Өзбек халқының сіз білуіңіз тиіс 5 дәстүрі

12 минут STEPPE
Альтернативный текст

RUS|UZB

Қазақстан қонақжай әрі көпұлтты мемлекет саналғанымен, бізбен біте қайнасып өмір сүріп жатқан халықтардың мәдениеті жайлы аса көп біле бермейміз.

Пандемия олардың салт-дәстүрлерін түбегейлі өзгертіп жібермей тұрғанда Еуропалық одақтың қолдауымен отандастарымыз — казактар, өзбек, кәріс, ұйғыр және түрік халқының дәстүрлерімен таныстырғанды жөн көріп отырмыз.


Өзбек халқы — көбіне Өзбекстанмен шекаралас аудандарда тұратын, Қазақстанның ірі автохтонды этностарының бірі.Бұл халықтың заманауи этногенезі түркілерден ғана емес, ирантілді тайпаларынан таралған.

Уақыт өте келе өзбек мәдениеті бойына тілдік те, мұсылмани да дәстүрлерді жиып, соның арқасында Наурызды да, Құрбан айтты да жаппай атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Дегенмен биыл бұқаралық мейрамдарды атап өтуге рұқсат болмады. Сондықтан өзбектердің Қазақстандағы этномәдени орталығы карантинді жаңа бастамамен, атап айтқанда, қайырымдылық бағдарламалары, онлайн-байқаулар мен белсенді еріктілікпен қарсы алды.

Қазір өзбектердің этномәдени орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Офарин» фестиваліне дайындалып жатыр. «Маком» вокалды-инструменталды музыкасын орындайтын жас әртістер қазіргі жағдайға бейімделіп, онлайн-орындауларын әділқазыға жолдайды.  

 

  1. Махалла


    Бұл дегеніміз — қауымның жергілікті өзін-өзі басқаруды іске асыратын орам. Яғни ауданды абаттандырып, тұрмыстық мәселелерді шешумен, мейрамдар мен мерейтойларды тойлап, жаңалықтарды талқылаумен айналысады.

    Махалланың басты мақсаты — жақындарға қол ұшын беру.

    Мейлі ол маңызы зор іс болсын, мейлі үй құрылысына көмектесу болсын, бастысы көмектесуді мақсат етеді.Бұрын махалланың аумағын азаншы белгілейтін болған. Яғни намазға шақыратын азан үні естілетін жерге дейінгі аумақ бір махалла саналатын.

    Оның әрқайсысында өз ақсақалынан бөлек, шайханасы да болды. Ол жерде көбіне ер адамдар жиналып, ас әзірлеп, өзара әңгіме-дүкен құрайтын. Ал қазір махалла — өзіндік бір азаматтық институт саналады. Бүгінде ол заманауи көпқабатты үйлерге ауысты. 

  2. Пахта

    Өзбек халқының дәстүрлі киімі бірнеше элементтер тұрады: шапан, кийкча деп аталатын белдік, жейде, шалбар, ерлерге арналған тақия. Әйелдер болса, хан-атластан тігілген көйлек пен шалбар киеді. Көбіне ұлттық киімдері «пахта» оюымен, яғни мақтамен сәнделеді.

    Бұл элементті ұлттық өндірістің белгісіне ғана емес, «ақ алтынға» да теңейді. Орта Азияға мақта Батыстан Алдыңғы Азия мен Қытайға қарай өткен сонау байырғы сауда-керуен жолымен келген. Мақта дәні Орта Азияға өзге елдерден осылай жеткен екен.  

    Сол кезден бері пахта өзбек халқының қолданбалы өнерінің барлық түрінен ойып тұрып орын алды. Мейлі ол ойып жасалған есік, кілем тоқу, қыш бұйымдарды әшекейлеу болсын, бәрінде қолданылады.

