Қазақстанда такси жүргізушілері балалар орындығын ұсынуға міндетті ме?

Қазақстанда балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету — көлік жүргізушілері мен ата-аналар үшін маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе такси қызметін жиі пайдаланатын отбасылар «жолда баланы қалай қауіпсіз тасымалдау керек?» деген сұраққа жиі тап болады. STEPPE Қазақстандағы заңнама аясында такси жүргізушілері балалар орындығын ұсынуға міндетті ме, жоқ па — осыны талдайды.
Заң 10 жыл бұрын шыққан
2015 жылы Қазақстанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «автокресло туралы заң» күшіне енді. 10 жыл өткеннен кейін, 2025 жылы Қазақстанда жолаушыларды, соның ішінде балаларды автокреслосыз дұрыс тасымалдамау үшін салынатын айыппұл мөлшері — 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 19 660 теңге (2025 жылғы мөлшер бойынша).
Алайда бұл заңның іске асырылуы бірқатар қиындықтарға тап болды. Оған заңдағы тұжырымдардың нақтыланбауы мен талаптарды орындауға қажетті жағдайлардың болмауы себеп.
Сондай-ақ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ӘҚБтК) сәйкес, бұл құқықбұзушылық 593-баптың құрамына кіретіндіктен, балаларды дұрыс тасымалдамауға қатысты нақты заңбұзушылықтар саны бойынша жеке статистика ұсыну мүмкін емес.
ҚР ІІМ мәліметінше, балаларға арналған ұстау құрылғылары (БҰҚ) автомобильде сапар кезінде баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кенет тежелу немесе апат жағдайында жарақат алу қаупін азайтады. БҰҚ пайдалану жол қозғалысы ережелерімен реттеледі және баланың жасына, салмағына және бойына байланысты.
Қауіпсіздік құралдары қандай?
Ұстау құрылғыларының негізгі түрлері:
— Автолюлька — жаңа туған нәрестелер мен 1 жасқа дейінгі сәбилерге арналған (0 және 0+ топтары).
— Автокресло — 1 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған (1, 2 және 3-топтары).
— Бустер — үлкенірек балаларға арналған, автомобильдің қауіпсіздік белдігін дұрыс бекітуге мүмкіндік береді.
Пайдалану ережелері:
— Құрылғы баланың салмағы мен бойына сәйкес болуы керек.
— БҰҚ қауіпсіздік белдіктерімен немесе ISOFIX жүйесімен сенімді бекітілуі керек.
— Бала кресло ішінде белдіктермен бекітілуі керек.
— 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы құрылғысыз алдыңғы орындықта тасымалдауға болмайды.
— Автокресло қауіпсіздік стандарттарына (ECE R44/04 немесе i-Size R129) сәйкес болуы керек.
Балалар орындығы туралы заң не дейді?
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, 12 жасқа дейінгі балаларды көлікте арнайы балаларға арналған ұстап тұру құрылғыларымен (яғни, автокресло немесе бустер) тасымалдау міндетті. Бұл талап жүргізушіге — яғни, көлік иесіне жүктеледі.
Бірақ бұл талап такси жүргізушілеріне қатысты қалай қолданылады?
Редакция сауалына берген жауабында Алматы қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция басқармасы басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаев такси қызметтеріне 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы құралдарсыз тасымалдауға тыйым салынатынын айтты.
«Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, көлік жүргізушісіне 12 жасқа дейінгі балаларды тасымалдауға тыйым салынады. Балаларды көлікке отырғызу үшін көлік құралы жобасында қарастырылған қауіпсіздік белдіктерін пайдалана отырып, баланы ұстап тұратын құрылғылар немесе басқа құралдар болуы керек. Такси қызметтері, яғни такси жүргізушісі жауапкершілікке тартылады» — деп жауап берді Ноғайбаев.
Такси жүргізушілері міндетті ме?
Қазіргі таңда Қазақстанда такси жүргізушілері үшін балалар орындығын ұсыну — заң жүзінде міндетті емес. Яғни, такси қызметтері жолаушыларға балалар орындығын беру міндетін өз мойнына алмаса, олар заңды бұзды деп саналмайды.
Дегенмен, көлікте кішкентай бала болса, заңға сәйкес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті ата-анада немесе баламен бірге отырған ересекте болады.
Ал такси жүргізушісінде баланы бекітетін арнайы құрал (балалар креслосы, бустер) болмаса, онда ол жолаушыны тасымалдаудан бас тартуға міндетті — себебі тасымалдау заңбұзушылыққа әкеледі. Сондықтан балалы ата-ана бұл мәселені алдын ала ескеріп, заңбұзушылықтың алдын алу үшін балалар орындығы бар сервис ұсынатын такси қызметтеріне жүгінуі керек. Осы мақсатта такси қызметтерінде «Балала креслосы» қызметін басқа (қымбатырақ) тарифпен алуға міндетті.
Такси шақырғанда не істеу керек?
Егер сіз такси қызметін пайдаланып, өзіңізбен бірге кішкентай баланы алып шығатын болсаңыз, бірнеше нұсқа бар:
- Кейбір такси қосымшаларында (мысалы, Yandex Go, InDriver) «балалар орындығы қажет» деген арнайы опция бар. Бұл қызмет ақылы болуы мүмкін.
- Балалар орындығын өзіңізбен бірге алып жүру — ең сенімді әдіс, әсіресе егер балаңызбен жиі саяхаттасаңыз.
- Бала 12 жасқа толмаса да, бойы мен салмағына сай қауіпсіздік белдігін дұрыс тағып отыра алатын болса, бустер қолдануға болады.
Бұл неге маңызды?
2024 жыл алаңдатарлық антирекордпен есте қалды: ел бойынша балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 8,5 мыңнан асты. Ең қорқыныштысы — апаттардың саны емес, зардап шеккен кішкентай қазақстандықтардың күрт көбеюі. Бұл көрсеткіш бірден 133,7%-ға артқан. Егер 2023 жылы ЖКО-дан 4 342 бала зардап шексе, 2024 жылы бұл сан 10 149-ға жеткен. Бұл Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі.
Сондай-ақ балалар өліміне қатысты дерек келтірер болсақ, 328 бала жолда қаза тапқан. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Бұл сандар — жай ғана статистика емес, ондаған отбасының қайғысы мен азабы жатыр. Балаларды қорғауға бағытталған қазіргі шаралардың жеткіліксіз екенін айқын көрсететін дабыл да осы. Алайда бұл статистикада жол-көлік оқиғасы кезінде балалар көлікте отырмаған жағдайлар да барын ескерте кетейік.
Оқи отырыңыз: Құрттың қандай түрлері болады және оны қалай жасау керек?
Подпишитесь на рассылку
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном
(без спама, обещаем 😉)