Эдвард Сноуден 2013 жылы Гонконгта журналистермен жасырын кездесіп, оларға АҚШ Ұлттық қауіпсіздік қызметінің азаматтарды аңдуға арналған компьютерлік технологиялары туралы құпия құжаттарды бергеннен кейін танымал болды. Әлемнің ірі басылымдарында бір мезетте жарияланған ақпарат үлкен қоғамдық дауға ұласып, АҚШ Сноуденге «мемлекеттік құпияны ашқаны үшін» айыптаулар тақты. Қазір Сноуден Ресейден босқын мәртебесін алып, Мәскеуде тұрып жатыр. 

Сноуден өз кітабының «Permanent Record» аталуын мемлекеттік және жекеменшік компаниялардың азаматтар туралы деректерді үздіксіз жазып, жинауымен байланыстырады. Америкалық арнаулы қызметтің бұрынғы өкілі жеке деректерді қорғау үшін заңдық реформалар керегін, бірақ бұл шаралардың өзі жаңа технологиялық өзгерістерге қарсы тұра алмайтынын айтады. Ол азаматтардың жеке өміріне қол сұғуды тоқтату үшін жаһандық жылынуға қарсы күреске ұқсас бүкіләлемдік қарсылық болуы керек деп есептейді.

«Біз бірнәрсені өзгерткіміз келсе, ол үшін күресуге дайын болуымыз керек», — дейді Сноуден. 

Сноуден өз кітабында 21-ғасырдағы барлау қызметінің қыр-сыры туралы әңгімелеп, өзін мемлекеттік құпияны жариялауға итермелеген жағдайлар туралы жазады. Мемуар форматында жазылған шығармада Сноуденнің бала күнінен компьютерлік ойындарға құмар болғаны, жасөспірім кезінде АҚШ-тағы ядролық құрылғының кодын бұзып, жүйедегі кемшілік туралы тиісті органға хабарлағаны туралы естелігі бар. Автордың айтуынша, бұл әрекеті үшін оның анасына атом бомбасын дайындаумен айналысатын Лос-Аламос зертханасының шенеунігі хабарласып, алғыс білдірген.

Кітапта Сноуден өзінің әскерге барып, америкалық барлау қызметіне қосылуын 2001 жылы қыркүйектің 11-і күні болған терактімен байланыстырады.

Өз естелігінде автор «11 қыркүйекке дейін әскери қызметті мағынасыз әрі қызықсыз іс көретінмін. Өйткені менің жасөспірім кезімде АҚШ-тың жауы болған жоқ. Ол әлемдегі жалғыз алпауыт держава болатын. Қыркүйектің 11-і күні болған теракт бәрін өзгертті», — деп жазады. 

Фото: Daily Express

36 жастағы Сноуден Мәскеуде жеке пәтерде тұрады. Ол негізінен шетелдік студенттерге, құқық қорғаушылар және белсенділерге видеобайланыс арқылы кеңес беріп, дәріс өткізу арқылы ақша табады. Guardian  жариялаған сұхбатта Сноуден екі жыл бұрын Мәскеуде бұрынғы сүйіктісі Линдси Миллсқа үйленгені туралы айтады. Гонконгқа ұшардан бұрын Сноуден Линдсиден АҚШ билігін дүр сілкіндіретін ақпарат жариялауға бара жатқанын жасырған. Өзінің айтуынша, ол Линдсиге «Сноуденнің сыбайласы»  деген айып тағылмауы үшін осындай қадамға барған.

Сноуден 2013 жылы Мәскеуге алғаш келгенде көшеде өзін өлтіруге жіберілген америкалық тыңшыларға кезігіп қалудан қорқып, әр қадамына мұқият болса, қазір мейрамханаға барып, мұражайлар мен көрмелерді еркін аралай бастағанын айтады.  

«Әлемдегі ең күшті үкімет (АҚШ-ты меңзеп отыр) менің кетіп қалғанымды қалады. Түрмеге ме, басқа елге ме —  оларға бәрібір», — дейді ол. 

Сноуден өзін «Владимир Путин АҚШ-қа тарту етуі мүмкін» деген қауіпке қатысты «Ресейдің адам құқықтарын қорғаудағы мәселелерін жақсы білеміз. Мәскеу маған саяси баспана беру арқылы  бұл салада жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Олар неге мұндай мүмкіндікті пайдаланбай, мені кейін қайтаруы керек?» деген пікір білдірді.

2013 жылдан бері АҚШ-та жүргізілген зерттеулер Америка қоғамының Сноуденді «сатқын»  деп танитындар мен оны «батыр» көретіндер болып екіге бөлінгенін көрсетті. Бірақ соңғы кезде Сноуденге қарсы пікірлер жұмсарып келе жатқанға ұқсайды. Демократтар атынан президенттікке үміткер Берни Сандерс Сноуденді қудалауға тыйым салатын резолюция керегін, ал конгрессвумен Тулси Габбард оны кешіретінін мәлімдеген.