Заманауи қыздардың психолог, нумерологтардың көмегіне жүгінуі неге трендке айналды?

8 минут Жулдызай Омархан
Заманауи қыздардың психолог, нумерологтардың көмегіне жүгінуі неге трендке айналды?

Қазір желіде қаржылық кодты есептеп беру, жеке психологиялық немесе чакрологиялық талдау жасау туралы жиі оқимыз. Арнайы курстар мен марафондар, кездесулер мен консультациялар ұйымдастырылып жатады. Әсіресе қыз-келіншектер Instagram-да көптеген «әуесқой» психологтарды үзбей тыңдайды. 

«Бақытты әйелдің құпиясы», «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», «Өмірге бекер келмедің», «Күйеуге шыққым келеді»: мұның бәрі қыз-келіншектер сатып алып жүрген сабақтар. Алайда, оларды көбінесе қандай сұрақ мазалайды? Бұл өзін іздеу әлде жоғалту ма?

Мақалада соңғы жылдары трендке айналған ғылымдар: психология, нумерология және чакрология туралы айтамыз. Заманауи қазақ қыздарының арнайы мамандардың көмегіне жиі жүгінуін спикерлермен талқыладық. 

Әйгерім, 23 жаста, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 2-курс магистранты, модель

— Психология, нумерология ғылымдарына қызығушылық қашан басталды?

Мен психологияға мектеп кезінен бастап қызығатынмын, 8-9 сыныпта болу керек, Аллан Пиздің «Язык тела» деген кітабын оқыдым. Ол жерде адамның іс-әрекеттері, ишаралары арқылы адамды оқу туралы жазылған. Яғни, адам сөзбен басқа нәрсе айтып тұруы мүмкін, бірақ денесімен өз ойын білдіртіп қояды. Сол кітапты оқығаннан кейін мен психологияға қызығып кеттім. 

Ал нумерологияға басында сыни көзқараспен қарап жүрдім. «Қалайша, адамның туған күні арқылы біраз нәрсені айтып бере алады» деп ойлайтынмын. Бірақ осыдан екі жыл бұрын, өзімнің жақын араласатын құрбым біраз уақыт бойы осы іспен айналысып жүргенін көргенмін. Кейін ол маған нумерологиялық есептеу жасап беруді ұсынды, «өзің сынап көр, қаншалықты сәйкес келеді немесе келмейді» деп айтты. Сол кезде ол менің бойымдағы барлық жақсы және жаман жақтарымды, тіпті көбі біле бермейтін тұстарым туралы айтты. Сонымен қатар, нумерология арқылы не нәрсеге бейім екенімді айтып берді. 

чакрология

Ең қызығы құрбым маған 2021 жылдың басында «осы жылы өз ортаңды өзгертесің, көп нәрсені өзгертесің» деп айтты. Ал мен негізі өте тұрақты адаммын, жанымдағы достарым, ортам өзгермейтін. Дегенмен, 2021 жылы шыныменде жұмысымда үлкен өзгерістер болып, жаңа әрі мықты ортада жұмыс істей бастадым. Нумерологиялық есептеуде айтқан бойынша, алғаш рет шетелге шықтым. Тіпті өткен жылы орындалмай қалған жоспарларым туралы айтып берді. Барлығын сандармен дәлелдеп көрсетті, сосын мен біраз нәрсеге сене бастадым.

— Осы ғылымдар арқылы өзіңізге талдау жасаудағы мақсатыңыз қандай?

Қазақта үш нәрседен қателеспеу керек деп айтады: жар таңдаудан, дос таңдаудан және мамандық таңдаудан. Осы нәрселерден жаңылмас үшін, біраз уақытымды құртпас үшін, эмоциямды, энергиямды үнемдеп, сандармен анализ жасап, сұрақтарыма жауап ала аламын.

Өйткені біз басқа адам тұрмақ, өзімізді де толық тани алмаймыз.

Мәселен, осы жұмысты мен әрі қарай алып кете аламын ба, осы адаммен қарым-қатынасым жалғаса ма деген сұрақтарда осындай есептеулер арқылы жауап алуға болады. 

— Желіні қаптаған әуесқой психологтар туралы ойыңыз?

Ал енді әлеуметтік желідегі әуесқой психологтар туралы айтатын болсақ. Біріншіден, желіде арнайы фильтр болмайды, сондықтан адамның өзінің санасында соны сүзгіден өткізе алатын білімі, түйсігі болу керек. Әркімнің айтқанына сене бермей, өзіңнің ақылын арқылы өткізіп отыру керек. Екіншіден, ол адам туралы жазылған пікірлерді оқып көру керек. Кез келген маманға барарда, жақын адамдарымның ұсынысына жүгінемін. Қысқасын айтқанда, жарнамаға алданып қалмас үшін ең бастысы өзіңнің танымындағы фильтрдан өткізіп отыруын керек. 

Рахима Қуандықова, халықаралық психотерапевт, Еуропалық транзакциялық талдау қауымдастығының психотерапиядағы өтпелі кезең бойынша сертификатталған талдаушысы, медицина ғылымдары кандидаты. Қазір психотерапевттерді дайындаумен айналысады.

