Әлемде болып жатқан құбылыстар климат өзгерісіне байланысты ма?

9 минут Бауыржан Биахметов
Альтернативный текст
Партнерский

Биахметов Бауыржан — бірнеше халықаралық және Қазақстанға қатысты жобаларға қатысқан жасыл энергетика және климаттың өзгеруіне қатысты сарапшы. Қазіргі уақытта Steppe және Қазақстандағы Фридрих Эберт Қорының қолдауымен жер шарымыздың жылынуы, оның адамзатқа әсері және өзгерістеріне бейімделуге қатысты мақалалар топтамасын әзірлеуде.


Климат өзгерісінің негізгі себебі — қазба отындарды пайдалану, орман алқаптарының азаюы және тұрақты емес мал шаруашылығынан пайда болатын парник газдар. Ауадағы парник газдар күн көзін ұстап қалып, қайта таратқанда әдепкі күйінен де жылы болады. Қазір парник газдар концентрациясы артып кеткен, сондықтан Жер шары жылынып бара жатыр. NASA ғалымдарының талдауына сүйенсек, 1880 жылдан бері жердің жылынуы 1,1ºС артқан. 2015 жылы климат өзгерісіне қарсы БҰҰ  мүшелері қабылдаған Париж келісімінің қазіргі басты мақсаты – жер бетіндегі орташа температураның көтерілуін индустриялық дәуірге дейінгі орташа температурадан 2ºС-тан әлдеқайда төмен ұстау және орташа температураның көтерілуін 1,5ºС-тан асырмауға күш салу. Орташа температура 2ºС-тан артық көтеріліп кетсе, табиғи орта мен адамның денсаулығына, әл-ауқаты мен жалпы тұрақты дамуына айтарлықтай кері әсер етеді, әсіресе, бүкіл әлемге қауіп төндіретін апаттардың туу ықтималдығы артады. Қазірдің өзінде климат өзгерісінің әсерінен болатын климат ауытқулары жиі кездеседі. Сондай-ақ кейінгі бірнеше онжылдықта жаһандық жылынудан болған жағымсыз климаттық өзгерістердің амплитудасы мен магнитудасы ұлғайып барады.

Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан ауқымды өрт – климат өзгерісінің негізгі кері әсерлерінің бірі. Биыл жаздың өзінде Еуропа мемлекеттерінің көбінде аптап ыстық пен ормандағы өрт көрсеткіші рекорд деңгейге жетті. Еуропа ормандарында қанша өрт болғанын тіркейтін ақпарат жүйесіндегі мәліметтерге сүйенсек, қазір бір аптада болатын ормандағы өрт саны 2006–2021 жылдардағы орташа көрсеткіштен 2 есе көп, мысалы, биыл шілдеде ормандарда аптасына орта есеппен жетпіске жуық өрт болған, ал өткен жылдары шілдеде аптасына орта есеппен 30–40 рет орман өртенетін. Өткен жылдары қаңтар және шілде айларында Еуропада орта есеппен 100 000 гектар, биыл қаңтар айынан 23 шілдеге дейін 559 055 гектар орман алқабы өртенген.

run

Салыстырмалы түрде әдеттегіден ыстық болатын жаздың аптап күндері Еуропа ормандарындағы өрттің шығуына себеп болып отыр. Биылғы 19 шілдеде Ұлыбритания тарихында ең жоғары температура тіркелді, мысалы, Лондондағы ең үлкен әуежай саналатын Хитроуда температура 40,2ºC-қа жеткен. Бұған дейінгі Ұлыбританиядағы ең жоғары температура 38,7ºС болған, бұл жағдай 2019 жылы тіркелген. Бұл, әрине, сол елдегі өрт сөндірушілердің жұмысын көбейтіп, кей аймақта тіпті су тапшылығына және теміржол секілді инфрақұрылымдардың уақытша тоқтап қалуына себеп болған. Еуропаның өзге мемлекеттеріне келсек, мұнда шілдеде жоғары температурадан рекорд болмаса да, жоғары көрсеткіштер тіркелген: Берлинде (Германия) 37,3ºС, Дублинде (Ирландия) 29,9ºС, Брюссельде (Бельгия) 37,8ºС, Мадридте (Испания) 40,2ºС, Парижде (Франция) 39,4ºС. Жалпы алғанда жыл басынан бері өртенген жер аумағы бойынша Испания мен Франция алдыңғы орында тұр: Францияда 45 000 гектардан көп аумақ, ал Испанияда 330 000 гектарға жуық жер өртенген.

