыстатып жіберуі мүмкін.
«Мен ою-өрнектің өмір сүргенін қалаймын. Ол мен үшін жай ғана сәндік элемент емес, тірі ағза сияқты. Өйткені оның ішінде халқымыздың салт-дәстүрі, өмірге деген көзқарасы мен философиясы жатыр».
Қолөнерді үйрену тек ою салумен шектелмейді
Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері тек дәстүрлі бұйым жасаудан тұрмайды. Бұл салада кәсіби білім алу үшін сурет, кескіндеме, композиция, анатомия, перспектива және түрлі көркемдік техникаларды меңгеру қажет.
Көркем тоқыма мамандығында студенттер біз кесте тігуді, кілем және ши тоқуды, сырмақ жасауды, гобелен мен сәндік панно әзірлеуді үйренеді. Сонымен қатар дәстүрлі техникаларды қазіргі өнерге бейімдеуге де көңіл бөлінеді.
Мәселен, бұрын тұрмыстық қажеттілік үшін қолданылған ши тоқу техникасын көрмеге арналған көркем туынды жасауға пайдалануға болады. Сол сияқты біз кесте де дәстүрлі бұйымдармен шектелмей, заманауи өнердің бір бөлігіне айнала алады.
«Бізге сендер тек қолөнерші емессіңдер, суретші әрі дизайнерсіңдер деп айтатын. Сән индустриясына да, принт дизайнына да, тоқыма өнеріне де бара аласыңдар. Тіпті жеке суретші ретінде дамуға мүмкіндік бар екенін түсіндірді». Мұндай білім суретшілерге бірнеше бағытта қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бірі брендтерге принт әзірлесе, енді бірі авторлық туындылар жасап, көрмелерге қатысады.
Мысалы, коммерциялық дизайн тұрақты табыс көзіне айналса, жеке шығармашылық жаңа техникалармен тәжірибе жасауға және өзіндік қолтаңбаны дамытуға жол ашады.
Неге қазақ қолөнері бір орында қалмауы керек?
Ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс артқанымен, қазақстандық дизайнда әлі де өзгеруі қажет тұстар бар.
Бірнеше жыл бұрын дәстүрлі қошқармүйізді өзгеріссіз қолдану өзекті болса, бүгінде аудиторияның талғамы өзгеріп келеді. Сондықтан ұлттық ою-өрнектерді жаңа пішіндермен, түстермен және композициялармен ұштастыру маңызды.
«Бес жыл бұрын қошқармүйізді сол күйінде қолдану сұранысқа ие болды. Ол сол уақыт үшін орынды еді. Бірақ қазір бір орында қалуға болмайды. Адамдар бірдей дүниеден жалыға бастайды. Сондықтан ою-өрнекке жаңа сипат беру керек». Бұл дәстүрден бас тарту деген сөз емес. Керісінше, оның негізін жақсы біліп, бүгінгі заманға бейімдеу.
Ұлттық нақышты қолданатын брендтер үшін де өзіндік қолтаңба қалыптастыру, жаңа материалдармен жұмыс істеу және әлемдік дизайндағы өзгерістерді бақылау маңызды.
«Ұстаздарымыз әр заманның өз талабы бар екенін айтатын. Бұрынғы мықты суретшілермен өздеріңді үнемі салыстыра бермеңдер дейтін. Олардың шеберлігіне ұмтылу керек, бірақ әр ұрпақ өз заманына сай өнер жасайды».
Бүгінгі суретшілер үшін де осы қағида өзекті. Өткеннің тәжірибесін зерттеп, өз дәуірінің талғамына жауап беретін жаңа дүниелер жасау — қолөнердің дамуына әсер ететін маңызды қадамдардың бірі.

Қазақ қолөнері әлемдік өнер сахнасында өз орнын таба ала ма?
Қазақстанда сәндік-қолданбалы өнердің өзіндік тарихы мен қалыптасқан мектебі бар. Бүгінгі қызығушылық пайда болғанға дейін де елімізде тоқыма, гобелен және басқа да бағыттарда ауқымды туындылар жасалған.
Солардың қатарында Әлібай және Сәуле Бапановтардың шығармашылығын атап өтуге болады. Олардың жұмыстары жас суретшілер үшін кәсіби үлгіге айналған.
«Біз студент кезімізде ұстаздарымыздың көрмелеріне баратынбыз. Олардың жұмыстарын көріп, осындай деңгейге жету керек деп ойлайтынбыз. Ол кезде де халықаралық көрмелерге лайық туындылар жасалды, қазір де жасалып жатыр».
Бүгінде суретшілердің өз шығармашылығын таныстыру мүмкіндігі әлдеқайда кеңейді. Әлеуметтік желілер арқылы олар жұмыстарын жариялап, аудитория жинап, тапсырыс берушілермен тікелей байланыса алады.
Ал халықаралық көрмелер мен биенналелерге қатысу тек туындының сапасына емес, кураторлардың таңдауы мен көрменің тұжырымдамасына да байланысты.
Қолөнерге деген қызығушылық күнделікті өмірде де байқала бастады. Соңғы жылдары адамдар үй интерьеріне ұлттық нақыштағы керамика, кесте, тоқыма және басқа да авторлық бұйымдарды қосуға көбірек көңіл бөліп жүр.

«Бұрын қолөнер мен ою-өрнек күнделікті өмірден бөлек тұрғандай еді. Қазір адамдар мұның бәрі өзіміздің өнеріміз екенін қайта түсініп келеді. Меніңше, біз үлкен өзгерістің басында тұрмыз».
Қазақ мәдениеті бүгінде музыка мен кино арқылы халықаралық аудиторияға танылып келеді. Ал келесі кезеңде қолөнер, бейнелеу өнері, мүсін, сәулет және дизайн салалары да жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.
«Менің ойымша, алдағы 10–20 жылда қазақтың ою-өрнегі кеңінен танылып, еліміздің мәдени кодына, өзіндік визит карточкасына айналуы мүмкін», — дейді Әлия Төлеуханова.
Қолөнердің болашағы көне техникаларды сақтаумен ғана шектелмейді. Оларды күнделікті өмірге қайта енгізіп, әр ұрпақтың өз талғамына сай дамыту да маңызды.
Өйткені дәстүр өткеннің естелігі болып қана қалмай, бүгінгі өмірдің бір бөлігіне айналғанда ғана жалғасын табады.