Серіктестік босануға қатысқан ерлер әңгімесі: «Жұбайыңызға қолдау көрсетіп қана қоймай, түрлі эмоцияны бастан кешесіз»

9 минут Жансая Алиева
Альтернативный текст

Қазір ер адамдар жүктілік кезіндегі скринингте ғана емес, босану кезінде де жұбайының жанынан табылып жүр. Мамандардың айтуынша, серіктестік босануда әйеліне күйеуінен артық қолдаушы жоқ. Сүйікті адамының жанында болуы оны қорқыныш, жалғыздық сезімдерінен арылтып, эмоционалды стресті едәуір азайтады.

Америка, Ұлыбритания елдерінде 20 ғасырдың ортасына дейін ерлерге босану залына кіруге рұқсат бермеген. Дәрігерлер ғана емес, ерлі-зайыптылардың өзі де серіктестік босануға наразылық білдірді. Бұл қарсылықтың түп-төркіні «босану бөлмесі  ерлердің орны емес» деген гендерлік нормада жатты. Олар жұбайының эмоционалды реакцияларына шыдай алмай, есінен танып қалады немесе босануға кедергі келтіреді деді.

Ерлердің босану бөлмесінде бой көрсетуіне әсер еткен жағдай — әйелдердің басым көбінің ауруханада босануға мүмкіндік алуы. Үйінен жырақтап бейтаныс медқызметкерлер ортасына тап болған болашақ анаға қолдау көрсететін жанашыры керек еді.

Оған қоса сол кезде феминизмнің екінші толқыны баланы дүниеге әкелуге тек әйел жауапты деген ойды өзгертіп, босану процесінен ерлердің де тысқары қалмауы керектігін дәріптеп жатты. 

1970 жылға қарай ерлердің босануға қатысуы нормаға айналып, олар әйеліне босану кезіндегі техникаларды үйрететін сабақтарға қатыса бастады. Бұл батыс елдерінде бұрыннан қалыпты құбылыс болып кеткенімен, Сауд арабиясы, Пәкістан, Марокко сияқты елдерде ерлерге босану залына кіруге болмайды.

Серік, Нұр-Сұлтан

Әйеліммен бірге босану залына алғаш рет 2009 жылы кірдім. Тұңғышымыздың дүниеге келу сәтінің куәгері болғым келді.  Жұбайыма бұл ұсынысты өзім бірінші айттым. Ол кезде болашақ әкенің босануға кіруі тың әрі сирек жағдай саналатын. Науқас өз-өзімен тыныштықта қалатын медициналық мекемеде баланы дүниеге әкелу процесіне қатысу ілуде бір кездесетін авантюризм еді.

Бізді әдетте баланың туылуынан гөрі туғаннан кейінгі перзентханадан шығару, сыйлықтар мен гүлдерді әкелу, қонақтарды шақыру секілді шулы рәсімдер көбірек алаңдатады. Сондықтан серіктестік босану жайлы ойымыз кейбір таныстарымызды таңырқатты. Бірақ бастысы ата-аналарымыз бірден құптады. Өзіміз сияқты шетелде оқыған дос-жарандарымыз да қуана қабылдап, қолдауын білдірді.

Сонымен қатар ол уақытта  серіктестік босану жайлы ақпараттың тапшылығына, аз ғана жұбайлы адамдардың тәжірбиесіне байланысты қандай да бір стереотиптер жоқтың қасы болды. 

Біз бірінші жүктілікке төбеміз көкке жеткендей қуанып, тиянақты дайындалдық. Жүктіліктің барысын бақылайтын консультациялық-диагностикалық бөлімнің мамандарынан кеңес жиі сұрадық. Көп адам барлық керек ақпаратты интернеттен оқуға болады деп ойлап, консультациялардан қажеттілік көрмейді. Алайда білікті маманнан кеңес алу аса маңызды. Барлық процестің қалай өтетінін жақсы білгенімінің арқасында босануға кіруден қорықпадым әрі процесс кезінде абдырамадым.

Босанар күні әйелімнің қан қысымында кішігірім проблемалар болғанымен, барлығы ойдағыдай басталды. Мен белгіленген мерзімге жақын перзантханаға келіп, жарыма моральдық және физикалық тұрғыда көмектестім.  Босану процесін жеделдету үшін біз палатада көп жүрдік. Толғақтың кезеңдері мәңгіліктей көрініп, мені жалықтырды. Қатты ауырсынуды сезген жұбайыма қалай тыныс алу керегін көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырдым. Мен үшін ханшайымымыздың туылуы нағыз ғажайып болды. Балаңды туылған сәтте-ақ қолыңа алып, көздерін ашып, сәл жымиғанын көру бақыт сыйлайтын керемет сезім!   