Дегенмен Еуропа ормандарындағы өртті тіркейтін ақпарат жүйесіндегі (EFFIS) деректерге сүйенсек, болып жатқан өрттің 95%-дан астамына адамдардың өзі кәнілі екен. Олар өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамайды. Дегенмен климат өзгерісінің де әсер бар, күн ысып, ұзаққа созылған аптап ыстық  құрғақшылыққа себеп болып, өсімдіктер мен ормандарды қуратып, сарғайтып жібереді. Осы қураған өсімдіктер жинала-жинала, өрт шығаратын негізгі көзге айналуы мүмкін. Бәлкім, мұндай тенденцияның арқасында келешекте өрт қауіпсіздігі ережелерін немесе өзге де заңнамалық құжаттарды климат өзгерісі әсеріне қарай бейімдеу қажеті туатын шығар.

Еуропаны жайлаған орман өрті және климат өзгерісі салдарынан жыл сайын мыңдаған адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр, тіпті олардың саны жыл сайын артып бара жатыр.  Шілдеде болған аптап ыстық кезінде Францияда Дюна дю Пилат аймағындағы өрт салдарынан 8000 адам эвакуацияланды. Жыл сайын болатын орман өртінің кесірінен мыңдаған адам үйсіз қалып, босып кетті. Жалпы дүниежүзіндегі климат өзгерісінен туған апат салдарын зерделесек, мұндай босқындар саны миллиондап кете береді. БҰҰ БЖКБ есебіне сәйкес, климат өзгерісінен үдеп бара жатқан құрғақшылық, шөлейттену, қоршаған орта жағдайының нашарлауы немесе теңіз деңгейінің көтерілуі мен циклон сияқты төтенше ауа райы кесірінен орта есеппен 20 миллионнан астам адам үйін тастап, басқа аймаққа бас сауғалап кеткен.

Жер шары жылынған сайын, экологиялық босқындар саны қарқынды өсе береді деген болжам бар. Сол себепті Париж келісімінің және әлемнің өзге де мемлекеттері қабылдаған қоршаған орта жөніндегі көптеген құжаттардың негізгі мақсаттарының бірі – климат жылынуынан болған өзгерістерге бейімделу. Бұл – экологиялық босқындардың пайда болуын азайтуды көздейтін қадам. Мысалы, құрғақшылық немесе таза ауызсу тапшылығы бар аймақтардағы ластанған суды тазартатын немесе теңіз суын тұщытатын технологияларға қол жеткізу, қаржылай қолдау көрсету және су саласын басқару жөніндегі заңнамалық құжаттар қабылдауға болады. Қазақстанның Экология кодексіндегі 22-тарау да «Климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы мемлекеттік басқару» деп аталады.

fire

Қорыта келе, биыл Еуропаны жайлаған өрт, жер бетіндегі өзге де табиғи апаттар мен қалыптан тыс құбылыстар климат өзгерісіне тікелей байланысты деп нақты айта аламыз. Ұйымдар мен ғалымдардың болжамына назар аударсақ, климат өзгерісінен болған табиғи апаттардың жиілігі мен ауқымы келешекте тек арта бермек. Бұл – адамзат пен қоршаған ортаның үйлесімді әрі тұрақты дамуына төнген қауіп ұлғаяды деген сөз. Сондықтан ертеңін ойлаған адамзат қазірден бастап климат өзгерісіне, оның салдарына қарсы  шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдауы керек.

Бұл материалдар сериясы Қазақстандағы Фридрих Эберт Қорының бастамасы мен қолдауымен жүзеге асырылған.

Статьи STEPPE