Жаңа толқынның бас хитмейкері: IL’HAN-мен шынайы сұхбат
Steppe Qazaqsha 25 Ноября, 2025

Жаңа толқынның бас хитмейкері: IL’HAN-мен шынайы сұхбат

IL’HAN — қазақстандық жас хитмейкер, әр әнімен жаңа қырын ашып, қазақ поп-индустриясын өзгертпекші. Бір ғана жыл ішінде ол өзіне де, басқа орындаушыларға да ондаған хит жазып, қазақ музыкасының ең ірі жобаларында үлес қосты. Олардың ішінде Sadraddin — Qansha kun, Kairat Nurtas — Sen menin adamymsyn және Sanzhan — Uzdiksiz kutkenim сияқты әндер бар.

STEPPE редакциясы Ильхан Ихсанмен оның әртістік жолы, хиттердің сыры мен шығармашылық әлемі туралы эксклюзивті әрі шынайы сұхбаттасты.


Хитке айналған алғашқы әніңіз есіңізде ме? Қай кезде өз формулаңыздың шынымен «жұмыс істейтінін», яғни халыққа жеткенін сездіңіз?

— Менің хитке айналған алғашқы әнім — өзім орындайтын «Неге арман». Ол әнде нақты бір формула болды деп айтпаймын. Бұл — тек ішкі күйіммен жазылған шығарма.

Бірақ ән жазуға кіріскеннен кейін тәжірибе арқылы келген шағын бір формула бар екенін байқадым. Дегенмен әлі күнге дейін барлық әнді бір формуламен жазамын деп айта алмаймын. Соған қарамастан, сол тәжірибеге сүйеніп жазған кейбір әндерімнің хит болған кездері болды.

IL’HAN. хитмейкер. қазақстандық поп. Sadraddin. Kairat Nurtas. ән жазу. қазақ музыкасы. жаңа толқын. Country хит. Val’s.
Фото: IL’HAN

Басқа орындаушыларға ән жазу мен өзіңізге жазудың арасындағы басты айырмашылық қандай?

— Мен ешқашан қандай да бір әншінің талабымен немесе ұсынысымен ән жазған емеспін. Өзімнің ішімнен шыққан әндерді ғана орындаушыларға бергенмін. Көп әнді орындаушыларға беруімнің себебі — ол шығармаларды өз даусыммен елестете алмауым. Сол себепті орындаушылар маған ешқандай талап қойған емес. Мүмкін, ол әндердің хит болуына да шығармашылық еркіндік әсер еткен шығар.

Әнді хитке айналдыратыны не деп ойлайсыз? Нақты формула бар ма, әлде бұл интуиция мен эмоцияның үйлесімі ме?

— Менің ойымша, 50/50. Өйткені формула деген нәрсе бар, бірақ оған қатысты білімім жүз пайыз жетті деп айта алмаймын. Өзім білетін, түсінген формулаларды қолданамын. Сондықтан 50 пайызы — интуиция мен эмоция, ал қалған 50 пайызы — формулаларды зерттеп, үйреніп, нарықты талдау деп ойлаймын.

Сахна сыртында қалып, әндердің авторы ретінде жүрген ұнай ма, әлде өзіңізді орындаушы ретінде танытқан маңызды ма?

— Қазіргі таңда өзім сахнаға шығып жүргендіктен, бірінші орында — әртістік бағыт. Бірақ оның өз миссиясы бар: белгілі бір мақсаттарыма жеткеннен кейін музыкалық продюсер болғым келеді. Яғни сол мақсат орындалған соң, әртістік мансабымды толық тоқтатсам деген ой бар. Бірақ музыкант ретінде жұмысымды жалғастырамын: кино музыкасын жазып, жаңа әртістерді шығарғым келеді. Бірақ оның қашан болатыны әлі белгісіз.

IL’HAN. хитмейкер. қазақстандық поп. Sadraddin. Kairat Nurtas. ән жазу. қазақ музыкасы. жаңа толқын. Country хит. Val’s.
Фото: IL’HAN

Бүгінгі қазақстандық поп-индустрияда не жетіспейді деп ойлайсыз? Сол жетіспеушілікті өз әндеріңіз арқылы толтыруға тырысасыз ба?

— Біздің поп-индустрияға жетпей тұрған нәрсе — революция деп ойлаймын. 2015–2016 жылдары Ninety One тобы шыққан кезде индустрияда үлкен революция жасалып, жаңалық келді. Сол секілді батыл қадамдар қазіргі таңда аз сияқты. Біз әлі күнге дейін Ninety One алып келген стандарттарды қолданып келеміз.

Мен өз тарапымнан сол олқылықты әндерім арқылы толтыруға тырысамын. Қазір де түрлі жанрларды зерттеп, жаңа серпін әкелуге күш салып жүрміз. Соның бірі — кантри стиліндегі Country әнім. Әлемдік стандарттағы дыбысты қазақи элементтермен үйлестіріп жасалған шығарма деп айта аламын.

Өз шығармашылығыңызды бір сөйлеммен қалай сипаттар едіңіз?

— «Бір жас жігіт қазақша колориттегі музыканы әлемге таныту үшін еңбек етеді».

Автор ретінде өзіңізге ең жақын, ең «жақсы жазылған» әніңіз қайсы және неге?

— «Вальс» — өзіме ең жақын ән. Себебі ол алғашында ән емес, таза композиция ретінде дүниеге келді. Алдағы уақытта «Вальсті» оркестрлік нұсқада естіп қалуыңыз мүмкін.

IL’HAN. хитмейкер. қазақстандық поп. Sadraddin. Kairat Nurtas. ән жазу. қазақ музыкасы. жаңа толқын. Country хит. Val’s.
Фото: IL’HAN

Бүгінгі жас орындаушылар алдында тұрған негізгі қиындықтар қандай деп ойлайсыз?

— Ізденіс жетіспейді. Басқа әншілерге еліктеу өте жиі кездесетді. Сонымен қатар «Қазақстан эстрадасы» деген рамкадан шыға алмау бар.

Дыбыс пен образ тұрғысынан қандай эксперименттер жасап жүрсіз? Өнердегі «тәуекел» сіз үшін нені білдіреді?

— Мен музыкада тәуекел жасағанды жақсы көремін. Түрлі бағыттарда эксперименттер жасаймын. Образ тұрғысынан да жұмыс жүріп жатыр, алдағы уақытта оның нәтижесін көресіздер деп ойлаймын.

Ән жазу барысында сізді шабыттандыратын ең ерекше нәрсе не?

— Маған бір адамның басынан өткен оқиғаларды жазып, әндерге айналдыру ұнайды. Ондай әндерім бар, және көбісі хит болды. Мысалы: «Aman bolshy suigenim», «Sen menin adamymsyn» — жақындарымның өмірінде болған оқиғаларға арналған. Әнді сол оқиғаға қатысқан адамға тыңдатып, оның эмоциясын көру — бір бақыт. Жалпы шабытқа қатты сенбеймін. Музыка жазу — ең алдымен білім мен гармонияның үйлесімі.

Қазақстандық өнер индустриясында қандай атпен қалғыңыз келеді: singer-songwriter ме, әлде хитмейкер ме?

— Хитмейкер ретінде қалғым келеді. Себебі хитмейкер болу арқылы Қазақстанның музыкалық деңгейін көтеруге үлес қоса аламын деп ойлаймын.

Автор статьи

Мәдияр Әубәкір