Театр өзін-өзі асырай алады ма: «ŞAM» театрымен сұхбат

8 минут Айдана Курмангалиева
Театр өзін-өзі асырай алады ма: «ŞAM» театрымен сұхбат

«ŞAM» — STEPPE Awards марапатында театр санатындағы «Жылдың үздік театр жобасы» номинациясын жеңіп алған тәуелсіз өнер алаңы. Ол мемлекеттік, академиялық, ұлттық театр өнер қайраткерлерінің коллаборациясын құрайтын қазіргі таңдағы жалғыз мәдени кеңістік болып табылады. Негізін қалаушылары — театр және кино актерлері Еркебұлан Дайыров пен Асан Мажит. 

2022 жылдың 4 қыркүйегінде «ŞAM» театры алғаш рет шымылдығын әзірбайжан драматургі Исмаил Иманның «Астара бақтары» пьесасының желісі бойынша режиссер Фархад Молдағали сахналаған «№37» спектаклімен ашты.

8 желтоқсандағы «Иран конференциясы» қойылымының өтуіне орай, біз «ŞAM» театрының негізін қалаушылары Еркебұлан Дайыров пен Асан Мажиттен сұхбат алдық.


STEPPE Awards марапатының маңыздылығы неде? 

Асан Мажит: Негізі еңбектің бағаланғаны жақсы ғой — ол әрі қарай жұмыс істеуге, жалпы дамуға үлкен шабыт береді. Әсері жайлы айтатын болсақ, бәрі салыстырмалы түрде танылады. Мысалы, бізбен бірге сайысқа түскен «АРТиШОК» театрында кәдімгідей өзінің көрермені мен жиырма жылдық тарихы бар. Бір жылда екінші маусымын ғана ашқан біздің ŞAM үшін осындай театрлармен қатарласып сайысқа түсу және марапатты жеңіп шығу үлкен жетістік. 

Қазақстанда театрдың дамуына не кедергі жасайды?

Еркебұлан Дайыров: Біріншіден, театрларға мекеме жетіспейді. Өз бетінше қимылдап, өнерге үлес қосып, ойындағысын жасағысы келіп жүрген креативті жастардың саны аз емес. Асан екеуіміздің де осы салада жүрген қаншама бауырларымыз бар. 

Бәріміздің қолымызды байлайтын бір нәрсе — қолайлы мекеме табу және оны жалға алу ақысы. 

Екінші мәселе театрдың басты мақсатымен байланысты — ол көрермен мәдениеті мен ұлтты тәрбиелеу, оның рухани құндылығын арттыру, өзінің кім екенін таныту және тарихымен, өткен-кеткенімен табыстыру. Осы жағынан келгенде, бізге қазір нақты деректерге сүйенетін жақсы материалдар жетіспейді. 

Тәуелсіз театрлардың үшінші мәселесіне қаржыландыру жатады. Мемлекет тарапынан бір көмек болса, театр жолындағы қиындықтарды шешу оңтайлы болар еді. Аты тәуелсіз болғанымен, заты тәуелді болатын кездеріміз өте көп. 

Мысалы, біз спектакльді өзімізге ыңғайлы күні қоятын болсақ, міндетті түрде сахна ұсынатын мекемеге, олардың репертуарына тәуелді боламыз. 

Театр мен киноның басты айырмашылығы неде?

Асан Мажит: Театр мен киноның екі айырмашылығын айтып кетейін. Театр өнерін тірі организм деп атайды. Оны киномен салыстыратын болсақ, сахнаға бір шыққаннан кейін соңына дейін ойнап шығуың керек. Орысша айтқанда: «Ты не имеешь права на ошибку». Ал, кинода дубльді бірнеше рет ойнай аласың — бұл оның тиімді жағы. 

ŞAM театрын ашқалы бері байқағаным, әрбір спектакльге міндетті түрде өмірінде театрда болмаған адамдар келеді. «Қойылымға бірінші рет келуім, енді театрдан қалмаймын» дейтіндер көп және бұл театрдың әсері бөлек екендігін дәлелдейді. Сол жерде көрерменді ұстап қалмасаң, ол ендігі келмейді. Сондықтан көрермен көңілінен шығатын тұшымды дүниелер жасауымыз керек.

Театр маркетингі қалай жұмыс жасайды?

Еркебұлан Дайыров: Театр — бұл шығынды, үстеме жұмыс дегенді бұрын жиі еститінбіз. Дегенмен, өзіміздің тәуелсіз театрмызды ашқаннан кейін театр өзін-өзі асырай алатындығына көзіміз жетті. Ол үшін дұрыс бағытта тұшымды дүние жасалып, көрерменнің көңілінен орын табатын қойылымдар болуы керек. Сонда спектакль билеттерінің құнын да сапасына тәуелді сәл қымбаттау қоюға болады. Біз, міне, екінші маусымымызды аштық, сандаған қаланы гастрольдедік, бірақ та ешбір адамнан «Мына театрдың билеттері неге сонша қымбат?» дегенді әлі естіген жоқпыз. 

Яғни, спектальдің сапасы өз құнына лайықты болса, еш қаржыландырусыз, өз бетінше күн көруге болады.

«ŞAM»  театры қалай пайда болды?

Еркебұлан Дайыров: Бисквитте (күледі). Шайдың үстінде, ой қорытып, дастарханның үстінде Асан екеуіміз осындай бір ойға келдік. Қашаңғы жүреміз, өзіміздің күшімізді сынап көрейік, кім біледі. Театрды ашуын аштық, бірақ спектакль көрерменнің осыншалықты сұранысына ие болады деп елестетпеген едік. Біз премьераның қалай болатыны жайлы, жалпы дұрыс бағытта келе жатырмыз ба деп көп уайымдадық. Режиссер Молдағали Фархадқа келіп ақылдастық. Әйтеуір, бір-бірімізді басып, билеттерді өткіздік. Солайша, бірінші премьерадан кейін біраз сенімділік пайда болды.

Қандай қиындықтармен кездестіңіздер?

Еркебұлан Дайыров: Қиындық әрбір қадамда болды, бірақ та бастама қиындықсыз жасалмайды. Сондықтан оны қиындық деп қабылдағанымыз жоқ. Не істеп жатқанымызды саралап, анықтап алғаннан кейін, қиындықтар қалыпты нәрсе екеніне көз жеткіздік. Олар болу керек, онсыз жұмыстың қызығы болмайды. Бәрі жеңіл болып кететін болса, оның қадірін де түсіне алмайсын. 

8 желтоқсанда «Иран конференциясы» атты спектакль өтеді. Ол тақырыпқа қалай келдіңіз?


Екінші маусымда Фархад Молдағали режиссерлігімен драматург Иван Вырыпаевтың «Иран конференциясы» спектаклі сахналанды. Қойылымның шығармашылық тобы ресейлік медиа-суретші Дмитрий Соболевпен толықты. Премьера 2023 жылдың қыркүйек айында өтті. «Иран конференциясы» — бұл адам құқықтары мен Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар жайлы театралды қойылым. Мазмұны бойынша әлемдік интеллектуалды элитаның өкілдері Копенгагендегі конференцияға жиналады. Олар әлемде болып жатқан оқиғаларға кім кінәлі екендігі туралы сұрақтар мен өмірдің мәні туралы ойларымен бөліседі. 

Асан Мажит: «Иран конференциясы» — бұл жалпы қазақстандық театр өнерінде жиі қойыла бермейтін форматтағы спектакль. Қорқыныштың көкесі осы «Иран конференцияcында» болды. Онда 9 актер, яғни 9 спикер конференция форматында сөз сөйлейді. Берілген 15-20 минутта өзіңнің ойыңды көрерменге тек қана трибунада тұрып жеткізесің. Ол жерде екі актердің арасындағы қойылған диалогтар жоқ, әркім өзінің дайындап келген материалына ғана жауап береді. 

Басқа спектакльдерде видео көрсетіп, іс-қимылдар жасай аласың, ән саласың, не болмаса бимен алып кете аласың, ал мұнда ондай ештеңе жоқ. Бұл спектакльде бір орында тұрып халықты жалғыз бір актер ұстауы керек. 

Сол жағынан қиын болды, жалпы біздің көрермен оған дайын ба, қоғамға ол керек пе деген сұрақтар мен қорқыныш болды. Бірақ, бақытымызға орай, қойылым көрермен көңілінен шықты.  

Ауқымдылығы жағынан айтатын болсақ, ŞAM театрында екі спектакль бар. Оның бірі — «37», онда отбасылық құндылықтар, ата-ана мен баланың, әйел мен күйеудің арасындағы қарым-қатынастар көтерілетін болса, «Иран конференциясында» әлемдік проблемалар қозғалады. Яғни, ол ауқымдылығы жағынан өте ауыр, немқұрайлы қарайтын спектакль емес.

Еркебұлан Дайыров: Бұл Қазақстанда алғаш рет қойылды. Тұсаукесерден кейін бұл қазіргі таңда өте өзекті тақырыптардың бірі екенін түсіндік. Театрға бара бермейтін досым келді, ол «Иранды» көргеннен кейін: «Бұл атмосферасы ауыр спектакль, бірақ өзім үшін бірталай ой түйдім» — деген кері байланыс берді. Қарап отырсаңыздар, онда бүкіл елдің, адамзаттың, жалпы әрбір тұлғаның ішіндегісі жатыр. 

Менің ойымша мұндай спектакльдер паника мен үрейдің бәрін ысырып, ішінен жол табуға, сұраққа жауап табуға сілтейтін сияқты. Бұл қойылымда өте сауапты, әрі әдемі жауаптар жатыр. 

Оған қоса, Фархадтың еңбегін айта кету керек, бұл оның бастауымен өте сауатты қойылған спектакль. Бұл жоба біздің баламыз болғандықтан мақтап отырған жоқпын, ал шынымен Фархадтың еңбегін айтып кеткен маңызды. 

Бұл өте интеллектуалды, сана биігінде сөйлесетін, өмірдің қатал заңдылығын көрсететін, көрерменмен қатар өзімізді уайымдадатын қойылым деп түсінеміз. Шыны керек, қатты уайымдап, етек-жеңіңді жинап, «бисмилляңды» айтып шығатын спектакль. 

Әлемде болып жатқан проблемалар түгелімен дәл сол жерде қозғалады. Бір бункердің ішінде айқайлап-айқайлап, әркім өзінің проблемасымен кетеді. 

Сіздің сүйікті үзіндіңіз қандай? Неліктен?

Еркебұлан Дайыров: Менің кейіпкерім айтатын бір жақсы сөзі бар: «Өмір деген кездейсоқ сәттердің жиынтығы». Жалпы жеке тұлға деген ұғымның өзі түрме дейді. Қазіргі таңда көп мәселе сонда, инстаграмның өзін ашсақ, бүкіл әлеуметтік желілерде психолог немесе коучтердің айтатыны: «Проблема сіздің басыңызда, санаңызды тазартыңыз» деген әңгімелер көп. Адам өзін бұрышқа тақап алуына қоғам немесе алып отырған ақпараттар да кінәлі емес. Біз осы уақытқа дейін сана еркіндігінде өмір сүрген ұлттың ұрпағымыз. Біздің санамыз, жалпы дүниетанымымыз еркін, ал жайлылық зонасы деген түсінік бізде болған жоқ. Біздің жайлылық зонамыздың өзі көшіп-қону болды. Бірақ та заман өзгергенімен, сенің генетикаң тез өзгере алмайды. 

Біз өз-өзімізді қамауға алған секілдіміз — қалаға, тұрмысқа, проблемаларға. Санамызды да, өзімізді де карцерге, түрмеге қамап тастадық.

Көрермендерден не күтесіздер?

Асан Мажит: Халық спектакльді көргеннен кейін өзінің ойымен бөліседі. Сондағы біз күтпеген қызық жағдай — көрермендердің ойы бір арнаға тоғысқаны. Яғни, спикерлердің айтатын ойы бір-біріне қарама-қайшы болғанымен, олардың әрқайсысымен келісіп отырасың. Көрермендердің біразы осы нәрсені жазды. Сол кезде біздің көрермен сөзді тыңдай алатынын және түсіне білетінін, яғни, интеллектуалды қауымды жинай алғанымызды түсіндік.

Көрерменге айтатын тілегіміз ғана бар — қойылымға дайын келсе дейміз. Мысалы, таныс емес материал койылатын болса, спектакль алдында онымен танысып, оқып келуге болады. Бұл енді сауатты көрерменнің ісі.

Еркебұлан Дайыров: Ең болмаса, телефонын өшіріп отырса болды. Көрерменді театр мәдениетіне тәрбиелеу, сөз тыңдай білуге үйрету біраз жылдарға созылатын шығар. Мысалға, Ақтау қаласында осыдан жиырма жыл бұрын ғана театр ашылды. Бұл уақыт ішінде Н. Жантөрин атындағы театр халықты көрермен мәдиниетіне тәрбиелей алды. Яғни, бұл қолдан келетін нәрсе, тек ыждағаттылық керек. 

Біз көрерменге қарай жүгіреміз, ал олар бізге қарай бір-екі қадам басса деген тілек бар. 

Тағы қосатын ойларыңыз бар ма?

Бәйгенің аттары бәйгеге көп қатыспаса, іші пысып жүгіргісі келеді, доданы аңсайды. Біз де солай, ауыр спектакль, ауыр дүниелермен жұмыс істеп үйреніп қалғанбыз. Іште жиналып қалған күшті, азаматтық позиция сияқты дүниенің бәрін шығару үшін бізге сахна керек. Арқамыз терлеп, қолтығымызды сөге жүгіретіндей қойылымдар жасауға тырысамыз. Оған бірден-бір себепкер болған біздің Зарина әріптесіміз бен қазіргі таңда біз үшін нөмері бірінші режиссер Фархадты атап өткім келеді. Фархадтың дүниетанымы, өнерге деген махаббаты бөлек нәрсе. Сондай жігіттерді тұншықтырып алмай, алақанда ұстап, аялап, бойындағы өнерін елге шашу керек. 

Біз Фархадтардың жағдайын жасауымыз керек, олар нан мен майдың әңгімесін ойламай, шығармашылықпен айналысуы керек. Қазіргі дәуірдің алтын ғасырын жасайтын талантты азаматтарға қолдау көрсету маңызды. 

Шындап келгенде, қазақ театрында жүрген мықты актерлер өте көп. Театр қайраткерлерін бір алаңға жинау мақсатымен ŞAM театрын аштық. Бәріміздің басымыз қосылып, бір ойға, бір мүддеге жұмыс істейтін алаңдар көп болғанда ғана көрермендерде де таңдау болады.


 «Иран конференциясы» қойылымын Алматы қаласында 8 желтоқсан күні М. Әуезов театрының үлкен залында тамашалай аласыздар. Басталу уақыты — 19:00. Билеттерді театр парақшасындағы сілтемеден немесе Ticketon сайтынан ала аласыз.


Еще много интересного

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты