Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді
Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...
Қандай әрекеттерді тұрмыстағы зорлық деп тануға болады? Өзімнің тұрмыстағы зорлық құрбанына айналғанымды қалай түсінемін?
Тұрмыстағы зорлықты төрт бағытқа бөліп қарауға болады.
Физикалық: ұрып-соғу, итеріп жіберу, түртіп, шымшып, қағып өту, сатыдан құлату, шашынан тарту, тағы басқа әдістермен дене жарақатын салу және күш көрсету.
Жыныстық: күштеп шешіндіру, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, жүктіліктің ауыр кезеңінде немесе босанғаннан кейін зорлау, жыныстық сипаттағы кез келген зорлық түрі.
Ерлі-зайыпты адамдардың арасында да жыныстық зорлау жиі тіркеледі. Біріккен Ұлттар ұйымының дерегінше, әлемде әрбір үшінші әйел осындай зорлыққа ұшырайды. Өкінішке қарай, отбасылық өмірде әйел ер адам қалаған уақытта төсек қатынасына түсуі керек деген қате пікір қалыптасқан. Осының кесірінен бұл мәселе ашық талқыланбайды.
Психологиялық: кекету, мазақ қылу, адамның өзін бағалауына нұқсан келтіру, жетістіктерін кемсіту, үнемі бақылауда ұстау, аңду, жеке заттарын ақтару, телефонын қарау, кіммен араласатынын тексеру, достарымен сөйлесуге, кездесуге тыйым салу, «тыңдамасаң сені, жақындарыңды, балаларды, өзімді өлтіремін» деп қорқыту, үйге қамап кету, жеке мүлкін бүлдіру.
Экономикалық: отбасылық табысты бір адамның қолында ұстау, жұмыс істеуге, табыс табуға мүмкіндік бермеу, әйелге жеке гигиеналық заттар, баланың жөргегі мен тамағын алуға ақша бермеу, тауарлардың чегін талап ету, банк карточкасын тартып алу, ортақ шоттан ақша алуға рұқсат бермеу, алиментті мүлде немесе уақытылы төлемеу, т.б.
Егер…
• жаныңыздағы серігіңізден қорықсаңыз;
• «жанжал шығарып, ұрып жібермеуі үшін не істесем екен?» деп, оның көңілін табуға көп күш салсаңыз;
• бұрын жеке табысыңыз, достарыңыз болып, қазір барлық әлеуметтік байланысыңыз үзіліп қалса, оған алаңдасаңыз;
• серігіңіздің көңіл-күйі құбылмалы болуынан эмоциялық жағдайыңыз тұрақсыз күйге жетіп, төзіміңіз таусылғандай сезімде жүрсеңіз;
• ұсақ-түйектен үлкен ұрыс шыға берсе;
• сізді, балаларды ұрса немесе ұра жаздаса;
• сізді, туыстарыңызды сынап-мінеп, кемсітсе, олармен араластырмаса;
• жеке деректеріңізге қол сұқса (хабарламаларыңызды оқыса, әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздың құпиясөзін талап етсе;
• қандай киім киіп, қайда баратыныңызды, не сатып алатыныңызды бақылауда ұстайтын болса;
• қаламаған іспен айналысуға мәжбүрлесе;
• тек өзіңізге тиесілі уақытыңыз болмаса;
• манипуляция көмегімен әрекетін ақтап, сізді «тілімнен таптым», «өзім – жаманмын» деп бар кінәні өзіңізге артатын күйге жеткізсе
ТҰРМЫСТАҒЫ ЗОРЛЫҚ ҚҰРБАНЫ БОЛУЫҢЫЗ МҮМКІН!
Тұрмыстағы зорлыққа әйелдер ғана ұшырай ма?
Жоқ. Бірақ тұрмыстық зорлықтың басым бөлігі (44,2 пайызы) әйелдердің үлесіне тиесілі. Одан кейінгі орындарда – балалар, қарттар, және ерлер тұр.
«Маған күш қолданатын жағдайға өзім жеткізген шығармын…» Таяқ жегеніме менің кінәлі болуым мүмкін бе?
Бұл — кең таралған қате пікір. Отбасылы болу құқығының белгілі бір жасқа толғаннан кейін берілуі тегін емес. Сіз отбасын өз ісіне жауап бере алатын, ақыл тоқтатқан ересек адаммен құрасыз. Демек ұру, күш қолдану, зорлық көрсету — екінші адамның саналы түрде өзі таңдап жасаған әрекеті. Зорлық көрсеткен адам құрбанына «Сені ұрған маған ұнайды дейсің бе?», «Осыған өзің жеткіздің», «Сен қателік жасамасаң, бұлай болмас еді» деп, психологиялық әсер ету арқылы өзінің зорлығын ақтап алуға тырысады. Саналы анализ жүргізсеңіз, бұл қақпаннан шыға аласыз.
Қоғамда әйелге күш көрсету туралы әңгіме қозғалғанда, «Ұруға болмайды» деген әділ сөздің орнына «Кейде әйелдің өзінен де бар» деген надандық жиі байқалады. Әр адам – жеке тұлға. Оның құқығы, қалауы, өмірдегі өз орны бар. Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияда әр адамның өмір сүруге, еркін болуға, жеке басына қол сұғылмауына құқығы бары анық жазылған. Адамды «ұрып тәрбиелеймін» деуге болмайды. Агрессия тек агрессияға әкеледі.
Зорлық құрбаны ауыр қателік жасаған күннің өзінде ешкімнің оған өзінше жаза кесіп, күш қолдануға құқығы жоқ. Сондықтан «кінә өзімнен» деп зорлық жасаған адамның жауапкершілігін өз мойныңызға алуға асықпаңыз!
«Балалар өскен соң қояды. Жас кезде бәріміз таяқ жегенбіз. Әйел төзімді болып, отбасын сақтауы керек» дегенді жиі естимін. Расымен кішкене күте тұру керек шығар?..
Зорлықтың қай түрі болмасын, психикаға ауыр күш салады. Жылдар бойы жалғасатын зорлық адамның ішкі «менін», әлемдегі рөлін, өзін қабылдауын қатты бұрмалайды. Зорлықты айту, мойындау, жан ауруымен бөлісу – үлкен күшті талап ететін жұмыс. Сондықтан кейде адамға зорлықты, күш көрсеткен адамды ақтап алу, болған ауыртпалықты азайтып көрсету психологиялық түрде жеңілірек. «Бәріміз таяқ жедік, әйел төзімді болуы керек» деген тұжырымның астарында осындай мотивтер болуы мүмкін. Сондықтан мен мұндай көзқараспен саналы түрде күресу керек деп есептеймін. Әйелдің өмірі мен денсаулығына, балаларына қауіп төнген жағдайда мұндай пікірлерге құлақ асуға болмайды.
Қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы болу деген позицияны көбіне отбасы институтына, дәстүрлі құндылыққа қарсы тұру деп қабылдайды. Сонда отбасылы болу – міндетті түрде майып болу, зорлық көру, қиналу дегенді білдіре ме? Солай болса, біздің қоғамның дені сау болмағаны, демек бұл бағытта бірдеңе істеуіміз керек.
Басқа барар жерім болмаса, қайтемін?
Бұл сұраққа «Тұрмыстық зорлық құрбандарына арналған кризистік орталық» директоры Зульфия Байсақова жауап берді:
Өзіңізді зорлықтан қорғап, күш көрсеткен адамды жауапқа тарту үшін 102 нөміріне полицияға хабарласыңыз (қоңырау тегін). Күш көрсету бұған дейін бірнеше рет қайталанған жағдайда, көршілеріңізге көмекке шақырған дауыс немесе шу естісе, полиция шақыру керегін ескертіңіз. Құжаттарыңызды, пәтердің артық кілтін, ақшаңызды, балаларыңыз бен өзіңізге қажет деген киімдерді бір сөмкеге жинап, асығыс кету қажет болғанда алып кетуге ыңғайлы етіп, есікке жақын жерге дайындап қойыңыз. Ұялы телефоныңызға алдын-ала тұрмыстағы зорлық құрбандарына көмек көрсететін ұйымдардың нөмірлерін сақтап алыңыз. Баратын жеріңіз болмаса, 150 нөміріне хабарласыңыз (тәулік бойы қоңырау қабылдайды, хабарласу тегін, сіздің ақпаратыңыз анонимді және құпия сақталады).
Елімізде тұрмыстағы зорлық құрбандарына жан-жақты көмек көрсететін 30 кризистік орталық бар. Оның 15-інде тұрмыстық зорлық құрбаны мен оның балаларына тегін жатын орын, бес уақыт тамақ, гигиеналық заттар мен бастапқы кезге киімдер тегін беріледі. Сондай-ақ заңгер, психолог пен әлеуметтік қызметкердің көмегі ұсынылады. 150 нөмеріне хабарлассаңыз, сізге ең жақын орналасқан кризистік орталықпен байланысуға көмектеседі. Одан бөлек, 150.kz сайтына хат жазып, жедел жауап алуға болады.
Полицияға арыз жазыңыз. Ол сізді тегін сот-медициналық сараптамасына жіберіп, агрессормен профилактикалық әңгіме жүргізуге міндетті. Алматы қаласы бойынша 8 (727) 267 40 73 нөмері арқылы психолог және заңгерден тегін кеңес алуға болады.
Пайдалы нөмірлер:
• Сенім телефоны: 150
• Полиция: 102
• Тұрмыстық зорлық құрбандарына арналған кризистік орталық: 8 (777) 225-53-26; 8 (727) 267-40-73, 243-22-21
• Әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімі: 8 (727) 254-45-28, 254-45-99
Балаларымды әкесіз қалдырғым келмейді. Солар үшін ғана жүрмін…
Ата-ананың арасында қандай жағдай болмасын, бала үшін анасы да, әкесі де өз рөлінде қалады. Ажырасқан күннің өзінде олар балаға бұрынғыдай ата-ана болуға тырысуы керек. Әрине бұл – тұлғалық жауапкершілікті, белгілі бір психологиялық ересектікті талап ететін нәрсе.
Бала психикасы орнықты болып, дұрыс дамуы үшін оған бірінші кезекте күнделікті қайталанатын, тұрақты психологиялық, эмоциялық жай-күй керек. Ол үшін жаңа ойыншыққа қарағанда, үйдегі адамдардың бір-біріне, өзіне деген тұрақты жылы қарым-қатынасы маңызды. Қалыпты атмосферада жетілген бала «бүгін үйде айқай-шу болмай ма, әкем анамды ұрмай ма, ата-анам ажырасып кетпей ме?» деп, ойы сан-саққа жүгіріп өскен балаға қарағанда болашақта стреске төзімді, ақыл-ойы жақсы дамыған азамат болып қалыптасады.
Отбасылық өмірдегі басты мақсат – жайлы, өзара түсіністікке құрылған атмосфера қалыптастыру. Ал күнделікті өмір соғыс жағдайынан кем болмай тұрса, ол жерде «бала үшін» дейтін не болуы мүмкін? Сондықтан кейде бала үшін деген құрбандықтың артында шынымен не тұрғанын шынайы саралап көру керек.
Физикалық күш қолданбайды. Бірақ психологиялық қысым сеземін. Үнемі кемсіту, ескерту мен сын-пікір естимін. Бұл да зорлық санала ма?
