Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді
Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...
Симова Бибажар Иманбекқызы — әйгілі қолөнерші, Қазақстанның қолөнершілер мен суретшілер Одағының мүшесі, доцент, «Хас шебер» атағының иесі. Кейіпкерімізге қолөнер кәсібі әжесінен дарып, өмірінен ерекше орын алған. Жас кезінен бастаған еңбегінің арқасында ел көріп, біраз жетістікке жеткен. Елу жылға жуық жоғары оқу орынында сабақ беріп, студенттерге қазіргі дейін дәріс оқып жүр.
— Бибажар Иманбекқызы, өзіңіз туралы айтып берсеңіз, қай жердің тумасысыз, тоқыма өнеріне қалай келдіңіз?
Мен Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Балаби ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдағы мектепті бітірдім. Бала кезімнен Күлән апамның қасында жүріп, қазақтың ұршық иіру, тігіс тігу, алаша, бау, басқұр, киіз басу, түкті, тықыр кілем тоқу сияқты өнерлерін үйрендім. Мектепте айналысқан сүйікті ісімді университетте дамыттым. Төрде тұрған кілем (төрде ілініп тұрған кілемді көрсетіп) менің бойтұмарым, онымен бірге бірнеше көрмеге қатысып, Шымкентте, Алматыда бірінші орын алғанмын. Оған қоса, Ғани Иляевтің басшылығымен Мәскеуге барып, ВДНХ-да осы кілеммен (Выставка достижений народного хозяйства) медаль алып қайттым.
Қолөнермен айналысуды ешуақытта тоқтатқан емеспін. Сабағыммен қатар алып жүрдім. Өз киімімді өзім тігіп, тоқыма тоқып, қазақтың киіз үйінің ішкі бөлшектерін қалай жасау керегін студенттерге үйреттім. Университеттің практикалық сабақтарында өз білгенімді қағаз бетіне түсіріп, студенттерге үйретіп келдім. Кеңес уақытында бұл өнерді ешкім керек қылмағанымен, өзім үшін бойыма бар білгенімді сақтап жүрдім. Қазақтың ұлттық өнері ешуақытта өшпейтініне сеніп, түптің түбінде бір жетістікке жететініме сендім.
Егемендік алғаннан кейін еліміздің түрлі аймағынан шыққан шеберлердің бастамасымен 2012 жылы Қазақстанның қолөнершілер одағы құрылды. Одақтың төрағасы, Айжан Бекқұлованың арқасында Қазақстанның түкпір-түкпіріне, шет елдерге де танымал болдық. Олардың ішінде Индия, Вьетнам, Америка құрама штаттары бар. Басты жетістіктің бірі — 2017-ші жылы алған «Хас шебер» атағы. Байқауға бұдан да бөлек көп мадақтау бар. Бұл мадақтаулар болмаған күнде де, мен үшін ең бастысы — осы өнердің ұмытылмай, жастарға жетуі. Қолөнерді қартайсам да үйретіп жүргеніме өте қуаныштымын, меніңше, өнер еш уақытта өлмейді.
— Бұл өнеріңіз жәй әуес істен қалай кәсіпке айналып кетті?
Кішкентай кезімде, мектепте жүргенде қасымдағы қыздар киімді тігіп алатын. Ол кезде ешқандай тапсырыс қабылдау, ақша алу деген жоқ. Құрбыларым келсе де, сіңілілерім сұраса да, тігіп беріп жүрдім. Шұлық, шарф, қалпақ сияқты қарапайым бұйымдардан бастаған едім. Студент кезімде де осы өнерімді жалғастырдым. Ал мектепке жұмысқа келгенімде жан-жақтағы қыз-балаларға мерекеге байланысты киім тігіп беріп отырдым. Мұғалімдер де әр түрлі жемпірлерге, аңғор орамалдарға тапсырыс берген, оған да сұраныс, қызығушылық мол болды.
Солай мен сүйікті ісім арқылы алғашқы табысымды таптым. Жинаған ақшама тұрмыс құрағанымда киімге арналған шифоньер, кішкентай мұздатқыш алдым. Қазақтың «Он саусағың қимылдаса, ернің қимылдайды» деген сөзін апам жиі айтушы еді, ол рас екен. Әрекет етіп, өзімнің тұрмысымды жөндедім. Бүгінге дейін аяғыма киетін шұлықтан бастап, отбасы мүшелерінің барлық киімін өзім тігіп беремін. Сенсеңіз, осы күнге дейін сауда орталықтарынан киім сатып алған емеспін.
