Карантиннен кейін қандай кәсіби дағдыларға сұраныс артады?

5 минут Гульнар Наурызбай
Карантиннен кейін қандай кәсіби дағдыларға сұраныс артады?

KPMG сарапшылары мамыр айында жариялаған COVID-19 пандемиясының Қазақстан экономикасындағы маңызды салаларға әсері туралы зерттеуінде «ғаламдық экономикалық дағдарысқа әкелген жаңа коронавирус Қазақстанда СССР тарағаннан кейін болған ең қиын дағдарыстың қайталануына себеп болуы мүмкін» деп жазады.

Қазірдің өзінде миллиондаған адам үйреншікті өмір салты, табысы мен болашаққа сенімінен айырылды, ал алдымызда дағдарыс күтіп тұр. Мемлекет, бизнес пен халыққа карантиннен кейінгі жағдайға қайтадан бейімделуге тура келеді. Біз «пандемиядан кейінгі әлемде қандай мамандықтарға сұраныс артады?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. 

Коронавирус пандемиясы кезінде компанияларда не өзгерді?

Әуе, фитнес, мейрамхана бизнесі мен азық-түліктен басқа тауарлардың көтерме саудасы – коронавирустан ең көп зардап шеккен салалар. hh.kz сайтының дерегінше, коронавирустың кері әсері бірінші кезекте сұлулық салондары мен ойын-сауық орталықтарына тиген. 

Ernst&Young компаниясының сәуір айындағы 66 жұмыс берушінің қатысуымен дайындалған есебіне сәйкес, компаниялардың 29 пайызы дағдарысқа дейін қашықтан жұмыс істеу саясатын ұстанған.

Карантин нәтижесінде:

  • Компаниялардың 98% қызметкерлерінің 67% қашықтан жұмыс істеуге жіберген.
  • Компаниялардың 25% орташа есеппен алғанда қызметкерлерінің 34%-ына ақылы еңбек демалысын берген.
  • Компаниялардың 7% орташа есеппен алғанда қызметкерлерінің 23%-ын ақысыз еңбек демалысына жіберген. 

Жұмысын қашықтан істеу режиміне көшіруге болмайтын қызметкерлердің жартысынан көбі бір жылға ақылы еңбек демалысына шыққан. Қызметкерлердің үштен бірінің жұмыс уақыты қысқарған.

Кей компания жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды тоқтатқан. Бірақ кей салада рекрутинг жалғасты. hh.kz сайтының дерегінше, пандемияға дейін және карантин кезінде көтерме сауда, құрылыс, азық-түлік және халық қолданысындағы өзге тауарлар саласында жұмыс істейтін компаниялар жұмысқа жаңа қызметкерлер алған. Қонақ үй, мейрамхана, қоғамдық тамақтандыру, кейтеринг саласындағы компанияларда мұндай мүмкіндік болмаған.

EY дәл осы зерттеуіне сәйкес, жұмыс берушілердің 82% дағдарысқа байланысты қызметкерлерін жұмыстан босатпайтынын айтқанымен, компаниялардың жартысына жуығы бірқатар қызметкердің жұмыс күнін  қысқартатынын мәлімдеген.

айтишник

Қазақстанда қай сала қызметкерлеріне сұраныс артты?

hh.kz сайтының дерегінше, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер, өндірісте істейтін темір ұстасы, инженер-конструктор, жабдықты баптаушы, моторист пен инженер-есепші мамандарына сұраныс артқан. Сұраныстағы ондаған кәсіптің қатарына есепшілер мен жоғарғы менеджмент саласының өкілдері де кірген.

Жергілікті еңбек нарығы туралы кей дерек MIT профессоры Дэвид Аутордың еңбегін еске салады. Ол еңбек нарығындағы өзгерістерді зерттеп, қарапайым әрі аз жалақы төленетін және қиын әрі ерекше ойлау жүйесін қажет ететін салаларда жұмыспен қамту деңгейі өскенін анықтаған.

график

Сәуір айында ақпараттық технологиялар, сауда мен маркетинг саласында қашықтан жұмыс істеу тәртібіне негізделген жұмыс орындар саны артқан.

«Сауда саласы бойынша түйіндемелер көп түседі. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Өйткені сауда саласы карантин шарттарына тез бейімделді. Компанияларға қашықтан жұмыс істейтін сауда менеджерлері, онлайн кеңесшілер керек», — дейді HeadHunter Қазақстан компаниясының маркетинг және PR жөніндегі директоры Анна Шевченко.

Еңбек нарығына қандай ғаламдық трендтер әсер етеді?

Еңбек нарығына әсер ететін трендтерді технологиялық және әлеуметтік деп екі санатқа бөліп қарауға болады. Мысалы, бірінші санатқа еңбек күшін автоматтандыру мен роботтандыруды, екінші санатқа өмір сүру жасының ұлғаюы мен экономикадағы әйелдер үлесінің артуын жатқызуға болады. Одан бөлек, жаһандану, тұтынушылардың экологияға көбірек назар аудара бастауы, барлық саланың тез өзгеруі сияқты маңызды факторлар бар.

Өмірде қызмет саласын 5-6 рет өзгертуге дайын болыңыз.

Қазақстандағы HR-менеджерлер қауымдастығының сарапшылары адамға өмірде бірнеше рет қызмет саласын ауыстырып, жаңа кәсіп игеруге тура келетінін айтады. Қолына диплом алған маман ондаған жыл бойы бір компанияда жұмыс істейтін бұрынғы сценарий енді жарамайды.

Бірақ үнемі жаңа нәрсеге бейімделу қажеттілігі стреске әкеп соғады. Global Education Futures және WorldSkills Russia сарапшылары мұндай стресті жеңу үшін адам өз қызметінен мән-мағына көруі керегін, сонда ол қандай жұмыс істесе де, мұны ішкі құндылығының көрінісі деп қабылдайтынын айтады.

Болашақта қандай дағдылар керек болады?

hh.kz сайтының дерегінше, сәуір айында сауда, ақпараттық технологиялар, есеп-қисап саласы мамандарына бұрынғыдай сұраныс көп болған. 

«Енді жаңа жағдайға тез бейімделетін кандидаттарға басымдық беріледі. Кез келген өзгеріске тез үйреніп, жаңа технологияны оңай игеріп кететін мамандар қашан да керек. Карантин кезінде бұған бәріміздің көзіміз жетті: қазір компаниялар жаңа онлайн-өнімдер шығарып, мұғалімдер қашықтан оқыту бағдарламаларын меңгеріп, мейрамхана бизнесі ара қашықтық сақтау принципіне негізделген жеткізу қызметін ұсынып, фитнес-жаттықтырушылар видеожаттығулар жазып, жаңа жағдайға бейімделді», — дейді Анна. 

Бұл трендтер Global Education Futures және WorldSkills Russia сарапшылары дайындаған баяндамада аталған дағдыларға ұқсайды. Зерттеуде көрсетілген XXI ғасырдың негізгі дағдыларына мыналар жатады:

  • Назарды бақылауда ұстау
  • Цифрлық сауаттылық 
  • Экологиялық ойлау
  • Өз алдына үйрену қабілеті
  • Эмоционалды сауаттылық 
  • Креативтілік
  • Кросмәдениеттілік
официант

Бұрын hard skills-ға көбірек мән берілсе, енді бәрі өзгеріп жатыр. «Атлас новых професий РФ 3.0» кітабында өмірге қажет және метадағдыларға басымдық беріп, арнаулы және контекст дағдыларды қажет етпейтін жаңа модель сипатталады.

Бағдарламалау, көлік немесе видеоблогинг жүргізуді арнаулы дағды деп атауға болады. Өмірге қажет дағдылар — өмір бойы әртүрлі жағдайда қолдануға болатын қабілеттер жиынтығы. Оған ерік-жігер, ақыл-ойдың кемелдігі, бір саланы басынан меңгеру және жаңа білім алу қабілеті жатады. Кітап авторлары «кросс-контекст және өмірге қажет дағдылары жақсы дамыған адам қандай жағдай болмасын, тығырықтан шығар жол табады» деп жазады.

Өмірге қажет дағдылар адамның қалай өмір сүріп, әрекет ететінін көрсетеді. Арнаулы дағдыға үйренуге қарағанда, адамның бойында өмірге қажет дағдыларды қалыптастыру қиын немесе мүмкін емес саналады. Мәселен, адамның мінезін көрсететін оптимизм, дамуға талпыныс, мақсат қойып, оған жете білу және сараптау қабілеті осы топқа жатады.
 

KPMG сарапшылары COVID-19 вирусы адамдардың мінез-құлқын, мемлекет пен бизнестің стратегиялық мақсат қою әдісін өзгертетін дағдарысқа себеп болды деп есептейді. Коронавирус сондай-ақ рекрутинг пен қызметкерлерді басқару саласында жаңа дәуір бастап, қашықтан жұмыс істеу мен фрилансқа көшуді тездетті. 

hh.kz сайты ұсынған деректер мен зерттеулерге сүйенсек, ғаламдық трендтер жергілікті еңбек нарығына әсер етіп отырғанын көреміз. Осыдан «жаһандану мен технологиялық прогресс қарқынды жүріп, бүкіл әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанда, алдағы 20 жылын жұмыста өткізгісі келетін мамандар өмірге қажет дағдыларын дамытуы керек» деген қорытынды шығаруға болады.
 

Бұл материал «Qolda» төтенше көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен бірге дайындалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Статьи STEPPE

Подборка ко Дню независимости: что смотреть, читать и слушать

Подборка ко Дню независимости: что смотреть, читать и слушать

В преддверии Дня независимости собрали подборку, которая поможет погрузиться в культуру и историю страны через книги, фильмы и...

2 минуты
2 минуты
Гид по профессии: кто такие IT-аналитики и чем они занимаются

Гид по профессии: кто такие IT-аналитики и чем они занимаются

Если вы задумывались, как появляются новые цифровые продукты и сервисы и кто за ними стоит, самое время разобраться в том, кто...

3 минуты
3 минуты
The Sims и культурный след: как игра сформировала ценности и мечты поколений

The Sims и культурный след: как игра сформировала ценности и мечты поколений

The Sims, пожалуй, одна из немногих видеоигр, которая не только изменила индустрию, но и стала мощным культурным феноменом,...

8 минут
8 минут
Пока мы живем в 2024 году, Япония живет в 2034: топ-10 технологических прорывов, которые хочется позаимствовать
Партнерский

Пока мы живем в 2024 году, Япония живет в 2034: топ-10 технологических прорывов, которые хочется позаимствовать

Когда речь заходит о высоких технологиях, Япония неизменно оказывается впереди планеты всей. Эта страна уже живет так, будто на...

5 минут
5 минут