jeltoksan.: «Лақап атым мені шектеп, мойныма жүк артып қойды»

17 минут Әділ Айжарық
Альтернативный текст

Музыка әлемінде jeltoksan. лақап атымен танылған өнерпаздың шын есімі — Бексұлтан Бақытжан. 27 жастағы музыкант Атырау қаласының тумасы. Хип-хоп бағытында өнер көрсететін jeltoksan. соңғы бірнеше жылда бірқатар синглдер мен екі альбом шығарып үлгерді. jeltoksan. өз музыкасында әртүрлі ішкі сезімдерін, саяси, әлеуметтік көзқарасын, өмірден түйгенін өлең арқылы көркемдеп жеткізіп, оны сапалы әуендерімен әрлеу арқылы тыңдармандардың жүрегін жаулады.

jeltoksan.-ның дебюттық Korgasyn альбомы жарық көргеннен кейін, араға 3 жыл салып, музыкант екінші Müşel Jas атты үнтаспасын 2022 жылы 18 қарашада ұсынды. Біз jeltoksan.-мен жүздесіп, жаңа альбомы, музыкадағы саяси активизм және мәтіндері туралы пікірін білдік.


Жаңа альбом туралы

Жаңа альбомның атауы — Müşel Jas. Қазір мүшел жаста болғандықтан осы сәтті суретке түсіргендей жадымда сақтап қойғым келді. Мүшел жас — көп өзгерістер болатын, бір кезеңнен екінші кезеңге өтетін маңызды сәт. Сол өзгерістерді түсініп, басымнан өткізіп жатырмын. Альбомның концепциясы — бір жылдың ауқымын алу. Альбомдағы әндер саны мезгілдер сияқты үш-үштен бөлініп, 12 әннен тұру себебі сол. Көңіл-күй жағынан көктем — таза, бала махаббат сезімін береді. Ол өсіп жазға қарай жеңіл, чиллды әндерге айналады. Демалыс, кештер, достармен уақыт өткізу сезімін фиттер арқылы жеткізуге тырыстым.

фотогг

Фото: Дамир Жолдасқали

Әндердің атмосферасы күзге қарай түнеріп бастап, қыста қара түнек болып кетеді. Қыста саяси тақырыптар, Құдай, өлім жайында әндер болады. Егер адамның өмірін бір жылмен алатын болсақ: көктемде адам дүниеге келеді, жазда жастық шағы, күзде ересек кезі, қыста қарттыққа келеді.

— Korgasyn альбомының шыққанына үш жылдан асты. Ол уақыттан бері көп зат өзгерді: пандемия, қаңтар оқиғасы, соғыс. Әлемдегі өзгерістер музыкаңызға қалай әсер етті?

— Korgasyn мен үшін эксперименталды, абстрактті альбом болды. Мен оны өзім үшін жасадым. Ол жерде мен көбіне сырттай бақылаушы, баяндаушы сияқты болдым.

Ал Müşel Jas — жеке альбом болады. Өзімнің ойларыммен, сезімдеріммен, ішкі жан дүниеммен бөлісу. Өзімді көбірек ашу деген алдымда мақсат тұр. Мәтін жағынан да, музыка жағынан да максималды түрде эксперименталды жасап, бірақ сонда да көпшілікке жететіндей жасағым келеді. Максимумға жеткізіп, қаншалықты ауқымды аудиторияны ала алатыным қызықты.

жетоксанжетожел

Фото: Дамир Жолдасқали

— Қаңтар оқиғасынан бірнеше күннен кейін телеграм арнаңызға «Közimdi Aşam» әнін шығардыңыз.

— Әннің бірінші шумағы мен қайырмасы 2021 жылдың желтоқсан айының соңында жазылды. Қаңтар оқиғасы кезінде халықпен бірге көшеге шықтым. Сол кезде ән миымнан шықпай, қайталанып тұра берді. Ән қаңтар оқиғаларына дейін жазылса да, арнайы осы оқиғаларға жазылғандай болды.

Қаңтар оқиғасы — тәуелсіздік уақытындағы бірінші рет халықтың бірге бар күшін салып пікір білдірген кезі болды. Мен үшін халықтың ішінде болып, өз үлесімді қосу маңызды.

Оқиғалар болып жатқан сәтте екінші шумағын жазбай отыра алмадым. Дәл сол уақытта мен сияқты отырған адамдарға көмегін тигізіп, халықтың қайғысын жеткізу керек болғандықтан телеграм арнамда бөлісу керек деген ой келді.

— Отандық музыкада саясат, қоғам туралы айтатын музыканттар аз. Сіз сол музыканттар арасында бастапқыларының бірісіз десек болады. Музыкадағы активизм мен саясатты қозғау қаншалықты маңызды?

— Музыкант ретінде емес, адам ретінде қарасақ әр адам өзінің ішіндегі болып жатқанын айтып, бөліседі. Ойлар ол сені мазалайтын нәрсе. Егер шынымен музыкантты ол мәселелер мазаласа, айтуы тиіс деп ойлаймын. Егер бір ой менің ойымнан шықпай мазаласа сол жайлы жазамын.

Алаш қайраткерлерін алатын болсақ олар да ақын болған. Ақын: «Мен ақынмын» деп жапырақтың түскенін, күздің келгенін әлде көктемде гүлдің жарғанын суреттеп отыра берсе болатын еді. Бірақ олар өз дауысын адамдарды оятуға, еліне пайда тигізуге жұмсады.

Әр адамның алдында өз дауысын қалай жұмсағым келеді деген таңдау тұрады. Мен аудиторияма өз пайдамды, жақсы әсерімді тигізгім келеді. Саясатқа немқұрайлы болмау дегеніміз — елді жақсартуға тырысу.

Ал егер ол мәселелер музыкантты мазаламаса, айтпау керек деп ойлаймын. Музыкантты саяси, әлеуметтік тақырыптар мазаламаса популизм мен хайпқа айналып кетуі мүмкін. «Саясат туралы жазсам танымал болып кетемін».

— Осыған дейін Közimdi Aşam, Alyska әндерін жазып, «Бәлкім шыңға қалды тек бір қадам» деп шырқаған әртістің шыңға шын мәнінде бір қадам қалған уақытта, MEMO бейнебаянының соңында «заң демей махаббатқа көңіл бөлсек, құқық емес мейірімділік, ал әділдіктен гөрі кешірімді болуды таңдасақ» деген сөздерін қалай түсінеміз?

— MEMO — жоқтау әні. Қаңтар — халықтық үлкен жара. Әр жараны тарқату керек. Қаңтар әлі жарасы жазылмаған үлкен мәселе. Біз «MEMO» арқылы Қаңтар оқиғасын ішімізден тарқатып, халыққа бір орында тұрып қалмай, ары қарай қозғалу керектігін жеткізгіміз келді.

Бейнебаянның соңындағы сөздермен айтқымыз келгені адам әрбір уақытта бірінші орында тұру керек. Адам саясаттан, биліктен жоғары тұру керек. «Заң демей махаббатқа көңіл бөлсек» деген жолды қарастырсақ, заң деген не? Оны кім жазады? Заң қандай саяси жүйеде болып жатыр? Заң бойынша нацисттік Германияда еврейлерді өлтіру дұрыс болды. Сталин репрессияларды заңға қайшы жасамады. Қаңтар кезінде адамдарға оқ атқан құқық қорғау органдары бұйрықпен атты. Бұйрыққа бағыну ол да бір заңға бағыну. Егер құқық қорғаушылар заңның орнына «бұл менің халқым, оларға неге оқ атам» деп махаббатты таңдаса, өлім саны азырақ болар еді.

Абсолютті құндылық ол — махаббат пен мейірім. Егер заң мен құқық махаббат пен мейірімділікке қарсы шықса, мен екіншісін таңдар едім. Мейірімділік пен махаббатқа шақырған адам ешқашан жаман болмайды.

