Darkhan Juzz: Тыңдарман алдында жауапкершілік сезіне бастадым

10 минут Динара Тілеубек
Darkhan Juzz: Тыңдарман алдында жауапкершілік сезіне бастадым

Darkhan Juzz (шын аты — Дархан Жүнісбеков) — 28 жаста, Алматы қаласының Ақсай елдімекенінде туған. Qazaq indie жанрында ән жазатын музыкант тыңдармандарға Sheker, Erikpe, Uide сияқты әндерімен танымал. Darkhan Juzz STEPPE-ке берген ашық сұхбатында көп сәтсіздікке қарамастан, арманына қалай жеткені, әндерін жатқа айтатын жастардың алдында қандай жауапкершілік сезінетіні, рок-н-ролл сипатындағы образынан неге бас тартқысы келетіні туралы ойымен бөлісті.


Балалық шақтың естеліктері

Бірінші сыныпқа барған алғашқы күні мұғалім «Кім ән айта алады?» деп сұрады. Қолымды көтеріп, тақтаға шықтым. Өзім білетін көше әнін айтып, бірінші рет «бес» деген баға алдым. Бұл әнді түрмедегі тұтқындар шығарғанын, мәтін арасында абақтының жаргон сөздері көп кездесетінін есейгенде бір-ақ білдім. Ал мұғалім әннің мағынасын түсінбеген болуы керек, даусымды мақтап, жақсы баға қойды.

Көбіне көше әндерін, рэп орындаушылары мен жүйеге бағынбайтын тәуелсіз музыканттарды тыңдап өстім. Сондықтан болар бала күнімнен ереже мен тәртіпке бағынғанды жаным сүймейді. Екінші сыныптан бастап сабақтан қаша бастадым. Кез келген адаммен еркін араласып кететін ашық мінезіме қарамастан, көбіне жалғыз жүргім келетін. Қаланы жаяу аралағанды, адамдарды сырттай бақылап отырғанды, жаңбырлы күндері шатырға шыққанды жақсы көретінмін. 

Мектепте маған бәрі бірыңғай әрі қызықсыз көрінді. Сабақ үстінде басқа балалар сияқты мұғалім мен кітапқа назар аударудың орнына, терезеден далаға қарап отыратынмын. Тек қазақ тілі мен орыс тілі пәндерінен шығарма жазу ұнайтын. Музыка сабағы мен бейнелеу өнерінен де үлгерімім жақсы болды. 

Үйдегілер әрине, тәртібімді түзеуге тырысты. Бірақ бұл әрекеттерінен ештеңе шықпайтынын түсінген соң, үндемейтін болды. Ата-анам белгілі бір мамандық иесі болуға үгіттеп, болашақ кәсібімді таңдауға араласқан жоқ. «Ең бастысы, сегіз сағаттық қарапайым жұмыс тауып, адал еңбек етсең болды» дейтін. 

Отбасымызда қаржылық қиындық көп болды. Сондықтан еңбекке ерте араластым. Он алты жасымда алғаш рет көлік жуу орталығына жұмысқа тұрдым. Одан кейін құрылысшы, әрлеуші, электрик, жүк тасушы, даяшы болып, жұмыстың неше түрін істеп көрдім. Қытай косметикасын сатқан кездер де болды. 

Мектепте, үйде үнемі ешкімге керек емеспін деп ойлайтынмын. Біреуге керек болғым келген шығар. Осының бәрі кейін халықтың керегіне жарайтын адамға айналу деген мақсатқа ұласты. Сынып жетекшім патриот адам болатын. Тіл мәселесіне алаңдау, ұлтжандылық сияқты қасиеттерді бойыма сол кісі сіңірді деп ойлаймын. 

Мен алғаш авторлық туындыларымды жаза бастағанда, қазақ тіліндегі әндер жастардың аузынан түспейтін заманауи қалыпқа түсіп үлгермеген болатын. «Қазақ тілін көтеру керек» деген мақсат болды. Одан бөлек, мен музыканы біреулерге бірнәрсе түсіндіру амалы емес, ішімдегі ойларды сыртқа шығару құралы деп түсінетінмін. Ал ішкі толғаныстарым қазақ тілінде туатын. Осылай тек қазақ тілінде ән жазатын болдым. 

Өмірдегі өзгеріс

Бейнелеу өнері сабағында «өмір мәні» деген тақырыпта сурет салғанымызда, нысанаға дәл тиген оқты бейнелегенім есімде. Оның астарында мақсатқа ұмтылыстан бөлек, өмірім осы оқтай зымырап өте шығады деген мағына жатыр. 