Жолдасым босанғаннан кейін де жанында болдым. Күн кестесі өзгеріп, қалжырап қалған ана тынығып, өз-өзіне келу үшін түні бойы сәбиімізге қарадым. Баланың анасына қамқорлық бірінші кезекте тұруы керек деп ойлаймын.

Өкінішке қарай, екінші босануға қатыса алмадым. Бірақ ол босану жеңіл әрі тез өтіп, әйелім менің көмегіме мұқтаж боламады. Қалған екі баламыздың туылуы кезінде болып, қажетті күтімді жасадым. Босануға серіктестің қатысуы — дұрыс шешім. Жұбайыңызға қолдау көрсетіп қана қоймай, түрлі эмоцияны бастан кешіресіз, баланың Құдайдың сыйы екенін емірене түсінесіз.

Озгюр, Додрехт

Серіктестік босану әйелім екеуміздің ортақ тілегіміз болды. Нидерландыда барлық дерлік таныстарым әйелінің босануына қатысқасын, серіктестік босанудың шамамен қалай өтері маған мәлім еді. Кейін өзіміз интернеттен, кітаптан, дәрігеріміздің кеңесінен көп нәрсе білдік. 

Әйелім босанатын күні үйде болдық. Түнде оның толғағы басталғанда, оның ұзақтығы мен аралығын өлшеуге кірістім. Екі сағаттан соң акушерімізге қоңырау шалып, қарауын өтіндік. Нидерландыда ауруханаға бару үшін акушер алдымен үйімізге келіп, толғақтың жалған емес екендігіне көз жеткізуі керек. Дәрігер біраз уақыт бойы жұбайымды бақылап, жағдайын тексергеннен кейін ғана таңға қарай өз көлігімізбен ауруханаға бардық.

Босану ұзаққа созылып, Аққуды да, мені де әбден титықттаты. Жұбайыма анестезия берілгенімен, күткендей әсер болмады. Әйелімді барынша қолдап, күш беруге тырыстым. Босану процесінің баяу жүріп жатқанына алаңдаған өзімді де арасында іштей тыныштандырып тұрдым. Тезірек реанимациялауға мүмкіндік беретін төтенше жағдай керуетін бөлмеде орнатқан кезде, жаным түршігіп кетті. Дәрігер бұның қалыпты шара екенін айтқанда ғана барып үрейім сейілді.

Соңына қарай дәрігер әйелімнің табиғи жолмен босана алатынына сенімі азайып, көмекшісіне операция бөлмесін дайындауды тапсырды. Жұбайымның таңнан бері қатты тырысып баққанына қарамастан, ақырында кесар тілігі болатыны көңіл-күйімді түсірді. Операцияда кішкене қорқыныш болады. Әйелімнің өзі босанғанын қаласам да, операцияға келістім. Бірақ тап осы сәтте мен әйеліме соңғы мотивациялық сөздерімді арнап жаттым, қуанышымызға орай соңғы тырысуы сәтті болып, періштеміз аман-есен дүниеге келді. 

Арқамнан зілдей жүк түскендей болып, орасан зор жеңілдікті сездім. Күшті адреналин мен ерекше әсер сыйлаған әдемі сәттің бірегейі болды.

Мен әйелімді әрдайым құрметтеймін. Бірақ бұдан кейін Аққуға ғана емес, жалпы әйелдерге құрметім артты. Бірге босанудың бас-аяғында жүргесін жұбайым екеуміздің арамыздағы қатынас, түсінісу беки түсті.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Альпинизм және спорттық құзға өрмелеуде жетістікке жеткен танымал бес қазақстандық

Мақала Қазақстан Республикасының альпинизм және құзға өрмелеу федерациясымен бірлесіп әзірленген.

12 минут
12 минут

BTS танымал болуының сыры неде?

Материалда BTS группасы неліктен танымал болғанын, олардың феномені неде екенін ашып айтамыз.

18 секунд
18 секунд

Қазақстан триатлонының басты 5 тұлғасы

Материал Қазақстандық триатлон федерациясымен бірлесіп әзірленген.

10 минут
10 минут

Тикток пен саясаттың қандай байланысы бар?

Тиктокта қандай саяси видеолар тренд болғанын және қолданушылар қоғамның күн тәртібіне қалай әсер ететінін айтатын боламыз.

40 секунд
40 секунд