ZAO мобильді қосымшасы неге «қауіпті»?

3 минуты Динара Тілеубек
Альтернативный текст

Қолданушыларға фильм актерлері мен TV кейіпкерлері бейнесінің орнына өз кескінін қойып, видео жасауға мүмкіндік беретін ZAO мобильді қосымшасы бірнеше күн ішінде Қытайдағы ең танымал бағдарламаға айналды. Мобильді қосымша deepfake технологиясы негізінде көз, ауыз мен бетәлпетінің қимылы жазылған селфилерді пайдаланып, қолданушыны әртүрлі мазмұндағы контент кейіпкері етіп шығаратын видеолар ұсынады.


Deepfake – жасанды интеллект арқылы адам бейнесін синтездеу әдісі. Технология көмегімен кез келген фото немесе видеоматериалдың үстіне басқа бейнені қойып, шынайылыққа барынша жақын анимациялық видеолар жасауға болады.

 

ZAO қосымшасына қарсылық білдірушілер deepfake технологиясы жалған видеолар жасау, сайлау қорытындысына әсер ету, басқаларға жала жабу, жалған ақпарат тарату мақсатында қолданылуы мүмкін деп алаңдайды.

ZAO – Tinder–дің қытайлық баламасы Momo Inc қосымшасын шығарған компанияға тиесілі кезекті жоба. Momo Inc – АҚШ–тың ең ірі қор биржаларының бірі Nasdaq тізіміне кірген компания.

Жексенбі күні компания өкілдері қосымшаның қауіпсіздік саясатына қарсы айтылған сын пікірлерге жауап берді. Компанияның ресми мәлімдемесінде «Біз ақпарат құпиялығына алаңдаған азаматтарды жақсы түсінеміз. Сынпікірлерді негізге алып, бұрын ескермеген кемшіліктерді түзетуге тырысамыз. Бірақ бұған уақыт керек» делінген.

Мобильді қосымшаға қарсы айтылған сыннан кейін ZAO–ның танымалдылығы бұрынғыдан да арта түсті. Қыркүйектің екісі күні Қытайдағы қосымшалар нарығынан ақпарат беретін App Annie провайдері ұсынған дерекке сәйкес, ZAO тегін қосымшалар ішінде жүктелім саны бойынша көш бастап тұр. 

Кең көлемде жалған ақпарат таратуға қатысты қоғам алаңдаушылығы 2016 жылы АҚШ–та өткен президент сайлауынан кейін арта түскен. АҚШ–та жүргізілген зерттеулер  2016 жылғы президент сайлауында жалған ақпарат көп болғанын анықтаған.

Маусым айында Facebook компаниясының атқарушы директоры Марк Цукерберг deepfake видеоларын жалған ақпараттың жаңа санатына жатқызып, мұндай видеолармен күресу жолдарын қарастырып жатқанын мәлімдеген.