Күрмеуі көп қазақ футболының қазіргі жағдайы

12 минут Нұртілек Жоламанұлы
Альтернативный текст

Бір ғасырлық тарихы бар Қазақ футболының көкейтесті мәселелерін қозғамаған тілші де, футбол маманы да кемде-кем шығар. Тіпті ас үстінде қазақ футболшылары туралы әңгіме басталса, үлкендер оларды сыңға алып, түтіп жейтіні де бар. 


Әлемдік рейтингтте Қазақстан құрамасы қазіргі таңда 125 орында. 100 жылдық тарихымызда Әлем чемпионатында да немесе Еуро біріншілігінде де доп теппедік. Осындай кезде жаның жүдеп кететіні бар. Бұл екі алпауыт турнирдің іріктеу кезеңдерінде де сүреңсіз ойын көрсетіп, қарсыласқа тісіміз батпайды. Ел құрамасының ащы ішектей шұбатылған жеңіліс сериясын көргенде, әрбір футбол сүйер қауымның қабырғасы қайысқандығы анық. «Астана-Аренаға» елін қолдап, жеңіс күтіп барған жанкүйер тағы бір жеңілістің куәгері болып, жүйкесі ұстараның жүзіндей жұқарып, үйіне қайтуы әдетке айналды. Кей кезде сәттілік жолдас болып, тең ойын көрсетіп, бір ұпай алғанға құдды бір кубок ұтып алғандай қуанатын жағдайға жеттік.

Ел чемпионатыныңда толғағы жеткен мәселелері жетерлік. Былтыр ғана Павлодарлық «Ертіс» құрамасының ел біріншілігінен шығып қалуы, команда басшылығының сыбайлас жемқорлыққа белшеден батқандығының нағыз нышаны болды. Онымен қоса ел біріншілігінде кейбір командалардың ойын нәтижелері келісіп қойған деген түрлі қауесеттер де тарады. Соңғы жылдары алтын жүлдеге тек Астана мен Қайраттың бақталасуы, чемпионаттағы бәсекелестікті айтарлықтай төмендетті.

Ол өз кезегінде көрерменнің көзайымына айналуына тосқауыл болуда. Жоғары да айтылған проблемалардың барлығы жығылғанның үстіне жұдырық болды. Әрбір түйткілді мәселенің түйінін ағытса, ілкімді қадамдар арқылы Қазақ футболының дамитындығы хақ. Осы бір тұста өзге ел тәжірибелеріне көз салатын болсақ, Еуропаның кішігірім мемлекеті Бельгияны байқаймыз.

Бельгия құрамасын шыңға шығарған реформа

1990 жылдардың аяғында Бельгия футболы үлкен дағдарыста болды. Жағдайы тура біздің құрамамен бірдей еді. Бірақ біздікілер жеңге жұққан бояудай дағдарысқа әлі жабысып-ақ келеді. Бельгияға оралсақ, Еуро-2000 турнирін Голландия елімен бірлесе өткізгенімен, өз жерінде ұятқа қалып, топтық кезеңнен аса алмады.

Осы кезде билік өкілдері өзгерістің қажет екенін түсінді. Бельгия футболының жаңа техникалық директоры болып — Мишель Саблон сайланды. Саблон Бельгия футболын түбегейлі өзгертуді қалады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанына сенімді адамдарын жинап, өзінің жоспарын іске асыруға жұмыстанды. Саблон алдымен Испания, Голландия елдерінің футбол академияларын зерттеп, практикалық білімін кеңейтті. Саблонның алғашқы шешімі елдегі барлық академияларды төрт,үш,үш схемасына көшіру. Ол бұл схеманы мінсіз деп таныды. Өйткені мұнда техникалық, тез шешім қабылдайтын, ақылды ойыншылар шығады деп сенді. Тағы бір өзгеріс — бұл балаларды 11-11 қарсы ойнатудан бас тарту. Зерттеулер бойынша, балалар 11-11 ойнаған кезде, әрбір ойыншының матч бойы тек екі рет қана аяғы допқа тиген. Бұғанасы бекімеген балаға 90 минут ойнау аса қажет емес деген сөз. 

Сегіз жасқа дейінгі балалар 5-5 ойнаса, одан соң 8-8, 12 жасқа толғаннан кейін 11-11 ойнауға рұқсат алды. Мұндағы мақсат — әрбір бала дриблинг, соққы жасау, диагональді пас беру дегенді жақсырақ меңгеруінде. Бала алдымен футболды сүйіп, өзінің рахаты үшін ойнап, доппен дос болуы керек. Өсе келе футболдық тактикаға бейімдеп, дамытса, қара қылды қақ жарған нағыз футболшы шығады. Бұл өзгерістерге қарсы шыққандар жетіп артылды. Бірақ Саблон «балапанды күзде санайды» деп уақыт керек деді.

Реформа аясында 8 футбол мектебі салынды. 4-5 жыл өткеннен соң, маңдай термен егілген егіннің жемісін теретін уақыт келді. Сол кезде бірсыпыра таланттар жарқ етті: К. Де Брюйне, Мертенс, Тибо Куртуа, Эден Азар, Лукаку және тағы басқа. Бұл ойыншыларды баптаған Генк, Стандарт құрамалары таланттарды Еуропаның кіл жүйрік командаларына қыруар қаржыға сатты. Мишель Саблонның ойы жүзеге асып, Бельгия халқының оған деген ыстық ықыласы артты. Қазіргі таңда Бельгия ФИФА рейтингінде 1 орында. Нағыз азулы құрамаға айналып, аты аталғанда бүкіл дүниежүзі ішін тартатын дәрежеге жетті.

Халқының саны 11 млн құрайтын Бельгияны шыңға шығарған реформа, бізге де керек пе деп кейде ойланасын. «Қазынасыз керуен қарақшыдан қорықпайды» демекші, жоғалтатын дәрежеміздің қалғаны шамалы. Реформа енгізілсе, оған миллиондаған қаржы бөлінетіндігі заңдылық. Мұндай жаңа бастама бастау алған жерге қара құрттай қаптаған сыбайлас жемқорлықтың қара сүліктері бастарын сұғуы әбден мүмкін. Сондықтан қазақ футболына жаны ашитын, жас мамандарды шақырған абзал.

Легионер немесе жергілікті өрендер

Шетелден миллиондаған теңгеге легионерлерді сатып алу, ел чемпионатының үрдісіне айналған. Ресейлік инсайдер Иван Карповтың айтуынша, Қайрат құрамасының ойыншысы Вагнер Лавтың жылдық табысы 1,2 млн еуроны құрайды. Осындай кезде жергілікті жердегі жас өрендеріміздің қапыда қалып қойып жатқандығы да бар.  Осы мәселе туралы футбол комментаторы Ерсін Еріктің ойын білген едік.

«Еуропаның мықты командаларында доп тепкен, тәжірибесі бар легионерді сатып алу да және қазақ жастарына мүмкіндік беріп, негізгі құрамға шығару да, екеуі де дұрыс. Дегенмен балансты ұстай білген жөн. Вагнер Лав және Андрей Аршавин сынды мықты ойыншыларды еліміздің командасында доп тепсе, олармен бірге жарыса ойнап, қазақ футболшылары бой түзейді. Әрине, ең бастысы сапалы легионерлерді алған жөн».

Маманның айтқан ойы дұрыс болғанымен, онымен келісер еліміздің командалары аз. Мысалы, Жетісу құрамысында Угочукву Одэньи, Тенгиз Цикаридзе, Абубакар сынды және тағы басқа өзге елден келген ойыншылар бар. Бірақ бұлардың барлығы дерлік ойнап жарымады, ақыр соңында Жетісу биылғы жылы Қазақстан чемпионатынан да шығып қалды. Келесі жылы бірінші лигада өнер көрсетеді. Бұл расыменде өзге құрамаларға сабақ болатын жайт. Команданы саны бар, сапасы жоқ бірсыпыра легионерлермен толтырғаннан көрі, мықты деген 2-3 легионер алып, жандарына серік етіп, қазақтың жас таланттарына орын бергеніміз жөн. 

Бірінші Лига және Екінші Лига жағдайы

Қазақ футболы: Қазақстан Премьер Лигасы, Бірінші және Екінші лигалардан тұратындығын білгенімізбен, Премьер Лигадан кейінгі ел біріншіліктеріне аса мән бермейміз. Басты біріншіліктің Астана, Қайрат және өзге құрамалары ұшақпен қатынап,  өздеріне сай қаржылары бар екендігінен де хабардармыз. Бірінші және Екінші лиганың тыныс-тіршілігін білу мақсатында футбол жанашыры, спорт комментаторы Ербол Қайыровты әңгімеге тартқан едік.

Әрине, ҚПЛ-ге қарағанда Бірінші және Екінші лигалардың жағдайы өзгеше. Дегенмен бірінші лига командалары да жиі ұшақпен барады, сирек түрде пойызбен немесе автобуспен қатынайды. Екінші лигада жас ойыншылар өте көп. Бірақ Жеңіс сынды тәжірибелі құраманың сапында Премьер Лигада доп тепкен ойыншылар да бар. Бірінші лиганың ойындары тартысты, жылдам болып келеді. Ал Екінші лигада жас ойыншылар көп болғандықтан, жұмсақтау болып келеді.

Атырау мен Алтайдың арасына ұшақ болмаса, пойызбен бірнеше күн жүріп, әуре-сарсаңға түсетініміз бар. Екінші лига пойызбен қатынайтындығын білдік және екі-үш күн жүргеннен кейін, олардың доп тебуге шамалары келе ме?

«Әрине, бірнеше күн пойызбен жүрген тиімсіз, сондықтан да, Екінші лиганы екі дивизонға бөлген болатын. Оңтүстік-Батыс және Солтүстік-Шығыс. Әр дивизонда 11-12 құрамадан бар. Ақша жағынан тиімді және жолға аз уақыт кетеді».

Жоғарыда айтылған ақпараттарды қорытындылай келгенде, Қазақ футболының дамуына қазір бет бұрмаса, жылдар көші жылжыған сайын, «баяғы жартас — сол жартас» болып қалуымыз әбден мүмкін. Расыменде, елімізде футболдың дамуына мұрындық болатын жоба, бағдарлама дүниеге келсе, Бельгияны шыңға шығарған Мишель Саблондай азаматтарға қолдау білдіріп, сыбайлас жемқорлықтан ада болсақ, 5-6 жыл көлемінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігерлі жас қазақ футболшыларының шығатыны айдан анық.

Оймен өрнектеп, сөзбен кестелеп, Қазақ футболының жай-күйін сізге баян еттік. Түйірдей ақпарат болғанымен, түйінді ой жеткізе алдық деп сенеміз!

Еще много интересного

Статьи STEPPE