Данияр Қосназаров: Адамдар астыртын сөз байласу теориясына неге сенеді?

10 минут Данияр Косназаров
Данияр Қосназаров: Адамдар астыртын сөз байласу теориясына неге сенеді?

Астыртын сөз байласу теориялары алдымызда не күтіп тұрғаны белгісіз әлемнің қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге арналған. Ми адамның қоршаған ортасын үнемі зерделеумен болады. Таныстарыңыздың сөзі мен әрекетін саралап, жорамал құрып, адамның сізге қандай әсер қалдырғанын түсінуге тырысатыныңыз рас қой? 

Шынайы өмір күрделі болған сайын, бәрі бақылауда екенін сезіну де қиындай түседі. Адамдар не болып жатқанын түсінбеген кезде, олардың бойын қорқыныш пен үрей билейді. Ондайда біз не болса соған сенгіш, ашушаң адамға айналып, барлық тұстан жау көре бастаймыз. Сондықтан кімнің жақсы, кімнің оңбаған екенін әшкерелейтін хикаялар әрдайым сұраныста болады. Көп адам конспирологияны сырт көзден жасырын «шындықты» дайын күйінде алдына әкеліп беретіні үшін жақсы көреді. 

Астыртын сөз байласу теорияларының формуласы өте қарапайым. Оны түсіну үшін сізге ғылым докторы болудың керегі жоқ. Кез келген астыртын сөз байласу теориясында міндетті түрде қастық ойлаған ортақ жау болады. Көбіне қаскөйлердің рөлінде құпия қауымдастықтар (масондар, иллюминаттар, Бильдерберг клубы), тұтас бір ұлт немесе діни топ (еврейлер, мұсылмандар, шииттер), арнаулы қызмет өкілдері (Орталық барлау басқармасы, Моссад, MI5), қаржылық топтар мен корпорациялар (Ротшильдтер, Клинтондар, фармакологиялық компаниялар, 5G технологиясын жасаушылар, Билл Гейтс пен Джордж Сорос), сондай-ақ өзге ғаламшардан келгендер жүреді. Әдетте «теория авторларының» қолында билігі, саясаткерлерге дегенін орындата алатын күші, ақшасы, ірі халықаралық ұйымдарға, банктерге және әлем елдерінің билігіне ықпал ету тетіктері болады. 

Қаскөй міндетті түрде керемет жоспарға сәйкес әрекет етеді. Мәселен, америкалық миллиардер Билл Гейтс әлемді басқарып отырған адамдармен астыртын сөз байласып, бәрімізге күштеп екпе салдыру үшін коронавирусты қолдан жасап таратқан.  Екпе адамдардың ағзасына чип орнату үшін керек. 

Қаскөй ешқашан жоспарын жайып салмайды. Ол әр қадамын мұқият ойластырады. Мұндай жоспар құпия жағдайда дайындалып, бәрі сәтімен жүзеге асады. Қарапайым адамдар жоспарды біліп қойса, қаскөйдің арам пиғылын әшкерелейтін тұлғалардың да қажеті болмас еді.  

Үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін қулыққа құрылған жоспар керек. Өйткені екпеге байланысты манипуляциялар қызық үшін не Билл Гейтс миллиардтаған қаржысын қайда шашарын білмегеннен жасалып жатқан жоқ. Өзі сияқты ашкөз капиталистермен біріккен Гейтстің мақсаты – қолындағы билігі мен байлығын өсіру. Ал мемлекет азаматтарының әр ізін бағып, халық санын қатаң бақылауда ұстағысы келеді. 

Халық қаскөйлердің көздеген мақсатын естігенде ашу мен үрейге бой алдырмаса, демек астыртын сөз байласу теориясы нашар дайындалған. Мұндай теориялар өміршең болмайды. Өйткені астыртын сөз байласу теориясы адамдарға қауіптен хабар беріп, олардың эмоциясын оятып, сыни ойлау қабілетінен айыруы керек.

Ашуға беріліп, әділетсіздікке ашынған адамдар қаскөйлердің арам пиғылын әшкерелеген материалдың сілтемесін басқаларға таратып, мессенджерлерде видеороликтер мен жазбаларды бөлісіп, теорияға имандай сенетіндердің қатарын көбейтеді. Олардың кейбірі еврейлердің үйін қиратып, гендік модификацияға ұшыраған көкөністер мен жемістерге бойкот жариялап, 5G технологиясына қарсы шығып, балаларына екпе салдырудан бас тартуы мүмкін.

