«Қазақша жазуға үлкен ықпал еткен Ninety one, Darkhan Juzz, Orda»: Еңлік дебюттік альбомын қалай жазды
Steppe Qazaqsha 26 Сентября, 2025

«Қазақша жазуға үлкен ықпал еткен Ninety one, Darkhan Juzz, Orda»: Еңлік дебюттік альбомын қалай жазды

BIPL алғашқы альбомының тұсаукесері қарсаңында STEPPE Еңлікпен сөйлесіп, оның шығармашылықтағы басты тақырыптары, альбомға арқау болған ойлары және тыңдарманнан күтетін әсерлері турасында сұхбаттасты. Әнші жаңа жұмысының мәнін ашып, музыкадағы шынайылық пен қазақ тілінің әлемдік аренадағы орнын айтты.


«Альбомда өмір болсын дедім»

– Бұл сіздің алғашқы альбомыңыз – мансабыңыздағы үлкен белес. Оның шығуына қандай көңіл-күймен келдіңіз? Неге дәл қазір?

Альбом жазу мен үшін үлкен жауапкершілік. Ішіндегі әндерде «өмір» болғанын қаладым. Сол үшін де шығар, 2-жылдай жинаған әндерімді жазып шықтым. Маған маңыздысы сан емес, сапа болды.

– Осы альбомдағы әндерді біріктіретін басты идея немесе эмоция қандай?

Басты идеясы – өзіңнің ішінде ешқандай өкпе, реніш сақтамау, сыртқы факторларға қарамай, тек алға жылжу.

– Сіз үшін ең қиын жазылған трек қайсы болды, және неге?

Ең қиыны және сөздер жайлы көп ойланғаным, «16 қыз» болды.

Шабыт пен шығармашылық кеңістік

– Әртістердің шығармашылық «рәсімдері» болады. Сіздің әндеріңіз қай «құпия кеңістікте» дүниеге келеді?

Әр кезде әрқалай. Өзімнің жұмысымда ең ұнайтыны – студияға барып, әннің басын бастап, сосын сол әнмен кішкене өмір сүріп келу. Немесе ұмытып кетіп, қайтадан 2-3 күннен кейін жаңа оймен жазу.

–  Алғашқы альбомыңыздың дәл осы уақытта шығуының  маңызы неде?

Уақыты келді деп ойлаймын. Тыңдармандарым да көп күтіп қалды. Кейбір әндердің жазылуы үшін уақыт керек. Сондықтан да ұзақтау шықты.

– Музыкаңыз рәп, поп және қазақы әуендерді біріктіреді. Қалайша тепе-теңдік табасыз?

Халық әндерін бала кезімнен жақсы көремін. Бертін келе мектеп кезінен бастап, хип-хоп, рәп тыңдай бастадым. Мүмкін осы қызыққаным әндерімде белгілі бір комбо шығарған шығар.

– Әндерге шабытты көбіне қайдан аласыз?

Көбінесе өзімнің басымнан өткен оқиғаларға сүйеніп және сол оқиғалардан шыққан сезімдерді суреттеймін.

Қолдау мен орта

– Сіздің тректеріңізді бірінші кім тыңдайды?

Бірінші продюссеріммен жазамын, ол тыңдап, өз бағасын береді. Одан кейін күйеуім, құрбыларым және әкем мен анам. Құрбыларым шабыт беріп, тек қолдау көрсетеді. Ал ашық критика айта алатын әкем мен анам. Ең қызығы әкем хип-хоп көп тыңдамаса да, оған ұнаған ән көбінесе елдің көңілінен шығады.

– Отбасы мен жақындардың қолдауы қаншалықты маңызды?

Әртіс ретінде де, адам ретінде де өте маңызды. Бұл тұрғыдан жолым болды.

Шығармашылыққа әсер еткен тұлғалар

– Сіз үшін музыкада үлгі болған әртістер кімдер?

Әрбір әріптес әртістерден жақсысын түртіп алуға тырысамын. Бірақ осының бәрі басталмай тұрған кезде, ең көп шабыт беретін және осы музыкаға деген махаббатымды ашқан Beyoncé болатын. Қазіргі әндеріндегі мән мағына ұнайды деп айта алмаймын, дегенменде бұрынғы әндерінде ол үлкен мәселелер жайлы айтатын. Одан кейін тек қазақша жазуға үлкен ықпал еткен Ninety one, Darkhan Juzz, Orda болатын.

– Соңғы жылдары қазақстандық әртістер әлемдік сахнаға жиі шыға бастады. Ал сіз қазір әлемдік трендтердің топ-3-інде тұрсыз. Бұл жетістік сізге қандай сезім сыйлайды?

Мен және біздің командамыз өте қуаныштымыз. Бұл, біріншіден, бізге үлкен мотивация. Қазақ тілінің шынымен де әлемдік ареналарға шыға алатын әдемі тіл екенінің көрсеткіші деп ойлаймын.

Тыңдарманмен байланыс

– Әлеуметтік желідегі тыңдармандардан түскен ең есте қаларлық пікір қандай болды? 

Ондай өте көп, есімде қалғаны — бір қыздың: «сіздің әніңізді тыңдаған соң, анамды барып құшақтап алдым» дегені әсер еткен.

– Қазір жаңа сериалдық платформа Unico Play платформасының дауысы ретінде таңдалған екенсіз. Қазақстанда алғаш рет орын алған бұндай жаңалықтың сізге, бастаманың жалпы қазақстандық әртістерге қандай мүмкіндік деп ойлайсыз?

Өте күшті. Біз бұндай ұсыныстарға тек қуанамыз. Мен үшін бұл үлкен мәртебе.

Қиындықтар мен алған сабақтар

–  Алғашқы альбомға дейін қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Бәрінде болады деп ойлаймын. Басында қорқыныш болды. Алғашқы альбом болғандықтан, түсінікті, концептуалды болғанын қаладым. Бірақ әндерді жаза келе бір пазл құрап жатқандай болдым. Яғни, тек өзіңнің ішкі сезімдеріңмен бөлісе берсең, альбомның мақсаты мен мәні өзі-ақ жиналып шыға келеді екен. Жақындарым маған, не істесем де, не шешсем де үнемі қолдау көрсетіп отырады. Сол үшін оларға алғысым шексіз.

– Музыка индустриясында алған ең күтпеген сабағыңыз?

Саған, сенің талантыңа, өнеріңе жанашыр адамдардың болуы өте маңызды екенін түсіндім. Және self made деген сөздің мағынасына келіспейтінімді ұқтым. Себебі «жалғыздың үні шықпас» демекші, қандай да бір адам жетістікте жеткен болса, оның артында үнемі айналасындағылардың қолдауы, махаббаты және алдынан шыққан жақсы адамдардың көмегі тұрады деп ойлаймын.

Келешек

– Альбомнан кейінгі бағыт қандай?

Әзірге ештеңе жоспарлағым келмейді. Осы альбомды жазам деп қатты уайымдағанмын, енді тек осы сәтті сезініп өмір сүргім келеді. Ал жоспар құру, коллаборациялар ұйымдастыру — ол командамның міндеті.

– Музыка арқылы қандай мұра қалдырғыңыз келеді?

Өмірдің сан қырлы болатындығы туралы, бірақ бәрі өзіңе байланысты екендігі жайлы айтқым келеді. Яғни, бақытты болып, алға қарай жылжу немесе әлемге өкпелеу, осы екі жолда таңдау тек өзіңде екенін жеткізгім келеді. Әндерім арқылы адамдарға, мүмкін, оларға жетпей жүрген қолдауды білдіргім келеді.

– Стиліңіздің қандай жағы ешқашан өзгермейді?

Шынайылық. Тек шынайы әндер жазғым келеді. Тек өзімнің ойларым және сезінгендерім.

– 10 жылдан кейін тыңдармандар альбомыңызды қосса, қандай әсер қалдырғанын қалар едіңіз?

«Мынау не деген күшті сөздер, не деген мықты қолдау, қандай керемет әндер» деп тыңдалғанын қалар едім.

Автор статьи

Аксулу Элубаева