«Өзіңді аяу – ең қауіпті есірткі». Зорлық құрбанының хикаясы

11 минут Динара Тілеубек
«Өзіңді аяу – ең қауіпті есірткі». Зорлық құрбанының хикаясы

Аида Айсарова —  2016 жылы өзін зорлаған қылмыскерді жауапқа тарту үшін басынан өткен оқиғасын қоғам алдында ашық айтуға келіскен аз әйелдің бірі. Қазір сегіз жастағы ұлын жалғыз тәрбиелеп, қалыпты тіршілігіне енді орала бастаған Аида бізге өз хикаясын баяндап берді.


«Қарсылық көрсетуге шамам келмеді»

2016 жылы маусымның 11-і күні достарыммен кешкі ас ішуге бардым. Дастархан басында сондағы бір-екі адамның әрекетіне қатты ренжіп, үйге қайтуға асықтым. Мені тоқтатып, жөн сұраған досыма дөрекі жауап беріп, бұрыла бергенімде, екі қадам аттап, жерге құлап түстім.

Қатты уайымдағанда, қорыққанда есімнен танып қалатын әдетім бұрыннан бар еді. Жиі қайталанбаса да, біреу ренжіткенде денсаулығым сыр беріп, бірер секундқа есімді жоғалтып алатынмын. 

Сол жерде жедел көмек көрсеткен достарымның арқасында бір-екі сағатта өзімді қайта жақсы сезінгендей болдым. Олар мені таксиге отырғызып, жүргізушіге жағдайымды түсіндірді. Үйге дейін жеткізіп салуды тапсырды. Көлікке отырған соң, тағы да есімнен танып қалдым. 

Мені түнгі 12-лер шамасында мейрамханадан алып кеткен такси жүргізушісі үйіме таңғы 5-те бір-ақ әкелді. 

Осы уақыт ішінде сұмдық жағдайды бастан өткердім. Бүкіл денем жансызданып, аяқ-қолым қозғалмай қалды. Дауыс шығарайын десем, сөйлей алмадым. Қарсылық көрсетуге шамам келмеді. Денеме қайта жан біте бастағанда, жүргізуші өз орнына жайғасып, ештеңе болмағандай кейіп танытты. 

Дауыс көтеріп, әрекеті үшін жазғыра бастасам, қайта есімнен танып қалармын деп қорықтым. Ес-түссіз жатсам, қылмыскер көзімді құртуға тырысар деп қауіптендім. 

Сондықтан үйімнің тұсына келгенде, артық сөз айтпай, түсіп қалдым. Кейіннен жүргізуші сөмкемнен 158 мың теңге ұрлап алғанын білдім. Таңертең бірден Түрксіб  аудандық полиция бөлімшесіне барып, арыз жаздым. 

«Бұл сөз мені тірідей өлтірді»

Полиция мені мазақ қылып, «Оны осы жағдайға өзің жеткізген шығарсың» деп жазғырды. Қылмыскер қолға түспей тұрып, мені онымен келісімге келуге үгіттей бастады. «Жалған куәлік бергендерді 5-10 жылға түрме жазасына кеседі»  деп қысым көрсетті. Не айтса да, арызымды қайтарып алуға келіскен жоқпын.

Он сегіз сағат бойы полиция бөлімшесінде маскүнемдер мен нашақорларды, зорлау бабы бойынша жылап, арыз жазуға келген әйелдерді көріп, жүйкем одан сайын жұқарды. Маған ешкім психологиялық көмек көрсеткен жоқ. 

Екі күн бойы оперативті қызмет көлігінде жүріп, қылмыскерді іздедік. Жанымдағы полиция қызметкері «Сен үшін екі күн көз ілмедім» деп ұрысты. Соңында көшедегі бейнебақылау камерасын қарап отырып, қылмыскердің көлігін өзім таптым. Оны бірден ұстады. Қылмыскер ”Бұл қызды ұнатып қалдым, бәрі өзара келісіммен болды»  деп өтірік айтты. 

Осыдан кейін оперативті қызмет өкілі үйіме келіп, мені жеке алып кетті. Жолда қылмыскердің жағдайы нашар екенін, отбасы мен он айлық баласы барын айтып, келісім арқылы істі жабуға көндірмек болды. 

