Инвестор боламын деушілерге пайдалы болатын тоғыз термин

4 минуты Әділет Есімжан
Инвестор боламын деушілерге пайдалы болатын тоғыз термин

Егер сіз 1997 жылы Amazon компаниясының 10 акциясын 180 долларға сатып алғаныңызда, бүгінгі күні есепшотыңызда 230 мың доллардан астам қаржы тұратын еді. 

Көпшілік инвестицияны елеулі табыс көзіне айналдыруға болатынын түсінді. Интернетте инвестициялық сауаттылықты арттыруға көмектесетін екі жүзге жуық термин бар. Бәрі маңызды, бірақ сапалы білім алу үшін реттілік сақтаған абзал. Сондықтан біз инвестор боламын деушілерге пайдалы болатын тоғыз терминді ұсынамыз. 


Құнды қағаздар

Инвестордың белгілі бір мүліктік құқығын растайтын құжат. Бағасы өскен құнды қағазды сатып алып, сату арқылы пайда табуға болады. Құнды қағаздардың кең тараған екі түрi бар: акция мен облигация. 

• Акция сатып алған адам компанияның капиталына үлес қосқанын дәлелдейтін куәлiк алады. Яғни, акция бизнестің ірілі-кішілі бөлшегін сатып алумен тең. Ал акцияның көп бөлігіне ие болған адам басқару құқығына ие болады. Мысалы, инвестор Iphone сатып алудың орнына, Apple компаниясының акциясын сатып алады. Акция бағасы өскенде оны сатуды немесе өзінде қалдыруды инвестор шешеді. Акция — дивиденд түрiнде табыс әкеледі. 

• Облигация сатып алушы компанияның немесе мемлекеттiң кредиторы атанады. Олар облигация иесінің борышкерiне айналады. Мысалы, инвестор өзінде бар қаражатты мемлекетке немесе коммерциялық ұйымға қарызға береді. Қарызды төлейтін күн мен сомма алдын ала белгіленеді. Осы белгіленген құжатты — облигация деп қарастыруға болады. Қарыз алушы қарызды уақытылы қайтаруға және пайыздық комиссия өтеуге міндеттеледі. Облигация — процент түрiнде пайда әкеледi.  

Дивиденд

Компания табысының акционерлерге үлестірілуі. Мұндай төлемдерді қашан және қанша төлеу туралы шешімді акционерлер кеңесі шешеді. Егер компания табысы артудың орнына кемісе, дивиденд төленбеуі немесе кейінге қалуы мүмкін. Әдетте дивиденд ақшалай төленеді, кейде компанияның акциясы ретінде өтелуі мүмкін. 

Биржа 

Сатушылар мен сатып алушылардың басы қосылатын алаң. Биржада қаржылық активтер, валюталар мен нақты тауарлар, мысалы, мұнай сатылады. Биржа түрлі келісім-шарттардың қауіпсіздігіне кепілдік береді және сол үшін комиссия алады. Келісім-шарт үлкен сомаға жасалатындықтан биржа көптеген органдардың бақылауында болады. Биржадағы сауда-саттыққа банк атынан қатыспасаңыз, тікелей сауда жасау қиын, мұндай жағдайда барлық жұмыс брокер арқылы жүреді. Әлемде көптеген биржа бар, олардың ең ірісі Нью-Йорк пен NASDAQ сауда алаңдары. 

Брокер

Клиенттің сауда-саттық тапсырыстарын орындағаны үшін комиссиялық сыйақы алатын тұлға. Саудагер мен сатып алушы арасындағы делдал деп те атауға болады. Брокер акциялар, облигациялар, тауарлар және опциондар бойынша операциялармен жұмыс істеуге маманданған биржаның тіркелген мүшесі болуы шарт. Брокердің лицензиясы болған жағдайда ғана инвестициялық тапсырыс заңмен қорғалады.

Автив

Қаржылық құндылыққа ие кез-келген зат. Жылжымайтын мүлік, ақша жинақтары, құнды қағаздар, авторлық құқық, бағалы материалдар және тағы басқа табыс алып келетін заттарды актив деп атасақ болады. Мысалы, жылжымайтын мүлік– өте тұрақты актив. Сіздің артық пәтеріңіз бар делік. Пәтерді жалға беру өз иесіне лайықты табыс әкелуі мүмкін. Жалға бермеген жағдайда, оны сатуға болады. Оның үстіне жылжымайтын мүлік қымбаттауда. 

Тикер

Биржадағы құнды қағаздың қысқарған ресми атауы. Кей компаниялардың атауы тым ұзақ болғандықтан, аббревиатура үшін әріптер, сандар немесе таңбалар қолданылады. Мысалы, Қазақтелеком акцияларының тикері — KZTK; Каспи банк акцияларының тикері — CSBN; Coca-Cola акцияларының тикері — KO.  

Өтімділік

(Ликвидтілік) — активтердің тез арада нарыққа жақын бағамен сатылу мүмкіндігі. Яғни, активтердің өтімдігі олардың қаншалықты тез және шығынсыз қолма-қол ақшаға айналуымен анықталады. Өтімді актив деген сөзді «ақшаға оңай айырбасталатын актив» деп түсінсеңіз болады. Мысалы, жылжымайтын мүліктің акцияға қарағанда өтімдігі төмен. Инвестициямен енді ғана айналыса бастаған адам нарықтағы тұрақты компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алғаны жөн, себебі, оларға деген сенім жоғары және активтерді кез-келген уақытта сатуға болатынына кепілдік бар.  

Диверсификация

Тәуекелді азайту үшін әртүрлі активтерге инвестиция құю. Барлық ақшасын бір компанияға не бір салаға ғана салған адам, активтің бағасы айтарлықтай төмендеген жағдайда, шығынға батуы мүмкін. Мысалы, инвестор өз қаражатын бір емес жиырма құнды қағаз сатып алуға жұмсады делік. Ойда жоқта құнды қағаздардың біреуінің бағасы 100%-ға төмендесе де, инвестордың жалпы шығыны барлық қаражатының 20%-ын ғана құрайтын болады. Осылайша, инвестициялық портфельдегі теңгерім тұрақты жағдайда қала береді. 

Инвестициялық портфель 

Инвестордың меншігіндегі қорды сақтауға және көбейтуге арналған бағалы қағаздар жиынтығы. Портфельге табыс алып келетін кез-келген актив кіреді. Мысалы, акциялар, облигациялар, сертификаттар мен опциондар. Қымбат металдарды, әртүрлі мемлекеттің валютасын, банктік салымдар мен жылжымайтын мүлікті де осы санатқа қосуға болады. Ескерер жайт бар: портфельде активтер неғұрлым көп болса, оны басқару соғұрлым қиын болады. Бұл өз кезегінде көп уақыт талап етеді. 

 

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты