Женщины, которые меняют мир
О том, как у них получилось открыть свое дело, а после — найти настоящую суперсилу. Сегодня...
Мысырдан, Франциядан, Америка Құрама Штаттарынан отандастарымыз сұхбатта өзге ұлттың өкілдері уақыттарын сарп етіп, құрметтеп, қадірлеп жатқан қазақ тілінің маңыздылығымен бөлісті.
Әсем Измуканова: Мен қазақ тіліне бей-жай қарайтын адам емеспін. АҚШ-та Fullbright FLTA бағдарламасымен Индиана университетінде бір жыл қазақ тілінен сабақ бердім. Бағдарламаның басты мақсаты — халықаралық қарым-қатынасты нығайтып, мәдени алмасу болды. Сондықтан АҚШ-қа жыл сайын Қазақстаннан ұстаздарды шақыртып тұрады. Менде қазақ тілін үйренеміз деген екі студент болды. Біреуі қазақ тілін енді үйреніп жатса, екіншісі-орташа деңгейде қазақ тілін білетін студент.
Қазақ тілін енді бастап үйреніп жүрген студентпен жұмыс жасаған өте қызық болды. Бәрін әліппиден бастап үйрету мен үшін мүлдем жаңа тәжірибе алып келді. Ал орташа деңгейде білетін студентпен жұмыс жасау өзінше ерекше болды. Себебі ол студентім қазақша өте еркін сөйлей алатын еді. Төрт жыл Ресейде тұрған, Ұлыбританияның елшілігінде жұмыс істеді. Елордамызда бір жыл қызмет атқарып, «Болашақ» бағдарламасына студенттерді дайындап, үш ай Қарағандыда тұрған американдық азамат.
Оқыту методикасы
Мен бастапқыда студенттерімнен 12 сұрақтан тұратын сауалнама алдым. Не үшін қазақ тілін үйреніп жатыр, қазақ тілін үйренгеннен кейінгі жоспары қандай, не мақсатта қазақ тілін қолданғысы келеді деген сұрақтарға жауап берді. Оған байланысты материалдарды дайындай бастадым. Маған ең ауыр болғаны — ол логикалық сабақтастығы бар, контенті жақсы, арнайы шетелдіктердің қазақ тілін үйренуге арналған оқулықтардың жоқтығы. Сондықтан өзімнің методикамды құруға тура келді. Бағдарламаны жүйелі түрде құру біраз уақытты қажет етті.
Қазақстанда жүрген кезде мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстарынан өткен болатынмын. Fullbright бағдарламасымен Monika McEnerny деген ғалым екі айға КИМЭП университетіне дәріс беруге келді. Бізге өзінің методикасымен блог жүргізуді, коментарий жазғанда конструктивті сын қалдыруды үйретті. Осы методиканы мен Америкада да қолдандым. Студенттің айтылымын арттыру мақсатында дәрісте шынайы өмірге жақын әртүрлі ситуацияларды талқылайтынбыз.
Қазақ тіліне деген қызығушылық
Менің студенттерім көбінесе Аbai.kz, Fergana.agency, «Қазақ үні» атты порталдардан елімізде болып жатқан жаңалықтарды менен бұрын оқып қоятын. Қазақ тілін енді үйреніп жүрген студентіме грамматика маңызды болды. Ол Орталық Азия саясатына, Қазақстанның Ресей, Қытай елдерімен қарым-қатынасына ерекше назар аударды. Қазақ тілін меңгерген студентім зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргендіктен, еліміздің үш тілдік саясаты мен тарихына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатты қызықты. Газеттерден сол жайлы мақалаларды көп оқиды. Орталық Азияда бойынша эксперт-маман болғысы келеді. Оған академиялық қазақшаны үйрену керек болды. Менің екі студентім де Қазақстанда болған. Олар еліміздің қонақжайлығына, бауырмалдылығына, кеңпейілділігіне тәнті болған.
Баян Жанбауова: Батыс Қазақстанның қазағымын. Францияға оқу барысымен келіп, кейін жұмыс бабымен орналастым. Келген жылдары осындағы қазақ қауымдастығының барлығына мүше болдым. Алғаш рет өзіміз Парижде жиналып, Наурызды атап өте бастадық. Сондағы мақсат — қазақ екенімізді француздарға таныту арқылы өз тегімізді ұмытпау, өсіп келе жатқан балаларымыздың санасына мәдениетімізді құю. Елшілікке ұлт жанашыр дипломаттар келген соң, Наурызды бірігіп ресми түрде өткізе бастадық.
Жалпы қазақ тілін үйренемін дегендер жекеме жазып өздері ынтасын білдіріп жатты. Олар — қазақ студенттері, Қазақстаннан бала асырап алған француз ата-аналары және қазақ диаспора өкілдері (Түркиядан ауып келген қазақ отбасылары).
Бастапқыда жиналатын оқу орны тапшы болып, жалға алуға қаржы болмай, Париждегі кейбір университтердің кешкі тегін кітапxаналарында сабақ өткізіп жүрдік. Бір жыл бұрын «Қорқыт» мәдениет орталығы ашылып елшілік сенбі сайын консулдық ғимараттан бос кеңселерді берді. Қазір мен онда қазақ тілімен қатар балаларға домбыра сабағынан дәріс беріп жүрмін.
Оқыту методикасы
Методика жағына келсек, өз басым осы уақытқа дейін жақсы нәтиже берген қазақ тілі методикасын көрмеппін. Өзім бірнеше шет ел тілін меңгерген соң, тіл үйрену әдістеріне біраз танымалдығым бар. Сондықтан сол тәжірбиемді пайдаланып, әрі француз мектептерінде шетелдік балаларға француз тілін үйрету әдістемелеріне сүйеніп, қазақ тілін үйретуге жеке методика ойластыруға тура келді.
Қазақ студенттерінің өз тілін үйренуге (қаншама парадокс болса да, өз тілін білмейтін қазақтар көп екенін аянышпен мойындаймыз), олардың өз тілін білмейтіне арлануы шетелде ояна бастады. Ол рас! Олармен Қанат Тасибеков ағайдың «Ситуативный казаxский» методикасы арқылы сабақтар жүргіздім. Көбісі кейбір қарапайым сөздер білгенімен, өз ойын, әсіресе, қазақша тілек айта алмайтындарына кәдімгідей қиналып жүрді.
Қазақ тіліне деген қызығушылық
Шетелдік үйренушілерге келсек, менің ересек оқушалырымның басты ынтасы ол — Димаш! Димаштың француз фанаттарының оның талантына маxаббатарының кереметтігі соншалық— олар қазақ тілін үйренуге ынтызар болып отыр. Қазіргі уақытта біз жергілікті қазақтар ұлтымыздың мәдениет насиxаттау мақсатында бірнеше шараларды өткізіп, алда тағы біраз жоспарларымыз бар.
Рабиға Төлебай: Араб елдерінде қазақ тілін алғаш болып оқытып жатқан қазақ тілі мұғалімімін. Шет елде жүргеніме он сегіз жылға таяп қалды. Мен осынша жыл араб елдерінде оқып, жұмыс жасап жүрген уақыт ішінде, Қазақстанды шетелдіктерге таныстыруды өте ұнатамын. Себебі байтақ жерімізді көп ұлт танып, білгенің қалаймын. Сол ойды анаммен бөліскенде, ол арабтарға қазақ тілін үйрету жайлы ой салды. Бұл инициативамды елшіміз Арман Исағалиев қолдап, Мысыр елінде бірінші орында тұрған Каир университетінде қазақ тілін үйретуді былтырдан бастадым.
Араб халқы Қазақстан жайлы көп мағлұматтар біле бермейді. Қазақстан дегенде Еуропа ма, Азия ма деп сұрайды. Сол себепті жаңа бір ел, қызықты тіл, ешбір ұқсастығы жоқ тарих болғандықтан көп адамдарда елімізге деген қызығушылықтартар пайда болды. Менің жеті студентім бар, олар бакалаврдың соңғы курсында оқиды.
Оқыту методикасы
Әр мұғалімнің өзінің методикасы болады. Студенттердің ынтасына, талпыныстарына, қабілеттеріне байланысты методика өзі құрастырылады. Мысыр елінде көбінесе түркі тілдес студенттер болғаннан кейін, үш жыл бойы олар түрік тілін оқиды. Сосын төртінші курста таңдауларында үш тіл болады: әзірбайжан, өзбек, қазақ тілдері. Қазақ тілі былтыр осы тізімге қосылды.
Қазақ тілін үйреніп бастаған кезде бірінші аптамыз өте қиын өтті. Интернетте, әсіресе YouTube желісінде қазақ тілі әлемдегі өте қиын тілдердің бірі деген мағлұматты тауып алған студенттерде қазақ тілін үйренуге деген қорқыныштар пайда бола бастады. Қазақ тілі өте ауыр, қиын тіл екен деген ойда болды. Студенттердің тілдері келмей, кейбір сөздерді айта алмай, әріптерді бір біріне жалғай алмай қиналды. Біздегі кейбір сөздер түрік тіліне қарағанда мағынасы жағынан басқа болатын. Мәселен, біз кириллицамен жазамыз, ал онда латынша. Сонымен қатар, қыпшақ грамматикасы мен фонологиясы біршама өзгеше. Сөздік қорымыз бен терминдік кешеніміз де ерекшеленіп тұрады. Сол себепті тіл сындырған кездер болды. Соңына таман араб тілін таза білгендіктен бір-бірімізбен түсінісіп кеттік.
Студенттін қызығушылығын арттыру үшін қиынды жеңілдетіп, жеңілді оңайлатып, әрдайым сұрақтары болса ашық түрде сұрап, көмек беруге тырысамын. Күнделікті оқумен, жаңа сөздерді үйренумен, оларды жаттаумен, оған белгілі уақыт бөлумен тілді меңгеру жеңілірек болды.
Тілге деген қызығушылық
Менің ойымша шетелдік азаматтардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы Қазақстанның өркенді дамып, үлкен белестерге қадам басып жатқан себептерінен болуы керек. Себебі басы тұрмақ заты естілмеген ел, соңғы жылдары әлемге әйгілі болып жатыр. Қазақстан жайлы қызығушылығы, біздің ел жайлы үйреніп білемін деген талпынысы, ізденісі жоғарғы деңгейге көтеріліп жатыр.
Сол себепті студенттерді қосымша елшілікке апарып, Наурыз мейрамының, Тәуелсіздік күнінің қалай тойланатының көрсеттік. Біз арнайы ұлттық киімдерімізді киіп, әдет-ғұрыптарымызды, тамақтарымызды назарға салдық. Осындай қонақжай ел екеніміз, бай тіліміз бар екені оларды ерекше қуантты. Жазда жоспарда оқушыларымды Қазақстанға апарып, елімізді көрсету ойымда бар.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)