Қытай-қазақ рәп және R&B сахнасы: Sawlet, DIVERSITY және FeeEleven-мен танысу
Соңғы бір ай бойы желіде Қытайдағы қазақтардың қазақша рәп оқыған промо-бейнелері молынан тарады. Біреуге қазақша әнге тіркелген қытайша субтитр қызық көрінсе, енді біреулер олардың саунды мен продакшнына назар аударды. Дәл осында қазақ рәпі үшін ерекше бір құбылыс көрінеді. Steppe Қытайда туған қазақ тілді рәп және R&B әрістермен сөйлесіп, қысқаша таныстыру жасады.
Инстаграмда біраз қолдау жинаған DIVERSITY пен FeeEleven-нің JUMBAK әні әртістердің «жұмбақ» мансабына қызығушылық тудырды. Сонда да өлкеде әртістер алғашқы әндерінен-ақ көзге түсті. Су жаңа әнді Қытайдағы қазақ рәпін қазақстандық музыка кеңістігіне алып келген алғашқы айқын мысалдардың бірі деуге болады.
Бұл әртістер кім?
DIVERSITY: Chinese-Kazakh рәппен танысу

DIVERSITY-дің шын есімі Елжан. Ол қазір Шанхайда оқиды. Хип-хопқа 2017-2018 ең алғаш қызығып, нақты ән жазуды 2023 жылы қолға алған.
Оның ойынша қазақстандық мейнстрим рәп әлі де көбіне trap және 808 эстетикасында . Ол қазақ тілін afro trap, jersey club, new jazz, pluggnB, hyperpop сияқты жаңа бағыттарға салып, кеңістігін толтыруға ойы келіп жүр. Әртіс қазақ тілін жаңа саундпен, жаңа ырғақпен және заманауи продакшнмен біріктіргісі келеді.
Оның рәп жолына 6ELLUCCI, V $ X V PRiNCE, Shiza, Yenlik, De Lacure секілді қазақстандық әртістер ықпал етті. Елжан әсіресе 6ELLUCCI-дің мәтін жазу тәсілі ерекше әсер қалдырғанын атап өтті. Шетелдік ықпал жағынан — бәлкім қазақша хип-хипқа ең зор әсерін тигізген — Young Thug-ты шабыт көзі ретінде атады.

DIVERSITY үшін JUMBAK кезекті коллаборация боп қалмады. Ол FeeEleven-ді мектеп кезінен тыңдағанын, кейін Чэнду қаласында танысып, екеуі бір аймақтан (Алтайдан) шыққанын білгенін айтады. Сондықтан бұл ән оның өзі көптен тыңдап жүрген әртіспен бірге жасаған алғашқы үлкен жұмыстарының бірі.
FeeEleven: Алтай туралы қытайша әлбом және қазақша микстейп

FeeEleven музыкаға 2016 жылы келді. Басында хип-хопқа қызығып, өлең жаза бастаған. Алғашқы ықпалдарының арасында BALLER, Hiro, Shiza, Ayau сияқты өкілдер бар. Шетелдік рәптен Young Money кезеңі, Drake және жалпы америкалық хип-хоптың маңызын баса айтты.
FeeEleven қазір екі жобамен айналысуда. Біріншісі — қытай тіліндегі әлбом. Тақырыбы туған өлкесі Алтаймен байланысты болмақ. Екіншісі — толықтай қазақша микстейп.
Қазақстандық әртістерден FeeEleven De Lacure-мен жұмыс істегісі келетінін айтады. Әсіресе Algabas әнінің жолдары оған ерекше өнер жігерін бергендігін мойындайды.

FeeEleven үшін андеграунд — «біртүрлі» немесе «тұйық» өнер емес. Оның ойынша, әртістің дайын type beat-ке өзіне ғана тән идея қоса алуы, басқаларға ұқсамайтын дыбыс таба алуы — бүкпесіз андерграунд көрінісі.
Sawlet: қазақша әлбом мен Dolby Atmos форматы

Sawlet — Шанхайда тұратын музыкант әрі саунд-инженер. Ол киноға sound design, mixing, mastering және Dolby Atmos mixing жасайды. Музыкаға 2013 жылы келген: бастапқыда қытайша рәп жазған, кейін рок-бәнд құрып, ән айтып, мәтін жазған. Соңғы жылдары шығармашылығын қазақ тілі турасына бұруды ойлап жүр.
Оның басты жоспары — жыл соңына дейін R&B және инди поп бағытындағы қазақша әлбом шығару. Әлбом бастан аяқ үздіксіз жалғасатын концептуал жұмыс ретінде ойластырылған. Sawlet бұл жобада тек ән емес, толық дыбыстық тәжірибе жасағысы келеді: әлбом Dolby Atmos форматында дайындалады.
Әртіс оған бала кезден Батырхан Шүкенов пен Orda, одан басқа John Mayer секілді әртістер қатты әсер еткенін атап өтті. Қазақ-орыс аралас рәптен Ирина Кайратовнаны тыңдайтынын айтады. Ал болашақта Қазақстаннан M’Dee, Желтоқсан және тағы басқа әртістермен жұмыс істегісі келеді.

Sawlet үшін қазақ музыкасының келесі мүмкіндігі — тек жаңашыл хип-хопта емес, жаңа продюсерлік көзқараста. Ол Nujabes сияқты джаз-хип-хоп эстетикасын қазақша музыкада көргісі келетінін айтады.
Оларды Қазақстан рэпінен не ерекшелейді?

Бұл үш әртістің ортақ ерекшелігі — олар қазақ ырғағына Ресей арқылы емес, көбіне АҚШ, Қытай және Еуропа саунды арқылы келеді. Қазақстандағы көп рәпір орыс тілді кеңістікпен, Урал немесе Мәскеулік рәппен және постотаршыл жергілікті мейнстриммен тығыз байланыста өсті. Ал Қытайдағы қазақ рэперлері үшін негізгі ықпал тілмен шектелмеген.
Сондықтан олардың музыкасында тіл ғана емес, дыбыс та бөлек сезіледі. Олар қазақша айтуға тырысқанымен, қазақ рәпі мен инди әуенін тек дәстүрлі форматта қалдырғысы келмейді. Оларға продакшн, mixing, mastering, жанрлық ерекшелік және концептті сайма-сай маңызды санайды.
Бұл буын өзін әлі толық қозғалыс деп жариялаған жоқ. Бірақ ортақ ойға келгендері бар: әлемнің түпкір-түпкіріндегі қазақ музыканттары бірін-бірі танып, бірігіп, әртүрлі елдерінің сахналарына да шығу. Sawlet, DIVERSITY және FeeEleven үшін бұл жай ғана шығармашылық жоспар боп қалмай, екі ортадағы қазақ музыкасын жалғайтын мүмкіндік. Әрқайсысы Қазақстанда келер шақта концерт беруді мақсат қояды: өз әндерін қазақ тыңдарманына тікелей жеткізуі болғай.