Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус барлық мемлекетті білім беру мен денсаулық сақтау туралы ұлттық бағдарламаларына суицидтің алдын-алу бойынша тексерілген стратегияларды енгізуге шақырды. Қазір мұндай стратегия ұйымға мүше әрбір бесінші мемлекетте, яғни,  183 елдің тек 38-інде ғана бар. 

2016 жылы әлемдегі әр 100 мың адамға шаққанда 10,5 суицид фактісі тіркелген. Қазақстандағы суицид саны бүкіләлемдік орташа көрсеткіштен екі есе көп. Мәселен, елімізде 100 мың адамға шаққандағы суицид саны – 22,8  құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстан суицид жиі тіркелетін елдер қатарында Гайана, Лесото, Ресей, Литва, Кот-д’Ивуардан кейін 6-орында тұр. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде суицид жасау 45 жасқа дейінгі азаматтар арасында көп кездеседі. 15–30 жас аралығындағы азаматтардың өліміне әкеп соғатын себептердің ішінде суицид жол апатынан кейін екінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, суицид жасауға талпыныс көрсеткіші есепке алынбайды. Бірақ ұйым есебіне қарағанда, өзіне қол салуға талпынып көргендер саны нақты тіркелген суицид көрсеткішінен  20 есе көп. 

Әлемде суицид санын қысқартуға арналған тиімді шаралар қатарына өзін өлтіру құралдарына қолжетімділікті шектеу, ақпарат құралдарына суицид туралы дұрыс ақпарат тарату жолдарын түсіндіру, жастарда күйзелісті жеңу қабылетін қалыптастыру, суицид қаупіне іліккен адамды дер кезінде анықтап,  тиісті көмек көрсету жатады.