Ayau: «Жалғыздық — қорқынышты нәрсе емес». M’Dee, музыка және өзіңмен үйлесім табу туралы
Редактор Алматова Ажара Ayau-мен музыкадағы жолы, M’Dee-мен бірге жұмысы, R&B жанрындағы жаңа альбомы және халықаралық сахнадағы арманы туралы сөйлесті. Сұхбат барысында әнші «Закрытый клубқа» қалай келгенін, қай әртістермен фит жасағысы келетінін және тыңдармандарының ең алдымен өзін жақсы көруін неге маңызды екенін айтып берді.
Музыкадағы жолыңыз қалай басталды? Алғаш рет бұл өнерге қай жасыңыздан қызыға бастадыңыз?
— Негізінде, кішкентай кезімде музыканы аса қатты жақсы көрмейтінмін. Өйткені көптеген байқауларға қатысқан кезде маған бәрі әділетсіз болып сезілетін. Көп жерде байқауға ақша немесе таныстық арқылы қатысып жеңімпаз болған жағдайлар жиі кездесетін. Сондықтан ол кезде музыканы аса жақсы көрмейтінмін.
Бірақ 15 жасымда алғаш рет Билли Айлиш деген керемет әншінің, менің сүйікті әншімнің әндерін тыңдай бастадым. Маған қызық болғаны — осындай жас бола тұра, өзекті тақырыптарды қозғап, өзінің әндері арқылы мыңдаған адамға танылуы. Шынымды айтсам, бұл мені шабыттандырды.
Сол кезде Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға түсіп жаттым. Оқуға түскеннен кейін, музыкадан білім алған сайын оған деген махаббатым күшейе түсті.
Сонымен қатар, «Неге бізде қазақ тілінде жақсы, сапалы қазақ музыкасы аз?» деген ой келді. Осы ойлардың бәрі қабаттасып, «Қой, онда мен де ән жазып көрейін» деген шешім қабылдадым. Бірақ ешқайда шығармадым, тек диктофонға жазып жүретінмін.
Бір күні M’Dee мені TikTok желісінен байқап, өзінің «Закрытый клуб» лейбліне шақырды.

Байқаулардағы әділетсіздік туралы айтып өттіңіз…
— Иә. Бірақ нақты қандай байқаулар болғаны есімде жоқ. Жарыстарға қатысқан кезде көбінесе біреудің ата-анасы байқауды ұйымдастырып жатқан адамдармен таныс еді немесе ақша беру арқылы өтіп кетіп жататын жағдайлар болды. Ондай нәрселерді өзім де көрдім.
Иә. Негізінен, менің ойымша, ол кішкентай балаларға травма сияқты әсер етуі мүмкін. Сондықтан баланы «көңіліңе алма» деп жұбатқан дұрыс.
Өйткені кейбір ата-аналар бар, баласына қысым көрсетіп, байқауға қатыстырады. Егер баласы жеңіліп қалса, ата-ана мен бала арасында конфликт сияқты түрлі жағдайлар орын алып жатады.
«Закрытый клубқа» қосылғаннан кейін өміріңіз қалай өзгерді? M’Dee сізбен алғаш қалай байланысқа шықты?
— Мен 2022 жылы Ерболат Беделханның JUZ Entertainment-інде тағылымдамадан өттім. Сол жерде бірнеше қыз болды, келіп-кетіп жүрдік. Бірақ уақыт өте келе сырттай менің топқа өтпей қалғанымды естідім.
Сөйтіп қатты ашуланып, бір түні тәуекел етіп, өзімнің авторлық әнімнің бір бөлігін TikTok желісіне сала салдым. Сосын жылаған күйімде ұйықтап қалдым.
Таңертең тұрамын, сабаққа баруым керек. Колледжде оқитынмын, жатақханада тұратынмын. Телефонымды алып қарасам, TikTok-та 150 мың қаралым жиналып қалыпты.
Instagram-ға кірсем, маған біраз адам жазылған. Солардың арасында M’Dee де «жазылу» деген белгімен тұр екен. Сосын оны фейк аккаунт деп ойладым. Бірақ бірнеше рет тексердім.
Бір рет кавер салған кезде ол менің сторисіме жауап берген екен. Сосын үлкен мәтін жазып жіберіпті: «Аяу, сәлеметсіз бе! Мен қазір жаңа лейблға артисттер іздеп жатырмын, лейбл құрғым келеді. Сізді кездесуге шақырсам қалай қарайсыз? Танысып көрсек қалай?» деген сияқты.
Сөйтіп, мен бардым. Ресми костюм киіп алғанмын. Өте салмақты болып отырмын. Ешкімге айтпағанмын: мама да, папа да білмейді.
Сосын бір кезде: «Егер сізге осындай нәрселер қалыпты болса, көңіліңізден шықса, онда бірге жұмыс істеп көрейік. Сіз біздің ең алғашқы артисіміз боласыз. Әндеріңіз ұнайды», — деді.
Мен де «Иә, иә» деп отырдым. Сосын өтірік «ойланамын» дедім де, контрактқа бірден қол қойып тастадым.
Сөйтіп M’Dee-мен бірге жұмыс бастадым.
Өмірім қалай өзгерді десек, әрине, біріншіден, көбірек табыс таба бастадым. Ол кезде тек оркестрде, хорда немесе жеке солист ретінде ән айтатынмын. Өзім ресми түрде жұмыс істеп көрмегенмін.
Сөйтіп өзіме керек нәрселерге өзім жауап бере бастадым, жауапкершілігім көбейді. Сенің әрбір жүріс-тұрысыңды халық талқылайды, халық көреді. Сондықтан қалай болса солай жүруге болмайды.
Кішкентай кезімде әжем: «Өнер жолы — ауыр жол, қыз баласына ауыр», — деп айтатын. Сол ой менің есімде сақталып қалған.
Сондықтан жауапкершілігім көбейді. Сонымен қатар, өзімнің беретін дүниемнің тарихта қалғанын қалаймын деген сияқты ойлар пайда болды.

Қазір қай бағытта дамығыңыз келеді? Музыка жанрында қалай дамығыңыз келеді??
— Мен жақында альбом шығардым. 2000-жылдардың соңынатән R&B жанрында. Әрі қарай да осы жанрда дамығым келеді.
Қанша уақыт екенін айта алмаймын. Ұзақ болмауы да мүмкін, өйткені әр кезде, әр көңілкүйге байланысты жазу стилі де өзгереді. Бірақ өзіме бұрыннан жаныма жақын, сүйіп тыңдайтын және жазатын стилім — R&B.
Әзірше осы стильде жазамыз деп ойлаймын. Әрі қарай LALAGÜL альбомының концепциясын жалғастырамыз.
M’Dee екеуіңіздің музыкалық дуэттеріңіз ерекше. Әндеріңіз бірге қалай туады?
— Мен үйде отырып ән жазамын. Өзімнің кішкентай клавишім бар, соған ән жазамын да, M’Dee-ге жіберемін. M’Dee тыңдайды, кейін студияға жиналып, бірге ән жазамыз.
Бір қызығы, мен M’Dee-ге, мысалы, осындай ән шығарғым келіп тұр деп көрсетсем, ол бірден менің нені, қалай жеткізгім келіп тұрғанын түсініп, алып кетеді.
Басқа продюсерлерге музыкалық техникалық тапсырма бермейтінімнің себебі де осы. Өйткені музыкалық жағынан идеалды коннект бар. Тіпті сөзсіз түсінеміз десек те болады.
Ол маған бір нәрсе жібереді, мен тыңдап: «Иә, осы», — деген сияқты бірден түсінісіп кетеміз.
Әннің қаңқасын көбіне мен жасаймын, ал ары қарай жетілдіріп, күрделендіретін — M’Dee. Және ол ешқашан маған «мына әніңді шығармай-ақ қояйық, мынауың ұнамайды» деген сияқты нәрсе айтқан емес. Әрқашан қолдайды.

Қай әртіспен коллаборация жасауды армандайсыз? Неліктен?
— Билли Айлиш!
Негізінде, көп артист бар. Солардың ішінде Билли Айлиш, Cleo Sol және Brent Faiyaz деген үш адамды айтар едім.
Билли Айлишке келетін болсақ, оның себебін түсіндіргім де келмейді. Жай ғана жақсы көремін! Ол — басқа бір ғаламда сен сияқты, сондай бір сезімі бар адам сияқты.
Ал Cleo Sol — neo-soul стилінде ән айтады және оны көп адам біле бермейді. Бірақ әндері музыкалық тұрғыдан өте сапалы, ән мәтіндері де жоғары деңгейде жазылған. Өзі ана бола тұра, шығармашылығын әрі қарай жалғастырып жүр. Сол кісімен бірге ән жазғым келеді.
Ал Қазақстаннан кіммен коллаборация жасағыңыз келеді?
— Қазақстаннан ең сұлу әйел артисттердің бірі деп те айтуға болады және шығармашылығын жүрегімен сүйетін адам — Жанар Дұғалова. Сол кісімен ән жазғым келеді.
Біз тіпті ол кісіге айтып та көргенбіз, бірақ ол кісі аяғы ауыр болғандықтан, біраз уақыт қабылдай алмады.
Сосын рэптің ханшайымы Еркеликпен жазғым келеді. Өйткені Еркеликтің де қазақ тіліне, қазақ музыкасына деген жанашырлығы қатты ұнайды.
Егер Билли Айлишпен фит болса, ол қандай трек болар еді? Қалай елестетесіз?
— Билли Айлиштің екінші альбомында «I Love You» деген әні бар. Тура сондай етіп жазғым келеді.
Одан кейін қанша ән шығарды, бірақ ол әндердің ешқайсысы менің жүрегімнен дәл сол ән сияқты орын алған жоқ.
Сондықтан сондай бір махаббатқа толы, аранжировкасын аса күрделендірмей, фортепианода орындалатын, бөлмеде жазылғандай қарапайым…

Lo-fi сияқты, демо нұсқа?
— Иә. Тым күрделі емес, қарапайым, фортепианолық.
Музыкадан бөлек, қазір сізге нешабыт береді?
— Саяхаттауды айтуға болады. 23 жасқа келгенде бұл туралы ойлана бастадым.
Оған дейін «маған ақша қайда жетеді…» деген сияқты ойлайтынмын. Бірақ түрлі адамдармен сөйлесіп, олардың ой-пікірлерін ести келе, өзіме де көп нәрсені түсіну, ел көру, өсу, ой-өрісімді кеңейту керек екенін ұқтым.
Сондықтан қазір мені шетелге саяхаттау көбірек шабыттандырады.
Және менің уақытым шектеулі: сабақ оқимын, сосын жұмысқа бару керек. Кішкене миым ашып кетеді. Бір жаққа кетіп қалып, тыныш жерде болғым келеді.
Бірнеше жылдан кейін өзіңізді артист ретінде қалай елестетесіз?
— Нақты «мынандай болғым келеді» деп айтқым келмейді. Өйткені жоспар, өзіндік көзқарас деген нәрселерді алдын ала айтқым келмейді. Оны айтып алғаннан кейін орындалмаса, өзіңнің көңілің қалады.
Сондықтан білмеймін. Бірақ жалпылама тұрғыдан алатын болсақ, тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де көбірек танылып, шетел сахнасында өнер көрсетіп көргім келеді.
Және Грэмми алу!
Көп кішкентай қыздар сізден мотивация алып, сіз сияқты болғысы келеді. Аяудың күнделікті бір күнін сипаттап берсеңіз.
— Таңғы ас ішпеймін, өйткені таңғы ас ішсем, ішім ауырады. Сондықтан аш шығамын.
Бірақ менде мындай әдет бар: барлық заттарымды түнде дайындап қоямын. Таңертең тұрған кезде бәрі алдымда дайын тұруы керек.
Кешігуді жек көремін, сондықтан барынша ерте тұрып, дайындалып қоямын.
Сосын шығамын да, сабағыма барамын. Құрманғазы атындағы консерваторияда оқимын. Сол жерде кешке дейін сабақта отырамын.