Шынында, бұрын тек 37 жасқа дейін ғана өмір сүремін деп ойлайтынмын. Мақсатым – өмірдің бар қызығын көріп, рок жұлдызға айналу, тарихта жас күйінде өмірден өткен аңыз тұлға боп қалу еді. 37 жаста бәлкім, есірткіні артық мөлшерде қолданғаннан өлетін шығармын деген ой болды. 

Бәрі жоспарға сай жүріп келе жатты. Есірткі де қолдана бастадым. Бірақ бір қызды кездестіріп, оны сүйіп қалғаннан кейін өмірім мен ойларым түбегейлі өзгерді. Қазір қалыңдығыма айналған ару «Сен болашағыңды осылай елестетсең, бізге отбасын құрып, балалы болудың не қажеті бар? Мен мұндай ойлармен өмір сүре алмаймын» деді. Оның сөздерінен кейін ойлана бастадым. Қарттық кезеңге жетуге, немелерімді көруге деген құлшыныс оянды. 

Шығармашылық трансформация

Елде болған соңғы оқиғалар шығармашылығыма әсер етті деуге болады. Бұл әсіресе, әлі жарық көрмеген әндерден байқалады. Жазған әндерімнің өңделмеген нұсқасын достарыма көрсетіп, пікірін білемін. Бірақ мұндай әндер тыңдармандардың ықыласына бөлене бермейді. Клубты, сахнаны жандыру үшін би, есірткі, қыздар, адамдарда құштарлық пен тәкаппарлық энергиясын оятатын әндер айту керек. Осындай музыканы ұнататындар да, оған жарыса билейтіндер де көп. 

Бірақ Sheker әнінен кейін ойлана бастадым. Бұл ән бәріне ұнады. Ол маған тыңдарман ықыласын сыйлап, танымалдылығымды арттырды. Бірақ осыған дейін жазған әндерімнің мәтінін жатқа білетін жасөспірім қыздарды көргенде, «Саған мұндай ән тыңдауға әлі ерте емес пе?» деп ойлаймын.

Жас жеткіншектер әлемді тыңдаған музыкасы, көрген фильмі, қоршаған ортасы сияқты сыртқы факторлар арқылы танып-біле бастайды. Ал мен — осындай бір жастың үлгі көретін сүйікті музыкантымын. Өмірде ойыңа келгенді жасауға болады деп әндетемін. Есірткіні өлеңге қосамын.

Негізі осыған дейін жазған әндерімнің бәрі шынайы. Өйткені өзім осының бәрінен өттім. Сәйкесінше, сол кезеңдегі ойлар осындай әндерге айналды. Бірақ жастар мұны үлгі көріп, жамандыққа ұрынғанын, менің әндерім олардың өмірі мен болашағына кері әсер еткенін қаламаймын.

Осы ойдан қорқып, жауапкершілік сезіне бастадым. Саған жоғарыдан қабілет берілсе, оны дұрыс пайдаланбау да күнә сияқты. Қазір өзімді жоғалтып алғандай сезімде жүрмін. Бір жағынан, қазір тек шығармашылығымның есебінен күн көремін. Ән жазуда тыңдарман талғамын ескермей, табыс пен танымалдылығыма нүкте қойғым да келмейді. Бірақ екінші жағынан, іштей өзгеріп жатқанымды сеземін. Осы өзгерістердің әндерімнен көрініс тапқанын қалаймын. 

Бұрынғы рок-н-ролл образына оралам ба, білмеймін. Қазір өткен өміріммен толықтай қош айтыстым дей алмаймын. Өзімді ұстауым қай ортада жүргеніме байланысты өзгеріп отырады. Кей ортада бұрынғы қалпыма түсемін. Ондайда мен шулы, дөрекі, талапшыл болып кетемін. Маған мүлде басқа адамға айналып шыға келетін мұндай сәттер ұнамайды. 

Есірткі сияқты дүниенің неше түрін татып көрдім. Бұл адамның рухын сындырады, біртіндеп құндылықтарыңды жоғалта бастайсың. Тәуелді дүниелерден толықтай бас тарту оңай емес. Мұның қиынға соғып жатқанын мойындаймын. Бірақ соңғы уақытта бұл өзінен-өзі келе бастады.

