Дорама — корей мәдениетінің ажырамас бір бөлігі. Бұл жанр тек мәдениет саласында емес, сонымен бірге ел экономикасында да маңызды рөл атқарады.

Дорама жапон комиксі манганың экранизациясы ретінде ең әуелі Жапонияда жарыққа шықты. Бірақ жапондықтар ағылшынның «драма» сөзін қызық мәнерде айтып, нәтижесінде «дорама» сөзі пайда болған. Ал бүгінде жалпы Азия телесериалдары дорама аталып жүр.

Біраз танымал дорама манга, манхва, вебтун негізінде түсіріледі. Мәселен, «Жігіттің сабаздары» дорамасы жапон жазушысы Йоко Камоның мангасы бойынша түсірілді. Ал «Ыстық ұяның» сериалына Вон Су Ённың манхвасы (корейлік комикс түрі) себеп болды. Цифрлық комикс саналатын вебтундарға да түсірілген дорамалар жеткілікті.

Дорама тарихы

«Сеулдің артқы көшелері» деп аталатын ең алғашқы дорама 1962 жылы экранға жол тартты. Сюжет желісінде қала өмірі мәселелері көрсетіледі. Бұл жылдары мемлекет теледидар бағдарламасын қатаң бақылайтын. Сол себепті алғашқы дорамалар халық сауатын арттыру мен мемлекет саясатын насихаттау үшін түсірілетін. Кейін халықтың қиын күнкөрісін баяндайтын телесериалдар да жарыққа шыға бастады.

1980 жылдан бастап дорама сюжеттері жастардың өмірі мен махаббат хикаясына арналды. Соның арқасында фильмнің бұл жанры халық арасында танымал болып, ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, дәл сол жылдары тарихи жайттар мен еліне еңбегі сіңген тұлғалардың өмірін суреттейтін дорамалар шықты. Мұндай тарихи телесериалдар «сагык» деп аталады.

1990 жылы арналардың көбеюі мен мемлекет цензурасының едәуір әлсіреуі дорама бейнесіне жаңа өзгеріс алып келді. Оператор жұмысына, түсірілім сапасына ерекше көңіл бөлінді. 1992 жылы аласапыран шақта өрбіген үшбұрыш махаббат оқиғасы жайлы «Таң шапағының көздері» атты алғашқы блокбастер экранға шықты. Дораманың түсірілімі Қытай, Сайпан аралында өтіп, жалпы 7,2 млрд вон жұмсалды.

21 ғасырда қарқынды дамыған онлайн видео сервистер және әлеуметтік желілер Корей дорамаларын дүниежүзіне таратты. 2002 жылғы «Қысқы соната» дорамасы көп елде хит атанды. Бұл туынды арқылы дорама жанры Корей толқынының (Кореяның заманауи мәдениетін әлемге таныту үрдісі) негізгі бағытына айналды. Кейіннен Голливуд стиліндегі жарылыстар, экстремал төбелес сахналары бар «Ирис» дорамасы түсірілді. Сондай-ақ fusion sageuk атты жаңа дорама жанры дүниеге келді. Онда шынайы тарихи тұлғалар өміріне ойдан шығарылған оқиғалар қосылып, бас кейіпкерлердің арақатынасына аса мән берілді.

Біраз уақыт бұрын дорамаларды тек жастар сүйіп көрсе, қазір ересектерде қуана тамашалайды. Себебі дорама өзіне тән мынадай ерекшеліктерімен көптің назарын аударады:

Серияның аз болуы

Заманауи дораманың көбі 16 немесе 24 сериямен шектеледі. Аптасына екі сериядан жарияланып, жаплы көрсетілімі шамамен екі-үш айға созылады. Әдетте дорамалар бір мауысымнан ғана тұрады. Сол себепті режиссерлер оқиғаны жинақтап, көрерменге айтар ойын толық жеткізеді. Дегенмен тарихи дорамалар 200-400 серияға дейін созылуы мүмкін.

Сексуалды сахналардың жоқ болуы

Голливуд фильмінде ғашықтар алғашқы кездесуде-ақ сүйіссе, дорамада  бір-бірінің қолынан ұстайтын сахнаның өзі тағатты тауысып, бірнеше кездесуден кейін ғана болады. Дораманың осы ерекшелігі оны жасөспірімдердің қысылмай қарауына мүмкіндік береді. Орта Азияның консерватив елдерін де дорама осы қасиетімен баурайды.

 Кіршіксіз махаббат, қамқор отбасы оқиғасы

Дорамадағы ғашықтардың махаббаты арам ойдан ада. Қос ғашық бақыты үшін соңына дейін күреседі. Олардың махаббат деген ұғымды бағалайтыны соншалық, көпке дейін бір-біріне сезімін білдіруге батылы жетпейді. «Сүйемін» деген сөзді ұялып, даусы дірілдеп, жүрегі аттай тулап әрең айтады. Балалары ата-анасына жақсы көретінін сирек айтса да, үлкенге әрқашан құрмет көрсетуді ұмытқан емес. Отбасында кикілжің болса, киім-кешегін жинап, есікті «тарс» жауып үйден кету дорама кейіпкерлеріне тән емес.

Әдемі актерлер

Басты кейіпкерлердің аса әдемі болуы дорамаларды одан әрі тартымды етеді. Ашылған жұмыртқадай аппақ ажарлы жігіттер мен қыздар көрерменді бейжай қалдырмай, бірден жүрегін жаулайды.

Музыка

Әр дорамаға арнайы ОST жиыны (оригинал саундтректер) жазылады. Олар оқиғаны әсерілеп, ерекше реңк береді. 1990 жылдан бері K-pop әншілер дорама OST-тарын жазуға қатысып, әндерді айтып жүр. Танымал сериалдарың OST әндері музыка чаттарында тарап, жиі хит болып жатады.

Жанрлардың сан алуан екені

Кез келген көрермен талғамына сай дорама таңдай алады. Романтикаға толы комедия танымал болғанымен, детектив, фэнтези, тарихи драма, атыс-шабыс жанрындағы фильмдер де жетіп артылады. Дорама кейіпкерлері де әртүрлі — мектеп оқушылары, спортшылар, стартап иелері, детективтер және тағы басқа.

Идея

Дорама сюжеті жеңіл болғанымен берер инсайты да бар. Кейіпкерлер дана ой айтып, көрермендерді толғандырады. Әдетте олар өз әрекетімен адамдарды арманға сенуге, батыл болуға, махаббат үшін күресуге немесе жауапсыз махаббатқа көнуге, өзіңді жақсы көруге үйретеді.

Дорамалардың танымал болуы осы факторлардан бөлек мемлекеттің ықпалы зор. Оңтүстік Корея билігі фильм, сериал түсірілімдерін тұрақты қаржыландырып отырады.  2020 жылы мәдениет министрлегіне $5,4 млрд бөлінген. Олар үшін Корей контенті — жай мәдениет саласы ғана емес, ел экспортының негізгі қозғаушы күші.

Топ 5 дорама

Жігіттің сабаздары

Жігіттің сабаздары — классикалық дораманың үздік үлгісі. Байдың балалары ғана оқитын Шинхва мектебінде Кым Чан Дидің оқуы мүмкін емес еді. Себебі оның әкесі киім тазалаумен айналысады, анасы моншада жұмыс істейді. Бірақ бір оқиғаның нәтижесінде қарапайым отбасыдан шыққан қыз бақуатты оқушылардың ортасына тап болады. Тәкаппарлықты сүймейтін Кым Чан Ди көп ұзамай сол мектепте танымал, аты шулы F4 жігіттерімен сөзге келіп, араздасып қалады. Бірақ жек көру мен жақсы көрудің арасы бір елі емес пе?!

 Гоблин

900 жыл бойы тірі жүрген ажалсыз демон Токкэби кеудесіндегі қылышы алынғанда ғана о дүниеге аттана алады. Бір күні Токкэби өзін демонның қалыңдығымын дейтін жоғары мектеп оқушысы Ын Такты жолықтырады. Тыныш өлудің шешімі табылғандай көрінеді. Дорама өмір мен өлім, махаббат, достық туралы ойландырады.

Алқызыл жүректер: Корё

Фьюжн сагык дорама. Жақындарының сатқындығынан көңілі қалған Го Ха Джин күн тұтылғанда ғажайыппен Х ғасырдағы Корё кезеңіне түседі. Бірақ енді ол — ханзаданың туысы Хэ Су есімді ару. Жаңа денеде оянған аруға жаңа өмірге, жаңа ортаға бейімделуге тура келеді.

Күн сақшылары

«Күн сақшылары» дорамасы махаббат хикаясымен қоса сарбаздар мен дәрігерлер жұмысының маңызы мен қиындығын көрсетеді. Ю Со Джин халықтың қауіпсіздігі үшін жауды өлтіруге дайын, еліне адал сарбаз. Кан Мо Ён — адам өмірін бағасы жоқ құндылық санайтын дәрігер. Жеке өміріне уақыты жоқ екі жастың қарым-қатынасы шытырман оқиғалар аясында өрбиді.

Пентхаус

Басқа дорамалардан форматымен және сюжетімен  ерекшенетін бұл дорама әлі бітпеді. Үшінші маусымы жазда шықпақ. Мұнда әдеттегі әдемі романтика жоқ. Жауыздық, өшпенділік, тойымсыздық, көре алмаушылық тұла бойын меңдеген пасық кейіпкер көп. Біраз дорамаларда ашық финал болса, бұл дораманың соңын ғана емес, келесі сериясын да болжау қиын.


Читайте также: 

Өмір сүру құқығы: аборт туралы әлем және Қазақстан заңы не дейді?

Смартфондар бізді қалай бақылайды?

Серіктестік босануға қатысқан ерлер әңгімесі: «Жұбайыңызға қолдау көрсетіп қана қоймай, түрлі эмоцияны бастан кешесіз»


Читай нас в  Инстаграм и Телеграм