Иә, жоғарыда айтылған зорлықтың төрт бағытының бірі – осы. Физикалық түрде жапа шеккен адам көзге көрініп тұрады да, психологиялық зорлық құрбаны айналасынан, тіпті кейде өзінен де шынайы күйін жасырып, жауып, елемей қоя салады. Бірақ психологиялық зорлықтың әсері физикалықтан да қорқынышты болуы мүмкін. Мұны мен тәуелдік сияқты психологиялық ауытқумен түсіндіре аламын. Ішімдікке тәуелді адамды сыртынан байқауға болады, ал ойынқұмар адамды тану қиын, бірақ екі мысалда да адам тұлғасына нұқсан келіп жатыр. Екі жағдайда да психика өзгереді, ми деформацияға ұшырайды.
Жылдар бойы жалғасатын психологиялық шабуыл адамға жеке кеңістік қалдырмау, өзі шешім қабылдай алмайтын жағдайға жеткізу, үнемі қорқынышта ұстау, бопсалау, болмағанды болды деп немесе керісінше жеткізу, оған сендіру, яғни шынайылықты бұрмалау, екінші адамсыз өмір сүре алмаймын деп ойлату, адамды әр сөзі мен ісін қорыққанынан бақылауда ұстауға тырысатын күйге түсіру, тұлғалық, шығармашылық дамуына шектеу қою, қызметтегі, үйдегі, бала тәрбиесіндегі жұмысының бәрін түкке тұрғысыз, жарамсыз етіп көрсету сияқты әрекеттерден көрініс тауып, соңында суицидке, аффект жағдайында кісі өлтіруге, ауыр психикалық ауытқуларға әкеп соғуы мүмкін.
Жақыным немесе танысым тұрмыстық зорлыққа ұшырағанын білсем, оған қалай көмектесе аламын? Бұл біреудің жеке өміріне қол сұғу болмай ма?
Отбасы — шағын мемлекет, қалай өмір сүреді, баласын қалай тәрбиелейді, қайда қыдырады — бәрін өздері шешеді. Бірақ адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын көрсеңіз, міндетті түрде дабыл қағып, құрбанмен сөйлесу керек. Психологиялық зорлық құрбаны «мен кінәлімін, өз міндеттерімді қазіргіден жақсы орындауды үйренсем, үйде тыныштық орнайды» деп өзін алдап жүрсе, оған сырттағы адамның пікірі мен демеуі керек.
Зорлық фактісіне куә болсаңыз, анонимді түрде 150 нөмеріне немесе полицияға (102) хабарласуға болады.
Тұрмыстағы зорлыққа кез келген адам ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдай менің басымда қайталанбауы үшін не істеуім керек?
Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық жас, әлеуметтік статус, білім деңгейін талғамайды. Алайда оқымаған, оқуын аяқтай алмаған, экономикалық әлсіз, отбасынан зорлық көріп өскен, одан қашуға тырысып, ерте тұрмыс құрған, бейтаныс адам еркінен тыс алып қашқан немесе жақсы танымайтын адамға тұрмысқа шыққан әйелдер арасында тұрмыстық зорлыққа ұшырау ықтималдылығы жоғары.
Ешкім «отбасылық өмірім сәтсіз аяқталады» деп алдын-ала дайындалмайды. Бірақ өмір тек біздің қалауымыздан тұрмайды. Қандай жағдай болмасын, табыс таба алатын біліміңіз бен дағдыңыз, аяққа тұрып кеткенше пәтер жалдау, тамақ алу сияқты қажетіңізді өтейтін ақшаңыз болсын. Жас кезде көп адамда оқуға, жұмыс істеуге, кәсіби біліктілігін арттыруға уақыт болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланыңыз. Қаржылық сауатыңызды арттырыңыз. Тұрмыста зорлық көрген әйелдерден «Мұндайды күтпедім, танысқанымда басқа адам болатын» дегенді жиі естиміз. Қамсыз болмаңыз. Дамуды, есеюді тоқтатпаңыз. Светлана Шишкина деген ресейлік автордың «Любить считать. Как построить крепкие отношения на основе финансовой независимости» деген кітабын оқуға кеңес беремін.
Бастысы – ешқандай зорлықты ақтауға болмайтынын, сізді қандай кінәңіз үшін де ұруға, жазалауға ешкімнің құқығы жоғын естен шығармаңыз!
Кейде адам өзі зорлық атмосферасында өссе, есейгеннен кейін де сол шеңберден шыға алмай қалуы мүмкін. Бірақ «сіз 100 пайыз ата-анаңыздың өмірін қайталайсыз» деген ереже жоғын еске салғым келеді. Өмір жолыңызда қандай да бір зорлық белгілері болған жағдайда, психологтың қызметіне жүгініп, өткеннің мәселелерін шешкен дұрыс. «Қалыпты отбасындағы қарым-қатынас қандай болады?», «Адамдар кикілжіңді зорлықсыз қалай шешеді?» деген жаңа модельді үйрену үшін сізге уақыт пен психолог керек. Мамандардың айтуынша, балалық шағы тұрақсыз атмосферада өткен, отбасында шамадан тыс агрессия көрген адам 2 жыл психологиялық терапиядан өтсе немесе 5 жыл бір адаммен тұрақты, жылы қарым-қатынаста болса, оның бұрынғы үйреншікті психикалық моделі өзгереді. Психикалық жарақаттар қайталанып тұратын тенденцияға ие. Сондықтан сананың, психологтың көмегімен бұл шеңберді бұзуға тырысыңыз.
Айналаңызда зорлыққа қарсы позицияңызды айта жүріңіз. Бұл арқылы өз ортаңызды өзгертуге үлес қосасыз. Әрі өз ойымыз бен қалауымызды ашық айтып үйренген сайын, көзқарасы ұқсас адамды кезіктіру ықтималдылығы да артады.
Абьюзерді мінез-құлқы мен әрекетіне қарап тануға бола ма?
Абьюзер (кей жағдайда классикалық психопат та болуы мүмкін) – әлеуметтік бейнесі өте жағымды, адамды бір көргеннен баурап алатын адам. Ол қарым-қатынасты әуелден бастан сізде одан басқа таңдау жоқтай етіп құрады. Сіздің жеке шекараңызды сақтамайды, құпияларыңыздың бәрін білгісі келеді, сол арқылы бақылауда ұстауға ұмтылады. Мұндай адаммен сізде тұрақтылық, сенім болмайды. Сіз ертеңгі күні не болатынын білмейсіз, қарым-қатынас түгелімен оның көңіл-күйіне, сіз қаншалықты оған сай келетін адам екеніңізге байланысты болады. Осыдан үнемі «қателік жібермеу керек» деген қорқынышта жүресіз.
Бұрынғы қарым-қатынасында зорлық жасағанын білсеңіз, бұл да — дабыл қағатын белгі. Ондай адам ішіңіздегі күмән мен ойыңызды бөліскенде, өз жауапкершілігін сізге артып, өзіңізді кінәлайды, сезімдеріңізді құнсыздандырады. Ол адамды кездестіргеннен кейін мінезіңіз өзгергенін байқасаңыз, сенімсіз, тұйық, өзіңіз шешім қабылдай алмайтын болып бара жатсаңыз, алаңдауға себеп бар.
Тұрмыстағы зорлық мәселесін шешуге әр азамат қалай үлес қоса алады?
Бұл мәселені өз ортаңызда, әлеуметтік желіде, күнделікті өмірде талқылауға қатысыңыз. Позицияңызды нақтылап, ойыңызды ашық айтыңыз. Зорлық құрбанын көрсеңіз, оның мәселесіне көз жұмып, немқұрайды қарамаңыз. Зорлық әрекетін ақтайтын, насихаттайтын, оны қалыпты құбылыс ретінде көрсететін ақпаратқа белсенді қарсылық білдіріңіз. Тұрмыстағы зорлық — қоғамдық дерт, оны қоғам болып жұмылып күрес жүргізу арқылы ғана жеңуге болады.
Материал «Гендерлік зорлыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен бірге дайындалды.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)