Музыка индустриясындағы құқықтық дауларды заңгер Сәния Сұлтановамен бірге талқылаймыз

11 минут Айдана Курмангалиева
Музыка индустриясындағы құқықтық дауларды заңгер Сәния Сұлтановамен бірге талқылаймыз

Сәния Сұлтанова – авторлық құқық мәселелеріне маманданған, зияткерлік меншік саласының заңгері. Сәния Batyr Lab музыкалық резиденциясының спикері және құқық саласындағы сарапшысы, сондай-ақ of note білім беру жобасының бірлескен негіз қалаушысы болып табылады. Осы бастамалардың көмегімен ол креативті индустрия өкілдеріне құқықтық сауаттылығын жоғарылатуға көмектеседі.

Batyr Lab жобасы шеңберінде Сәния жаңадан бастаған музыканттармен бірге авторлық және сабақтас құқықтар мәселелерін зерделеп, музыка индустриясында заң мен құқықтың қалай жұмыс істейтінін айтып берді.

Жаңа материалымызда біз халықаралық деңгейдегі құқық саласындағы бірнеше кейсті талдап, Қазақстан заңнамасымен салыстырдық, сондай-ақ жаңадан бастаған креаторларға пайдалы кеңестерді жинадық.


Сэмпл және интерполяция

Трек жасау кезінде, мысалы, сэмплдеу және интерполяция үдерісінде музыканттар көп жағдайда бұрыннан бар музыкамен әрекеттеседі. Бұл орайда кез келген трек авторлық және сабақтас құқықтармен қорғалатын бірнеше зияткерлік меншік объектісі екенін түсіну маңызды.

Музыкадағы негізгі объектілер – бұл музыкалық шығарма, оның орындалуы және фонограммасы. Әр объектіге қатысты белгілі бір құқықтар спектрі және нақты авторлық құқық иесі бар. Қорғалатын объектілерді пайдалану – соның ішінде сэмплдеу және интерполяциялау үшін – оның құқық иелерінен тиісті түрде пайдалануға рұқсат алу қажет.

razbiraem-pravovye-spory-v-muzykalnoj-industrii-s-juristom-saniej-sultanovoj-thesteppe-1-3
Фотограф: Chingiz Gumarov

Музыканттар сэмплдеу үдерісінде бар тректердің фрагменттерін өздерінің тректеріне қосу үшін пайдаланған кезде, олар зияткерлік меншіктің бірнеше объектісімен әрекеттеседі. Іс жүзінде бұл музыканттар үлгі-сэмпл ретінде пайдалану үшін әр объектінің авторлық құқық иелерімен келісуі керек дегенді білдіреді.

Интерполяция жасағанда, яғни музыканттар бұрыннан бар композиция партитурасын өз мәнерімен орындап, оны өзінің трекіне қосатын кезде, ол музыкалық шығармамен ғана әрекеттеседі, яғни сэмплдеу кезіндегідей фонограммамен әрекеттесу жоқ. Бірақ қағида өзгеріссіз қалады – музыкалық туындыны интерполяция мақсатында пайдалануға оның авторларынан рұқсат алу қажет.

Сэмпл немесе интерполяция пайдаланылған іс жүзіндегі жағдайлар туралы айту маңызды. Әсіресе, авторлық құқық иелерінен рұқсат алынбаған кейстер туралы. Мұндай кейстер тиісті рұқсатты ресімдеп алудың неліктен қажет екендігінің жақсы мысалы болады және одан әрі музыка индустриясында материалдарды заңға сай пайдалануға ықпал етеді.

Queen рок-тобы, әнші Дэвид Боуи және американдық рэпер Vanilla Ice кейсі

Сіз Queen рок-тобы мен әнші Дэвид Боуи бірлесіп орындаған «Under Pressure» әнін естіген шығарсыз. Бұл ән олардың отаны Британияның синглдар чартында бірінші орынға көтеріліп, Queen үшін екінші рет нөмірі бірінші хит және Боуи үшін үшінші рет хит болды. Атап өтетіні, Queen мен Боуи тек орындаушылар ғана емес, әннің тең авторлары да.