Иә, әділдіктен гөрі кешірімділікті таңдасақ деген жолмен келіспеуге болады. Бейнебаянның соңындағы сөздер шетелдік цитатадан аударма болғандықтан бұл жол христиандық құндылықтарға ұқсас.

Шыны керек бұл сұрақтардың не үшін қойылып жатқанын түсініп отырған жоқпын. Мен не деу керекпін? Мен ол сөзіммен біреуді сындырып тастадым ба?

Сұрақ жылдар бойы өзінің музыкасында, әлеуметтік желілерінде саяси белсенді болып, 2019 жылы сахнаға «Бәрін отырғыза алмайсың» деген жейдемен шығып, лақап аты қазақ тарихындағы еркіндік алуға себеп болған ең маңызды көтеріліске нұсқайтын әртістің өзгерістерге алып келетін үлкен ойлардан бір мезетте өз өмірі мен комфорты туралы шырқайтын әртіске айналып, еркіндіктің орнына тұрақтылықты таңдағандай ой қалыптастыруында.

— Қазір өзіңізді jeltoksan. лақап атына саймын деп ойлайсыз ба?

— jeltoksan. лақап атын басында қойғанымда музыкамның еркін, тәуелсіз болғанын қаладым. Қазір лақап ат керісінше шектеулер тудырып, мойныма жүк тиегендей болды.

Мен еркіндікке шақыруды тоқтатқан жоқпын. Alyska-дағы бар еркіндік, Jaidary мен Körkem körinister-де бар. Еркіндікті қазір өзіме басқаша түсіндіремін. Оны жеткізу құралым да өзгерді. Еркіндік ол әрқашан протест кейіпінде болмайды.

Қазір мен үшін бұл менің еркіндігімді шектеу болып жатыр. Бұрынғы істеген заттарымды қайталай беру керекпін. Бұрынғы көтерген тақырыптарымды көтере беру керекпін. Егер қазір маған сол тақырыпты көтеру туралы сезімдер туса мен ол жайттар туралы айтамын. Егер ол туралы сезімдер туындамаса ол туралы айтпаймын. Оны айту үшін айтпаймын. Оны активизм жасау үшін айтпаймын.

фотооожелже

Фото: Дамир Жолдасқали

Ол заттарды қайталай бергеннен дым болмайды. Айтпағаным үшін мен біреудің алдында есеп бермеймін. Менің өнерім - еркін, сондықтан мен jeltoksan.-мын. Тыңдармандар менен сол тақырыпты күткендіктен сол тақырыптарды көтерсем мен jeltoksan. болмас едім. Өзімді Желтоқсанмен, халықпен теңеулер жүргізгім келсе, өнерімде жасаймын.

Әсем, бақытты сәтті ұстап қалғым келгендіктен Jaidary деген әнді жазамын. Себебі өмір тек қара түнек емес. Адам өмірі қара мен ақтан тұрады. Бірде терең ойланасың, бірде ойнайсың, күлесің, билейсің. jeltoksan. болғандықтан 24 сағат терең ойлап, халықтың хал-жағдайын ойлап жүрген адам сияқты кейіп танытсам екіжүзділік болушы еді. Мен ғашық болам, мен сүйем, мен ойланам, мен мұңаям, мен отбасымды ойлаймын. Мен адаммын. Мен ойланатын, толғанатын заттар өзгереді. Менің сұрайтыным менің өнерімді шектемеу. Бірақ бұл осыған дейінгі музыкамда айтқан ойларымнан бас тартам дегенді білдірмейді.

— jeltoksan. — ол музыка ма, әлде мәтін бе?

— Кейбір жерлерде мәтін алға шығып кететінін, кейбір жерлерде музыка алға шығып кететінін білемін. Бірақ қазір мен екеуінің ортасын іздеп жүрмін. Музыка алдымен - эмоция. Сөзсіз де эмоцияны беруге болады. Қазір музыкамен эмоцияны беруге, баланс ұстауға үйреніп жүрмін.

— Мәтін жазу стиліңізге кімдер ықпал етті?

— Жалпы музыкаға рэп арқылы келдім. Рэп дегеніміз — мәтінге құралған музыка. Мәтін бірінші кезекте. Рэп, хип-хоп музыкасы арқылы музыкаға келген адам ретінде ол нәрсе менен қалмайды. Мәтінге көп мән беремін.

Боб Диланды айтпай кете алмаймын. Боб Дилан мен үшін қатты әсер еткен адам. Әдебиеттен Нобель сыйлығын алған жалғыз музыкант. 60-70 жылдары поп музыка енді қалыптасып келе жатқанда ән жазуды жаңартқан адам. Боб Дилан — мені қатты шабыттандырады.

Революцияға дейінгі қазақ әдебиетін сүйіп оқимын. Шәкәрім, Абай, Мағжан Жұмабаевтың шығармалары ұнайды. Сол уақытта аздаған ақпараттармен ой жүйесін дамыту өте қиын болғандықтан шынында оларды гений деп атауға болады. Ал Кеңес үкіметінің әдебиеті көптеген цензурадан өткеннен өлі, жансыз қуыршақ сияқты болып көрінеді. Мүмкін ол тірі шығарма болған болар, бірақ цензуристтер көптеген цензуралардан өткізіп, оны өлі бір күйінде қалдырып, шығарған.

Өзім де jeltoksan.-ның музыкасы тым саналы, мағыналы деген клишелерді жақтыртпаймын. Қазір музыка тым жеңіл болып кетті. Егер музыка арқылы ойларыңмен бөліссең, қиын дүние айтып жатқан сияқтысың. Менің мәтіндерімнің қиындығы емес, қазір музыканың жеңілдеп кеткендігі — мені басқалардан ерекшелейді.

желллжежж

Фото: Дамир Жолдасқали

— Миссияңыз қандай?

— Жақында маған Назарбаев Университетінде докторантурада оқитын қыз: «Менің ғылыми жұмысым халықаралық ғылыми журналда публикацияланды. Сіздің музыкаңыз маған қиын кездерде көп көмектесті. Сіздің музыкаңызды тыңдап, шабыт алдым. Рақмет», — деп жазды.

Адам өз үлгісімен, өз жұмысымен өзгелерді шабыттандырады. Адамның миссиясы - басқа адамды шабыттандыру. Жақсырақ адам болып, өз жұмысымды мінсіз істеуге тырысып, адамның қолынан бәрінің келетінін дәлелдегім келеді.

— Сіз үшін музыка деген не?

—Музыка ол — адамдар арасындағы эмоциялық, коммуникациялық байланыс құралы. Музыка арқылы музыкант өзінің эмоцияларымен бөліседі. Қоғамда өмір сүргендіктен сен сезінген эмоцияларды басқалардың да сезгенін қалайсың. Қайғырып отырып қайғылы ән тыңдасаң, ол әнді жазған адам да сен сияқты дәл сол жағдайда болғанын түсініп, өзінің жалғыз емес екеніңді сезінесің. Альбом арқылы өз пікірлерімді, сезімдерімді әлеммен бөлісемін. Солай мен әлеммен байланысқа түсемін. 

Статьи STEPPE

Чем отличаются системы образования за рубежом и в Казахстане: сравнивает выпускница университета Уорика

О европейских школах, системе образования, новых возможностях и тоске по родине.

15 минут
15 минут

От концертов The Weeknd до чемпионата мира по футболу: интервью с продюсером продакшн-студии Sila Sveta Магрифой Камиевой

Как создаются визуальные эффекты для масштабных инсталляций и шоу, и почему сфера развлечений не так проста.

18 минут
18 минут

Охота на люкс: как работает рынок перепродажи одежды из секонд-хендов в Казахстане

О том, насколько прибыльна эта сфера, как определять оригинальность брендов и где найти ту самую находку рассказывает владелец алматинского интернет-магазина винтажных вещей Youth of the nation Артур Шварцман.

9 минут
9 минут
Партнерский

Мамины сказки: как Айнагуль Хамитова выпустила аудиосказки «Дарынды бала әлемі» на казахском языке

Об аудиосказках на казахском, любви к родному языку и культурном наследии.

16 минут
16 минут