«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

5 минут Айдана Курмангалиева
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да өмірімізде осылай ойлаған немесе достарымыз осылай айтқан жағдайға тап болғанбыз. Бұл мысалдың екеуі де – сиқырлы ойлаудың жаңғырығы. 

Сиқырлы ойлау – адамдар өзінен, оқиғалардан, заттардан немесе құбылыстардан тылсым, табиғаттан тыс, мистикалық немесе иррационалды себеп іздеп табатын ойлаудың түрі. Бұл мақалада Sezim онлайн терапия сервисімен бірге сиқырлы ойлаудың екі маңызды қатпарын: бір нәрсе үшін жауапкершілік біреуге немесе бір нәрсеге жүктелетін және, керісінше, адам өзінің айналасында болып жатқан оқиғалар үшін өз-өзіне шамадан тыс жауапкершілік алатын жағдайды қарастырамыз. 


Жауапкершілік басқа нәрсеге жүктелгенде

Сиқырлы ойлау оқиғаларды ғылыми негізсіз байланыстыруға негізделген. Сиқырлы ойлау жұмысының негізгі механизмдеріне келесісі кіреді:

  1. Ұқсастық қағидасы — ұқсас нәрсе ұқсас нәрсені тудырады деген ой. Мұның мысалы ретінде жүрек тәрізді етіп жасалған тұмар тағып жүру жүрек-қан тамырларының денсаулығын жақсартады деген сенімді келтіруге болады.
  2. Жұққыштық қағидасы — біреумен немесе бірдеңемен байланыста болған заттар бір-біріне әсер береді деген сенім. Бұл жолы болғыш адамның заттары басқа біреуге өтсе, жаңа иесіне сәттілік әкеледі деген сенімнен көрініс табуы мүмкін.
  3. Анимизм — жансыз заттардың санасы мен ниеті бар деп сену. Мысалы, адам кілттің жоғалғаны бекерден-бекер емес деп сенуі мүмкін. 
  4. Сиқырлы күштер мен суперқабілетке сену — адам басқа біреу оның тағдырын басқара алады немесе ойының күшімен оған зиян келтіре алады деп ойлауы мүмкін. 
  5. Бал ашу және сәуегейлік. Мысалы, аспан денелерінің (әр түрлі планета, жұлдыз бен басқа да астрономиялық объектілердің) орны мен қозғалысы адамның тағдырына және күнделікті оқиғаларға әсер етуі мүмкін немесе Таро картасы болашақты болжай алады деген сенім.

Сиқырлы ойлау адамды уақытша тыныштандырып, жағдайды өзі бақылайтындай иллюзия тудыруы мүмкін болғанымен, өкінішке орай, оның бірқатар жағымсыз салдары да болуы ықтимал.

Бақылау иллюзиясы — адам өзінің мүмкіндігін асыра бағалауы және жағдайын жақсартатын нақты әрекеттерге мән бермеуі мүмкін. Мысалы, медициналық жәрдем алудың орнына ол сиқырлы салт-жораларға сенеді.

Қорқыныш пен үрей — сиқырлы ойлау көбінесе иррационалды қорқынышпен байланысты. Қарғыстың немесе жынның күшіне сену созылмалы күйзеліске және үрейлі күйге әкелуі мүмкін.

Психологиялық тәуелділік — адам өзінің аман-есендігі үшін қажет деп санайтын белгілі бір салт-жораларға немесе заттарға тәуелді болуы мүмкін. Бұл оның еркіндігін шектейді және обсессивті-компульсивті бұзылысқа ұласуы мүмкін.

Сиқырлы ойлаудың тамыры тереңде жатады және ол бірнеше себептен пайда болуы мүмкін:

  1. Эволюциялық факторлар: эволюция үдерісінде адамдар тіпті жалған болса да, себеп-салдарлы байланысты табуға ұмтылды. Бұл олардың аман қалуына көмектесті, өйткені қателессе де, сақ болғаны жөн еді.
  2. Психологиялық қажеттілік: сиқырлы ойлау көбінесе бейберекет және болжауға келмейтін болып көрінетін әлемде бақылау жасау және болжау қажеттілігін қанағаттандырады.
  3. Мәдени дәстүр: көптеген ырым мен салт-жора ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәдени мұраның бір бөлігіне айналады.
  4. Тұлғалық ерекшеліктер: сиқырлы ойлауға бейімділік адамның білім деңгейіне, сыни ойлауына және жеке тәжірибесіне байланысты болуы мүмкін.

Бақылаудан тыс оқиғалар үшін жауапкершілікті өзіңе қабылданғанда

Сиқырлы ойлауға тек ырым мен салт-жораларға сену ғана емес, сонымен бірге өзінің немесе жасаған іс-әрекетінің әлемде болып жатқан оқиғаларға пропорционалды емес әсері бар деп сенетін үрдіс кіреді. Бұл құбылысты көбінесе «құдай синдромы» деп атайды – яғни, бұл адамның өз ойының немесе іс-әрекетінің күшімен өмір шындығын бақылай алады немесе оған әсер ете алады деген сенімі. 

«Құдай синдромы» когнитивті және эмоционалды факторлардың үйлесіміне байланысты пайда болады. Оның әрекетінің негізгі механизмдеріне келесісі жатады.

Бақылау иллюзиясы — адамдар көбінесе оқиғаларға өздерінің әсер ету қабілетін асыра бағалайды. Мысалы, адам өзінің жағымды ойы лотереяны ұтып алуға көмектеседі немесе оның жағымсыз көңіл-күйі жазатайым оқиғаға себеп болды деп ойлауы мүмкін. Яғни өмірді бақылайтынын сезінуді және дәрменсіздік сезімін азайтуды қалайды. Тұрлаусыздыққа толы дүниеде өз күшіңізге сену жұбаныш болуы мүмкін.

Дербестендіру — объективті түрде өзінің іс-әрекетінің салдары болуы мүмкін емес оқиғалар үшін жауапкершілікті өзіне таңуға бейімділік. Мысалы, ата-ана баласының жазатайым оқиғаға ұшырағанына өзін кінәлап, мұны өзінің бір кезде бірдеңені дұрыс жасамауымен түсіндіруі мүмкін.

Эгоцентризм — өзін дүниенің тұтқасын ұстап тұрушы деп сену және өз әрекетінің немесе ойының маңызын асыра бағалау. Бұл күйдегі адамдар өздерін апаттың алдын алуға немесе керісінше апат тудыруға шамасы бар деп сезінуі мүмкін. Кейбір мәдениеттер мен тәрбие жүйелерінде болып жатқан барлық нәрсе үшін өз басыңның жауапкершілігі бар деп сену жөн деп қарастырылады. Бұл адамдарда гипержауапкершілік сезімін тудыруы мүмкін.

Жарақат алу тәжірибесі — қатты эмоционалдық толғанысты бастан кешіру бақылауға деген ұмтылысты күшейтуі мүмкін. Жақынынан айырылған немесе жарақат алған адамдар болған оқиға үшін өздерін кінәлап, бейберекетсіздіктен мән-мағына мен бақылау табуға тырысуы мүмкін.

«Құдай синдромының» жағымсыз салдары

  1. Кінәлілік және ұят сезімі — адам объективті түрде өзіне байланысты емес оқиғалар үшін созылмалы кінәлілік сезімін бастан кешуі мүмкін. Бұл депрессияға және өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне әкелуі мүмкін.
  2. Үрейлі бұзылыстар — болып жатқан барлық нәрсе үшін үнемі жауапкершілік сезімін бастан кешу мазасыздықты және тіпті үрейлі ұстама күйін тудыруы мүмкін.
  3. Тұлғааралық жанжал — мұндай адамдар басқалармен жанжалдасып, олардың әрекеттерін бақылауға тырысуы немесе өзінің сәтсіздікке ұшырағаны үшін оларды кінәлауы мүмкін.
  4. Прокрастинация және қашқақтау — өзінің іс-әрекетінің салдары жағымсыңз болуы мүмкін деп қорқу жауапкершіліктен және шешім қабылдаудан қашқақтауға әкеп соқтыруы мүмкін.

Өмір шындығы және ғылыми көзқарас

Сыртқы дүниенің нақтылығы табиғат заңдары бойынша ұйымдастырылған, ал адамның ойы мен қалауы қаншалықты күшті болып көрінсе де, нақты әрекет пен материалдық себепсіз объективті оқиғаларға әсер ете алмайды.

Оқиғалардың объективті себептері бар — өмірдегі оқиғалардың көпшілігі физика, биология, психология және басқа ғылымдар тұрғысынан түсіндіруге болатын объективті себептен болады. Адамның бақылауы шектеулі — адамдар өздерінің әрекеттері мен шешімдеріне әсер ете алса да, әлемдегі барлық оқиғаларды бақылай да алмайды, болжай да алмайды.

Сиқырлы ойлау – тұрлаусыздық пен стресс күйін еңсеруге көмектесетін адам санасының бір бөлігі.

Дегенмен, ол сондай-ақ қауіп-қатер де тудырады және өмір шындығын дұрыс қабылдауға кедергі келтіруі мүмкін. Сиқырлы ойлаудың механизмін және шындықтың қалай құрылғанын түсіну адамдардың неғұрлым саналы және рационалды өмір сүруіне көмектеседі. Адамның өзінің бақылауы мен жауапкершілігінің шектеулі екенінмойындауы оның психологиялық денсаулығын жақсартуы, үрей күйін азайтуы және өмірінің сапасын жақсартуымүмкін. 

Егер сіз қандай да бір болған оқиғалар үшін өз-өзіңізді кінәлайтыныңызды сезсеңіз немесе маңызды өмірлік сұрақтардың жауабын эзотерикалық ағымдардан таба алмасаңыз, психологтан көмек сұрап көріңіз, ол сізге мәселенің байыбына баруға көмектеседі. Тәжірибелі, сыннан өткен психологты Sezim сервисінен табуға болады. 

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты
Алисамен тиімді жұмыс істеңіз: қашықтан жұмыс істейтіндерге арналған 5 лайфхак

Алисамен тиімді жұмыс істеңіз: қашықтан жұмыс істейтіндерге арналған 5 лайфхак

Қашықтан жұмыс істеу үрдісі қарқынды дамып келеді. Бұл форматқа ауысып жатқандардың мәселесі бір — ол тиімді жұмыс жасауға...

2 минуты
2 минуты
Бақытты қарым-қатынас қалай құрылады

Бақытты қарым-қатынас қалай құрылады

Салауатты қарым-қатынас құру үшін екі жақ та жұмыс жасап, күш-жігер салуы керек. Ашық коммуникация, сенім, құрмет, қолдау, жеке...

5 минут
5 минут