— Не үшін соңғы уақытта психология, әсіресе, әйел адамдар арасында трендке айналды деп ойлайсыз?

Психология адамдарға өзін тануға, басқа ғылымдар жауап бере алмайтын сұрақтарға жауап табуға, жасаған таңдауларын түсінуге көмектеседі. Маған бірінші курсқа әртүрлі студенттер келеді, бірақ олардың барлығы терапевт болып кетпейді, дегенмен олардың бойында көп нәрсе өзгереді. Өзін тыңдауды, естуді үйренеді, өз-өзімен, жақындарымен, ұжымдастарымен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Әрине, курсқа келушілер арасында әйел адамдар көп. Бұның бірнеше себебі бар:

Әйел адамдар, ер адамдарға қарағанда эмоцияналды болып келеді, сондықтан олар депрессияға түсуге бейім.

Қазіргі уақытта көптеген қыз-келіншектер қоғамда жетістікке жетуге тырысады. Алайда, әйел адамдар ауыр жұмыс жасап, белгілі бір жетістікке жеткенде шаршау мен көңілсіздікті сезінеді. Бұл ер адамдарда керісінше, олар деңгейден өткен сайын қуанып, көңілдене бастайды.Әйел адам өзін, қарым-қатынасты байланыс жасау арқылы сақтап қалуға тырысады. Ал ер адамдар қиын сәттерде тұйық болып, жаман әдеттерге (ішімдік, темекі, есірткі, азарт ойындар) үйір болады. Сондықтан, жігіттер психотренингтерге онша қатыспайды. 

— Психологқа адам қандай жағдайда бару керек? Оны қалай түсінуге болады?

Психологқа көңілінде жайсыздықты, бірнәрсенің жетіспеушілігін сезінген кезде «Мен кіммін? Қайда бара жатырмын?» деген сұрақтар мазалаған кезде, жақындарыңызбен қарым-қатынас жасауда қиындықтар туындаған кезде, карьерада қиындықтар болғанда бару керек. Жалпы өмірде тіршілік бар, бірақ қуаныш жоқ кезде психологтың көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Психолог таңдаған кезде оның біліміне, сол білімін жалғастырып жетілдіруіне, жеке терапиясына қарау керек. 

— Кәсіби білімі бар психолог пен әуесқой психологтың басты айырмашылығы неде?

Әуесқой психологтар, ең бірінші өзінің қажетіліктерін қанағаттандыруды көздейді. Яғни, олар үшін клиентке өзінің керек екенін, мұқтаж екенін сезіндіру маңызды. Бұндай кезде клиенттің мәселелері шешілмейді. Ал кәсіби терапия қарапайым «ас үйдегі әңгіме» деңгейінде өтеді, тыныштандырады, кеңес береді. 

Қарашаш Есенбай, қыздарға арналған Qurbym.kz жобасының редакторы

— Qurbym.kz жобасының мақсаты не?

Qurbym.kz — қыз-келіншектерге, жасөспірім қыздарға арналған психологиялық, жыныстық сауаттылықты арттыруға арналған Insta-жоба. Жобаны бастауға әлеуметтік желідегі сенімсіз ақпараттардың көптігі әсер етті. Көптеген қыздар теріс және сенімсіз ақпаратты тексермейді, қолданып көре салады. Жоба барысында кәсіби гинеколог, психолог, эндокринолог, косметологпен тікелей эфирлер жүргіземіз, қыздарды мазалап жүрген сұрақтарына кәсіби жауап береміз. 

— Неге соңғы уақытта психология, нумерология, чакрология әсіресе, әйел адамдар арасында трендке айналды?

Европада мәселен, психологқа бару деген бұрыннан бар, тек Қазақстанға кешігіп келіп жатыр. Меніңше, әр адамның өзінің психологы болу керек.

Бұрынғы кезде психологтың орнын әжелеріміз, жеңгелеріміз басқан. Көбінесе қыздар жеңгесімен сырлас болған. Баяғыда сол кісілер психологтың рөлін ойнаған.

Мен қазір қыздар мен психологтарды байланыстырушы ретінде айтарым, басыңызда проблема туындаған кезде кәсіби психологқа барыңыз. Ол мәселенің түбірін анықтауға, сонымен жұмыс істеуге ықпал етеді. Оның үстіне, қазір қыздардың барлығы дамығысы, өзгергісі келеді. Сондықтан осындай мамандардың көмегіне жүгінеді. 

— Қыз-келіншектер көбінесе қандай сұрақтармен келеді?

Қыздар көбінесе балалық шақтағы жарақатпен, жақындарымен, ер адаммен қарым-қатынастағы қиындықтармен келеді. Тіпті көпшілігі алдыңғы уақытта не болатынын білгісі келеді. Мен бұл тұста қыздарға айтарым, қазіргі сәтпен өмір сүру керек. Болашақта не болатынын білуге тырысудың қажеті жоқ, бүгінгі күнмен жұмыс жасаңыз. 

