Көрерменнің көз жасы фильмнің деңгейін көрсетпейді: Асан Мәжітпен үлкен сұхбат
Қазіргі қазақ киносы мен театрының бел ортасында жүрген актер Асан Мәжіт индустриядағы «саннан сапаға» көшудің маңыздылығын атап өтті. Соңғы үш жылда оның шығармашылығында: «Шам» театрының ашылуы, дубляж саласындағы жұмыстар, ұстаздық қызмет және «37», «Екеуміз жайлы», «Темірлан», «Алдар Көсе» сынды үлкен бетбұрыстар орын алды. Steppe сұхбатында әртіс экрандағы «баяғы таныс бейнелер» мәселесін және қазақ актерлерінің әлемдік нарыққа шығуына кедергі болып тұрған басты факторларды таразыға салды.
Сіз қазір шығармашылық өрлеу кезеңіндесіз. «37», «Екеуміз жайлы», «Темірлан», «Алдар Көсе» сияқты ірі жобалардың бір уақытта шығуы — бұл сіздің жеке кәсіби өсуіңіз бе, әлде отандық индустрияның сапалы контент жасау деңгейіне жеткені ме?
Жалпы қазіргі отандық киноиндустрияны қарасақ та, театр өнерін алсақ та, «қарқынды даму үстінде» дегенді мен жоққа шығара алмаймын. Өзімнің жеке өнер жолымда да мұндай кезеңдер жиі болып тұрады. Соңғы үш жылдықты айтар болсам, ол кезеңдер мен үшін өте жемісті болды. «Шам» театрының ашылуы, «37», «Екеуміз жайлы», «Темірлан», «Алдар Көсе» сияқты ірі жобаларға қатысуым — үлкен тәжірибе. Сонымен қатар, дубляж саласында белсенді жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеуге де уақыт бөле бастадым.

Қазіргі қазақстандық өнер кеңістігінде актер тек рөлді орындаушы емес, үлкен идеяларды жеткізетін «тұлға» деңгейіне толыққанды көтерілді деп айта аламыз ба?
Екінің бірі тұлға бола алмайды. Тұлға — бұл уақытпен, кәсіби өсумен және қоғамда болып жатқан дүниелерге өз көзқарасыңды білдіріп, шешім қабылдай алу қабілетімен келетін деңгей. Мен үшін бұл үнемі ізденісті талап ететін биік. Актерді мен жобаның түпкі мақсатына жетелейтін құрал деп қарастырамын (рычаг). Актерлық ұжымдық жұмыстың ажырамас бөлігі, сондықтан оны сол ортадан бөлек алып қарау қателік болар.
Аудитория тарапынан «неге экранда үнемі бір актерлер жүреді?» деген пікір жиі айтылады. Бұл нәрсені жаңа буынның өскені деп қарастырамыз ба әлде продюсерлердің қалыптасқан есімдерді дайын «инструмент» ретінде пайдалануы ма?
Мен ол сөзді естіп те жүрмін, бұл сөз айтылып та жүр. Негізі біздің индустрия өте кішкентай ғой. Оны ауқымды деп әзірше айта алмаймыз. Еуропамен, Голливудпен, мына отырған көршілес Ресеймен салыстыруға келмейді.

Көрерменнің «неге экранда ылғи бір актерлер жүреді» деген ренішін түсінемін, бірақ бұл жерде мәселе актердің аздығында емес, жүйенің қалыптасуында болып тұр. Режиссерлер мен продюсерлер көбіне өздеріне ыңғайлы, мінезін білетін, түсірілім алаңында сыналған актерлермен жұмыс істегенді жөн көреді. Әр адам өзіне жайлы орта іздейтіні сияқты, олар да тәуекелге барғысы келмейді.
Өкінішке қарай, көптеген жас режиссерлер театрға бармайды. Олар тек көзге түсіп жүрген, таныс актерлерді ғана біледі. Біз өзіміз жобаларда жүргенде «мына актерді көріңіздерші» деп ұсыныс айтсақ та, көбіне олардың кім екенін танымай жатады. Ізденістің аздығынан бір қазанға ылғи баяғы таныс есімдер жинала береді.
Мен өз-өзімді жобаға ұсынбаймын, маған режиссерлер мен продюсерлер хабарласады. Сондықтан бұл мәселе тікелей кастинг директорлары мен режиссерлердің жаңа есімдерді шығаруға деген құлшынысына байланысты дүние. Индустрия өсуі үшін бізге театрға үңілу және батыл тәуекелдер жасау керек.
Жеке шығармашылық жолыңызда «менің бағымды ашты» деп қай кино туындысын және қай театрлық қойылымды ерекше атап өтер едіңіз?
Шығармашылық жолымдағы бағымды ашқан жобалар туралы айтсам, мен өзімді бақытты актермін деп есептеймін. Бірақ бұл бақ маған оңайлықпен немесе ерте келе салған жоқ. Кинодағы бағымды ашқан алғашқы жоба «Вузеры» сериалы болды. Алғашқы маусымнан кейін жоба атып кеткенде, мен гонорарымды көтермей, бастапқы бағада қалатынымды айттым. Осы адалдығымды бағалаған Ақылбек Досжанов ағамыз сценаристерге менің кейіпкерімді алдыңғы планға шығарып, жеке линия жаздыртты. Осы жобадан соң бір жылдың ішінде тоғыз бірдей киножобаға түстім. Бұл мен үшін нағыз ризықты кезең болды.
Ал 2017 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық театрға ешқандай кастингсіз, арнайы шақыртумен келуім — актер ретіндегі үлкен бағым деп білемін. Бұл рөлге дейін де бірнеше театрда Бекежанды сомдап, іштей дайын болған едім.
Бұл екі жоба менің кәсіби тұрғыда қалыптасуыма және халықтың ықыласына бөленуіме жол ашқан ең маңызды белестерім.
Ішкі жан дүниеңізге қайсысы жақын: кино ма, әлде театр ма?
Театр мен киноның айырмашылығы туралы сөз қозғасақ, мен үшін театрдың орны әрдайым биік тұрады. Жасырмаймын, мен театрдағы жұмыстан көбірек ләззат аламын.
Театрдағы дайындық процесі — ештеңеге айырбасталмайтын дүние. Біз театр актерлерін «жанкешті» дейміз, өйткені олар соған барын береді, өмірін арнайды.
Еркебұлан Дайыров екеуміз Әуезов театрында Чеховтың «Дядя Ванясы» бойынша қойылған «Сүйікті менің ағатайым» спектаклінде ойнадық. Спектакль бітіп, шапалақ пен қошемет астында екеуміз сахна артында құшақтасып, еңкілдеп жылағанымыз әлі есімде. «Сонда осының бәрі, айлар бойғы дайындық тек осы бір сәт үшін бе?» деп ойладық. Сол бір сәттік эмоция — театрдың басты құндылығы.

Кинода бәрі басқаша. Онда уақыт тығыз, сондықтан серіктесіңмен үйренісуге, кейіпкерді ашуға репетиция жасалмайды. Мен мұны «37» фильмінде анық байқадым. Біз ол спектакльді үш жыл ойнап барып, кейін киносын түсірдік. Актерлердің бәрі пісіп келгендегі жұмыстың ләззаты мүлде бөлек. Кинода да репетициялық кезеңнің ауадай қажет екенін сонда түсіндім.
Дегенмен, мен киноға мүлде жоқ демеймін. Мен киномен танылдым, кино арқылы халық мені танып, театрдағы спектакльдеріме келе бастады. Сондықтан киноға еш өкпем жоқ.
Бүгінгі режиссерлер мен продюсерлердің жұмысын қалай бағалайсыз? Саннан сапаға көшу процесінде біз қазір қай деңгейде тұрмыз?
Бізде коммерциялық фильмдер мен авторлық кино жақсы дамыған. Бірақ осы екі ортаны жалғайтын, қатты авторлыққа да, арзан коммерцияға да кетпейтін «халықтық» кино жетіспейді. Жандос Айбасовтың «37» фильмін мен осы алтын ортаны тапқан «халықтық» кино деп білемін.
Қазір «сан» кезеңінен өтіп жатырмыз. Кино — бұл бизнес, салған ақшаны шығару үшін оны сатуды да үйрену керек, бірақ сатудың жолы сапаны құрбан ету болмауы тиіс. Көрерменнің талғамын кінәлай бермей, солардың санасын оятатын дұрыс дүние ұсыну — біздің міндетіміз.
Сіздің кәсіби принциптеріңізге мүлде қайшы келетін және «ешқашан келіспес едім» дейтін қандай жобалар бар?
Мен үшін ашық сахналар мен сүйісу көріністері — жабық тақырып. Сондай-ақ, қанша үлкен бюджет ұсынылса да, өз ұстанымыма қайшы келетін дүниелерді жарнамалаудан үзілді-кесілді бас тартамын. Мұның барлығы отбасымнан шыққан нәрсе. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған әке ретінде дұрыс нәрсе дәріптеу — міндетім.
Әлемдік деңгейдегі жобаларға дайын болу үшін өзіңізге қандай талаптар қоясыз? Физикалық, моральдық және кәсіби дайындығыңыздың өлшемі қандай?
Актер үшін «қалыптасу» немесе бір қалыпқа (рамкаға) түсу — кәсіби тоқыраудың бастауы. Біздің кәсіп прогресс болу үшін ізденуді, дамуды, физикалық форманы сақтауды талап етеді. Жасымыз қырқыншы асуға жақындаса да, біз әлі күнге дейін спорт залында шынығып, формамызды жоғалтпауға тырысамыз.
«Темірлан» фильмінің түсірілімінде шетелдік мамандар біздің актерлердің (Еркебұлан мен Мақсат) экшн сахналардағы қимылына таң қалып, оларды кәсіби каскадерлер деп ойлаған. Мен өзім де сол жобада ешқандай арнайы қорғаныссыз, тек тізеқап пен шынтаққап киіп, күрделі қылыштасу мен құлау сахналарын бірден орындап бергенде, американдықтар Amazing! деп таңдай қақты. Бұл ұдайы дайындықтың нәтижесі.
Мен үшін театр — спортшылардың жаттығу әрі татамиі сияқты қасиетті мекен. Театрда жұмыс істеген актер сөзбен де, дене қимылымен де күнделікті жаттығады, сондықтан ол кез келген уақытта түсірілімге дайын тұрады. Бес жылдай театрдан қол үзіп, тек кинода жүрген кезімде формаға келудің қиын екенін түсіндім. Қазір театрда жүргендіктен — мейлі ол экшн немесе ауыр эмоционалды сахна болсын — мен кез келген ауыртпашылыққа сақадай саймын дей аламын. Актер тек физикалық емес, интеллектуалдық тұрғыдан да өсуі керек. Кітап оқып, санамен жұмыс істеуге және үнемі жаңа нәрсені үйренуге тырысамын. Артымыздан талантты бауырларымыз өкшелеп келе жатқаннан кейін оларға үлгі болуың керек.

Бүгінде фильмнің сапасынан бұрын оның маркетиңі бірінші орынға шығып жатқандай. Индустрия ішіндегі маман ретінде осы «маркетиң мен сапа» тепе-теңдігіне көзқарасыңыз қандай?
Маркетиң — заман талабы. Қазір әлеуметтік желі мен инфополе заманы. Егер сен ол жерде жоқ болсаң, сені халық тез ұмытып кетеді. Сондықтан қазір кино түсірсең де, спектакль қойсаң да, маркетиң жобаның ажырамас бөлшегі. Кейде жобаның жарты қаражаты осы салаға жұмсалады, бұл — қалыпты құбылыс. Қазіргі таңда «көрермен жылап шықты» дегенді маркетиңтік құрал ретінде пайдалану тенденцияға айналды. Жылату үшін ғана фильм түсірудің қажеті жоқ, себебі көрерменнің көз жасы фильмнің жоғары деңгейін білдірмейді.
Бұл нәрсеге басқа ракурстан қарау керек. Мәселен, «37» фильмінің бірінші көрсетілімін тұңғыш рет кинотеатрда емес, театрда өткіздік. Бұл — жастардың фантазиясынан туған перформанс және ол кәдімгідей «мәдени культ» ретінде жұмыс істеп кетті.
Ұстазым айтқандай, таланттылар көп, бірақ кәсіби маман болуға ұмтылу керек. Актер — актерлікпен, маркетолог — маркетиңмен кәсіби деңгейде айналысса ғана сапа мен жарнама тепе-теңдігі сақталады.
Қазір театрға, әсіресе жастардың көптеп келуі көз қуантады. Біз әлі де театр мен кино өнерінің даму жолындамыз және сапалы өнім мен сауатты маркетиңті ұштастыра беруіміз қажет.
Кино мен театр көрерменінің талғамы мен өнімге қоятын талаптарында айырмашылық бар ма?
Мойындау керек, бізде театрдан гөрі киноның көрермені көп, киноға бармайтын адам жоқ сияқты. Бірақ бұл театр көрерменінің талғамы төмен немесе талабы аз деген сөз емес.
