Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді
Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...
The Steppe жақында қоғамға ерекше пайдалы әрі мағыналы туындылар жасайтын шығармашыл адамдардың еңбегін көпшілікке таныстырып, сатуға көмектесетін онлайн-дүкеннің жобасын бастады. Жобаға қолдау көрсетіп, тауарын сатылымға шығарған алғашқы әріптестеріміздің бірі — Steppe&World баспасы.
Әлем әдебиетінің ағылшын тіліндегі үздік туындыларын қазақ тіліне аударумен айналысатын баспаның қорында қазірдің өзінде Жулия Дональдсонның «Ақын Қоян» және «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай Жұлдызқұрт», Элен Дельфорждың «Мама» сияқты бестселлер кітаптары бар.
2019 жылы баспа Джоан Роулингтің әлемнің 80 тіліне аударылған Хәрри Поттер туралы романдар желісін қазақ тіліне аударуды бастап, әлемнің ең танымал әдеби кейіпкерін қазақша сөйлетті. Назарларыңызға Steppe&World баспасының балалар да, ересектер де қызыға оқитын бес кітабын ұсынамыз.
Бұл – ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің қаламынан туған жас сиқыршы Хәрри Поттер туралы романдар желісінің екінші кітабы.
Бір жыл бұрын Петуния апайының үйінде баспалдақтың астындағы тар бөлмеде тұратын жетім баладан Хогвартс сиқыр мектебінің студентіне айналған Хәрри жаңа оқу жылы қарсаңында тосын жағдайларға тап болады: үй эльфі Добби Хәрриді Хогвартсқа бармауға көндіруге тырысады, Хәрри мен Рон Кингс-Кросс вокзалындағы 9 ¾ платформасына өте алмай, мектепке апаратын поездан қалып қояды. Осының бәрі Хәрриге мектепте болатын бір сұмдықты ескертіп, оны қауіптен қорғау үшін жасалады.
Жолында кездескен кедергілерді еңсеріп, сүйікті мектебіне жеткен Хәрри достарымен бірге шытырман оқиғалы хикаяларды бастан кешіреді. Хәрриге елу жылдан кейін қайта ашылған жасырын бөлменің құпиясын тауып, аждаһа жыланға қарсы күресіп, мектепті қауіп құрсауынан құтқаруға тура келеді. Кітапта бала да, ересек адам да демін ішке тартып, қызығушылықпен оқитын шым-шытырық оқиғалар жетіп-артылады.
Автор кітаптағы кейіпкерлер арқылы адамды шығу тегіне байланысты кемсітудің қандай ауыр салдарға әкеп соғатынын, кеудесін соғып мақтанғанымен, қолынан ештеңе келмейтін адамның қандай жиренішті көрінетінін, қоғамның пікірін елемей, өзіңе сеніп, жүрегіңді тыңдаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсіндіреді. Кітапқа The Steppe онлайн-дүкені арқылы тапсырыс беруге болады.
Бұл — Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германия оккупациялаған Амстердамда отбасымен бірге тығылып жүрген еврей қызы Анна Франктің 1942 жылдың 12 маусымынан 1944 жылдың 1 тамызына дейін жүргізген күнделігі негізінде жазылған кітап.
13 жасқа толған туған күнінде әкесінен сыйлыққа алған күнделікті өзі үшін жүргізіп келген Анна 1944 жылдың көктемінде Лондоннан хабар тарататын «Оранье» радиосынан Нидерландының эмиграциядағы үкіметінің білім министрі Болкенстейннің Нидерландия халқының неміс басқыншылығынан көрген қиянаты мен азабын дәлелдейтін кез келген айғақтарды, оның ішінде соғыс кезінде жүргізілген күнделіктерді сақтау туралы үндеуін естиді.
Осыдан кейін жасөспірім қыз күнделігін қайта көшіріп, түзетіп, толықтырып, соғыстан кейін өз жазбалары негізінде кітап басып шығаруға ниеттенеді. Бірақ 1944 жылы 4тамызда Жасыл полиция Анна Франктің отбасы жасырынған жерді тауып, оларды тұтқындайды. Құнды жазбалар сақталған естелікті жасырып қалған Мип Хис кейін оны Аннаның әкесі Отто Х. Франктің қолына табыстайды. Ал Анна 15 жасында концлагерьде көз жұмады.