— Қазір қыздар желіні қаптаған психолог, нумерологтарға қызығып, маркетинг құрбанына айналып жатқан жоқ па?

Мүмкін, себебі қазір желіде псевдопсихологтар көбейіп кетті. Олар түрлі курстарды оқып алып, психолог, коуч, нумеролог бола салады. Мысалы, мен психологқа баратын кезде міндетті түрде оның тәжірибесіне қараймын. Барлық қыздарға кәсіби психотерапевттерге баруды ұсынамын. Ал нумерологияға мен өзім онша сенбеймін. Нумерологияға да, чакрологияға да байланып тұрған ешнәрсе жоқ. Бірінші орында, психологиямен жұмыс жасау керек. Қыздардың маркетинг құрбанына айналып жатуы – сауатсыздықтың, ақпаратты тексере алмаудың әсері. 

Зира Наурызбаева, мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы

— Бұрынғы қазақ қыздары ақыл-кеңес керек болған кезде кімге барған? Қазіргі психолог, нумерологтардың орнында кім болған?

Бұрынғы қазақ қоғамында жұлдызшылар, құмалақшылар болған. Жұлдызға қарап, құмалақ ашып болашақты болжаған. Бірақ олар көбінесе үлкен мәселелерді болжауға тырысқан. Мәселен, биыл жұт бола ма, болмай ма соны анықтаған. Ал қазір қыздардың заманауи мамандарға жиі баруын – сауатсыздық, жалқаулық деуге болады. Дегенмен, айта кететін жайт, бұрын патшалар мен хандардың жанында еріп жүретін шаман секілді, болашақты болжайтын адам болған. Қазір ірі бизнесмен, саясаткерлер де нумеролог, экстрасенстердің көмегіне жүгінеді. Ал қыздар көбінесе жеңгелерімен сырласқан.

Қазақтар алда не күтіп тұрғанын білу үшін, түсін жорыту үшін өзіне жақсылық тілейтін, жақсы ниеттегі адамға баруды жөн көрген. Осыған байланысты қазақта мынадай аңыз бар. Аяғы ауыр әйел түсінде ішін екі қасқырдың жыртып жатқанын көреді. Келесі күні түсін жорыту үшін ауылға танымал қарттың үйіне келеді. Алайда, көріпкел қарт үйінде болмай шығып, оның келіні түсін жорып беруді ұсынады. Көріпкелдің келіні «Түсіңізде екі қасқыр ішіңізді жыртып жатса, сізді екі қасқыр жеп қояды деген сөз», — деп жориды. Бұны естіген жүкті әйел үйіне қайтады. Сәлден кейін қарт үйіне оралып, келінінен болған жайтты естиді. Сонда ол келініне түсті дұрыс жорымағанын айтады. «Түсінде екі қасқыр көрсе, егіз ұлың болады деп жоруың керек еді», — деп жүкті әйелдің соңынан қуып кетеді. Алайда, жолда әлгі әйелді екі қасқыр талап жеп қойғанын көреді. Бұл аңыздың мәні өзіңді мазалаған сұраққа жауап іздегенде, түсіңді жорытқанда, саған жақсы ниеттегі адамға жорыту керек. 

— Қалай ойлайсыз, неге соңғы уақытта психология, нумерология, чакрология трендке айналды?

Қазір нумеролог, чакрологқа жиі баруды сауатсыздық деп жатамыз. Бірақ бұған үлкен психологиялық негіз бар. Қазір адамдар шешім қабылдауда қатты қиналады. Неге Марк Цукерберг секілді байлар күнде бір киіммен жүреді. Олар бір маркадағы бірдей киімді көп мөлшерде сатып алып қояды. Бұның бәрі таңертең не киемін деп ойланып, шешім қабылдауға мәжбүр болмас үшін. Олар онсызда үлкен нәрселерді ойлайды, қиын шешімдер қабылдайды. Бизнесмен, саясаткерлердің қабылдаған шешімі көп адамдарға әсер етеді, нәтижесе қауіпті немесе сәтті болуы мүмкін. Шынымен, олар үшін шешім қабылдау оңай емес. Сондықтан, күндерін жеңілдету үшін күнде бірдей киінеді. 

Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы құмалақшы, жұлдызшыларды қазір психолог, нумерологтар алмастырып жатыр.

Бірақ, сауатты психологтар өте аз. Психолог түпсанамен жұмыс жасап, бейсанадағы шешімді санаға жеткізу керек. Қазір әлеуметтік желіде қазақы ортада бұл бизнеске айналды. Психолог ретінде қабілеті жоқ, құр ақша алу үшін жұмыс істеп жатқандар да бар. Негізі бұндайларды, Ресейде «инфосығандар» деп атайды. 

Екінші жағынан қазір адамдар жауапкершіліктен қашады. Өз өмірі үшін өзі шешім қабылдауға қорқады. Өзіне бағыт беретін, орнына шешім қабылдап беретін адам іздейді. Бұны жалқаулық деуге де болады. Адамдарға алаяқтарға жемтік болмай, өз өміріне жауапты болуды үйрену керек. 

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты