Әлемнің 500 ғылыми институты ұсынған дерекке сәйкес, жаратылыстану бағытында оқитын студенттердің тең жартысын құрайтын әйелдердің аз бөлігі ғана ғылыми жолын жалғастырады. Мәселен, жаратылыстану ғылымдары саласында профессор дәрежесін алған төрт азаматтың тек біреуі ғана – әйел.


Cell Stem Cell журналында жарияланған зерттеуге АҚШ, Еуропа мен Австралияда орналасқан 38 мемлекеттегі 541 университет пен ғылыми институт ұсынған дерек негіз болған. Әр мекемеге байланысты өзгеріп отыратын көрсеткіштердің жалпы көрінісі мынадай:  әйелдер доценттердің – 42, профессорлардың 23 пайызын құрайды.

Аталған деректер әйелдердің ғылымнан кетуіне ықпал ететін аз жалақы мен кәсіби өрлеудегі қолдаудың жоқтығы, жыныстық бопсалау сияқты мәселелерді жоюға бұрынғыдан да көбірек күш салу керегін дәлелдеп отыр. Лондондағы империялық колледж докторы Джессика Уэйдтың пікірінше, әйелдерді ғылымнан кетуге мәжбүрлейтін жүйе өзгермесе, оларды ғылымға ынталандыру шараларынан нәтиже болмайды.

Патшалық химиялық қауымдастықтың Ұлыбританияда жүргізген зерттеуі де осыған ұқсас нәтиже берген. Зерттеу қорытындысына сәйкес, химия саласы бойынша білім алғандардың 44%, ал осы салада профессор  дәрежесін алғандардың  9% ғана - әйелдер. Профессор Джо Рейнольдс BBC-ге берген пікірінде “Біз сұхбаттасқан әйелдердің 99% ғылым жолында кедергілерге кездескенін растады. Бұл – алаңдататын құбылыс”, – дейді. Сәуір айында Мельбурн университетінің ғалымдары "ғылымдағы гендерлік алшақтық" тақырыбында зерттеу жүргізіп,  “Қазіргі қолдау шараларының қарқыны артпаса, физика саласындағы әйелдер мен ерлердің үлесін теңестіруге жүздеген жылдар кетеді” деген қорытындыға келген.