Егер қолыңнан өнерің келсе, ешқашан аш қалмайсың. Қазір нарықта бар заттың көбі қымбат, сапасы төмен, сол үшін де барлығын сатып алудың қажеті жоқ. Ең керегін алып, басқасын тігіп алуға болады: өзіңнің затың өзіңе ыстық болып келеді.
— Сіз кілемді, қоржынды және алашаны тоқығанда дәстүрлі ою-өрнекті қолданасыз, ал панноға бөлек сюжет ойлап табасыз, бұл немен байланысты? Ою-өрнекті тек сәндеуге ғана емес, тұмар ретінде де қолданады емес пе?
Мен қай бұйымымды тоқысам да, дайын оюды қағазға қойып, оған қарап отырып салмаймын. Қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі 60 жылдың ішінде жадыма жатталып, бойыма сіңген. Кесте тіксем де, басқа бұйымды жасасам да, ою түрлері ойымнан еркін шыға береді. Менің ұстазым, суретшілер одағының мүшесі, Ғани Иляев 3 000-нан астам ою-өрнек үлгілерін жинап шығарған. Мен сол жинақта көрген оюды сызғышпен сыза беремін.
Қазақтың ою-өрнегінің өз мағынасы, қолдану аясы болады. Адамның жынысына және қай жеріне киілетініне байланысты киімге әр түрлі өрнек салынады. Мысалы, қыздарға өсімдіктердің оюын өссін, жасарсын деген ниетпен, ал ер жігіттерге мүйізді қошқардай қайратты болсын деген оймен салады. Ою-өрнектің мәнін, жөнін білмейтін кісілер үстіне әр түрлі ою араласқан киімді, мағынасын білмей, киіп алады. Біз бұны көргенде неге сол туралы ақпаратты оқымайды екен деп жанымыз ашиды.
— Сіз Шымкент Университетінде жас кезіңізден сабақ бересіз, доцентсіз, студенттеріңізді неге үйретесіз?
Мен осы уақытқа дейін екі жоғары оқу орнында жұмыс істегенмін, оның бірі — Халықаралық қазақ-түрік университеті, өнер факультеті. Қазір Шымкент университетінде «Кәсіптік білім» мамандығында сабақ беремін, мектептегі технология пәнінің мұғалімдерін дайындаймын. Университетте, шеберханада мастер-класстар жүргіземін. Сабақ алуға жас мұғалімдермен бірге доценттік, докторлық дәрежесі бар мамандар да келеді. Жастармен жұмыс істесем өзімді жас сезінемін, олармен бірге жүру маған бақыт сыйлайды.
— Жастар тоқу өнеріне қаншалықты қызығады?
Жалпы тоқу өнеріне қызығатындар соңғы 10-15 жылда пайда болды. Қазір жастарда өнерді түсінуге ұмтылыс бар, мен соған қуанамын. Біз үйірмелерді бір емес, бірнеше салада, әр баланың ыңғайына қарай өткіземіз. Өйткені бала іштей сол өнерге қызықпаса, берілген ақпарат есте ұзақ уақыт сақталмайды.
Жалқау оқушыларымыз да бар, бірақ қазір жалқаулықты қоятын заман. Мысалы, Вьетнамның адамдары азаннан кешке дейін тірлік істейтін халық. Сол елге барып келген соң, өзімді Вьетнамның адамы сияқты сезіндім. Қимылы, ісі, бойларының орташалығы да дәл маған ұқсайды екен.
— Бір сұхбаттыңызда қолөнер бұйымдарына соңғы уақытта сұраныс көбейді дедіңіз. Бұған не себеп?
Заманға сәйкес әрекет жасаған дұрыс. Сол сияқты өнер де заманға қарай өзгереді. Мысалы, қазір бір сөмке 2—3 күн аралығында тоқылса, оны сауда дүкендеріне апарып, өткізуге болады. Бүгін өтпегенімен, он күннен немесе бір айдан соң міндетті түрде өтеді. Одан кейін қайта тапсырыс келіп, тапсырыс айналымы сағат сияқты жүріп отырады.
Қазір жастарға арналған заманауи бұйымдар шығарып жатырмын. Бұл қолөнердің адамдарға керек екенің дәлелдеп қоймай, маман ретінде бізді қуантады. Мысалы, шет елге барғанымызда, басқа елдің өнеріне қарағанда біздің өнеріміз ерекше көрікті екенін байқадық. Қазақтың тоқыма бұйымы, өзге елдің бұйымына қарағанда, әлдеқайда құнды, сәнді, экологияға зияны жағынан да таза әрі сапасы жоғары деп ойлаймын.
— Жұмыстарыңызды қай жерден алуға болады?
Жұмысымды сатып алушылар үйіме келеді және шеберханамның ішінде де бұйымдарым жетерлік. Мені қаржы аса қызықтырмайды, арнайы сауда орным да жоқ. Оны ашқан соң, ішінде отыру керек, онда жұмысым қараусыз қалады. Оған қоса жасым келген кісімін. Сол себепті мен шеберхана мен үйімде қабылдаймын.
— Отбасыңызда осы салаға қызығатын адам бар ма?
Үлкен немерем қолөнерде «магистр» дәрежесіне ие болып, «Аппақ ана» этикет орталығында жұмыс істеп жатыр. Шет елде оқып келді. Ал кіші немеремді 6 жасынан бастап үйретіп жүрмін, қазір 5-ші сыныпқа өтті. Осы шеберхананы соған тапсырамын.
— Тоқыма өнері адамға не береді?
Тоқыма өнері адамға, ең бірінші, денсаулық береді, одан кейін шыдамдылық, сабырлық береді, басыңды жақсы жұмыс істетеді. Тоқыған сайын ойыңда басқа еш нәрсе болмайды: жағымсыз қиялдардан құтыласың, бар ниетің жұмысқа өтеді. Негізі қолөнер деген керемет нәрсе ғой, бір сөзбен жеткізе алмаймын. Бар дүниемнің барлығы осы он саусағымнан шыққан заттар.
— Тоқу өнерінде біздің ұлттың ерекшелігін көрсететін қандай артықшылық бар? Басқұрдағы оюлар біз туралы халық ретінде не айта алады?
Қазақтың қазақ екенін танытатын — өнеріміз. Біздің бұйымдарды бірден ажыратуға болады. Мысалы, өзбек халқын киіміне қарап ажырата алса, бізді өрнектерімізге қарап ажыратады. Ал қазақ — өнерлі халық, мал шаруашылығымен айналысқанда, малдың барлық қасиетін пайдаланған. Егер етін тамақ жасап жесе, жүнін киіз қылып басқан, одан қалғанынанан жіп иіріп шығарған. Сол жүнді үйіріп, текемет басқан. Текеметті бұрыңғыда шаң деп бағаламаған, ал ол қазақтың қазіргі шаңсорғышы, барлық шаңды үстіне шығармай, астына тартады. Мысалы, менің әкем күріш еккенде киізден жасалған ақ қалпақ киіп алатын. Мен ол қалпақта ыстық болмайды ма деп сұрағанда, әкем түйе жүнінің қыста суық, жазда ыстық өткізбейтінін айтқан.
Оның барлығы қолдан жасалған зат, төрт түлік малдың өнімдері. Әр қайсысының атауы бар, мысалы, шекпен — түйенің жүнінен ұршыққа иіріліп, өрмекке тоқылып істелген сырт киім. Шекпен өте жылы, жеңіл, қазіргі «плащ» есебінде болған. Ал күпі түйенің жабағы жүнінен, ішік — қасқырдың немесе қозының терісінен жасалған сырт киім болған. Қазақ мал шаруашылығының бар қасиетін алған: сүттен құрт, май жасаған, жүннің бәрін пайдаланған, қазіргідей өртеп жатқан жоқ. Ауылдағы жалқаулар (ішім күйгеннен соң солай деймін) жүнді қолдана алмай, өртеп жатыр, ал одан керемет нәрселер шығаруға болатын еді.
— Қазақ қолөнерінің болашағын қалай елестетесіз?
Қазақстан дамып келе жатыр, қолөнерді де өзіміз қолға алатын шығармыз. Жеке-жеке әр қазақ мен сияқты үйінде шеберхана ашып ала бермейді. Бір адам істеген жұмыстың көлемі түк те болмайды. Мемлекет жүн иіретен фабрика немесе цех ашып, осы саланы қолға алып, дамытса жақсы болар еді. Менің осы өзгерістерді көріп кетсем деген арманым бар. Мысалы, ауылды жерлерде де, қалада да бос, жұмыссыз отырғандар көп, солардың бәрін жинап, ұлттық қолөнерді үйрететін орталық ашса екен. Біз сияқты шеберлерді шақырып, практикалық түрде жас келіншектерге сабақ өткізсе болады. Бір жерде құрақ құрасақ, екінші жерде басқұр, сөмкелерді тоқысақ — барлығын жинап, саудаға шет елге шығаруға болады. Оларда бұл бұйымдар өте құнды. Басшылардың құлағына алтын сырға: осыған керек жағдай жасаса, арманым да, тілегім де сол еді.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)