Неге дәл қазір кітап оқу керек? Раиса Қадырдан темірдей 13 аргумент

Кітап оқу — білім алудың ғана емес, өзін танудың, ойды еркін қалыптастырудың да жолы. Steppe & World баспа үйінің негізін қалаушы, әдебиет пен мәдениетке жанашыр Раиса Қадыр — кейінгі жылдары кітап нарығындағы белсенді тұлғалардың бірі. Біз онымен кітап оқудың шынайы құндылығы, қазіргі оқырманның талғамы, және қазақ тіліндегі баспа ісінің жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Бұл сұхбатта тек баспа әлемінің ішкі механизмімен ғана емес, сонымен бірге, рухани өсімге апаратын жолмен де таныс боласыз.
Кітап — танымдық процестің маңызды құралы
— Қазір қоғамда құндылықтарды бойымызға әртүрлі жерден сіңіреміз. Ол ата-әженің тәрбиесі, әлеуметтік орта, мектеп, медиа, т.б. Осы контексте кітаптың орны қандай деп ойлайсыз? Кітаптан қандай құндылық алуға болады? Сосын ол қандай шығармалар мен авторлардан алынады деп есептейсіз?
Қазір, расымен, адам құндылықты сіңіретін түрлі факторлар бар. Бірақ кітаптың орны ерекше. Өйткені ол жүйелі ойлауға үйретеді. Бала кезден бастап кітап — танымдық процестің маңызды құралы. Мысалы, балаға кішкентай кезінен түрлі аң-құстың, заттардың суретін көрсетеміз — бұл танымның алғашқы сатысы. «Мынау — доп, мынау — аю» деп көрсете отырып, бала әр нәрсенің атын, пішінін ажырата бастайды. Бұл — білімнің іргетасы.
Алғашқыда бала анасымен бірге отырып кітап қарайды, ата-анасын, туыстарын таниды, кейін эмоцияны ажырата бастайды. «Бұл бала жылап тұр, мынау күліп тұр» деген секілді. Яғни кітап ең алдымен танымдық рөл атқарады, сосын эмоциялық интеллектіні дамытады.

— Ал жасы ұлғайған сайын, бала үлкен әдебиетпен қалай танысады?
Біз өзіміз бала кезімізде ертегілер мен хикаяларды тыңдап, оқып жүріп, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты түсінуді үйрендік. Досқа адал болу, жанашырлық, тазалық, қоршаған ортаға деген жауапкершілік — бәрі соның ішінде. Яғни бала кітап арқылы алдымен танымдық білім алады, содан кейін ойлануды үйренеді. Ал ойлану дегеніміз — құндылықты танудың алғашқы қадамы.
Кітап креатив ойлау машығын дамытады
— Қай жанрда жазылған кітаптар нендей құндылықты сіңіреді?
Әдеби шығармалармен қатар танымдық бағыттағы кітаптар да маңызды. Мысалы, қазіргі балаларға арналған физика, математика, тіл үйрететін кітаптар өте көп. Әсіресе технологияға, роботтехникаға, жасанды интеллектке қатысты комикстер мен ойын түріндегі кітаптар шығып жатыр. Олар тек білім беріп қана қоймай, креатив ойлау машығын дамытады. Бұл да үлкен құндылық.
— Кейде ата-аналар «Бала кітап оқымайды» деп шағымданып жатады. Бұл дағдыны қалай қалыптастыру керек деп ойлайсыз?
Кітап оқу — машық. Ол велосипед тебуді үйренген сияқты нәрсе. Алғашқыда қиын болуы мүмкін, бірақ үйреніп кетсе, бала өзі-ақ іздей бастайды. Кітап оқу — жеке адамның өзінің ішкі әлемімен беттесуі. Сол себепті балаға кітапты мәжбүрлеп оқытқаннан гөрі қызықтырған маңызды.
– Қазір ақпарат тым көп. Кітап бұрынғыдай қызығушылықтың жалғыз көзі емес. Бұл нені білдіреді?
Иә, бұрын қызықтың жалғыз көзі кітап болса, қазір экран, ойын, әлеуметтік желі — бәрі бәсекелесіп тұр. Бірақ кітаптың орны ерекше, себебі ол адамды ішкі тыныштыққа, терең ойланып оқуға баулиды. Оқыған мәтінді түсіну, талдау, қорытынды жасау машығын сіңіретіні — кітаптың бас артықшылығы.
Мысалы, ата-аналарымыз Кеңес Одағы құлаған соң, 90 жылдарда Батыстың өркениетті, адам құқығын қорғайтын қоғамын көріп таңғалды. Олар жақсы өмір сүруді армандады. Бірақ соған жету үшін тек сыртқы байлық емес, ішкі мәдениет пен құндылықтар да керек екенін түсінуіміз керек. Кітап соны үйретеді.
Оқи отырыңыз: Алматының ауасы неден уланып жатыр? Ғалыммен ашық сұхбат
Жақсылық пен жамандықты ажыратуға, эмоцияны түсінуге үйренеміз
— 90 жылдары біз көбінесе мексикалық, бразилиялық сериалдарды көріп өстік. Сол кездегі өркениеттің белгілерін сырттай көргенімізбен, құндылықтарын сіңіру жағы ақсап қалған жоқ па?
Иә, расында солай болды. Біз сырттан көрген нәрселерді жақсы өмірдің нышаны деп қабылдадық. Бірақ оның ішіндегі шынайы құндылықтарды — адамның қадірі, құқықтық мәдениет, бір-біріне деген құрметті — өзіміздің менталитетпен сіңіре алмадық. Әдебиет, әсіресе көркем әдебиет осы құндылықтарды беретін ең үлкен құралдардың бірі.
Мысалы, жақсы бір роман оқығанда, ондағы кейіпкерлердің сезімі, бір-біріне деген қарым-қатынасы, құрметі — мұның бәрі оқырманға әсер етеді. Бірақ сол кітапта бар құндылықты жастар өз өмірінде қолдана ала ма? Бұл — үлкен сұрақ. Оның себебі де бар: біздің күнделікті өмірімізде бюрократиялық, материалдық мәселелер басты орында тұр. Күн көріс қамы әдебиеттен алатын рухани құндылықтарды екінші орынға ысырып жібереді.
Әдебиет — тек эстетикалық ләззат емес, ол адамды ойлануға, терең пайымдауға жетелейді. Әдеби кейіпкерлерді талдай отырып, біз өзімізді де, қоғамды да танимыз. Жақсылық пен жамандықты ажыратуға, эмоцияны түсінуге үйренеміз. Бұл әсіресе жасөспірімдер үшін өте маңызды.

— Қазір жастар арасында комикс, графикалық роман, жеңіл жанрлар танымал. Бұл құндылық беру функциясына кедергі келтірмей ме?
Жоқ, кедергі емес. Керісінше, ол — қазіргі заманның тілі. Комикс болсын, фантастика болсын — ол арқылы да құндылық берілуі мүмкін. Тек дұрыс шығарманы таңдай білу керек. Кез келген жанр баланың креатив ойлау машығын дамытып, қалыптастырады.
Қазіргі оқырман еркін
— Кеңес дәуірі мен қазіргі баспа ісін салыстырар болсақ, қандай айырмашылықтар бар?
Кеңес заманында баспа ісі орталықтан басқарылды, цензура болды. Қандай кітап шығатынын, қандай тақырыптарға жол берілетінін — бәрін мемлекет шешетін. Бірақ бұл еркіндік жауапкершілікпен қатар жүруге тиіс. Бүгінде баспа нарығы — коммерциялық сала. Демек, қаржы да, сапа да, мазмұн да баспаның өз қолында.
Ал қазіргі оқырман еркін. Бұл бір жағынан жақсы, себебі әр адам өз қызығушылығына сай әдебиет таба алады. Бірақ екінші жағынан, кейде мазмұнсыз, жеңіл дүниелер көбейіп кетуі мүмкін. Сол үшін де оқырманды тәрбиелеу, талғам қалыптастыру — басты міндет.
Мәселен, Кеңес әдебиетінің өзіндік жүйесі болды. Бірақ соның ішінде де жақсы кітаптар аз болған жоқ. Қазір біз соны талдай отырып, өзіміздің ұлттық әдебиетімізді дамытатын кезеңге жеттік. Қазір қазақ әдебиетінде эксперимент жасап жүрген жас жазушылар бар. Түрлі жанрда, түрлі стильде жазып жатыр. Бұл — әдебиеттің дамуы үшін қажет құбылыс.
— Жастар әдебиетке қаншалықты қызығады деп ойлайсыз?
Қызығушылық бар. Тек ол бұрынғыдай классикаға ғана қызығып қоймайды. Түрлі жанр, бағытқа қызығатын оқырман бар. Біреу манга оқиды, біреу мифологияға қызығады, біреу графикалық романға, біреу тек подкаст пен аудиокітап тыңдайды. Яғни бүгінгі жас оқырман — көптүрлі. Бұл — жақсы нышан. Ең бастысы — олар ойлануға, рефлексия жасауға дайын.
Меніңше, кітап — шектеу емес, ойлау құралы. Тыйым салатын, цензуралайтын кезең артта қалуы керек. Кітап адамның интеллектісін дамытып, дүниеге деген көзқарасын кеңейтеді. Сондықтан әркім өзі оқып, өзі қорытынды жасауы керек. Бүгінде әдебиет те, баспа да — ашық алаң. Қандай тақырыпта жазылса да, бастысы — адамға әсер ететін, ой салатын дүние болуы шарт.
Халықтың кітапқа деген қызығушылығы төмен
— Қазіргі қазақ жастары кітап оқи ма? Сіздің ойыңызша олардың портретін қалай сипаттауға болады? Оқырман арасында қала тұрғындары басым ба, ауыл тұрғындары басым ба?
Олай нақты бөле алмаймыз. Мұның бәрі үйдегі тәрбиеге байланысты. Ата-анасынан көрген тәрбиесі, ұстаздарының ықпалы, адамның ішкі әлемі мен өмірден алатын әсері үлкен рөл ойнайды.
Бүгінгі жастар көбіне өз эмоциясын тани бермейді. «Mindfulness» деген ұғым бар ғой — адамның өз жағдайын, ішкі күйін түсініп, сезіне білуі. Осы қабілетті дамытудың бір жолы — кітап оқу. Кітап адамның ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік береді.
— Қазақстанда жалпы халықтың кітапқа деген көзқарасы қандай деп ойлайсыз?
Өте төмен. Қазіргі қоғамда кітап оқу — басты құндылықтардың қатарында емес. Менің ойымша, халықтың тек 20 пайызы ғана кітап оқиды. Оның себебі – кітап оқу мәдениетінің қалыптаспағандығы. Бізде кітап оқу — күнделікті қажеттілік емес, сирек кездесетін әрекет.
Мұның себебі экономикалық жағдай, күнделікті күйбең тіршілік, сыртқы формаға мән беру, яғни адамдар өзін жақсы жағынан көрсеткісі келеді. Мысалы, үйі қандай, көлігі қандай, киімі қандай — бәрі сыртқы көрініске бағытталған. Мұндай жағдайда рухани дүниеге уақыт пен назар жетпей қалады.

Қазір қандай кітаптар жақсы оқылады?
— Қазақ қоғамы мен мәдениетіне тән қандай ерекшелік бар деп ойлайсыз?
Қазақ — өте қонақжай, еңбекқор халық. Бірақ біз кейде тым еліктегішпіз. Бірнәрсе сәнге айналса, жаппай соған ұмтыламыз. Терең ойлану, ішкі мазмұнға үңілу жағы ақсап жатады. Оның себебі — қазір қазақша әдебиет пен сапалы контент аз. Бұл — үлкен мәселе. Жастар өз тілінде жақсы дүниелерді көбірек көргісі келеді, бірақ ұсыныс аз. Бізде жақсы жазушылар бар, қазіргі заманға сай жазып жүрген таланттар да бар. Бірақ ол кең қолданысқа ене алмай жатыр.
Жастар көркем әдебиетті оқығанды ұнатады. Бірақ бізде кітап оқу мәдениеті көбіне көркем шығармамен ғана шектеліп қалған. Саяси, әлеуметтік, ғылыми кітаптарға деген сұраныс әлі де төмен. Біздің баспадан түрлі бағыттағы кітаптар шығып жатыр. Мысалы, былтыр психология мен өзін-өзі дамытуға қатысты кітаптар жақсы сатылды.
Жастар психологиялық, мотивация беретін кітаптарға көбірек қызығады. Адам оңаша, тыныш жерде отырып оқуы керек. Бұл мазасыз заманда өте қажет нәрсе.
— Қазіргі жастар кітаптан қандай пайда көреді деп ойлайсыз?
Кітаптан нақты пайда табу — әр адамның өзіне байланысты. Біреу шабыт алады, біреу эмоциясын реттейді, біреу ойлануды үйренеді. Кітап — адамды байытады. Ол өмір сүруді, қызығушылықпен өмір сүруді үйретеді. Ойлануға мүмкіндік береді. Эмоциясын игеру, өзгеше сезіне білу қабілетін қалыптастырады.
Әдебиет — адамның ішкі әлеміне терең бойлайтын құрал. Ол — ойлануға, рефлексия жасауға мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе.
— Сұхбатыңызға алғыс!
Оқи отырыңыз: Құрттың қандай түрлері болады және оны қалай жасау керек?
Раиса Қадырдан қысқаша 13 аргумент:
1. Кітап жүйелі ойлауды үйретеді.
Балалық шақтан бастап кітап оқу адамның ойлау қабілетін қалыптастырады.
2. Кітап — танымдық процестің негізі.
Баланы қоршаған ортамен таныстырып, білімнің іргетасын қалайды.
3. Эмоциялық интеллектіні дамытады.
Сезімді тану, түсіну арқылы баланың эмоционалдық дамуына әсер етеді.
4. Қоғамдық құндылықтарды сіңіруге көмектеседі.
Мысалы: адалдық, жауапкершілік, жанашырлық, т.б.
5. Кітап ойлануды үйретеді.
Ойлану арқылы адам құндылықты тануға бет бұрады.
6. Креатив ойлауды дамытады.
Технология мен ойын элементтері бар кітаптар баланың шығармашылығын дамытады.
7. Ішкі әлемімен беттестіреді.
Кітап оқу — адамның өз-өзімен терең қарым-қатынас орнатуы.
8. Терең талдау мен қорытынды жасау қабілетін арттырады.
Мәтінді түсіну, оны саралау қабілеті дамиды.
9. Ішкі тыныштық сыйлайды.
Мазасыз заманда кітап оқу — тыныштық пен жинақталудың амалы.
10. Жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйретеді.
Әдеби кейіпкерлер арқылы моральдық бағдар береді.
11. Эмоцияны тануға, түсінуге көмектеседі.
Адамның сезім әлемін тереңірек түсінуге жол ашады.
12. Ойлануға мүмкіндік береді.
Кітап оқу — рефлексияның, ішкі анализдің құралы.
13. Өмір сүрудің қызық тәсілін ұсынады.
Адамға рухани байлық беріп, өмірді мәнді ете түседі.
Қазір оқыңыз: Қалыпты таңдаудан бас тартқан мамандық иелері: өз мансап жолын қалай табуға болады
Подпишитесь на рассылку
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном
(без спама, обещаем 😉)