Полиция қызметкері маған «Ол бұрын әдемі әйел көрмеген. Шынымды айтсам, осындай жағдай басыма түссе, мен де өзімді ұстай алмас едім», — деді. Бұл сөздер мені тірідей өлтірді. 

Сол жерде-ақ есімнен танып қалдым. Ол қорқып, мені бірден үйіме әкеліп тастады. Жақындарым жедел-жәрдем шақырып, әуреге түсті.

Мен полицияның қылмыскерді қорғауына жемқорлық себеп болды деп кесіп айта алмаймын. Өйткені бұған дәлелім жоқ. Бірақ полиция неге қылмыскерді аяп, мені аямағанын түсінбеймін.

Қылмыскер — беделді, қолында билігі мен ақшасы бар азамат та емес. Соған қарамастан, полиция оны менен артық қорғады.

Медициналық сараптама қорытындысында тергеушіге берген түсініктемемде айтқан жарақаттардың жартысы да болған жоқ. Жыныс мүшемде ішкі жарақаттар, күшпен ұстағаннан денемде көгерген іздер көп болатын. Сот сарапшысы олардың бірде-бірін қорытындыға қоспаған. Қайтадан сараптамадан өту туралы өтінішіме ешкім құлақ аспады. 

Қатты ашуға мінгеннен, оперативті қызмет бастығының алдында көйлегімді қолмен жыртып, денемде қалған қылмыскердің саусақ іздерін көрсеттім. 

Полиция істі жарты жылға созып, сотқа жіберуге асықпады. Аудандық және қалалық прокуратураға, Алматы қалалық ішкі істер департаментіне шағымданып, еш нәтиже шығара алмадым. Бөлімшедегілер «тергеуші істі үш айдан жарты жылға дейін қарауға құқылы» деп қысқа қайырды. 

Жиі жылап, есімнен танып қала беретінім үшін тергеуші мені психологиялық сараптамадан да өткізбек болды. 

Төрт айдан кейін үйге түсініктеме алуға келген әлгі тергеуші «Сен былай жақсы қыз сияқтысың. Мүмкін кездесіп, кешкі ас ішеміз» деді. Олар зорлық көрген адам мұндай сөзді екі есе қорлық деп қабылдайтынын түсінбейтін сияқты.  

Менің ісім бойынша тергеуші үш рет ауысты. Олардың бірі «Жұмыста қағазбастылық көп. Менің қызметім жоғарылауы керек еді, енді сен келіп, өз ісіңмен статистикамды құртып отырсың» деді. Бөлімшеде қаншама ауыр сөз естіп, мазаққа қалдым. 

Күйеуіммен ажырасқанда, әкем қайтыс болғанда бұлай сағым сынған емес. Осы оқиғадан кейін көзімнен бір тамшы жас шықса, есімнен танып құлай беретін күйге жеттім. 

Жәбірленушіге қысым

Менің келісімімді алып, істі жабуға асыққан қылмыскер мен оның туыстары соңыма түсті. Үйіме келіп, бөлмемнің есігіне дейін жүгіріп, менімен сөйлесуге тырысты. Оларға менің телефон нөмерімді тергеуші берген. 

Қылмыскердің туыстары «Қолыңнан ештеңе келмейді. Не келісімге кел, не істі осы күйінде жауып тастайды. Жарты жыл өтті, сот болмайтынына әлі көзің жеткен жоқ па? Одан да ақшаны алып, арызыңнан бас тарт» деп қорқытты. 

Қылмыстық істе алға ілгерілеу байқалмаған соң, Facebook парақшама президентке бағытталған жазба жарияладым. Маған бірден «Немолчи.кз» ұйымының (қоғамдық қор — Ред. ) өкілдері хабарласып, адвокат Айман Мұратқызының (адвокат — Ред.) қатысуымен өтетін баспасөз конференциясына шақырды. Анамның қарсылығына қарамай, аталған жиынға барып, ақпарат құралдарының алдында өз оқиғамды ашып айттым.

Оған дейін туған ағаларымнан бастап, достарыма дейін зорлық көргенім туралы ешкім білген жоқ. Олар мені «такси жүргізушісі тонап кеткен, сол үшін істі сотқа жеткізуге жүгіріп жүр» деп ойлады. Бүкіл елдің алдында ашық мәлімдеме жасағаным туыстарыма ұнаған жоқ.

Бірақ әділетке жету жолында басқа амалым қалмады.  

Осы конференциядан кейін мені Айман Мұратқызы қамқорлығына алды. Ол іс материалдарымен танысып, «прокурор мен тергеушінің бүкіл жұмысын жалғыз өзің бітіріпсің»  деді. Толық дайын тұрған істі тергеуші сотқа жібермей отыр екен. Менің оқиғам ақпарат құралдарына шығып, қоғам назарын аударған соң, бір күнде тергеушіні ауыстырып, істі сотқа жіберді.

Сот залынан босату

Желтоқсан айында барлығы үш сот отырысы болды. Соңғы сот отырысында ұрлық бабы бойынша қылмыскермен келісімге келу туралы құжатқа қол қойдым. Өйткені маған жұмыстағы қарызымды қайтару үшін ақша қажет болды. Ал зорлау бабы бойынша ол Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай амнистияға ілігіп, үш жыл шартты жазаға кесілді.

Қылмыскерді сот залынан бірден босатты. Орта деңгейлі жазаға іліккендердің бәрі сол кезде амнистиямен босап шықты. Сот үкімін естігенде қандай сезімде болғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Ол күні мен қылмыскерді ғана емес, бүкіл тергеу бөлімін жеңдім. Өйткені қылмыскер сотта бірінші рет кінәсін толық мойындап, менен кешірім сұрады. 

Басымнан өткен сұмдықтан кейін ауырып, біраз уақыт жұмысқа шықпай жүрдім. Кейіннен жұмысқа барсам, есімнен танып құлап қала беретін болдым. 14 жасымнан жұмысқа шығып, ешқашан үйде бос отырған емеспін.

Мектеп бітірген соң, қытай мейрамханасында аспаз боп істеп, кейінірек саудаға араластым. Ұялы телефон сатумен, басқа сауда нүктелеріне тауар өткізумен айналысатынмын. Табысым жақсы еді. Бірақ басымдағы қайғымен арпалысып жүргенде, маған  тауар жеткізуші компания бизнесін жауып, Мәскеуге көшіп кетті. Басқа саудагерлер тауарды өзім сияқты жақсы сата алмады. Осылай он бес жыл бойы еңбекпен құрған бизнесім тоқтады. 

«Зорлық көрген әйелдің көзінен қорғансыз екені көрініп тұрады»

Біраз уақыт «Немолчи.кз» ұйымында ерікті боп, ұйым ішінен жанжал шыққанда, кетіп қалдым. Одан кейін күн көріс қамымен қатардағы сатушы боп жұмыс істедім.  

2017 жылы қараша айында саудам жүрмей, көңілім құлазыған бір күні үйге қайтуға такси тоқтаттым. Көзім ілініп кеткенде, такси жүргізушісі бір жыл бұрынғы әріптесінің әрекетін қайталауға тырысты.

Бірден өзіне ұмтылып, арпалыса жөнелдім. Ол мені мойнымнан қылқындырып, көше бойына қалдырып кетті. Көшедегі жүргіншілер жедел-жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетті.

Осыдан кейін үйден шығудан қалдым. 

Өзімді маңдайыма «зорланған» деген тақтайша іліп алғандай сезіндім.

Зорлық көрген әйелдің көзінен оның қаншалықты қорғансыз екені көрініп тұрады. 2016 жылғы оқиғадан кейін көшеде кездескен ерлердің бірде-бірі маған сөйлемей өтпейтін. Бәрі шығарып салғысы кеп, көмек қолын созуға ұмтылып тұрады. Мұндайда өзімді “бәріне қолжетімді» әйелге айналғандай сезініп, жаным ауыратын.

Қараңғы бөлмеде өткен күндер

Екінші рет такси жүргізушісі күш көрсеткеннен кейін бір ай өтпей жүруден қалдым. Таңертең су ішуге орнымнан тұрғанда, аяғымды сезбей, жерге құладым. Төсегіме жер бауырлап келіп, екі күн бойы бөлмемнен шыққан жоқпын. Ұйықтап жатқан кейіп таныттым. Не тамақ ішпедім, не дәретханаға бармадым. 

Анам 19 жыл бойы мүгедек әкеме қамқор болған. Менің де аяғым жүрмей қалғанын естісе, жаны күйзелер деп қорықтым. 

Екі күннен кейін анам жағдайымды біліп, жедел-жәрдем шақырды. Дәрігерлер сырқатымды жүйке жүйесінің шаршауымен байланыстырды. Көп дәрі жазып берді. Алғашқы кезде жүйкені тыныштандыратын қымбат дәрілер ішетінмін. Кейіннен ақшам таусылды да, дәрілердің арзан баламасына көштім. Бұл препараттар бір ішкенде әсер етпейді, сондықтан  дәрігер жазып бергеннен екі-үш есе артық мөлшерде қабылдайтынмын. 

Уақыт өте келе өкшеммен жүріп, аяғымның саусақтарын сезбейтін болдым. Жата бергеннен омыртқам ауыра бастады. Қараңғы бөлмеден шықпайтынмын. 

Кішкентай ұлым да бөлмемнің есігі жабық болса, мазаламайтын. Менің жағдайымды «Анамның аяғы ауырады. Ол көз жасын басқаларға көрсетпеу үшін есікті ішінен жауып алады» деп түсіндіретін. 

Мен өзімді үш жыл азапқа салдым. Дұрыс сөйлеуден, жазудан қалдым. Қолыма қалам алсам, әріптерді шатастырып, бір ойды екіншісіне қосып, түсініксіз шимай шығатын. 

Түнде ұйықтай алмайтынмын. Көзім ілінсе, қорқынышты түстер көріп, шошып оянатынмын. Дұрыс тамақтанбау мен уайымнан қатты жүдеп кеттім. 

Дәрілер әсер еткен болуы керек, биыл наурыз айында аяғыма қайта жан кіре бастады. Қуандым, бірақ ауыр күйзелістен мені мүлде басқа жағдай алып шықты. 

Өмірге оралу

Биыл маусымның 7-сі күні жағдайым нашарлап, ауырсыну сезімін басу үшін тыныштандыратын дәріні үстін-үстін іше бердім. Осылай қаншалықты көп дәрі қабылдап қойғанымды өзім де түсінбей қалдым. Қызуым көтеріліп, үш күн ұйықтадым. Осы уақыт ішінде айқайлап, қиналып, сандырақтап, анамды әбден қорқытқан сияқтымын. Одан бұл туралы сұрауға әлі күнге жүрексінемін. Білетінім, өте ұзақ түс көрдім. Бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Соңғы дәрі қабылдаған күнге дейін жасаған әр қателігімді сырттай бақылауға мүмкіндік алдым. Одан соң түсімдегі бейнелер көп дәрігер тұрған жансақтау бөліміне ауысты. Олар «Қолымыздан ештеңе келмеді» деп, өмірім жалғанған аппаратты өшірді. Ұйқылы-ояу анам мен баламның жылаған даусын естідім…

Оянғанда, өзімді жақсы сезіндім. Өмірге құлшынысым қайта оянды. Үш күн бойы тоқтаусыз тамақ іштім. Үйдегілер қалаған асымның бәрін дайындады. Үш жылда жоғалтқан салмағымды үш күнде қайта жинап алдым. 

Осы жазда анама қант диабеті диагнозын қойғанын естідім. Үш жыл бойы менің мүшкіл жағдайымды күнде көрген анам осындай дертке шалдықты. Бұрын үнемі күліп, анама көңіл-күй сыйлап жүретінмін. Өмірімді күрт өзгерткен оқиғадан кейін жақындарым қуанышты жүзімді көрмейтін болды. Анам «Менің жағдайым сенің бақытыңа тікелей байланысты екен» деп отырады. Ендігі мақсатым – анама бақыт сыйлау. Менің бүкіл ауыртпалықты жеңіп, аяққа тұрғаныма көз жеткізсе, көрген бүкіл сұмдығымды ұмытса деймін. Алғашқы табысымнан анама шипажайға жолдама әперіп, демалысқа жібергім келеді. 

Соңғы жарты жылда өмір сүруді үйрену үшін, өзіме көмектесу үшін өте көп психологиялық кітап оқыдым. Бірінші кезде ары қарай қалай өмір сүруге болатынын мүлде елестете алмайтынмын. Бала күнімнен қалған барлық реніштерім мен қорқыныштарымды қағазға түсіріп, жағымсыз ойлардан арылуға тырыстым. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін. 

Қазір жүйке жүйем толықтай қалпына келді. Кейде көңілім түсіп, мұңаятын кездерім болады. Бірақ бұрынғыдай бөлмеге қамалып, жарықты сөндіріп, терезеден сыртқа ұрланып қарамаймын. 

Қазір Айман Мұратқызымен ғана араласамын. Ол менің атымды өзгертіп, сайтқа нөмерімді қалдырған. Содан бері көмекке мұқтаж қыз-келіншектер хат жазып, кеңес сұрайды. Оларға қолымнан келгенше қолдау көрсетуге тырысамын. 

2016 жылы маусымның 11-і күні қиын жағдайға ұшырадым. Араға үш жыл салып, 2019 жылы маусымның 11-і күні ауыр күйзеліске түскен адамдарға көмек көрсететін орталық ашу туралы жобамды қолға алдым.

Бұл орталыққа ауыр ойлардан шаршаған, психологиялық тұрғыда қиын жағдайға түскен кез келген адам келе алады. Зорлық-зомбылық құрбандарына тегін қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеңілдіктер ұсынамыз. Жоба әлі де жазылып жатыр. Сондықтан бағдарлама мазмұны туралы толық айта алмаймын. Бірақ осы жоба арқылы өзім кездескен ауыр жағдайдан шыға алмай жүрген жандарға көмек қолын созғым келеді.

Зорлауды ауыр қылмыстар қатарына қосу керек деп есептеймін. Ауыр қылмыс жасаған адамды бірден тұтқынға алады. Сонда ол жәбірленушінің соңына түсіп, қорқытып, қысым көрсете алмайды. Одан бөлек, заңнан келісімге келу мүмкіндігін алып тастағанын қалаймын. Өйткені бөтен адамдар үйіңнің алдына келіп, оларды кешіргің келмегені үшін саған тіл тигізіп, балағаттағаны өте ауыр тиеді. Қыз-келіншектерге әйел тергеушілер мен сарапшылар қызмет көрсетсе, әлдеқайда жақсы болар еді.

Қоғамда әйелге деген көзқарас өзгерсе екен. Оған құрмет күшейсе, ерлер әйелдің «жоқ» дегені шын мәнінде қарсылықты білдіретінін түсінсе деймін.

Мен сияқты жазықсыз жапа шеккендерге «Өзіңді аяу –ең қауіпті есірткі. Өткенді еске алып, жаныңды жегідей жеп, жылдар жоғалтуға болады. Бірақ бұл жылдар басқаның емес, бірінші кезекте сенің денсаулығың мен уақытыңды алады. Өзіңді ары қарай өмір сүру мүмкіндігінен айырма» дегім келеді.

Статьи STEPPE

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылық қайдан пайда болады және ол бізді неге үйретеді

Көреалмаушылылық – адам бойындағы ең күрделі және көп қырлы сезімдердің бірі. Ол жиі жағымсыз, жойқын, тіпті ұят сезімі ретінде...

3 минуты
3 минуты
Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Депрессияны көңілсіздіктен қалай ажыратуға болады

Қазіргі қоғамда «депрессия», «хандра» және «апатия» терминдері жиі бір-бірінің орнына қолданылады, бірақ олардың әрқайсысы...

4 минуты
4 минуты
«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Сиқырлы ойлау» дегеніміз не және онда сиқыр бар ма

«Бұл жағдай бір кезде біреуді ренжіткенімнен болды». «Егер ертерек келгенімде, бәленің алдын алуға болар еді». Барлығымыз да...

5 минут
5 минут
Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Психологиялық кеңес: мазасыздықты қалай кемітуге болады

Қазіргі әлемде, өмірінің әлдеқандай кезеңінде, әр адам кем дегенде бір рет мазасыздықтың жоғарылауын сезінген болу керек...

4 минуты
4 минуты