«По мелям Каспия — Зов тюленей»: Фильм об исследованиях каспийских тюленей
30 октября Институт гидробиологии и экологии анонсировал выход фильма «По мелям Каспия - Зов тюленей», который рассказывает о...
Біз Қазақстанды — қонақжай мемлекет, ал ел азаматтарын толерантты адамдар деп танимыз. Бірақ шын мәнінде, ел ішінде және әлемде ұлтаралық қақтығыстар әлі де болып тұрады.
Көзқарасы мен өмірлік ұстанымы бізден өзгеше адамдар мен қоғамдар туралы шынайы ақпарат таратып, толеранттықты арттыру өте маңызды. Сондықтан Еуропа одағының қаржылай қолдауымен әртүрлі дінде кездесетін негізгі түсініктер туралы материалдар сериясын бастаймыз.
Материалды Қазақстан Республикасының бас раввині Ешаей Коген тексеріп, мақұлдады. Бұл веб-сайттағы материал автордың жауапкершілігінде және Еуропа одағының көзқарасын білдірмейді.
ТАНАХ
Танах — еврейлердің Тора (Бес кітап), Невиим (Пайғамбарлар) және Ктувим (Жазбалар) деп аталатын үш бөлімнен тұратын Інжілі. Онда әлем мен адамның жаратылуы, Құдай өсиеті мен тыйымы және еврей халқының ежелгі тарихы жазылған.
ТАУРАТ
Басқаша Мұсаның бес кітабы деп аталады. Бұл —Танахтың бірінші бөлімі. Иудей дәстүрлі көзқарасына сәйкес, Тауратты Мұса Синай тауында Жаратқанның сөзінен жазып алған. Еврейлер қауымы белгілі бір күндері аптасына кемі үш рет жиналып, Таураттан үзінділер оқиды.
ТАЛМУД
Көп ғасыр бойы діни ілім ауызша тарап, салт-дәстүрлер мен заңдар әкеден балаға, мұғалімнен шәкіртке беріліп келді. Кейіннен негізгі заңдар мен сөздер еврейлердің алғашқы заңдар жинағы Мишнада жазылды.
Осыдан кейін еврей халқының көшбасшылары мен заң зерттеушілері Мишнада жинақталған заңдарды бірнеше рет сараптаудан өткізді. Осылай Мишна мәтінін саралау кезіндегі талқылаудан Гемара туды. Талмуд — Мишна мен Гемараны біріктіретін, иудаизмнің құқықтық және діни-этикалық ережелерінің жиынтығы.
ШМА
Шма — Таураттағы Құдайдың жалғыз екені, оған деген махаббат пен адалдық туралы үш үзінді. Шма еврейлердің рухани өмірінде негізгі рөлге ие. Бұл дұға күніне екі рет таңғы және кешкі құлшылық кезінде оқылады. Бұл тілі жаңа шыққан бала бірінші айтатын және өлім аузындағы кісі соңғы аузына алатын дұға саналады.
ГАЛАХА
Иудаизмде еврейлердің діни, отбасылық және қоғамдық өмірін реттейтін заңдар мен ережелердің жиынтығы.
КАШРУТ
Иудаизмде белгілі бір дүниені Галаха тұрғысынан алғанда пайдалануға болатын не болмайтынын білдіретін термин. Орыс тілінде бұл терминге қатысты «кошерный» деген сын есім бар. Көбіне «кашрут» терминін тамаққа қатысты діни ережелерде, сирек жағдайда еврейлердің дәстүрлі өмірінің құқықтық, тұрмыстық және рәсімдік аспектілерінің заңдылығын анықтау үшін қолданады.
ШАББАТ
Иудаизмде аптаның жетінші күні, сенбі. Таурат бойынша бұл күні еврейлер жұмыс істемеуі керек. Шаббатта шығармашылық жұмыстарға тыйым салынған. Адам жұмыс күндері шығармашылықпен айналысып, қоршаған ортаны өзгертіп, оны билігінде ұстайды. Сондықтан жетінші күні — сенбіде — иудей қол еңбегінен, әлемді билеуден бас тартып, «тізгінді Жаратқанның қолына» береді. Осы арқылы бұл әлемдегі жоғарғы билік Құдайға тиесілі екенін жариялайды.
РАВВИН
Иудей діни ілімін алған, Таурат пен Талмудты тәпсірлеуде кәсіби біліктілігі бар адамға берілетін ғылыми дәреже. Бұл дәреже раввиндерге еврейлер қоғамын басқару, діни оқу орындарында сабақ беру және діни сот мүшесі болу құқығын береді.
БАР-МИЦВА
Еврей бала кәмелеттік жасқа толғанда (ұлдар үшін 13 жас 1 күн, қыздар үшін 12 жас 1 күн), ол бар- немесе бат-мицва болады. Осы сәттен бастап балалар барлық еврей заңын ересектермен тең дәрежеде сақтауға міндеттеледі.
КИПА (БАС КИІМ)
Еврейлердің дәстүрлі бас киімі. Ер адам мұндай бас киім кию арқылы Құдайға құрмет көрсетеді. Күндіз, әсіресе, құлшылық жасау немесе Таурат оқу кезінде бас киім киіп отыру керек. Бас киім кию заң емес, дәстүр саналады. Ол адамды күнәдан аулақ ұстап, Құдайға жақындатады деген сенім бар.
ДӘУІТ ЖҰЛДЫЗЫ
Маген Давид —Дәуіт қалқаны — иудаиз мен еврей халқының негізгі белгісі. Бұл белгі Израильдің мемлекеттік туында да бейнеленген. Дегенмен екі түзу үшбұрыштан тұратын гексаграмма—иудаизмнен бұрын пайда болған ежелгі белгі.
Аңызға сәйкес, алтыбұрышты жұлдыз Израильдің екінші патшасы болған, бала күнінде тасатқышпен Голиаф алыбын жеңгеннен кейін еврей халқымен бір саналып кеткен Дәуіт әскерінің қалқанында бейнеленген деседі.
МЕНОРА
Құдай Мұсаға қолдан жасап, еврей ғибадатханасына қоюды тапсырған жетіқырлы шамқойғыш. Менора иудаизмнің ежелгі белгісі саналады және оның суреті Израильдің елтаңбасында бейнеленген.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)