Бишімбаев үкіміне 1 жыл: Роза Әшірбаева атышулы істен кейін қоғамда не өзгергенін айтты
2024 жылдың мамырында қоғамда үлкен резонанс тудырған Бишімбаев ісіне қатысты сот үкімі шыққан болатын. Бұл тек бір адамның...
Соңғы жылдары қазақ тіліндегі контентке деген қызығушылық айтарлықтай артты. Бұл үрдіс тек әлеуметтік бастамалар мен білім беру жобаларында емес, бұқаралық мәдениетте де байқалып отыр. Әсіресе, балалар мен отбасылық аудитория арасында ана тіліне деген сұраныс анық байқалады. 2022 жылдан бастап Nickelodeon мен TiJi секілді телеарналарда қазақша мультфильмдер пайда бола бастады, ал кинотеатрларда қазақ тіліне дубляждалған фильмдер жиі көрсетілуде.
Қазақша дубляжға деген сұраныстың артуы мен студиялардың локализацияға қызығушылығы — осының бәрі индустриядағы біртіндеп, бірақ тұрақты өзгерістердің белгісі.
«Болашақ» қоры мен нарық қатысушыларының мәліметі бойынша, жыл сайын Қазақстанда 3-тен 6-ға дейін фильм қазақ тіліне дубляждалып прокатқа шығады. Бұл әлі де аз көрсеткіш, әсіресе орысша релиздердің санымен салыстырғанда. Алайда мұндай жобалардың саны жылдан жылға артып келеді. 2024 жылы бірнеше ірі фильм қазақ тілінде жаһандық премьерамен қатар шықты.
Иә, әзірге қазақша дубляжбен өткен сеанстардың кассалық түсімі төменірек — кейде бұл фильм табысының тек 2%-ын ғана құрайды. Бірақ қызығушылықтың тұрақты өсімі байқалады: көрермендер отбасы және балалар сеанстары үшін қазақ тілін саналы түрде таңдай бастады.
Цифрлық платформалардағы қолжетімділік те маңызды рөл атқарады. Қазір қазақша дубляжды IVI, Megogo секілді ірі онлайн-платформалардан табуға болады. Мұнда арнайы қазақ тіліндегі контент топтамалары ұсынылады, бұл — дубляждалған фильмдерді көбірек аудиторияға жеткізудің бір жолы.
Қазақ тіліне дубляжды лицензияланған студиялар жасайды. Соның ішінде негізгі студиялардың бірі — Aray Media Group. Бұл студиялар Disney сияқты халықаралық құқық иеленушілердің талаптарына сай жұмыс істейді. Аудармалар түпнұсқадан тікелей аударылады, мәтіндер тек дәл аударылып қана қоймай, көрерменге түсінікті әрі табиғи болуы үшін бейімделеді.
Мысалы, «Лука» мультфильмінде қазақтың мақал-мәтелдері қолданылады, ал «Мұзды өлке 2» фильмінде Абай шығармаларынан жолдар енгізілген. Бүгінгі таңда Disney компаниясының дауыс базасына 100-ден астам қазақстандық актер енген. Қазақша дубляж Blu-ray және цифрлық релиздерде де ұсынылып, студиялар үшін ресми тіл нұсқасына айналды.
2022 жылға дейін дубляждың басым бөлігі — әсіресе орыс тілінде — Ресейден жеткізілетін. Халықаралық студиялар мен ресейлік дистрибьюторлар арасындағы ынтымақтастық тоқтағаннан кейін, Қазақстан дубляждың өзіндік жүйесін қалыптастыра бастады. Бұл — белгілі бір қиындық тудырғанымен, отандық студияларды дамытуға мүмкіндік берді және қазақ тіліндегі дубляжды жүйелі дистрибуцияның бір бөлігіне айналдыруға жол ашты.
– «Моана» (2016) — Disney стандартына сай қазақ тіліне толық дубляждалған алғашқы фильмдердің бірі.
– «Ойжұмбақ» (Inside Out) — сценарийі бейімделіп, жергілікті юмормен толықтырылған сәтті жоба.
– «Арыстан патша» (2019) — классиканы жаңаша ұсынған ремейк, қазақша нұсқасы ірі кинотеатрлар желісінде орыс тіліндегі нұсқамен қатар көрсетілді.
Бұл жобалар қазақша дубляж — жай ғана балама емес, толыққанды әрі сапалы өнім екенін көрсетті.
2025 жылдың 22 мамырында прокатқа шыққан «Лило және Стич» фильмі — 2002 жылғы анимациялық классиканың ремейкі. Қазақша нұсқасы фильм премьерасымен қатар дайындалып, дубляждың мемлекеттік тілде стандартқа айналып келе жатқанын көрсетті.
Фильмді дубляждаған — Aray Media Group командасы. Кейіпкерлерді дыбыстағандар қатарында Айжұлдыз Адайбекқызы (Нани), Қазбек Қасым (Пликли), Руслан Тай (Дэвид) және Шах-Мурат Ордабаев (Стич және дубляж режиссері) бар. Әр актер өз кейіпкеріне даралық берді. Ал аудармада тілдің табиғи ритмі мен дыбыстау ерекшеліктері ескеріліп, диалогтар шынайы әрі ширақ шықты.
Steppe редакциясы фильмнің премьерасына барып, дубляж командасымен сөйлесті.
Шахмұрат Ордабаев
дубляж режиссері, Стич кейіпкерін дыбыстады
— Бұл жобада мен екі рөл атқардым: дубляж режиссері ретінде және басты кейіпкерлердің бірі — Стичтің дауысын салдым. Жұмыс процесі 18 күнге созылды. Бұл өте ерекше әрі маңызды тәжірибе болды.
Қазақ дубляжының сапасы айтарлықтай жақсы. Сұраныс бар, көрермен қызығушылық танытып отыр. Ендігі мақсат — кинотеатрлар қазақша нұсқалардан қорықпай, оларды белсенді түрде ұсынуы керек.
Disney стандарттарына сай жұмыс істеу — үлкен жауапкершілік. Біз әрбір детальға мән бердік, дубляж тек аударма емес, ол — көрерменмен тілдесу құралы.
Руслан Тай
актер, Дэвид кейіпкерін дыбыстаған актер
— Бұл менің алғашқы дубляж жобам болды. Дауыспен жұмыс істейтін болған соң, бұл маған қиындық туғызбады. Керісінше, қызық болды. Дубляж процесі жеңіл өтті.
Егер мүмкіндік болса, келесі жолы антагонист кейіпкерді дыбыстағым келеді.
Лейла Тельманқызы
дубляж актрисасы
— Бұған дейін мен «Моана» және «Ойжұмбақ» жобаларында да жұмыс істедім. Бұл жолы да командамен бірге сапалы өнім шығару үшін еңбектендік. Қазақ дубляжының даму қарқыны қуантады.
Әр жоба — жаңа мүмкіндік, әрі көрермендердің қызығушылығы артқаны — бұл саланың болашағы бар екенін көрсетеді.
Қазбек Қасым
актер, Пликли кейіпкерін дыбыстаған актер
— Бұл жобада мен Пликли есімді комедиялық кейіпкерді дыбыстадым. Менің ойымша, әрбір ата-ана өз баласын қазақ тіліндегі дубляжға алып келуі керек. Бұл — маңызды мәдени қадам. Ана тіліміздегі контентті қолдау — болашаққа инвестиция.
Айжұлдыз Адайбекқызы
актриса, Нани кейіпкерін дыбыстады
— Нани — өте шынайы әрі жауапкершілігі мол кейіпкер. Дубляжда біз жай оқымаймыз, кейіпкердің барлық эмоциясын дауыспен жеткізуіміз керек. Нанидің ашуы, қуанышы, уайымы — бәрі интонация арқылы берілуі тиіс. Бұл рөл мен үшін актерлік жағынан үлкен тәжірибе болды. Ал Disney жобаларында жұмыс істеу — ерекше жауапкершілік.
Қазақша сөйлейтін контент: қалыптаса бастаған жаңа әдет
Қазақша дубляж қарқын алып, бұл бағыт жүйелі түрде дамып келеді. Бұрын санаулы ғана таңдау болса, енді — қалыптасып келе жатқан үрдіске айналды. Студиялар бар, мамандар бар, халықаралық стандартпен жұмыс істеудің тәжірибесі де жинақталған.
Ендігі басты міндет — дубляждалған фильмдердің санын арттыру. Сонда кинотеатрда тіл таңдау — үйреншікті жағдай болмақ.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)