Бұл формула құрбансыз іске аспайды. Біз астыртын сөз байласу теорияларына өзіміз бен жақындарымыздың өміріне қауіп төніп тұрғанын түсінген кезде көбірек сенеміз. Әрине, ақпарат кең тараған сайын, ұжымдық инстинкт іске қосылып, қоғамда паника артады. Теория әр адамға жеке әсер етуі керек.

Масондар мен орталық барлау басқармасының құпия келісімінен бізге зиян келмейтінін білсек, басқалар үшін қатты алаңдай қоймаймыз. Қаскөйдің халықтың қолы жетпейтін биікте отырғанына қарамастан, оның қоғамда «ұзақ өмір сүрген» теориялары міндетті түрде қарапайым адамдардың күнделікті тіршілігіне жақын болады.  

«Жаулар уланған апельсин, банан мен әр қозғалысымызды биліктің назарына ұсынатын чиптер арқылы ұлтымызды жер бетінен жойып жібергісі келеді» деген нұсқалардың неге сонша танымал екені осыдан-ақ түсінікті. Астыртын сөз байласу теориясының салдары азаматтардың қауіпсіздігіне, бостандығы мен қалтасына зардабын тигізуі керек. Біз «коронавирусты халықтың соңғы тиынына дейін тартып алып, байлыққа кенелуді көздейтін, балаларымыздың денсаулығына зиян келтіретін фармацевтикалық компаниялар ойлап тапқан» деген нұсқаға көбірек сенеміз.

Қаскөй + Жоспар + Мақсат + Құрбан = астыртын сөз байласу теориясы

Астыртын сөз байласу теориясы төрт негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Бірақ конспирологтар халықты сендіру үшін қоғамда қандай реакция боларын алдын-ала болжап, әртүрлі психологиялық әдістерді пайдаланады. Мұндай әдістер естіген ақпаратымыздың әсерін күшейтіп, қызығушылығымызды арттырып, сілтемені өзгелерге таратуға итермелейді.

Фактілерге манипуляция жасау

Астыртын сөз байласу теорияларын құрастырып, таратушылар фактілерді шебер бұрмалап, тексерілген ақпарат пен оқығанымызды өзінше түсінуден туған болжамдар арасында байланыс түзеді. Мәселен, Қазақстанда «мемлекет басшысы наурыздың 18-і күні өтетін Нұр Отан партиясының съезінде билікті бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаеваға табыстау үшін карантин режимін әдейі енгізді» деген теория біраз уақыт танымал болды. Партия жиыны шынымен осы күнге белгіленді. «Қазақстанның келесі президенті сенаттың бұрынғы спикері Д.Назарбаева болады» деген бұрыннан айтылып жүрген қауесет аталған саяси сценарийге шынайы сипат бергендей болды. Карантин кезінде билік ауысса, азаматтар наразылық білдіру үшін көшеге шыға алмайды. Ал блокпосттар мен әскери техника халықтың зәре-құтын қашырып, ашуға мінген наразыларды басуға қолданылар еді. 

Осы мысалдан формуланың барлық құрамдас бөлігі анық көрінеді. Мұнда мемлекет қаскөйдің рөлін атқарады және коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтату үшін енгізілген төтенше жағдай кезінде билікті қайтадан Назарбаевтың отбасына тапсыруды көздейді. Қазақстан халқы пікірін ашық білдіру құқығынан айырылған құрбан рөлін атқарады.

Аталған астыртын сөз байласу теориясы қазақстандықтардың бойы үйренген билік транзиті тақырыбы мен автордың қиялын ұштастырады. Оны қолдау не жоққа шығару қиын. Өйткені халықтың басым бөлігінде біртұтас ағза сияқты жұмыс істемейтін билік машинасының жұмысын тікелей бақылауға мүмкіндік жоқ. Әрине, бұған саяси басшыларға деген қоғамдық сенім деңгейінің төмендігі де әсер етеді. Осыдан конспирологиялық теория таратуға қолайлы жағдай туады. 

Өлшемнің де мәні бар

Қайғылы апат, катаклизм мен дағдарыстардың да әсері бар. Белгілі бір оқиғаның қамту аумағы мен салдары үлкен болған сайын, оған қатысты туған астыртын сөз байласу теориясының да танымалдылығы арта түседі. Адамдар кездейсоқ жағдайлар, қателіктер, асығыс шешімдер мен адами фактордың кесірінен мына әлемнің күл-талқаны шығуы мүмкін дегенге сене алмайды. Кей табиғи апатты жеңуге қауқарымыз жетпейтіні белгілі. Бірақ экономикалық дағдарыс, революция мен соғыс адамның ұзақ ойланып немесе асығыс қабылдаған шешімінің салдарынан болады. Бірақ мұны түсініп, оқиғалар мен үкімет, бизнес, қоғам, ғалымдардың әр жылдардағы әрекетінің арасында себеп-салдарлық байланыс құруға көп уақыт кетеді.