Әннің бір бөлігін американдық рэпер Vanilla Ice 1990 жылы өзінің «Ice Ice Baby» синглында сэмпл ретінде пайдаланды. Vanilla Ice және оның командасы әннің авторлық құқық иелерінен сэмплді пайдалануға рұқсат алмаған. Сонымен қатар Queen мен Боуи сэмплдің тең авторлары және орындаушылары ретінде көрсетілген жоқ.

Бұл жағдай авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуы туралы дауға әкеп соқты. Queen мен Боуи өкілдері музыкалық туынды мен фонограмманы заңсыз пайдаланғаны туралы Vanilla Ice-ке қарсы кінәрат-шағым түсірді. Дау соттан тыс реттелді. Біз істің егжей-тегжейін және қандай уағдаластық жасалғанын білмейміз, бірақ нәтижесінде Дэвид Боуи мен Queen рок-тобының мүшелері сэмплдің тең авторлары мен орындаушылары ретінде көрсетіледі және трек бойынша түскен табыстан роялти алады.

Дауды соттан тыс реттеуге Vanilla Ice өкілдері бастамашы болуы мүмкін, өйткені бұл кейсте сэмпл ретінде пайдаланылған бас-гитара орындайтын желі өте анық естіледі, сондықтан бұзушылық болғаныны анық байқалады. Жалпы, кез келген сот ісін жүргізу қаржылық және эмоциялық болсын, айтарлықтай көп ресурсты қажет етеді.

Бұл кейс барлық музыканттар үшін маңызды, өйткені онда авторлық және сабақтас құқықтармен қорғалатын объектілерді пайдалану қағидаларына баса назар аударылады. Сэмплдеу – бұл тректің негізіне алынатын музыкалық туындымен ғана емес, сондай-ақ оның орындалуының жазбасымен де әрекеттесу, демек, бұл кезде әртүрлі авторлық құқық иелерінен рұқсат алу мәселесі туады.

Сэмплдеу кезінде дәл сенің трекің пайдаланылғанын қалай дәлелдеуге болады?

Егер іс сотқа жетсе, онда авторлық құқық иесі сэмплдің және өзі жасаған тректің арасындағы ұқсастықты растайтын дәлелдемесін ұсынады. Сондай-ақ құқық бұзушы тараптың түпнұсқа тректі пайдаланғанын бақылап көрсететін дәлелдемелерді жинауға болады.

Сот талқылауы шеңберінде сэмплдің түпнұсқа трекпен ұқсастығын анықтау үшін түпнұсқа және құқық бұзушы объектілердің арасында тәуелсіз салыстырмалы талдау жүргізу үшін сот осы саланың маманын қосымша шақыруы мүмкін.

Қазіргі кезде тректегі сэмплді айырып тани алатын көп технология бар.

Мұндай алгоритмдерді стриминг платформалары пайдаланады – жүктеу үдерісінде жаңа тректер қорғалатын объектілердің пайдаланылуы жағынан сканерленеді және бұзушылық анықталған жағдайда бұғатталады. Мұндай технологиялардың тағы бір белгілі мысалы – YouTube арнасына жүктеп салған кезде жаңа бейнероликтер өңделеді, оның барысында алгоритм объектіні сканерлейді және бұзушылықтарды жарық түсіріп көрсетеді. Мұның барлығы авторлық құқық иелерін жақсырақ қорғауға көмектеседі.

Мұндай жағдайлардың шетелде және Қазақстанда реттелуінің қандай айырмашылығы бар?

Әр елдің өз юрисдикциясы бар және онда музыка индустриясы өзіндік ерекше жолмен реттеледі. Авторлық және сабақтас құқық саласында құқықты қорғау тәсілдемесін үйлестіруге бағытталған халықаралық конвенциялар қолданылады. Бұл конвенциялар сонымен қатар бір елде жасалған туындылар бүкіл әлемде танылып, қорғалуы үшін тиісті келісімдерге қол қойған мемлекеттер аумағында объектілерді халықаралық қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылады.

Авторлық және сабақтас құқық объектілері белгілі бір мерзім ішінде қорғалатын және оларды қажетті рұқсат алмастан пайдалану бұзушылық болып табылатын жалпы логика барлық жерде бірдей сақталады. Ал нақты процестер туралы айтқанда, айырмашылық пайда болады. Бұл негізгі анықтамалардың тұжырымдалуына, шарттарды ресімдеу және жасасу процедурасына, сондай-ақ сот талқылауына қатысты болуы мүмкін.

Қазақстанның өз заңнамасы бар екеніне қарамастан, қазақстандық музыканттар әрқашан шетелдік және халықаралық кейстерден сабақ ала алады. Мысалы, Дэвид Боуи, Queen және Vanilla Ice кейсі сэмплдерді пайдалану қағидаларын, ал Стинг пен Juice WRLD кейсі интерполяция ережесін анық көрсетеді.

Juice WRLD және Стинг кейсі
Американдық рэпер Juice WRLD шығарған «Lucid Dreams» атты тректе интерполяция бар – тректің инструменталы Стингтің «Shape of My Heart» әніне негізделген. Бастапқыда трек «Shape of My Heart» әнінің негізіндегі музыкалық туындыны пайдалануға рұқсат алынбастан SoundCloud желісінде жарияланған. Бірақ тректің және Juice WRLD өзінің танымалдылы артқан сайын, трек стриминг платформаларында жеке сингл ретінде шығарылды.

Осылайша рұқсат алмастан пайдалану авторлық құқықпен қорғалған объектіге құқықты бұзушылық болды. Стинг өкілдері Juice WRLD тарапына кінарат-талап қойды. Дау соттан тыс шешіліп, Стинг интерполяция кезінде пайдаланылған музыкалық туындының бір бөлігінің авторы ретінде көрсетілді. Juice WRLD командасының түсіндірмесінен Стинг тректен келетін табыстың 85%-ын алатынын білеміз.

Музыка индустриясының өкілдері, соның ішінде Қазақстандағы біздер үшін бұл кейс осындай даулардың қалай шешілетінінің жарқын мысалы. Әлбетте, дауды реттеудің нақты аспектілері және соттардың тәсілдемесі әр елде ерекше, бірақ шетелдік және халықаралық кейстерді зерделеу музыканттар музыка жасау кезінде тап болуы мүмкін процестер мен қиындықтарды түсіну үшін маңызды.

Қазақстанда құқық бұзуға қатысты кейс көп, бірақ олар көбінесе сотқа, тіпті қоғамдық талқылау сатысына да жетпейді.

Іс жүзінде қажетті шарттар мен құжаттама көбіне-көп жасалмайды, сондықтан бұзушылық дерегін дәлелдеу қиынға соғады. Қазақстанда ірі кейстер жоқ болғандықтан, біз соттардың әртүрлі істерді қарауының логикасын түсіну және кез келген жағдайда біліп жүру үшін басқа елдер мен юрисдикциялардың тәжірибесін зерделейміз.

Сотта талқылау процесі қандай кезеңдерден тұрады?

Барлығы сотқа жүгінуге дайындық кезеңінен басталады. Бұл кезеңде авторлық құқық иесі өз позициясын әзірлеу және тәуекелдерді бағалау үшін тәжірибесі бар заңгермен кеңеседі, сондай-ақ дәлелдеме базасын шоғырландырады. Барлық қажетті құжаттар мен дәлелдемелерді жинап, талап арыздың жеткілікті дәрежеде күшті екеніне көз жеткізу маңызды. Мерзіміне келсек, барлығының өз ерекшелігі бар – дайындық кейстің күрделілігіне қарай бірнеше айдан бастап бір жылға дейін созылуы мүмкін.

Одан кейін сотқа талап арыз беріледі. Бірінші сатыдағы сот талқылауы әдетте үш айға жалғасады. Шешім шығарылғаннан кейін тараптардың оған апелляция тәртібімен шағымдануға мүмкіндігі бар. Азаматтық заңнамада нақты мерзім бар – апелляциялық шағым беру үшін бір ай белгіленген. Апелляциялық сатыда қарауға әдетте екі ай уақыт кетеді.

Егер тарап істі апелляциялық сатыда қараудың нәтижесіне қанағаттанбаса, қаулыға алты ай ішінде кассациялық тәртіппен шағым беруге болады. Содан кейін Жоғарғы сот істі қараудың қажет, не қажет емес екенін шешеді. Бүкіл процесс істің ауқымы мен күрделілігіне байланысты бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге жалғасуы мүмкін.

