1465music: қазақша музыка лейблі

4 минуты Нұртілек Жоламанұлы
1465music: қазақша музыка лейблі

Ғаламтор мен түрлі технологияның пайда болуы, байланыс пен ақпарат таратудың қарыштап дамуы музыка индустриясын айналып өтпеді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар өнерпаздарды анықтап, ән жазуға жәрдемдесіп, әншінің қам-қарекетін жасайтын шығармашылық бірлестік  музыкалық лейбл деп аталады. Міне, технология дамуы музыка әлемінде лейбл ұғымына жаңа дем берді.

Уақыт өткен сайын музыкалық лейблдерде сұрыпталып, индустрияда  иерархия қалыптасты.  Тура «матрёшка» ойыншығы тәрізді алпауыт музыка компаниялары мойынсұнып, артынан шығармашылық бірлестіктер де құрылды.

Қазір әлем бойынша музыкалық индустрияда үш ірі дыбыс жазушы лейбл бар. Олар: Universal Music Group, Sony Music Entertainment, Warner Music Group.  Billboard журналының мәліметінше, дәл осындай музыкалық бірлестіктер саны 2000-нан асады. Бұлардан бөлек, тәуелсіз, кішігірім лейблдердің саны да жетерлік.

ТМД-дағы көршілес Ресейдің музыкалық лейблдерінің қарқыны қатты. Gazgolder, Black Star, Musica36 және тағы басқа бірлестіктер бар. Шетел лейблдерінің әнін тыңдап, сойылын соғып жүрген кезде, жергілікті жас музыкалық лейблдеріміз тысқара қалып жатқандай. Ұзақ жылдар бойы қазақ сахнасында табан тіреген «той бизнестен» гөрі, әндерінде, құрылымында жаңашылдық байқалатын музыкалық бірлестіктеріміз туралы сөз қозғайық. Сондай лейблдердің бірі — 1465music.

1465music — музыка лейблі

Олжас Сейтен — бірлестіктің негізін қалаушы. Кейіпкеріміз бізге ән саласына қалай келгенін, 1465music лейблінің құрылуы жөнінде айтып берген болатын.

«2014-2015 жылдары қазақ әндерін көп тыңдадым. Вконтакте желісінде Qazaq Áuen парақшасын жүргізу барысында жас орындаушылармен танысып, жақын достар таптым. Өзімнің музыкалық бірлестігімді ашу арманым болатын. Қазақ тілді музыкаға бір пайыз болсын үлес қосқым келді. Уақыт өте келе қазақ әндерін дамытуға мүдделі достармен бірге бағымызды сынап, жобаны іске асырдық», — дейді Олжас. 

Олжас Сейтен. Лейбл басшысы

Оның айтуынша, Қазақ хандығының құрылу жылымен сәйкестендіріп лейбіл атауын «1465music» деген атаумен 2019 жылы жарыққа шығарған. Осы уақыт аралығында бірлестік басшысы NSide Entertainment компаниясымен жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Команда құрамында Shakrat, Yertay, Madeniyett, Zhani, Aluan, Degitayev және тағы басқа өнерпаздар бар. Лейбл қазіргі уақытта кәсіби деңгейде жұмыс істеуге дайындалып жатыр. Жаңа әртістер, қосымша мамандар қосылуға ниетті», — деді.

 Aluan. Лейбл әртісі

Бір-бірінің қиындығын көтерісіп, қызығын бірге бөлісетін лейбл мүшелеріне тоқталайық. Бірлестікте сен тұр, мен атайын деген талантты өнерпаздар жетерлік. Солардың бірі — Айдана. Музыка әлеміндегі аты — Gaarah. YouTube-та OYU жобасы көптің көңілінен шыққан болатын.

Әндері жанды дауыста шырқалатын, бейнероликтері визуалды эстетикаға толы, көздің жауын алатын музыкалық жоба. Gaarah OYU-дың үшінші маусымының кезекті қонақ болып, Tabigat әнін орындады. Осы бір тәжірибесі туралы Gaarah-тың өзінен сұраған едік.

Айдана, Gaarah. Лейбл әртісі

«OYU-дың екінші маусымы болып жатқан кезде оларға өзімнің «Ұста қолымнан» деп аталатын әнімді жіберген болатынмын. Жәй бағымды сынап көргім келді. Кейіннен оны ұмытып та кеттім. Бір күні Instagram парақшама хат келді. Ашып қарасам, OYU жобасының мүшесі Камилла екен. Мені жобаның 3-маусымына шақырған екен. Қатты қуандым, қуанғаным соншалықты бір жылап та үлгердім. Өйткені осыған дейін Алладан жаңа жобаларға қатысып, шығармашылығымды дамытқым келетіндігі туралы тілек тілеген болатынмын.  Расыменде мен үшін есте қаларлық сәт болды», — дейді бірлестіктің белсенді мүшесі.

Gaarah-тың айтуынша, түсірілім барысында қатты қобалжып, дауыс екпіні де бұзылған: «Алғашқы үлкен жобам болған соң қобалжыдым. Дегенмен, өзімді қолға алдым, бәрі сәтті шықты. OYU ұжымына қатты ризамын, нағыз өз ісінің майталмандары. Мен үшін өте маңызды тәжірибе болды. Бұл тек бастамасы екеніне. Жоспар мен жұмыс көп».
 

1465music бірлестігінің тағы бір мүшесі Нұрлан Мәдениет немесе өнердегі есімі — Madeniyett. Былтыр ғана жарық көрген Beinen әні жас әншінің танымал болуына сеп болды. Ютуб желісіндегі әннің бейнеролигі 1,2 млн қаралым жинап, көрермен көзайымына айналды. TTK, Aily tunde әндері де жарық көрді. Madeniyett-пен қатар, бірлестікте Aluan есімді  әнші де бар. Кішігірім Batpyrauyq аталатын EP альбомы да шығып үлгерді. Ән жинақтағы Tylsym атты әнде Атыраулық Jeltoksan-да өз үлесін қосты. Shakrat, Aluan, Madeniyett үштігінің «Ne Disn?» атты туындылары да бар.

Madeniyett. Лейбл әртісі

Аталмыш бірлестіктің 2020 жылы 2 акустикалық кеші және 2021 жылы концерті өтті. Лейбл басшысы Олжастың сөзінше, қазақ тілді бірлестіктердің арасында алғашқылардың бірі болып 1465music құрылған.

Карантин уақыты бізге оңай соқпады. Көп жоба мен туындылар уақытынан шегертілді. Соның әсерінен дамуымыз да бәсеңдеді. Алдағы уақытта жаңа мүшелермен толығып, жаңа леппен қайта ораламыз.

«1465 бірлестігінің мақсаты және бағдары: 1465 — біріншіден, тәуелсіз, еркін музыка. Екіншіден, қазақ музыкасының қоректендірушісі. Жаңа есімдерді елге көрсетуші», — дейді заманауи жанрға қазақша сөйлеткен Олжас.

Әңгіме соңында 1465music бірлестігіне алдағы уақытта алар асулары мен бағындырар белестері көп болсын деп тілегімізді білдірдік. Жоғарыда айтып өткен әртістер көштің бір бөлігі ғана. Лейблде Narkyz, dododowson, Zhani және тағы басқа болашағынан үміт күттірер, жалындап тұрған жастар жетерлік.

Елімізде бірін-бірі қамшылап, дамуға итермелейтін музыкалық бірлестіктердің пайда болуы, қазақ әндерінің сапасының өсуіне өз ықпалын тигізетіндігі хақ.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты