«Осыдан 5 жыл бұрын Астана қаласында болған оқиғаны айтып берейін. Ол кезде Яндекс сияқты қауіпсіз такси қызметі әлі дамымаған еді. Көлікті «бордюрден» ұстап жүрген кез. Кешқұрым дала қараңғыланған сәтте университеттен үйге дейін, әдеттегідей, такси ұстадым. Үстімде қысқа немесе ашық-шашық емес өте қарапайым киім еді. Жүргізушінің қасындағы алдыңғы орынға отырдым. Ол кезде артқы орындыққа отырудың маңыздылығын білмедім. Жететін жерімізге жеттік. Бірақ жол ақысын алудан бас тартты. Орнына телефон нөмірімді сұрады. Мен келіспедім. Бұған жауап ретінде таксист есіктерді блоктап тастады. Алдында отырғандықтан оңай шыға алмайтынымды түсіндім. Қырсыққанда далада адамдар да жоқ. Оқиға өз үйімнің жанында болып жатыр. Тұрғын үй кешені жаңа, барлық жерде бейнекамералар тұр. Машина да камералардың көзіне түсетін жерде тұрғанын байқап тыныштанып қалдым. Бірақ 20 минут бойы босатуын сұрап, жүргізушіні көндірумен болдым. Бас прокуратурада туысым істейтінін айтып, босатпаған жағдайда жағдайы қиын болатынына сендірдім. Таксист маған қол көтермесе де агрессияға беріле бастады. Дереу нөмірімді беруімді талап етті. Дұрыс нөмір бергенімді тексеру үшін қоңырау шалып, телефонымның шырылдағанын тексеретінін айтты. Егер маған қол тигізіп, сексуалды қысым жасайтын болса қайтемін деген қорқыныш болды. Соңында әлгі еркек машинасының есігін ашты. Мен дереу көліктен шығып, үйге қарай жүгірдім».
Құқықтық саясатты зерттеу орталығының тәжірибесінде мұндай оқиға өте көп болған. «CABAR.Asia» порталының мәліметі бойынша, Орталық Азиядағы әйелдердің 81%-ы таксиде қысым көреді екен. Яғни, сауалнамаға қатысқан 400 адамның 324 – і такси ішінде харрасментті басынан кешірген. Олардың тек 2 %-ы психологиялық көмекке жүгінген. Осы орайда, халықаралық заңгер, LPRC координаторы Аяжан Ойрат таксиге отырғанда сақталуы керек сақтық шаралары мен қауіпсіздік ережелерімен бөлісті.
«Жабайы» такси қызметін пайдаланбаңыз. Көшеде қолыңызды көтергенде тоқтай салатын таксиге мінбеңіз. Ресми түрде рәсімделген сенімді такси шақырыңыз. Асығып тұрсаңыз да бұл маңызды. Тіпті мұндай такси қызметі де 100% сенімді емес. Тек жол бойы бақылауда болсаңыз ғана шабуыл жасау мүмкіндігі аз болатынын ескеріңіз. Егер арнайы қосымша арқылы такси шақырған болсаңыз, бірақ көрсетілген көлік келмесе немесе басқа жүргізуші (кейбір агрегаторларда фотосуреттер бар) келсе, жүргізуші күдік тудырса, таксиге отырмаңыз.
Көліктің нөмірін жазып алыңыз. Таксиге отырмас бұрын көлік нөмірін жүргізуші көретіндей етіп жазып алыңыз.
Жақындарыңызға локацияңыз жайлы хабарлаңыз. Телефон арқылы біреуге хабарласып, көлік нөмірін айтып, қай жерге қанша уақытта жететініңізді айтыңыз. Дауысыңыз жүргізуші еститіндей болуы тиіс.
Көліктің артқы жағына отырыңыз. Бұл қарапайым қауіпсіздік. Жүргізуші қасында отырған жолаушы үшін ойламаған жағдайлар болуы мүмкін.
Сапар бағытын анықтаңыз. Арнайы қосымшалар арқылы қозғалысты бақылауға болады. Егер жүргізуші маршруттан ауытқып кетсе, түсіндіруді талап етіңіз және тоқтауын сұраңыз.
Таксидіңқозғалыс бағытымен бөлісіңіз. Uber және Яндекс қосымшаларында таксидің қозғалыс бағытымен бөлісуге болады. Сондықтан жақын адамдарыңыз қай жерде келе жатқаныңызды бақылай алады.
Жолаушыны қолдау қызметіне хабарласыңыз. Қосымшасы бар сапалы таксиде жедел қызметтерге қоңырау шалу батырмасы бар. Егер сапар дұрыс болмаса, жолаушыны қолдау қызметіне жазуға болады.
Ешбір жағдайда жүргізуші ұсынған тамақ пен сусынды жеуге немесе ішуге болмайды. Ішіне ұйықтататын дәрі немесе психотроптық зат қосылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар практикада жиі кездеседі.
Маршрутты өзгертуіне рұқсат бермеңіз. Егер жүргізуші жолда гаражға, достарына соққысы келсе немесе басқа саяхатшыны ала кетемін десе бас тартыңыз.
Үстіңізден іс қозғалуы мүмкін. Егер таксист сізге шабуыл жасаса өзін-өзі қорғау мақсатында «қорғаныс құралдарын» қолдануға болады. Бірақ машинаның есігі жабық тұрса «газовый баллончик» сізге де зиян тигізетінін ұмытпаңыз, ал пышақ Қазақстан заңнамасына сәйкес суық қару. Мәселен, өткен жазда болған оқиғаны айта кетейін. Мәскеу азаматшасы Дарья Агенийге өзін зорлағысы келген таксисті қарындаш қайрайтын пышақпен ұрғаны үшін тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген болатын. Ер адам асқазанынан жарақат алып, қашып құтылды. Бірақ Дарья Агенийді денсаулығыма қасақана зиян келтірді деп айыптап жатыр.