Өз басым «халық түк түсінбейді» деген пікірмен үзілді-кесілді келіспеймін. Қазіргі жастардың көкірегі ояу, талғамы өте жоғары. Біз облыстарға барғанда жап-жас қарындастарымыз бен бауырларымыздың спектакльді жіліктеп, кәсіби сыншылардан кем түспей талдау жасағанын көріп, таң қаламыз. Олар бәрін түсінеді.
Мен өзімнің өнерден алыс достарымды да театрға шақырып, «рухани дамуды ұмытпаңдар» деп айтып отырамын. Көп жағдайда адамның театрға бармауына алғаш көрген нашар спектаклі себеп болуы мүмкін. Сондықтан біз көрерменнің талғамына сай, сұранысын өтейтін сапалы дүние бере алсақ, театр көрермені еселеніп арта береді.

«Шам» театрының спектакльдеріне келетін халықтың 80%-ы театрға өмірінде алғаш рет келгендер. Олар біз арқылы театр әлемін ашып, кейін Мүсірепов театрына, «Қыз Жібекке» барып жүр. Демек, біз жаңа көрермен қалыптастыру миссиясын дұрыс атқарып жатырмыз.
Соңғы жобаларыңыз — «Екеуміз жайлы» және «Алдар Көсе» фильмдеріне тоқталсаңыз. Бұл туындылар көрерменге не береді және олар қандай месседж іздеп келуі керек?
Бұл туындылардың әрқайсысының мен үшін де, көрермен үшін де маңызы зор.
«Екеуміз жайлы» біздің қоғамдағы өзекті мәселелерді басқа қырынан танытатын қойылым. Спектакльде ажырасу, отбасылық құндылықтар және әке мен бала, ерлі-зайыптылар арасындағы мәміле мәселелерін көтердік
Біз әке мен бала арасындағы сыйластық құрып бара жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Қойылымда Альцгеймермен ауыратын әкесін жуындыратын сахна бар. Ол сахна көрерменді бей-жай қалдырмайды.
«37» бір отбасының тағдырын қозғаса, «Екеуміз жайлы» екі түрлі отбасының тағдырын салыстырмалы түрде көрсетеді. Менің түсінігімде бұл туынды адамдарға өзара қарым-қатынастың ара-жігін ажыратуға көмектесетін қойылым.
Дәурен Серғазиннің «Алдар көсесін» жақсы бір ниеттен туған жоба деп білемін. Қазір бізде балаларға арналған сапалы контент тапшы. «Алдар» — мен өз балаларымды қорықпай, ұялмай апара алатын фильм.
«Темірлан» жобасы арқылы біз шетелдік (Америка, Канада, Англия) мамандармен жұмыс істеп, қазақ актерлерінің кеңістігін кеңейттік. Бұл біздің халықаралық деңгейдегі нарыққа дайын екенімізді көрсетіп берді деп ойлаймын. Бірақ басты кедергі бізде — тіл болып тұр. Сондықтан кейінгі бауырларыма айтарым: әлемдік деңгейге шығыңдар, ол үшін тіл үйреніңдер.

Актер ретінде отандық режиссерлер мен продюсерлерден не күтесіз? Жалпы қазақ киносы мен театры қай бағытқа бет алып барады?
Біз қазір дұрыс жолдамыз деп нық сеніммен айта аламын. Театр болсын, кино болсын, даму процесі тоқтаған жоқ. Менің режиссерлерден күтетінім — батылырақ болу. Біреудің таңған дүниесін істемей, өздерінің ішкі дауысына, өмірлік позициясына сай келетін дүниелерді өмірге әкелсе деймін. Бәрі айналып келгенде ниетке байланысты, ниетіміз түзу болса, жақсы дүниелер міндетті түрде туады.
Шүкір бізде жас актерлер мен режиссерлер өте көп. Бірақ мен осы жастардың бойынан жұмысына, кәсібіне деген немұрайлықты жиі байқаймын. Біз алғаш киноға келгенде суды сұрап ішетін, ешқандай жағдай жасалмаған кезеңдерден өттік. Қазіргі түсірілім алаңдарында жағдай өте жақсы: үйіңнен алып кетеді, тамағың тоқ, киімің бүтін. Осы жайлылық жастарды сәл еркелетіп жіберді ме деп қорқамын. «Бәрі солай болуы керек» деп қабылдап, «мен-мендікті» алға шығарып алмаса екен деген ой ғой менікі.