Қазақ тілі мұғалімінен — әлемнің ең үздік тревел блогеріне: ел көркін әлемге танытып жүрген bydastann-мен сұхбат
Is this AI деп Instagram-ның ресми аккаунтынан хат алған, Уилл Смитке шапан жауып, Каннде «ең үздік саяхатшы блогер» аталған кісі бұрын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғанын білесіз бе? STEPPE жаһандық креаторға айналған Дастан Мұхамедрахыммен эксклюзивті сұқбат жасап, оның ұстаздықтан видеографқа дейінгі жолын талқылады.
— Бұл салаға түсуіңізді нақты не түрткі болды?
Мен негізі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс жасадым. Сол мамандықты бітіріп, Семейдегі «Білім-Инновация» лицей-интернатында қызмет атқардым. Жас маман болғандықтан, жұмыс барысында бос уақытым көп еді, өйткені тәжірибелі ұстаздардың сабақ кестесі басым болатын. Мектептегі директорым менің «тым бос» жүргенімді байқап, лицейдің Instagram-парақшасын жүргізуді тапсырды, яғни SMM-мен айналысуға жол ашты.
Басында «мынау қайдан шықты?» деп, бұл іске немқұрайлы кірістім. Шынын айтсам, видео түсіру мен камерамен жұмыс жасау мен үшін жаңалық еді. Дегенмен, уақыт өте келе бұл процесс қатты ұнады, өзімдікі екенін түсінгенде шабыт алдым. Сол кездегі директорымның көмегімен мен осы салаға келдім.
Мектепте алғашында қарапайым құралмен, телефонымен Instagram-парақшаны жүргізе бастадым, бірақ уақыт өте сапалы видеолар шыға бастады. Мектеп әкімшілігі бұны байқап, кәсіби камера сыйлады. Семейде видео түсіріп жүргенде Астанадағы «Білім-Инновация» қоры видеоларымды көріп, маған видеограф ретінде жұмыс ұсынды. Сол сәттен бастап мен толықтай мұғалімдік қызметімді видеографиямен орын бастым. Астанаға келгеннен кейін ісім әлі де кеңейіп, дронмен түсіруді сол кезде бастадым.

— Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша алған біліміңіз бен базалық тәжірибеңіз қазіргі жұмысыңызға қандай да бір әсерін тигізе ме?
Иә. Мысалы, мәтін жазғанда грамматикалық қате жібермеуге тырысамын. Біреу қате жазса, оны бірден байқап қоямын. Өзім мүмкіндігінше сауатты жазуға және ойды дұрыс жеткізуге тырысамын.
Одан бөлек, креативтілік те көмектеседі деп ойлаймын. Бұл нәрсе екі жақта да бірдей жұмыс істейді: сабақ беруде пайда болған креативтілік осы салада көрінуі мүмкін, немесе керісінше — видеомен жұмыс істеп жүріп жинаған креативтілікті оқушыларына көрсететін таныстарым да бар. Бәрі адамның қиялына байланысты.
— Қазақстанның әр өңірі туралы түсірген бейнелеріңіз — алдын ала ойластырылған стратегияның нәтижесі ме, әлде интуицияның жетелеуі ме? Контент бағытын нақты жоспарлап құрдыңыз ба, жоқ әлде бір сәтте «өтіп кеткен» ролик сізге жол сілтеді ме?
Бәрі өте қарапайым басталды. Астанада видеограф болып жүрген кезде қалада жаңа мешіт ашылды — бәріне белгілі, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт. Сол мешітті түсіріп көрдім. Ол кезде әлі табиғатты мүлде түсірмейтінмін. Кейін Алматыға командировкаға барғанымда түнгі Алматыны түсіріп алдым. Менің «фирменный фишкам» — түнгі қаланы жарық қып, жарқыратып түсіру болатын.
Сосын Әділет Рахметолланың тревел-блогын көріп жүріп, оның табиғатты қалай түсіретінін байқап, «мен де Қазақстанның табиғатын түсіргім келеді» деген ой туды.
