АСЕЛЬ
КОРЕГЕНОВА
Біздің ұйымның ұраны: «Әр бала бір жұлдыз! Жарқырауына жәрдем ет». Бұл ұран менің де өміріме үлкен өзгерістер сыйлады.
Бұрын ата-анаммен ашық сөйлесе алмайтынмын.
Ата-анама мектептегі қызықтарды немесе біреумен ұрысып қалғанымды айтып, ішімдегіні бөліскім келетін, бірақ ұялатынмын. 2015 жылдан бастап мектепте психолог Ләззат Сәулебекқызы курс өткізіп, басыңа түскен қиындықты міндетті түрде біреумен бөлісу керегін түсіндірді. Сол кезде өзіме құрбыларға қарағанда, анамның қолдауы көбірек қажет екенін түсіндім.
Маған кеңес беріп жүрген психолог анамды шақырып сөйлесті. Осыдан кейін анам екеуміздің қарым-қатынасымыз түзеле бастады. Өз тәжірибемді пайдаланып, басқа балаларға көмектесуге бел будым.
Мектебімізде 2010 жылы балалардың оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында құрылған «Жас өрен» ұйымы 2015 жылдан бастап жаңа форматта балалардың физикалық және психикалық денсаулығын сақтау бағытында жұмыс істей бастады. Мен «Жас өренде» жетекші болып, ұйым жұмысына белсенді қатыстым. Ұйым аясында өзім қатарлы жастарға қолдау көрсетіп, олардың мәселесін тыңдауға, психолог маман көмегін ұсынуға, талантын ашуға, қоғамдық жұмыстарға тартуға тырысамыз. Балалар арасындағы кикілжіңді, бай отбасынан шыққандардың кедей оқушыларды кемсітіп, ақша талап етуін, ата-аналармен арада туған мәселелерді интермедиялар арқылы көрсетеміз. Ұйымдастыру жұмыстарына «Жас өренге» қосылған оқушылар қатысады. Интермедия сценариін ауылдағы мәдениет үйінің директоры мен психолог бірлесіп дайындайды. Мұндай қойылымдар арқылы ата-аналар мен балалар өз қателігін түсініп, мәселеге басқа қырынан қарай бастайды.
Биыл «Жас өренде» тілші боп жұмыс істедім. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік деуге болады. YouTube, Instagram, Facebook желілерінде парақшалар жүргізе бастадық. Жоба Қазақстан ұлттық телеарнасындағы «Елден хабар» бағдарламасына шықты. Осыдан бастап, ауыл тұрғындары «Жас өреннің» жұмысына назар аудара бастады. Ұйымның маңызына мән бермей жүрген ата-аналар «Жас өреннің» балаларына қалай әсер еткенін байқап, қызығушылығы оянды. Бізде «Баламның мұндай өнері бар екенін білмеппін. Ондай талантын бізге көрсеткен емес. "Жас өреннің"қатарына қосылғалы, актерлік шеберлігі барын түсініп жатырмын» деген
ата-аналар болды. «Жас өрендіктерге», психологқа келіп, баласын қиын жағдайдан алып шыққаны үшін алғыс білдіргендер де бар.
Текст: Динара Тілеубек
Фото: Камила Ержан