Dala Crafts: қыш құмыра жасау бизнесін бастаған жігіттердің бірімен сұхбат

11 минут Әділет Есімжан
Альтернативный текст

Dala Crafts өнер студиясының негізін қалаушылардың бірі — Нұрхан Әбдікәрім. Қызылорда облысының тумасы. 2020 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды IT мамандығы бойынша бітірген. Оқуды аяқтаған соң «көкөніс» дүкенін ашқан. Нұрхан «бұл кәсіп табыс алып келгенімен, рахат сыйламайтын» дейді. Уақыт өте келе достарымен бірігіп қыш құмыра жасау бизнесін бастаған. Нұрхан осы салада қандай қиындықтармен кездескені жайлы, серіктес болудың маңызы неде екені және өнерді бағалайтын халық санының артуы туралы толығырақ баяндап берді. 

2 сағаттың ішінде бизнес бастаймыз деп шештік

Оңалбек Ергеш және Роман Нұркен деген жігіттермен бірігіп Dala Crafts-ты аштық. Басында жақын досыммен жай ғана отырып, әңгімелесуге барған мен, осындай серіктестеріммен таныстым. Негізгі мақсатымыз — бизнесті талқылау емес еді. Ойда жоқта пікір алмастық, brainstorming жасадық. Бар болғаны екі сағаттың ішінде «қыш құмыра жасау» бизнесін қолға аламыз деп шештік. Нақты бизнес жоспарымыз болған жоқ, бәрін ойша есептеп, ойша құрдық. Солай 2021 жылдың 11 наурызында Dala Crafts-тың негізі қаланды. 

Dala Crafts басында Абай даңғылы мен Нұрғиса Тілендиев көшесінің қиылысындағы 44 шаршы метрлік, кішігірім кеңседе орналасты. Кеңсені қалыпқа келтіріп, безендіруге 1.5 миллион теңге жұмсадық. Жалға алу құны — 90 мың теңгені құрады. Бір жарым ай сол жерде жұмыс істедік. Сол уақытта келушілер көбейіп, сұраныс арта түсті. Біз кеңірек кеңсе іздеу керегін түсіндік. Алматыдағы бизнес орталықтардың, кеңселердің бәрінің бағасын салыстырып көрдік. Бағасы мен орналасқан жері сәйкескендіктен «Нұрлы Тау» бизнес орталағын таңдадық. Мұндағы кеңсенің аумағы — 100 шаршы метр, айына 400 мың теңге төлеп, жалға алып отырмыз. 

Алғашқы қиындықтар мен кіріс-шығыстар

Жаңа кеңсеге көшкен кезде жеткілікті білім болмаған соң, контент, маркетинг дегендерді аса қатты ойламағанбыз. Бірақ бизнестің аты — бизнес. Не істеу керегін, қалай және қашан қадам жасау керегін нақты білмегендіктен қиындықтар туындады. Кеңсенің ақысын төлеу керек, қызметкерлердің жалақысын беру, жарнамаға жұмсайтын ақшаның мәселесі тағы бар. Бизнесті әлі бір жүйеге келтірмегенбіз, маркетинг жоспарымыз жоқ, сөйтіп күйзеліске ұшырадық. Үшеуіміз не істесек болады деп жүріп, бизнес-кеңесші Жеңіс Есенкелдиннің курсына жазылдық. Осы курста маркетинг негіздерін, бизнесті жүйелеуді, жалпы, бизнеске қатысы бардың бәрін үйрендік. Осыдан кейін бизнесіміз жандана бастады. Қазір қарасам, алты айдай кірісімізден шығысымыз көп болған екен.

 

Орталықтың айлық табысы 8 миллион теңгеден асып жығылады, ал шығын 3,5 миллион теңгенің айналасы. Күніне кемінде 25 адам келеді, қызығушылық танытады. Бұдан бөлек Dala Crafts-тың дизайнерлікпен айналысатын Dala Shop дүкенінің табысын қоссақ, 15-17 миллион теңгенің төңірегі болады. Интерьер бұйымдарына сұраныс жоғары. Клиенттер үйіне не кеңсесіне аксессуар, картина, ыдыс-аяқ іздеп келеді. Дайын өнімдерді ұсынамыз, болмаса, тапсырыс қабылдаймыз.

Бірақ оған қарамастан қазір Dala Crafts үш қызмет ұсынады: 

  • Қыш құмыра жасау — 3490 теңге, жасаған бұйымды алып кету — 5490 теңге. Бір айлық курс — 80 мың теңге.
  • Сурет салу — 7 000 теңге, айлық курсқа жазылу — 60 мың теңге.
  • «Резин-арт» (Эпоксид шайыр) — 12 500 теңге, курс құны — 150 мың теңге.

Қаңтар оқиғасы қатты әсер етті

Қаңтардың басында болған жағдай «коронавирус пандемиясына» қарағанда бизнесімізге қатты әсер етті. Біздің бір айлық шығын 3,5 миллион теңгені құрайды, шарасыз екі апта бизнесті тоқтату — табыстың жартысынан айырылғанмен тең. Бұл жағдай бізге ғана емес, кез-келген бизнеске соққы болды. 

Dala Crafts командасы және бірінші инвестиция

Бизнес бастағанда командамызда мен және серіктестерімнен бөлек, бір SMM маманы ғана болды. Кейіннен процесске керек мамандарды іздеп, шебер мен менеджерді жұмысқа алдық. Осылайша алты адам жұмыс істейтін командаға айналдық. Бүгінде осы бизнестің төңірегіне 13 адамды жұмылдырдық. Негізгі процесске қатысатын төрт адам: менеджер, екі шебер мен мобилограф. Қалған тоғыз адам тікелей маркетингке жауапты. Бұл жердегі мамандар креативке, копирайтинг пен сатылымға баса назар аударады. Орташа жалақы — 150 мың теңгені құрайды. 

Әу баста серіктестерімізбен әрқайсымыз бір миллион теңгеден шығарамыз деп келістік. Сөйтіп ортақ капиталда үш миллион теңге пайда болып, инвесторымыз қосымша екі миллион қаржы құйды. Бар ақшамызбен керек құрылғыларға тапсырыс бере бастадық. Саз-балшықты ғана Қазақстаннан алдық. Қалған негізгі құрал-жабдықтар Қытай мемлекетінен келеді. Бизнес бастау үшін муфель пеші керек болды. Бір данасының бағасы — 800 мың теңге. Бұл пеш клиент жасаған құмыраларды күйдіруге арналған. Біз осындай пештің екеуін алдырттық. 

Тағыда ең басты жабдықтардың бірі қыш білдегі (станок). Әрбірінің бағасы — 250 мың теңге. Бұл аппарат саз-балшыққа пішін беруге арналған. Бізде қазір бес білдек бар. 

«Досыңмен бизнес бастауға болмайды» дегенді жиі естиміз. Меніңше, бизнесте бұл түсінік керісінше жұмыс істейді. Дос-жараныңмен іс бастасаң, қайғысына да, қуанышына да оңай ортақтасасың. Міндеттерді бөлісу де жеңіл. 

Біз бір емес бірнеше таптаурынды бұздық.

«Өнерді бизнеске айналдыру, бір жүйеге келтіру қиын» деген кісілер болды. Өзің істеп көріп, түйін шығару керек. Біздің елде өнерді автоматтандыруға тырысқан адам жоқ. Нарықта жеткілікті кадр мен керек материалдың бәрін өндіру, жоқ болса, тауып, алып келу арқылы өнерді бизнеске айналдыруға болатынын дәлелдедік. 

Адамдар өнерді бағалай бастады

Елдегі өнер, мәдениет саласы — әлжуаз. Біз осыны түземекпіз. Өнерді демалысқа айналдырып, өзгеше бір мәдениет қалыптастыру жолында еңбек етудеміз.

Фитнес — физикалық күш сыйлайды, ал Dala Crafts — рухани қуат сыйлауды мақсат тұтады. 

Адамдарды өнерге баулу, өзіне я қоғамға деген махаббатын ояту, рухани демалыс сыйлау — біздің басты қағида. Dala Crafts ашылған кездегі аудитория мен қазіргі аудиторияның айырмашылығы — жер мен көктей. Басында бізге тек жастар, оның ішінде жан-жақты дамығысы келетіндер ғана келетін. Қазір адамдар өнерді, демалысты, бос уақытты бағалай бастады. 

Демалыс күндері отбасымен келетіндердің саны едәуір артты. Баласына ұнаса, оларды өнер курстарына жазатын ата-ана да көп. Балалардың қимыл-қозғалысына, белсенділігіне курстың тигізер пайдасы барын түсінуде. 

Мектептерде «буллинг» деген мәселе бар екені өтірік емес. Соның кесірінен балалар тұйық, жабық мінезді бола бастайды. Осындай балалардың ата-анасы келіп, бізге тапсырып, сенім артқан кездер де болды. Балалар құмыра жасау кезінде тек соған зер салады, сондай кезде ашылып, ішіндегі мұңын шағады, толғандырған мәселесін айтады. Солай оңалту жұмысы жүреді. Бүгінгі күнге дейін осындай 2-3 жағдай орын алды. 

Бір жайтты ескеру қажет: бір іс бастау ешқашан кеш емес. Бизнес бастау, кәсіп ашу — адамның санасына, мінезіне тәуелді. Бизнес идея мен жоспардан қоғам алдындағы игілік маңызды. Руханияттың қоғамға, мәдениетке берері көп. Осы жолда ерінбей еңбек ете ете бермекшіміз.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Карантин енгізілмеген елдер қалай өмір сүреді?

Швецияның пандемиямен сәтсіз күресі, Түрікменстан үкіметінің статистиканы жасыруы, Бразилия президенті мен денсаулық сақтау министрлерінің вирусқа қатысты келіспеушілігі.

13 минут
13 минут

Қаңтар айынан бастап елде тараған 15 фейк ақпарат

Соңғы 10 күндегі ең көп таралған жалған ақпараттар бөлісеміз

11 минут
11 минут

1465music: қазақша музыка лейблі

Мақалада ХХІ ғасырдағы әлемдік музыка лейблінің дамуы және елде жаңадан бастау алған 1465music лейбілі туралы сөз қозғаймыз.

8 минут
8 минут

Ұлылардың тұяғы: жыр алыбы Мұқағали Мақатаевтың ұлымен сұхбат

Ақынның отбасында қандай дәстүрлер болған, халықтың көңіліне жұбаныш сыйлаған өлеңдері неге өшпес мұра болып қалуда, ұлттық мәдениет пен өнерге қосқан үлесі жайлы талқылаймыз.

24 минут
24 минут