Заңнама немесе мемлекет тарапынан процестерді жақсарту бойынша ұсыныстарыңыз бар ма? Немесе, сіздің ойыңызша, біздің жүйеміз айтарлықтай икемді және пәрменді ме?

Менің ойымша, қолданыстағы заңнамада негізгі тетіктер қарастырылған. Объектілер және оларды қорғау өлшемшарттары, құқық табыстауды ресімдеу тәртібі, сондай-ақ аяқасты етілген құқықты қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігі анықталған.

Бірақ бірқатар саланы – әсіресе, технологиялар саласын реттеу әлі қалыптасу кезеңінде тұр. Технологиялар әрқашанда оны реттеу тетігінен ілгері тұрады, бұл қалыпты жағдай. Олар дамыған сайын құқық саласы да біртіндеп жағдайға бейімделіп, жаңа мәселелерді қамтиды.

Айта кетерлігі, зияткерлік меншік мәселелеріне маманданған судьялар әзірге соншалық көп емес. Бірақ оң үрдіс те бар – даулар санының аздығына қарамастан, судьялар біліктілігін арттыруға ұмтылып жатыр. Судьялар авторлық және сабақтас құқыққа байланысты істеріне жақсырақ дайын болу үшін семинарларға қатысады.

Технологиялардың дамуы музыка саласына қатты әсер етеді. Алдағы 5-10 жылда музыка индустриясының құқықтық жағы қалай дамиды?

Жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалануды реттеу біртіндеп дамытылуда. Жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану жағы әзірге заңнамамен реттелмеген, бірақ бұл бағыттағы жұмыс белсенді жүргізілуде, жақын арада өзгерісті де көреміз.

Қазіргі уақытта мемлекет елімізде технологияларды дамыту үдерісін шектемеу мақсатымен «алдымен технология, содан кейін реттеу» стратегиясын ұстанады.

Құқықтық саясат тұжырымдамасында ЖИ пен роботтардан келуі ықтимал зиян үшін жауапкершілікті бөлу мәселелерін реттеу, сондай-ақ ЖИ қатысуымен жасалған туындыларға құқықтың тиесілігін анықтау қажеттігі баса көрсетіледі.

Мамандандырылған реттеу әзірге болмай отырған қазіргі кезде қолданыстағы заңнаманы, әсіресе зияткерлік меншік құқығы саласындағы заңнаманы ұстану керек. Музыка жасау үдерісінде ЖИ пайдалану мәселесіне қатысты Batyr Lab командасы қызықты өтініш білдіріп, әріптестер бұл мәселені резиденцияға қатысушылармен құқықтық тұрғыдан талқылауды сұрады.

Batyr Lab шеңберіндегі оқу қалай өтті?

Batyr Lab шеңберінде біздің мақсатымыз негізгі құқықтық мәселелерді қамту және жаңадан бастаған музыканттарға түсінікті түрде талдау болды. Қатысушылармен әрекеттестігіміз мына жолмен ұйымдастырылды – дәріс оқылып, тәжірибелік сессиялар өткізілді, ал содан кейін талқылауға уақыт бөлінді.

Фотограф: Chingiz Gumarov

Оқудың бірінші блогы авторлық және сабақтас құқықтарға арналды. Біз музыка жасау кезінде қандай объектілер пайда болатынын, объектілердің қандай нақты құқықпен қорғалатынын, оның қанша уақыт күшінде болатынын талқыладық. Сондай-ақ іс жүзінде ненің жасалғанын және қандай объектіге жататынын анықтауға тырыстық.

Содан соң шарттарды қарастырдық – музыка индустриясында әдетте қандай шарттар жасалатынын зерделедік. Осы блоктың шеңберінде бізде практикалық сессия өтті, онда қатысушылар лицензиялық шарттың екі нұсқасын – қатесі бар және қатесі жоқ нұсқасын талдады. Бұл қатысушылардың құқық объектісін пайдалануға құқық берудің қалай дұрыс тұжырымдалатынын және шарт ресімдеу кезінде не нәрсеге назар аудару керектігін түсінуіне көмектесті.

Фотограф: Chingiz Gumarov

Соңғы блок музыка жасаудың тәжірибелік аспектілеріне – кавер жасауға, сэмпл және интерполяцияны, сондай-ақ жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты болды. Біз нақты мысалдарды, соның ішінде фильмдер мен бейне ойындардағы дыбыс сэмплдері бар тректерді талқыладық. Сондай-ақ авторлық және сабақтас құқық қорғалатын ауқымнан тыс қоғамның игілігіндегі туындылар мен дыбыстарды еркін пайдалану мүмкіндігін қарастырдық.

Фотограф: Chingiz Gumarov

Талқылау айтарлықтай оңай өтті, қатысушылардың, әсіресе, музыка индустриясында бірнеше жыл жұмыс істеп жүргендердің сұрағы көп болды. Біз әртүрлі жағдайларды, соның ішінде қатысушылардың өздері жұмысында тап болған кейстерді талқыладық.

Жаңадан бастаған музыканттарға кеңес

1. Қорықпау және құқықтық мәселенің басын ашып алуға тырысу керек.

Құқықтану көбіне-көп тым қиын болып көрінеді, бірақ шындығында қорқатын ештеңе жоқ. Құқықтық мәселелерді түсіне білу музыканттың және жалпы кез келген креативті кәсіпқойдың мансабының барлық кезеңінде маңызды. Мамандығыңыздың құқықтық аспектілерін неғұрлым жақсы біліп-түсінсеңіз, іс жүзінде мүддеңізді соғұрлым тиімді қорғайтын боласыз.

2. Baby steps қағидасы.

Барлық құқықтық мәселені бір ай, тіпті бір жылдың ішінде анықтап алу мүмкін емес. Шағын нәрседен бастап, біртіндеп біліміңізді тереңдете беріңіз. Авторлық және сабақтас құқық негіздерінен бастауға – сонда туындыларыңыздың қалай қорғалатын түсініп алуға – содан кейін жасалатын шарттарды зерделеуге көшуге болады.

Құқықтық сауатты арттыру – уақытты қажет ететін процесс. Бірте-бірте сізге музыка индустриясындағы құқықтық мәселелердің басын ашу оңайырақ болады.

Бір жерден, мысалы, мемлекеттен тегін көмек немесе консультация алуға болады ма?

Кейбір заңгерлер мен заң компаниялары ақысыз алдын ала консультация береді, бірақ бұл көбінесе жалпы мәселелерге қатысты. Музыка индустриясындағы құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу үшін зияткерлік меншік мәселелеріне және музыка индустриясындағы шарттарға маманданған, тәжірибесі бар заңгерлерге жүгінген дұрыс. Консультация мен көмектің жеңілдікпен немесе pro bono негізінде берілу мүмкіндігі осындай қызмет көрсететін заңгерлерге байланысты болады.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Подборка ко Дню независимости: что смотреть, читать и слушать

Подборка ко Дню независимости: что смотреть, читать и слушать

В преддверии Дня независимости собрали подборку, которая поможет погрузиться в культуру и историю страны через книги, фильмы и...

2 минуты
2 минуты
Efes Art Space представил первую выставку «JUMBAQ-Aitys: современное казахстанское искусство» в Стамбуле
Партнерский

Efes Art Space представил первую выставку «JUMBAQ-Aitys: современное казахстанское искусство» в Стамбуле

11 ноября в культурном пространстве Metrohan в Стамбуле торжественно открылась выставка «JUMBAQ-Aitys: современное...

7 минут
7 минут
Гид по профессии: кто такие IT-аналитики и чем они занимаются

Гид по профессии: кто такие IT-аналитики и чем они занимаются

Если вы задумывались, как появляются новые цифровые продукты и сервисы и кто за ними стоит, самое время разобраться в том, кто...

3 минуты
3 минуты
The Sims и культурный след: как игра сформировала ценности и мечты поколений

The Sims и культурный след: как игра сформировала ценности и мечты поколений

The Sims, пожалуй, одна из немногих видеоигр, которая не только изменила индустрию, но и стала мощным культурным феноменом,...

8 минут
8 минут