    Сонымен қатар өзбек орнаментологиясында бәрінің мән-мағынасы болады: анар — байлық пен молшылықты, бадам — сәттілікті, пышақ теріс күштерден сақтаушы болса, бұршақ бұрыш өмірлік күш-қуат беріп, көз тиюден сақтайды деп сенген.  

  3. Ош

    Палау немесе ошпен бәрі жақсы таныс десек, артық болмас. Өйткені ол өзбек асханасының өзіндік ерекшелігі саналады. Түп төркіні тым тереңге кетіп қалғаны сонша, палауды тұңғыш рет кімнің қашан жасағанын анықтау мүмкін емес.

    Дегенмен ел ішінде бұған қатысты бірнеше аңыз бар. Соның бірі мынадай: парсы ғалымы әрі медицианың атасы — Абу Али Ибн Сина яки Авиценна бірде емдік қасиеті бар әрі нәрлі тағам әзірлепті деседі. Құрамында қуырылған құйрық май мен пияз, жас ет, тәтті сәбіз, күріш және хош иісті зира болған екен. 

    Енді бір аңызда дәстүрлі тағамның шығу төркінің жас қолбасшы Александр Македонскиймен байланыстырады. Самарқанға қолбасшы болып келген ол осы аймақтың қызығына ғашық болып, той жасайды. Ал сол тойдағы бас тағам дәмі тіл үйіретін палау болыпты-мыс.

    Арада қанша уақыт өтсе де, өзбектер арасында палау маңызын еш жоғалтқан емес. Оны отбасылық бас қосуларда, тойлар мен ас бергенде — кез келген жиында әзірлейді.

    Қазақстандықтан палауды әдетте түсте не кешке жеуді әдетке айналдырған болса, өзбектер оны күн шыққан соң, таң намазынан кейін де жей береді. Тағы бір айта кетерлігі, палауды тек ерлер ғана жасайды. Әрі көк шай ішіп қойып отырып жейді.

    Бұдан бөлек, Өзбекстанда әр аймақтың Палау әзірлеудің өзіндік тәсілдері барын да айта кету керек. Мысалы ферғана палауына күріштің сирек кездесетін сорты — девзираны қосса, самарқан палауын араластырмай, қабат-қабат қылып пісіреді, ташкент палауына ноқат пен мейіз қосатын болса, бұқар палауын жез қазанда, сорпа мен асылған ет қосып жасайды.

  4. Хан-атлас

    Өзбек халқының тоқыма тарихы ескі Марғыланнан басталады. Ханның жібек матасы туралы аңыз бойынша, Марғылан билеушілерінің бірі кедей тоқымашыға ғашық болып қалады да, бесінші әйелі етіп алғысы келіпті.

    Қыззың әкесі ханның аяғына жығылып, өрімдей қызын жіберуін сұрап, жалынады. Сонда патша бір шартпен ғана жіберетінін айтыпты. Таң атқанша қыздың сұлулығынан асып түсетін, теңдессіз бір бұйым жасауға тапсырады.   

    Әбден қайғыға батқан ақсақал арық жағасына барып, ұзақ уақыт ойға шомады. Көзінен аққан жас болса, жаңбырмен араласып жатыр. Бір кезде нөсер басылады. Шал су бетінен аспандағы бұлтты байқайды. Қараса, бұлттар кемпірқосақ түстеріне боялып кетіпті. Содан басына тың ой сарт етіп, аспанға алғысын білдіреді.

    Шеберханасына жол тартқан ол түнімен көз ілместен жұмыс істейді. Сөйтіп таң ата ханның алдына бұрын-соңды ешкім көрмеген, кемпірқосақтың барлық түсі араласқан, аспан сынды үлпілдек, ауа сынды жеп-жеңіл матаны жайып кеп жібереді.    

    Мұны көрген патша таң-тамаша болғаны сонша, тіпті алғалы жатқан қалыңдығын ұмытып, бостандыққа жіберуге келісім береді. Көз тоймайтын әдемі матаны содан бері ханның жібегі — хан-атлас деп атап кеткен деседі. Бұл атау сан ғасырдан бері сақталып келеді. Ханның жібегі көрген адамның көзін қуантады, киген адамның бойына биязылық бітіреді.

    Түрлі-түсті жібек мата — өзбек мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Марғылан жібегі қайталанбас өрнегімен Шығыс пен Батыста аса танымал. Ұлы Жібек жолы кезеңінде құнды тауар саналды. Керуен жолымен оны Хорасан, Египет, Бағдат, Грекия және өзге де елдерге тасыған.

    Хан-атласты сый ретінде беріп, мұраға қалдырып, тіпті сауда келісімінде есеп айырысуға қолданған. 

  5. Сүмәләк

    Орта Азияның басқа халықтары секілді, өзбек халқы да көктемдегі күн мен түннің теңескен күні — Наурызды тойлайды. Бұл уақытта Қазақстанда бірлесіп Наурыз көже әзірлеп жататын болса, өзбек халқының мұндай дәстүрлі тағамы деп сүмәләкті айтуға болады.

    Мерекелік асты тартылған бидай дәндерінің шырынынан істейді. Оны өсімдік майына қайнатып, ұн қосады. Ал сүмәләк күйіп кетпес үшін қазанның түбіне бірнеше тас пен грек жаңғағын салып қояды.

    Ол өте ұзақ қайнайды. Шамамен 20-24 сағаттай қазанда тұрады. Жаман ойдан арыла отырып, оның астына қайта-қайта араластыры тұру қажет. 

    Оны әзірлеп жатқанда би биленіп, ән айтылып, көтеріңкі көңіл-күйде болу шарт. Өйткені оны бір отбасы ғана емес, бір махалла болып бірігіп істейді. Әлгі тартылған бидай дәндері жабысқақ әрі тәтті қоспаға айнала бастағанда, суытып, одан соң кеселерге құйып беріп, көршілерге дәм татқызады.

    Бұл жолы дәстүрлі Наурыз тойын тойлауды карантин талаптарына сәйкестендіруге тура келді. Сөйтіп орталықта 400 келі күріштен палау пісіріп, 500 аз қамтылған отбасыны тамақтандырды. Арада бір ай өткен соң, сәуірде, орталықтың қызметкерлері мен еріктілері құрылыс, тұрмыстық және санитария құралдары бар екі фура тиеп, мақтааралдықтарға көмектесті.

    Құрбан айт қарсаңында этномәдени бірлестік жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығы әдеттегідей, мұқтаждарға ет таратып шықты.  


Материал Шымкенттегі өзбек этномәдени бірлестігінің төрайымы Нұрниса Досметованың келісімімен әзірленді. 

Аталған материалдың мазмұны — автордың жеке жауапкершілігінде, Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді. 

Статьи STEPPE

Казактардың сіз білуіңіз тиіс 5 дәстүрі

Көкекті жерлеу деген не, балаларды неге атқа отырғызады, не үшін өлең айтып олжалы болады?

9 минут
9 минут

Смартфондар бізді неге аңдиды?

Гаджеттер мен смартфондар бізді қалай аңдиды және ол несімен қауіпті екені жөнінде ой қозғадық.

13 минут
13 минут

Поттерден Франкқа дейін: үлкен де, кіші де сүйсініп оқитын бес кітап

Таңғажайып сиқыр әлемі, ана махаббаты мен Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі естеліктер. Балалар да, ересектер де сүйсініп оқитын қазақ тіліндегі бес таңдаулы кітапты ұсынамыз.

10 минут
10 минут

Эксклюзив: «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабының бірінші тарауын оқыңыз

7 ақпан күні «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабының қазақ тіліндегі нұсқасы сатылымға шығады. Әлемдік бестселлердің қазақтілді жанкүйерлері үшін кітаптың «Ажал аузынан қалған бала» деп аталатын бірінші тарауын жариялап отырмыз.

40 минут
40 минут