«Жаппай жұмыссыздық, аштық пен өлімге әкеп соққан коронавирус кездейсоқ пайда болған. Оны дайындап, таратқан адамдардың артында ірі саяси немесе қаржылық күш тұрған жоқ» деген ой ақылға сыймайды. Барлық дүниеден симметрия іздейміз. Оны таппасақ, кез келген ірі құбылысты жасырын күш, сиқыр мен астыртын сөз байласу теориясы арқылы әлдеқайда жеңіл түсіндіруге тырысамыз.

Астыртын сөз байласу теориясын құрастырушылар оқиға күрделі әрі шым-шытырық болған сайын, қиялға ерік беруге болатынын, мұндайда қоғамға ерекше түсініктеме керегін жақсы біледі. «Үйдегі құбырдың бұзылуына масондар кінәлі» дегенге екінің бірі сене бермейді. Бірақ «коронавирус Алматыда орналасқан «америкалық биологиялық зертханада» дайындалған» дегенді қайталай берсеңіз, сыртқы істер министрлігінің аталған орталыққа қатысты сұрақтарға жауап беруден басқа амалы қалмайды. Астыртын сөз байласу теориясын жақсы көретіндер «министрлік бекер ақталып жатқан жоқ» деп шығуы мүмкін. Бұл олар үшін «билік шындықтың беті ашыла бастаған соң, қолынан келген әдістің бәрін пайдаланып, халықтың көңіліне күдік ұялатып, қоғам назарын басқа арнаға бұруға тырысып жатыр» дегенді білдіреді. 

Өзін-өзі сендіру

Екпе мен халықтың ағзасына чип орнату тақырыбында жеке зерттеу жүргізуге бел бусаңыз, желіден Билл Гейтстің TedX-те айтқан “болашақта әлем халқына өлім қаупін туғызатын талай эпидемия болады» деген танымал сөзін табасыз. Іздестіру жүйесі ұсынған нәтижелердің арасында «миллиардердің қоры екпе дайындауға қаржы бөлді» деген айыптау мен оның Reddit сайтына берген сұхбатында чип туралы айтқан сөзі де бар. Осыдан кейін теннисші Марат Сафин мен режиссер Никита Михалковтың әшкерелеуші цитаталарын, қарапайым адамдардың Гейтсті, АҚШ пен ірі фармацевтикалық компанияларды жерден алып, жерге салған пікірлерін көресіз. Ары қарай сараптай берсеңіз, Гейтс коронавирус жасап шығару құпиясын білген немесе міндетті екпе саламыз деген сылтаумен азаматтардың ағзасына чип орнату үшін зертхана жұмысына қаржы бөлген деген болжам жасауға болады. 

Толассыз ақпарат ағынын ары қарай ақтарып іздеген сайын, астыртын сөз байласу теориясына сену ықтималдылығы арта береді. Біз өзіміз сенетін тұжырымды растайтын деректер тапқанды жақсы көреміз. Желіден кез келген оқиғаға  қатысты сізге сенімді көрінетін ақпарат табуға болады. Әлеуметтік желілер мен Youtube-тың әр адамның қызығушылығына байланысты контент ұсынатын алгоритмі әрқайсымызды ақпараттық тұрғыдан оқшаулап, бір оқиғаны басқа көзқараспен түсіндіретін материалдарды назарымыздан тыс қалдырады. 

Астыртын сөз байласу теориясын құрастырушылар танымал адамдардың пікірі қоғамның қызығушылығын арттыруға көп үлес қосатынын жақсы біледі. Мәселен, Роберт ДеНиро, Джим Керри, Билл Майер сияқты жұлдыздар коронавирусқа қарсы екпеге қарсылық білдіргенде, екпені қолдамайтындардың қатары арта түседі.  Ғалымдар мұндай жұлдыздарды жалған ақпаратты «жылдам таратушылар» деп атайды. Өйткені олардың әр сөзіне сенетін миллиондаған аудиториясы бар. Жақында Вуди Харрельсон инстаграм парақшасына «5G технологиясының адам денсаулығына кері әсері барын растайтын деректер таптым» деп жазды. Ол кейінірек жазбасын өшіріп тастады. Бірақ ол осы әрекеті арқылы бұрын астыртын сөз байласу теориясына сенбегендердің өзін қызықтырып, қоғамдық санаға едәуір зиян келтірді. 

Халық айтса, қалып айтпайды

Туыстар, достар, сыныптастар мен әріптестер арасында тарайтын WhatsApp хабарламалар — ұжымдық сенімнің жарқын үлгісі. Белгілі бір жалған ақпаратты әртүрлі дереккөзден кездестіре берсеңіз, сізде таныстарыңыздың бәрі хабарламадағыдай ойлайды деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Олардың көбіне сенесіз, сізді алдамайтынын білесіз. Пайдалы көрінген ақпаратты басқаларға тарату арқылы сіз таныстарыңыздың хабарламада жазылған дүниені қаперіне алып, ықтимал қауіптен аман болғанын қалайсыз. 

Осылай сіздің әлеуметтік ортаңыздың пікірі қандай ақпаратқа сенуге және таратуға болатынын көрсететін маркерге айналады. Біз әлеуметтік ортамыздан ажырағымыз келмейді, сондықтан кейбір қайшылықты тақырыптарға қатысты ойымыз бір жерден шықпаса да, достарымыз бен таныстарымыз бізден сырт айналып кетпейді. Адамдардың көбі жылдар бойы жинаған әлеуметтік капиталын жоғалтып, маргиналға айналмау үшін қоғамның басқа өкілдерінің айтқанына сеніп, қолдай бастайды.

Адамдар ұзақ уақыт жалғыз жүре алмайды. Олар өзімен саясатқа, дінге, ақша мен әлеуметтік қарым-қатынасқа қатысты көзқарасы ортақ, құндылығы бір адамдармен пікір алмасқысы келіп тұрады. Астыртын сөз байласу теориясының «жақсы бір тұсы» бар: ол біздің сезімдерімізбен ойнап, жасырын эмоцияларымызды оятып, ортақ жауға қарсы күш біріктіруге шақырады.

Астыртын сөз байласу теориясының эфирден түспеуін рационалды түрде түсіндіруге болады. Қазір жабайы аң, инфекция, аштық пен соғыс құрбандарының саны бұрынғыдай көп емес. Бірақ күрделі әлемде адамды алаңдататын басқа мәселелер де жетерлік. Пандемия адамның әлсіз екенін, бәрін бақылауда ұстауға қауқары жетпейтінін тағы да дәлелдеді. Бұрынғы әлем көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатқанда, сабыр сақтап отыру қиын. Мұндайда керісінше, паникаға бой алдырып, еш дәлелі жоқ астыртын сөз байласу теориясын әшкерелеушілердің қатарына қосылу ықтималдылығы жоғары. 

Конспирологиялық формула мен мақалада сипатталған психологиялық тұзақтар осыны көрсетеді. Бірақ бір жағынан астыртын сөз байласу теориясы психология, мидың қызметі мен қоғамды зерттеуге пайдалы екенін түсінемін. Мұндайда бір ғана сұрақ туады: «Астыртын сөз байласу теориясы адамның шынайы келбетін көп интеллектуалды өнімге қарағанда жақсырақ көрсететінін біле тұра, одан қалай бас тартуға болады?
 

Бұл материал «Qolda» төтенше көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен бірге дайындалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

69+: существует ли секс на пенсии?

69+: существует ли секс на пенсии?

В нашем обществе принято считать, что жизнь после 60 лет уже идет на спад. Что происходит с сексуальным желанием у мужчин и женщин в пожилом возрасте — в новом материале из колонки про секс и отношения.

7 минут
7 минут
Вопрос эксперту: станет ли Казахстан мусульманским государством?

Вопрос эксперту: станет ли Казахстан мусульманским государством?

Что происходит с исламом в Казахстане, почему нам не хватает религиозного образования, чем зарегистрированные конфессии отличаются от незарегистрированных и грозит ли стране потеря светскости.

15 минут
15 минут
Колонка про отношения и секс: как распознать зачатки сексуальных расстройств в детстве?

Колонка про отношения и секс: как распознать зачатки сексуальных расстройств в детстве?

Рассказываем об этапах сексуального развития ребенка, нормальном и проблемном сексуальном поведении и при чем тут Джеффри Дамер.

9 минут
9 минут
«Чтобы проверить, склонен ли партнер к насилию, попробуйте его спровоцировать»: что мне посоветовали во время звонка на телефон доверия 150

«Чтобы проверить, склонен ли партнер к насилию, попробуйте его спровоцировать»: что мне посоветовали во время звонка на телефон доверия 150

Пересказываю отрывки из моего диалога с психологом, работающим на телефоне доверия 150, и описываю, как я себя чувствовала спустя 45 минут телефонной психотерапии на сервисе психологической помощи в Казахстане.

9 минут
9 минут