Қиялдың маңызы

Қиялдау — бала күнімнен қалыптасқан дағды. Үйде де, мектепте де белгілі бір ережеге сай өмір сүру керек болғанда, сені қиялыңнан басқа ештеңе құтқара алмайды. Бала күнімде бірден ұйықтай алмайтынмын. Түнде орнымыздан тұрсақ, әкемізден сөз еститінбіз. Сондықтан төсекте жатып, қиялға ерік беріп, армандарымды көз алдыма әкелетінмін. 

Негізі визуализация мысалдары өмірімде өте көп кездеседі. Мәселен, менде музыкант болу туралы арман бұл кәсіп сәнге айналмай тұрып пайда болды. «Қазақ тілінде ән айту заман ағымына сай» деген түсінік қалыптаспай тұрып, музыка әлемінде орнымды табуға талпына бастадым. Қолымнан келмеген сайын, арманымның орындалғанын бұрынғыдан да қатты қалай түстім. 

Бір кезде құрылыста не мейрамханада жұмыс істеп жүріп, мен — танымал тұлғамын деген сезім пайда болды. Осыған өзім сеніп, теледидардан шоу бизнестегі белгілі азаматтарды көрсетсе, оларды өмірде танымасам да, «мынау менің досым ғой» деп отыратынмын. Өз ойларыма сенгенім соншалық, бірнеше айдан соң, әндерім таныла бастағанда, мен айналамда болып жатқан өзгерістердің ешбіріне таңғалған жоқпын. Өйткені мұның бәрін осыған дейін басымда мың рет елестетіп көргенмін.

Әндеріме қатысты да ішкі түйсігім алдамайтын кездер болады. Мысалы, өзім ерекше жақсы көретін «Ең сұлу» әні бар. Көбі оны қызға арналған деп түсінеді. Шын мәнінде бұл — арман туралы ән. Сол әнді жазғанда, «бұл туынды қазір халықтың жүрегіне жол таппайды» деп ойладым. «Uide» әнімен де ұқсас жағдай болды. Ол әннің қандай маңызды, мағыналы екенін білсем де, қазір емес, сәл кейінірек жарық көруі керек екенін іштей сездім. Менің көп әндерім халыққа солай тарады. Бұрын жазылып, тыңдарман құлағына жетпеген әндерді маған танымалдылық әкелген бірнеше туындыдан кейін жанкүйерлер өздері іздеп тауып алды.

Отбасы туралы

Музыкамен екі-үш жыл бұрын ғана ақша таба бастадым. Арбатта ән айтып жүргенімде, біздің «Теория струн» деген тобымызды Прайм плаза сауда орталығына өнер көрсетуге шақырды. Әкем сол кезде бірінші рет менің сахнада ән айтқанымды көрді. 

Үйдегілер Тоқтар Серіков деген әншіні жақсы көреді. Отбасым алғашында дәстүрлі сипатқа сәйкес келмейтін шығармашылығымды қабылдай алмағанымен, кейінірек уақыт пен талғам өзгергенін, Тоқтар Серіков екеуміздің бағытымыз екі бөлек екенін түсіне бастады. Қазір бейнебаяндарымды көріп, қуанып отырады.

Біздің әулетте ешкімде үлкен үй жоғын түсіндім. Бәріміз — жұмысшы тапқа жататын адамдармыз. Жақындарымның әлеуметтік жағдайы өскенін, олардың келесі әлеуметтік сатыға көтерілгенін қалаймын. Мұнда байлықты емес, бірінші кезекте, жұмысшы таптық сана өзгерсе деген тілекті меңзеп отырмын. 

Қазақстанға қарап, бізге ел болашағын өзгертер көп ақылды азамат керегін түсінемін. Халыққа бір пайдам тисе, бір керегіне жарасам деймін. Қазір туыстарымның балалары маған қарап бой түзеп келе жатыр. Ересектерді өзгерту мүмкін емесін білемін, сондықтан жас бауырларымды барынша қолдауға тырысамын.

Музыканы тастауға талпыныс

«Музыкамен қош айтысамын, мұнымнан ештеңе шықпады» деп ойлаған сайын бір тылсым күш мені осы жолға қайта әкеліп салады. Өмірімде мұндай мысалдар көп кездесті.

Бұрын жарты жыл Арбатта өнер көрсеткен кез болды. Өзім жазған әндер көпшіліктің қошеметіне бөлене бермейтін, сондықтан көбіне басқа авторлардың танымал әндерін орындайтынмын. Бір күні «Музыканы тастап, жаңа өмір бастауға ұмтыламын, барлық адамдар сияқты қалыпты тіршілік қамына кірісемін» деген ой келді. Музыкамен біржола қоштаспас бұрын, соңғы рет Арбатта өнер көрсетейін деп шештім.