Анна Франктің күнделігі Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі күрделі тарихи оқиғаларға енді өсіп келе жатқан жас қыздың көзімен қарауға, бір отбасының өміріндегі түбегейлі өзгерістер арқылы фашистік Германия ұйымдастырған геноцидтің қандай ауыр болғанын түсінуге көмектеседі. Бұл – балаларды қиын тақырыппен әлдеқайда жеңіл тілде таныстыруға жақсы мүмкіндік.
Эльен Дельфорждың «Мама» кітабы кез келген адамның жүрегін жылытары сөзсіз. Ананың жүрегін, қасиетін, баламен арадағы ерекше байланысын, ішкі толғаныстарын әдемі суреттеген туынды оқырманның жан-дүниесін ерітіп, ең нәзік сезім иірімдерін сыйлайды.
Кітаптағы мазмұнды мәтіндерді Квентин Гербанның тамаша иллюстрациялары толықтырған. Суретші балалы әйелдің күнделікті өмірінен сыр шертетін суреттерге ананың бүкіл махаббаты мен мейірімін сыйғыза білген.
Кітапты аналарыңызға сыйға тартуға, кішкентай бүлдіршіндермен бірге суреттерін тамашалап отырып, бірге танысуға немесе әріп танитын балаларыңызға оқытып, жайлы атмосферада отырып, тыңдауға болады. Кітапты The Steppe онлайн-дүкенінен таба аласыз.
«Баланы тәрбиелеудің орнына, өзіңізді тәрбиелеңіз, өйткені ол бәрібір сізге қарап өседі» деген тәмсілге сүйенсек, бала тәрбиелеп жүрген ересек адамға бойында жақсы дағдылар қалыптастырып, күнделікті әрекетіміздің өміріміз бен болашағымызға қалай әсер ететінін өз тәжірибесі арқылы көрсету өте маңызды.
Хал Элродтың «Таң шапағаты» кітабы таңдағы әдеттердің бүкіл күнге әсерін жақсы түсіндіреді. Автор таңертең ұйқыдан тұра сала жұмысқа жүгіріп, жолда әзер ес жиятын стреске толы тіршіліктен жоспарлы, тыныш әрі жүйелі өмірге көшудің өзіндік әдістерін бөліседі.
Өзіңіз шын қалайтын әрі соған лайықты екеніңізді білетін, бақыт пен байлыққа, денсаулыққа, жетістік пен махаббатқа толы өмірге қадам басуды ертеңгі күнге қалдырмаңыз. Сол өмірдің іргетасын қалауды осы сәттен бастап, дәл қазір сол өмірді сүріңіз.
Америкалық жазушы әрі суретші Жефф Киннидің «Тентек балақайдың күнделігі» деп аталатын кітабы — әлемдегі ең атақты комикс-романдардың бірі. Қазірге дейін әлемде 250 миллион данасы сатылған кітап қарапайым оқушы Грег Хеффлидің күнделігі түрінде берілген.
Жаңа оқу жылында орта мектепке көшкен Грег басынан өткен оқиғаларын, достарымен, отбасымен және мұғалімдермен қарым-қатынасын, есею процесінде кездескен қызықтары мен қиындықтарын күнделігіне жазып жүреді. Ол жеңіл тілмен күнделікті өмірін баяндап, жан-дүниесін ақтарып салып, оқырманмен сырласып отырғандай әсер қалдырады.
Грегтің өмірінде кездесетін әртүрлі қызықты оқиғалардан әр бала, тіпті бір кездері оқушы болған әрбір ересек адам өзін көреді. Кітаптағы оқиға желісі қазақ және ағылшын тілінде жазылған. Бұл балалар мен ересектерге ағылшын тілінде оқу дағдысын жетілдіруге көмектеседі. Балаларға ішкі жан-дүниесіне үңіліп, өзіне кездескен қиындықтарға Грег досының тәжірибесі арқылы қарап, батыл болуға, ересектерге жасөспірім психологиясын жақсырақ түсінуге көмектесетін кітапты The Steppe-тің онлайн-дүкенінен таба аласыз.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)