Алғаш түсірген табиғатым — Маңғыстау болды. Содан кейін көп адам жекеме жазып, «табиғаты қандай әдемі», «бізде мұндай жер бар ма?» деп таңғалып жатты. Мен түсірген уақытта кадрдың реңкі мен түсін түрлендіріп беруді жақсы көретінмін, сол үшін басқа қырынан көріне бастады.
Әдетте шетелдік креаторлар бояу мен реңкке көп мән береді ғой. Сол стильді өзіме де сіңіріп, жаңа қырымды ашқандай болдым. Маңғыстау туралы бір рилс 10 миллион қаралым жинап, 80 мыңнан астам оқырман қосылды. Сол сәттен бастап бұл іске деген құлшынысым одан сайын артты.
Бұдан бөлек, менде бұрыннан сурет салуға деген қабілет бар еді. Тіпті бір кездері сурет салып, сонымен ақша тапқан уақыттарым да болды. Сол өнердің де өз пайдасы тиді деп ойлаймын: видеодағы реңк, бояу, визуалды үйлестіру — бәрі де сол көркемдік сезімнің жалғасы сияқты. Суреттегі түсті сезіну дағдым кадрда да өз көрінісін тапты.
— Шығармашылықта сізді көбірек алға жетелейтіні не: интуиция мен ішкі сезім бе, әлде айқын жоспар ма?
Айқын, нақты жоспармен жүретін адаммын деп айта алмаймын. Мен үшін басты принцип — бір жерде тоқтап қалмау. Әрдайым жаңа бір нәрсе жасап көргім келеді. «Биыл осынша оқырман жинаймын» немесе «мына видео міндетті түрде осынша қаралым алады» деген жоспар құрмаймын. Керісінше, жаңа трендтерді қайталап көру немесе мүлде басқаша бір нәрсе ойлап табу маған қызық. Солай ізденіп жүріп, видеодағы «жүгіретін бала» трендін өзімше интерпретациялап, жеке қолтаңбама айналдыра алдым.
Бұл идеяны алғаш жүзеге асырғанда оны кейін жалғастырамын деп те ойлаппын. Бірақ әрі қарай бәрі импровизациямен, жаңа тәсілдерді байқап көрумен дамыды — нәтижесінде бүгінгі деңгейге келдік.
Қазір осы «жүгіру» концепциясымен тағы бір қызықты тренд дайындап жатырмын. Уақыт өте тәжірибе жиналған сайын импровизация жасауға да мүмкіндік пен шеберлік ашылады. Видео саласында шамамен 8 жылдық тәжірибем бар, осы еңбектің жемісі енді анық көріне бастағандай сезіледі.
— Осы салада табысқа жетудің негізгі факторлары қандай
Меніңше, ең бастысы — адамның шынайы қалауы мен ішкі ынтасы болуы керек. Өзімде монтаж бен видео бойынша мыңнан астам студент болды. Соның тоқсан пайызы жолда қалып қояды, ал он пайызы ғана бұл саланы алып кетеді. Көп адам «жай көрейін», «ұсыныс болды, келіп көрейінші» дегендей, нақты қалаусыз келетіндіктен, сол күйі тоқтап қалады. Қалау — бір бөлек, қызығу — бір бөлек.
Одан кейін ең маңыздысы — шыдамдылық. Ештеңе бірден әдемі, дайын болып кетпейді. Видео саласында 8 жыл жүргенде маған сансыз тапсырма келді. Видеограф болып істеген кезімде бастығым күн сайын бір видео талап ететін. Сол қиындықтардың бәрі адамды бір саты жоғарыға көтереді. Ал көпшілік қиындыққа шыдамай, жолдың ортасында тоқтап қалады. Себебі бәрін тез, оңай жолмен алғысы келеді. Бірақ шынайы жетістікке жеткізетін — шыдамдылық пен ынта. Мысалы, қазір мен ештеңеге қиналмаймын, көп нәрсе автоматты түрде жасалады.