Ән айтып тұрғанымда жаныма бір бейтаныс кісі келіп, бірнеше мың теңге тастады. Цойдың әндерін орындауды сұрады. Ал менің даусым Виктор Цойға қатты ұқсайды. Өтінішін орындадым. Бір кезде «Тағы немен таңғалдыра аласың?» деді. Авторлық әндерімді айтып бердім.

Әлгі бейтаныс тыңдарман Мәскеуден келген режиссер болып шықты. Музыканы тастауға бел буғанымды естігенде «Ақымақ екенсің, талантсың ғой, әлемге сендей адамдар керек» деді. Ілтипат білдіріп, үйіне қонаққа шақырды. Дастархан басына өнерде жүрген достарын жинап, менен ән сұрады. Шабыттанып, авторлық туындыларымды бірінен кейін бірін орындадым. Бәрі шығармашылығыма тәнті болып, «Сен музыкант болу үшін жаралғансың» деп қолдау көрсетті.

Бірнеше жыл бұрын Астанада даяшы болып істеп жүргенімде, басшылық мені администратор етіп, қызметімді өсірмек болды. Сол сәтте мақсатым өзгеріп, музыканы тастасам деген ой келді. Администратор боламын, тәжірибе жинап, өз мейрамханамды ашамын, оны «Ұя» деп атаймын деп жоспар құра бастадым. Бұл ойымды қазір Ozen дистрибьютерлік компаниясының негізін қалаушы Айзатуллаға айттым. Ол «музыканы тастама» деп кеңес берген соң, жұмыстан шығып кеттім. «Күн мен айым» әнін жаздырдық, бірақ онымыздан ештеңе шықпады. Өкінген жоқпын, қайта сол кезде мені жұмыстан алып кетіп, музыка әлемінде алып қалғаны үшін Айзатуллаға алғыс білдіремін.

Ойлар сандығынан бір үзік сыр

Менде «Самая вышка» сияқты хит ән жазып, бір күнде танымал болып кету деген болған жоқ. Жазамын, ешкімге керек болмайды, тағы жазамын, нәтиже шықпайды. Солай ұзақ жалғасты. Он төрт жасымнан бастап ән жазсам, қазір жиырма сегіздемін. Ал танымалдылық маған екі-үш жыл бұрын ғана келді. Сонда қаншама жыл бойы тек талпынумен болдым. 

Еркіндікті сүйетін адаммын. Қоғам дұрыс не бұрыс деп ақ-қарасын әлдеқашан ажыратып тастаған дүниелерді де өзім байқап көріп қана шешім шығарамын. Яғни, біреудің ақиқат деп танған ой-пікіріне қарағанда, өз тәжірибеме көбірек сенемін.

Өнерде жарысу, бірінші болу дегенді түсінбеймін. Музыка — өз ойыңды білдіруге мүмкіндік беретін шығармашылық түрі. Ал жарыс сені басқа бағытқа жетелейді. Жыл сайын музыкадағы трендтер өзгереді. Оның соңынан қусаң, осы трендтің ұшар басында бола аласың. Бірақ сән өзгереді, ал сен қалып қоясың. Ал ештеңеге қарамай, тек өз бағытыңды дамытсаң, жасанды музыкантқа айналмай, шынайылығыңды сақтап қалуға болады. Ал мен үшін шынайы болу өте маңызды.  

Музыкада қазақтар жаңа бір жанр ойлап тапса деймін. Мен бе, әлде басқа біреу ме — маңызды емес, бастысы, қазақстандық азамат әлемдік музыкаға сондай бір жаңалық әкелсе екен. Мысалы, Боб Марли мен Эльвис Пресли музыкада өзіндік жанрдың негізін қалады. Рэпте афроамерикалықтардан мықты бола алмаймыз. K-pop бойынша Оңтүстік Кореяны басып озу қиын. Бізге өз биігімізді құру керек. Сондай бір жанр қалыптастырсақ, бүкіл әлем қазақтың музыкасына қарап, соны қайталауға тырысатын деңгейге жетсек, өнердегі ең үлкен арманым орындалар еді.

Мен — халықтың арасынан шыққан баламын. Ойымды мәтін, ән арқылы жеткізу қабілетім бар. Болашақта халықтың пікірін білдіретін адамдар қажет болуы мүмкін. Сондықтан іштей әлі де рок-н-роллға бас қоймай, өлуге асықпай тұра тұруым керегін сеземін. 

 

 

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты