«Үлкен брендке апарар жол өз ауылыңнан басталады»: Ақтаулық креатордың жеке шығармашылық жобасы adidas назарын қалай аударды
Қазақстандық креатор Айдана Медидің жеке шығармашылық жоба ретінде жасаған жұмысын adidas компаниясы байқап, кейін ол брендпен бірлескен жаңа кампанияға айналды. Оның жобасы негізінде Ақтау, бала күнгі естеліктер және қазақ мәдениетін күнделікті өмір арқылы көрсету идеясы жатыр. Нәтижесінде оқиға Adistar Control 5 моделіне арналған үлкен шығармашылық серіктестікке ұласты. STEPPE Айданамен бұл коллаборацияның қалай басталғаны, Ақтау мен Маңғыстаудың оның визуал тіліне әсері және қазақстандық креаторлардың жаһандық брендтерге қалай шыға алатыны туралы әңгімелесті.
Бұл коллаборацияның ерекшелігі неде?
Бұл жобаның ерекшелігі — оның брендтің дайын брифінен басталмағанында. Айдана алғашқы жұмысты adidas командасын қатыстырмай, өз идеясымен жасаған және оның мұндай резонанс тудыратынын күтпеген. Кейін бренд бұл жұмысын байқап, креатормен танысып, Adistar Control 5 моделінің айналасында ортақ шығармашылық туынды жасау шешімін қабылдаған.
Коллаборацияның тағы бір маңызды тұсы — Қазақстанды көрсету тәсілі. Кампанияда мәдениет арнайы жасалған декорация немесе ұлттық атрибутика ретінде емес, адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігі ретінде қарастырылады. adidas концепциясында да жергілікті дәстүр, жастар, өңірлік айдентика мен шынайы орта негізгі элементтердің қатарында аталады.
Adistar Control 5 бұл модельді жай ғана өнім емес, дәстүр мен заманауи мәдениетті байланыстыратын элемент ретінде қарастырып, оның көмегімен дәстүрлі мұра мен қазіргі визуал тілді бір кеңістікте көрсетуге тырысқан.
Команда үшін Қазақстанды Алматының шеңберімен шектемеу де маңызды болған. Жасанды орта құрудың орнына, елдің басқа өңірлеріндегі күнделікті өмірді көрсету идеясы таңдалды. Осы тәсілден лайфстайл мен мәдениет төңірегіндегі үш оқиға пайда болды.
Бұл жобаны бастаған кезде оның осындай ауқымға жетіп, adidas-тың назарын аударады деп күттіңіз бе?
— Шынымды айтсам, жобаның осындай ауқымда қаралым жинап, әлемдік деңгейдегі adidas брендінің назарын аударуы мен үшін күтпеген әрі қуанышты жаңалық болды. Кино және коммерциялық индустрияға келгеніме небәрі бір жыл уақыт өтсе де, осындай ірі брендпен жұмыс істеу — шығармашылық жолымдағы маңызды әрі ерекше тәжірибе.
Бұл жоба мен үшін тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, өзімнің шығармашылық тілімнің үлкен аудиторияға жеткенін сезіну тұрғысынан да маңызды болды.
Бұл идея қалай пайда болды және adidas-қа дейін қалай жетті? Дәл осы жұмысыңыз брендтің назарын қалай аударды?
— Бұл идеяны өзімнің бала кезден жинақталған естеліктерімнің бір көрінісі деп айтуға болады. Неліктен дәл adidas деген сұраққа келсек, оның менің жадымда өзіндік орны бар.
Бала кезімде ағаларым мен әпкелерім adidas киімдерін киіп, өздеріне тән стильмен жүретін. Далаға шыққанда жастардың да, үлкендердің де үстінен сол үш жолақты киімдерді жиі көретінмін. Сол үш жолақ мен үшін белгілі бір кезеңнің, белгілі бір ортаның визуалды белгісіне айналып қалды.
Сондықтан жобаны жасағанда сол бала күнгі естеліктерімді қайта жаңғыртқым келді. Өзім туып-өскен ауылдың маңын, бала кезімде көрген атмосфераны дәл сол табиғи қалпында көрсеткім келді.
Меніңше, adidas-тың осы жобаға назар аударуына оның шынайылығы мен ауылдың өзіндік колориті себеп болды. Себебі бұл брендті жай ғана көрсету емес, оның менің жеке естеліктеріммен, туған жеріммен және өміріммен табиғи түрде байланысуы маңызды болды.
Кампанияда заманауи Қазақстан күнделікті мәдениет арқылы көрсетіледі. Ұлттық кодтар мен заманауи визуал тілдің арасындағы тепе-теңдікті қалай таптыңыз?
— Ұлттық кодтарды заманауи визуалды тілмен тоғыстыру мен үшін аса қиын болған жоқ. Өйткені мен ойдан құрастырылған дүниені емес, күнделікті өмірде өзім көріп жүрген шынайы ортаны көрсеткім келді.
Ақтауда үй ауласына шықсаңыз, аталардың шашка немесе шахмат ойнап отырғанын, әже-апаларымыздың кілемдері мен көрпелерін жайып қойып, өзара әңгімелесіп отырғанын көресіз. Ал олардың жанында балалар еш уайымсыз, еркін ойнап жүреді. Бұл — біз үшін қалыпты көрініс болғанымен, сырт көзге өте ерекше әрі жылы атмосфера болып сезілуі мүмкін.
Маған адамдардың өздерін еркін ұстайтыны, өз дәстүрін ұмытпай, мәдениетін еш қысылмай көрсете алатыны ұнайды. Мен үшін ұлттық болмыстың ең әдемі көрінісі де осындай қарапайым сәттердің ішінде жатыр.
Сондықтан жобадағы басты мақсатым — қазақ мәдениетін әдейі әсірелеп көрсету емес, оның күнделікті өмірдегі табиғи қалпын, қарапайымдылығын және шынайылығын жеткізу болды.
Сіз Ақтаудансыз. Ақтау мен Маңғыстау сіздің креатор ретінде қалыптасуыңызға қаншалықты әсер етті?
— Шығармашылығыма ең көп әсер еткен дүниелердің бірі — туған жерге деген сағынышым деп ойлаймын. Өзім Ақтауда туып-өстім. Кейін шамамен бес жыл шетелде тұрып, білім алдым. Демалыс сайын Ақтауға қайтып келіп, туған жерге деген сағынышымды басып алатынмын.
Адам туған елінен алыстағанда ғана өз мәдениетінің, өз ортасының қаншалықты ерекше екенін анық сезінеді екен. Шетелде жүрген кезімде Қазақстанға, Маңғыстауға деген көзқарасым да өзгерді. Бұрын күнделікті өмірімнің бір бөлігі болып көрінген дүниелердің қадірін сыртта жүргенде тереңірек түсіндім.
Маңғыстаудың табиғаты мен үшін ерекше. Қанша елге барып, қанша түрлі табиғатты көрсем де, дәл Маңғыстаудағыдай ерекше кеңістік пен атмосфераны кездестірмедім. Оның табиғаты ғана емес, адамдары да менің шығармашылығыма үлкен әсер етеді.
Бала кезімде әжем қазақтың аңыз-әңгімелерін айтып беретін. Әкем де қазақы дүниелерді, салт-дәстүрді бойыма сіңіріп өсуіме үлкен әсер етті. Бүгінгі шығармашылығымда сол бала күнгі әңгімелердің, туған жердің көріністерінің, отбасымнан алған құндылықтардың ізі бар деп ойлаймын.
Мен үшін ең маңыздысы — қазақты сырт көзге көрсету емес, қазақты өз ішімізден сезініп, сол шынайылықты өзгеге жеткізу.
Бұл оқиға сіздің шығармашылық жолыңызда нені өзгертті және Қазақстандағы басқа креаторларға не көрсете алады?
— Бұл жоба маған өз көзқарасымды ашық білдіруден қысылмай, шығармашылықта өз ойым мен сезіміме сенуді үйретті. Режиссер ретінде өзіме деген сенімділігімді арттырып, ішкі дүниемде туындаған идеяларды батылырақ жүзеге асыруға үлкен әсер етті деп айта аламын.
Меніңше, бізге сыртқа тым көп қарап, «әлемдік деңгейде болу үшін міндетті түрде әлемге ұқсау керек» деген түсініктен арылу қажет. Өзіміздің мәдениетімізде, күнделікті өмірімізде, ауылымызда, тілімізде, тарихымызда, адамдарымызда әлі де ашылмаған өте көп дүние бар.
Оны заманауи тілде, сапалы визуалмен көрсете алсақ, халықаралық аудиторияға да қызық болуы әбден мүмкін.
География кейде кедергі сияқты көрінеді, бірақ ең үлкен шектеу — адамның өз басындағы «мүмкін емес» деген ой. Әрине, оған талантпен бірге еңбек, кәсібилік, жақсы команда және өз жұмысыңа деген сенім керек.
Сондықтан жас креаторларға айтарым — өз қалаңыздан, өз ортаңыздан, өз тіліңізден бастауға қорықпаңыздар. Үлкен брендтерге апаратын жол міндетті түрде алыстан басталмайды. Кейде ол өз ауылыңнан басталады.