— Бүгінде сізбен әлемдік брендтер жұмыс істейді, ал Instagram сіздің бейнелеріңізді ресми парақшасына шығарып отырады. Осындай деңгейге жеткен «қазақ тілі мұғалімінен — жаһандық креаторға» дейінгі жол қалай қалыптасты? Алғаш болып кім хабарласты? Және жалпы, қазақстандық видеографтардың халықаралық нарықта бағындыруға мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз?
Маңғыстауды түсіргеннен кейін Дубайдан үлкен жалақылы ұсыныс түскен еді. Сол кезде біраз ойландым, өйткені менің басты мақсатым — бүкіл Қазақстанды аралап, түсіру болатын. Егер сол жаққа кетіп қалсам, қазіргідей bydastann болып жүрер ме едім деген ойлар жиі пайда болады.
Сол кезеңде шетелден жиі ұсыныстар келе бастады. Сол кезде тіпті шетелге жұмыс істеу немесе саяхаттау ойымда да болмаған. Қазір, мысалы, шетелдік миллиондаған оқырманы бар блогермен бірге бір аралды түсіруге бара жатырмыз. Ал Қазақстанда сол кісімен коллаборация жасап, бір арнайы шығарылым жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер кез келген саладағы адамға әлемдік деңгейге жету мүмкіндігін беріп отыр, әсіресе жас қазақстандықтарға. Оның сыры — шектеусіз ойлау. Тек Қазақстанмен шектеліп қалу, тек орысша немесе тек қазақша жазу жеткіліксіз; мұндай жағдайда шетелдік аудиторияға шығу өте қиын. Ал менің контентімде тіл жоқ, сондықтан ол ақырындап әлемдік деңгейге шығып келеді.
— Ал Instagram-мен байланыс қалай басталды?
АҚШ-та жүрген кезімде маған Instagram-ның ресми парақшасынан тікелей хабарлама келді. Ол аккаунттың 700 миллионнан астам оқырманы бар. Басында «жауабымды оқымайтын да шығар» деп ойладым. Хабарламада: Is this AI? — деп сұрапты.
Жұмыстың өзімдікі екенін дәлелдеу керек болды. Поштама жазысу арқылы бастапқы, өңделмеген материалдарды, бэкстейдж видеоларды жібердім. Сол арқылы кадрлардың авторы өзім екенімді нақтылап бердім. Кейін ресми түрде келісім жасалды.
— Жасанды интеллектен өзіңіз қорқасыз ба?
Шынын айтсам, иә. Бір жағынан, бұл — мүмкіндігі шектеулі немесе ресурсы аз адамдарға жол ашатын, өте қуатты технология. Көп адамға идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бірақ екінші жағынан, кейде ұзақ уақыт пен үлкен еңбектің нәтижесінде жасалған сапалы видеоны жасанды құралдар бір сәтте «босқа жасалған» етіп көрсететіндей әсер қалдырады. Қанша ізденіс пен тәжірибенің артында тұрған жұмыс бір тетіктің көмегімен оп-оңай қайталанатындай көрінеді. Сол тұсы ойландырады.
Алдағы уақытта жасанды интелект өнімін айырып көрсететін нақты сүзгілер қалыптасады деген үміт бар. Әйтпесе, қайсысы шын, қайсысы жасанды екенін ажырату уақыт өте біраз қиындай түсетін секілді.
— Салаңызда жүрген жас мамандарды бақылап жүрсіз бе? Оларға қандай баға берер едіңіз?
Қазіргі жастардың жұмыстары өте сапалы. Қысқа уақыттың ішінде-ақ елеулі нәтижеге жетіп жатқандары көп — көрсеткіш жағынан да, оқырман мен қаралым тұрғысынан да. Тіпті шәкірттерімнің өзі бір-екі жылдың ішінде мені басып озуы әбден мүмкін. Бүгінде дамуға мүмкіндік мол, соны тиімді пайдаланып жүрген жас буынның бары қуантады. Арасында халықаралық деңгейге шығып үлгерген әріптестерім де бар.
Дегенмен әлеуметтік желінің кері тұсы да жоқ емес. Көпшілігі бәріне тез қол жеткізгісі келеді. Біреулер менің он жыл бойы жинаған тәжірибемді қысқа мерзімде иемденгісі келеді. Бірақ тәжірибе — уақыт пен табандылықтың жемісі. Әлеуметтік желідегі сыртқы «жетістікке» ғана сеніп қалмай, еңбектің қадірін түсіну маңызды. Оңай жолмен келетін нәтиже жоқ.
Музыканы таңдауға да ерекше мән беремін. Әр роликтің дыбыстық атмосферасы өз алдына бөлек дайындықты талап етеді. Бәлкім, мектеп кезінен музыкаға жақын болып, айтыстарға қатысқанысның әсері шығар.
Видеоларымда қолданған, өзім қиып-құрастырып жасаған музыкалар шетелде жиі пайдаланылып, миллиондаған қаралым жинады. Тіпті кейбір әлемдік футбол командалары да өз парақшаларына алып жатты.
Адам өзінің жақын тұстарын танып, жанжақтылы болып, соны орнымен пайдалана білсе — нәтиже де соған сай болады.
— Сіз түрлі елдерді аралап, әртүрлі локацияларда түсірілім жасайсыз. Сол сапарлардың ішінде түсірілім барысында болған ең есте қалған немесе ерекше оқиғаңызды айтып бере аласыз ба?
Ыстамбұлда болған бір сапарым әлі күнге дейін есімде. Жүкті келіншегімді қонақ үйге қалдырып, Чамлыджа мешітін түсіруге шығып кеткенмін. Әдеттегідей, арнайы рұқсатсыз, сәтті пайдаланып түсіріп алатын кездердің бірі.
Түсірілім кезінде дронмен байланыс үзіліп, ғайып болды. Іздеп жүрсем, қарсы алдымнан полиция қызметкерлері шықты. Сөйтсем, дроным Реджеп Тайип Ердоғанның резиденциясы аумағына кіріп кетіпті.
Бұған дейін Түркияда бірнеше рилс түсірген едім, соның бәрін көрсетіп, жағдайды түсіндірдім. Жүкті келіншегім барын да айттым. Кейін бөлімшеге алып кетті. Қарасам, ішінде Бешикташ ойынын қарап отыр екен. Ол кезде командада Бахтиёр Зайнутдинов ойнайтын. Соны танитынымды, тіпті досым деп қалжың араластыра айттым.
Сөйтіп, учаскеде шай ішіп, әңгімелесіп отырып, дронымды қайтарып алып шықтым. Оқиға сырт көзге тәуекел сияқты көрінгенімен, әр кадрдың артында жауапкершілік барын сол сәт тағы бір рет түсіндіргендей болды.

— Сіз өз жетістіктеріңізді қалай бағалайсыз?
Негізі, Чамлыджа мешітін түсіре алғаным, өзге де мешіттерді кадрға түсіруім жайдан-жай емес деп ойлаймын. Менен де жақсы видеографтар бар екеніне күмәнім жоқ, бірақ еңбектен бөлек, осындай мүмкіндікке жеткенім — Құдайдың ризығы деп қабылдаймын.
Мысалы, үйленгенге дейін 3 жылдық тәжірибемнен 5 мың оқырман жинадым. Үйленгеннен кейін үш айдың ішінде 150 мыңға жетті. Ал балам дүниеге келгеннен кейін видеоларым 20 миллионнан астам қаралым жинай бастады. Біреулер бұны кездейсоқтық деп айтуы мүмкін, мен үшін бұл — ризық. Сол үшін дұғаларымда әрдайым ризашылығымды білдіремін.
— Шығармашылық мұраңыздың қай тұсы ұмытылмай есте қалғанын қалайсыз?
«Қазақстанның табиғатын әлемге танытып жатыр» деген атақ маған, шыны керек, ұнайды.