Оқудан шығып, тамақ ішемін. Одан кейін үйге барамын немесе қазір Алматыда, білесіздер, кештер өте жоғары деңгейде өтеді. Сондықтан өзім жалғыз серуендеп қайтқанды жақсы көремін.
Адамдарды бақылағанды қатты жақсы көремін. Сол кездеән жазуым да мүмкін. Диктофонға жазып алып, кейін әрі қарай жетілдіремін.
Сосын үйге барамын да, тағы да тамақ ішемін. Тамақ дайындамаймын. Менде ондай жоқ, тамаққа тапсырыс беремін немесе басқа жерлерден тамақтанып аламын.
Үйге келгенде шаршап, фильм көруім мүмкін немесе кітап оқуым мүмкін. Өзімнің көңіл күйіме, қалауымa байланысты.
Ал бұдан жарты жыл бұрын жаттығуға баратынмын, биге баратынмын. Қазір ол нәрсе сәл шектелді, өйткені уақыт жетпей жатыр.
Сонымен қатар, консерваторияда төртінші курстамын, дипломдық жұмысым бар. Уақыт жетпей жатыр.
Негізінде, күнім қатты қызықты өтеді деп айта алмаймын. Мен үшін өзіммен өзім болып, ойланып, жазып жүрген күн — идеал күн.

Соңғы сұрақтардың бірі — «Қайрат» туралы. Үстіңізде клубтың атрибутикасы да бар. Алматыны жақсы көретініңізді айттыңыз. «Қайратқа» деген махаббатыңыз қалай басталды?
— Негізі, өзім кішкентайымнан бір нәрсеге қатты байланып қалатын адаммын. Тұрған жерім болсын, киімім болсын, заттарым болсын — қатты бауыр басып қаламын.
Футболды бұрын түсінбейтінмін: «Не істейді осылар, бір доптың артынан бәрі жүгіріп жүр?» деп ойлайтынмын.
Сосын «Реал Мадридпен» ойнайтын болды, басқа командалармен де ойындар болды. Сол кезде өз елім үшін үлкен мақтаныш сезіндім.
Музыкадан бөлек, спортта да қызықты жаңалықтар болып жатқанын көрдім. Солай футболға бет бұрып, қызыға бастадым.
Маған ол жердегі барлығының ұйымшылдығы ұнады. Бәрі бір мақсат үшін футболға келеді, барлығының қалауы бір. Сол нәрсе маған қатты ұнады. Сөйтіп «Қайраттың» жанкүйері болып кеттім.
Бір рет стадионға бардым, одан кейін өнер көрсеттім. Футболдың атмосферасы қатты ұнады.
Және жігіттердің «ой, қыздар футбол түсінбейді» деген пікірі жынымды келтіреді. Соны әдейі істедім!
Соңғы сұрақ. Болашақтағы әндеріңізді тыңдармандар қандай сезіммен тыңдағанын қалар едіңіз?
— Мен тыңдармандарыма «өзін-өзі жақсы көрсін» деген ойды жеткізгім келеді. Өзін-өзі жақсы көрсін.
Мен өзім бұрыннан жалғыздықтан қорқатынмын, кішкентай кезімнен. Сондықтан оларға айтқым келеді: жалғыздық — қорқынышты нәрсе емес. Ол — қалыпты нәрсе, ол өмірде болады.
Сол кезде оны қорқыныш ретінде қабылдамай, керісінше, өзіңе деген уақыт, өзіңе деген сүйіспеншілік, алға қарай жылжитын уақытың деп қабылдағанын жеткізгім келеді.
Және, әрине, қарым-қатынас туралы көп тақырып қозғаймын. Абьюзивті қарым-қатынас, мысалы. Сондай қарым-қатынастың дұрыс емес екенін жеткізгім келеді.
Ол неден туады? Өзіңді бағаламаудан, жақсы көрмеуден болуы мүмкін. Мен психолог емеспін, оның бірнеше себебі болуы мүмкін.
Бірақ менің де өз өмірімде сондай жағдай болды. Өзіме деген сенімсіздіктен, өзімді басқалармен салыстырудан сондай күйге түскен кезім болды. Өз басымнан өткендіктен, айтқым келеді: ол – дұрыс емес.