Ілияс Бейбеков  Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы. Совет одағы тұсында колхоз меңгерушісі болып, тәуелсіздік жылдары жеке шаруашылықпен айналысқан. Екі жарым жыл бұрын Ақсу-Жабағылы қорығында істейтін ұлдарының жанына келіп, көп ұзамай ерекше қорғауға алынған аймақтың инспекторы боп жұмысқа тұрған. 

58 жастағы инспектор ауылға жақын орналасқан кордондардың (инспекторға берілетін қызметтік үй —Ред.) бірінде тұрады. 2006 жылы бұрынғы ескі үйлердің орнына Дүниежүзіліктің банктің қолдауымен жаңа типтегі кордондар салынған. Инспектор қыcы-жазы мекендейтін үйдің ішінде көмірмен жылыту жүйесі мен монша бар. Үйдің жанындағы қораға жаз кезінде жиналған көмір, отын мен жем-шөпке қарап, таулы аймақтағы қысқа дайындық ерте басталатынын түсінуге болады. 

Екі жыл бұрын әйелі қайтыс болғалы үй шаруасын өзі қолға алып, екі баласымен қызметтік үйде тұрып жатқан инспектор кордонға жолы түскен қонақты құрақ ұшып қарсы алып, шәй бермей қайтармайды. Сол әдетімен бізді де дастархан басына шақырған Ілияс Бейбеков шәй үстінде өз кәсібінің қызығы мен қиындығы туралы әңгімесін бастады.  

— Мен осы кордонға қарасты 11 мың гектар аумақтың қауіпсіздігіне жауап беремін. Бас орманшы бекіткен кестеге сай, таңертең және кешке қорық аумағын аралап, қорғауға алынған территорияға бөтен адамның аяқ баспауын қадағалаймын. Кейде түнгі кезекшілікке шығып, тауда қонамын. Жаздың күні таудың төбесінде күн ұзақ дүрбімен ормандағы өрт белгілерін шолып отырамын. 

Инспектор өзі қауіпсіздігін қадағалайтын территориядағы барлық жолды, осы аумақты мекендейтін жануарларды танып, өсімдіктердің түрлерін ажырата алуы керек. Қорық аумағын аралап жүріп көргендерімізді қағазға түсіріп, күнделік жазамыз. Бұл жазбалар ғылыми қызметкерлерге жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемін зерттеуге көмектесіп, жыл сайын шығатын табиғат жылнамасына негіз болады. 

Инспектордың жұмысы – ауыр. Жазда төбеңнен өткен ыстық табаныңа жетеді. Қыстың қытымыр аязы мен бораны, көктемнің қара суығы мен жаңбыры тағы бар. Ешкім  «Бүгін күн суық екен, жұмысқа шықпасаң болады»  демейді ғой. Ал браконьерлер әдейі сондай қолайсыз ауа-райын күтеді. Сондықтан инспектор тәуліктің қай сағаты болмасын, кестеге сай жұмысқа шығуы керек. 

Осы тұста инспектордың аптаның күні мен ауа-райына қарамайтын жұмыс тәртібі туралы әңгімесіне Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Шыңғыс Арсланұлы қосылды. Ерекше қорғауға алынған аймақтағы еңбек жолын жедел топ инспекторы болудан бастаған Шыңғыс өз тәжірибесімен былай бөлісті.

— 2012 жылы әскерден келіп, жиырма күнге жетер-жетпес уақыттан кейін қайтадан әскерге кіріп кеткендей болдым. Жедел топ инспекторы боп жұмысқа тұрғаныма аз уақыт болғанда үш адам болып жолға шықтық. Қыс уақыты еді. Қалың қарда ат жүре алмаған соң, оның алдына түсіп, жол ашуға тура келді. Осылай омбылап, біз де шаршадық, ат та болдырды.

Жақын маңдағы кордонға жаяу тартып кетейін десек, ат жүрмейді, оны жапан түзде қараусыз қалдыра алмаймыз. Содан қарды аршып, жерге шатыр құрып, қара жерде түнедік. Астымыздан өткен сыздан көз іле алмадық. Көрде жатқандай болдық.  Таңды зорға атырып, аман қалғанымыз бар. 

Инспектордың жұмысы ауа-райы мен мереке күндеріне қарамайды. Демалысы басқалар сияқты сенбі, жексенбіге де сай келмейді. Аптаның қай күніне демалыстың орайы келсе, солай шыға береді. Мемлекеттік мереке күндері бүкіл ел демалып, жұмысқа шақырылғандарға үстеме ақша төленеді ғой. Ал инспектор мереке күні тауда кезекті тексеру жұмыстарында жүрсе де, артық төлем алмайды.

Жай күндері инспекторға сегіз сағаттық жұмыс күні ғана есептеледі. Бірақ олар тауда жиі түнеп қалады. Түнгі жұмысқа ақша төленбейді. Көбіне жұмыс уақыты сегіз сағаттан асып, жиырма төрт сағатқа дейін жалғасатын кездері болады, — дейді ол. 

Инспектордың жағдайы туралы әңгімесін жалақының аздығынан бастайтын Ілияс Бейбеков өзіне таныс сала мәселелерін санамалап шықты. 

—  Мәселен, ай сайын қолыма 70 мың теңге жалақы тиеді. Алыс жерге рейдке шыққанда немесе түнгі кезекшілікке кеткенде өзімізбен бірге ас-су аламыз. Инспектордың жол жүгіне кіретін азық-түлікті ай сайын мемлекет беріп отырса жақсы болар еді. Өйткені негізгі шығыным осы тамаққа кетеді. Одан артылғанын балаларымның керек-жарағына жұмсаймын.

Бәрінен де инспектор боп істейтін жастарға обал. Осында қызметте жүрген жас мамандардың көбінің баспанасы жоқ. Пәтер жалдап, бір үйде екі-үш отбасы боп тұрып, күнелтіп жатқандар бар. Олар азын-аулақ жалақысын қайда жеткізеді? Биыл «жастар жылы» деп жарияланды. Бірақ сол жастарға қолдау жасағанын көрмедік. 

Инспектордың әскери адамнан айырмашылығы аз. Олар адамды қорғаса, біз жануарды қорғаймыз. Қарулы браконьерлермен кездесіп, оларды қолға түсіруге тырысамыз. Заңсыз қару мен атылған аң үшін кім қыруар айыппұл төлегісі келеді? Сондықтан қолға түспеудің амалын жасап қашады немесе қарсылық танытады. Екі балам былтыр браконьерлермен атысқан кездері де болды.

Инспекторлардың қолына берілетіні — бір тапанша мен мылтық. Браконьерлердің қаруы мықты болады. Көбіне ұстатпайды. Ұсталған күннің өзінде ертеңіне-ақ босап шығады. “Қолыңнан не келді?” дегендей инспектордың көз алдынан өтеді. Осыдан кейін істеген ісінен нәтиже көрмеген инспектордың жұмысқа қызығушылығы төмендейді, — дейді инспектор.

Шыңғыс Арсланұлы Өзбекстан мен Ресейде браконьер ұсталса, оған салынған айыппұлдың отыз пайызы заңбұзушыларды қолға түсірген инспекторға төленетінін айтады. Оның пікірінше, мұндай ынталандыру шарасы қызметкерлердің қызығушылығын арттыруға көмектеседі.

Ілияс Бейбеков өзін “ескі ғасырдың адамы” деп атайды. Табиғат аясында атпен жүргенді жаны сүйетін қария балалары да қоршаған ортаға сүйіспеншілік сезімін бойына сіңіріп өссе деп арман етеді. Еңбек адамы болуға еті үйренген инспектор бос уақытында үйдің жанындағы бос жерді көгалдандырумен айналысады. 

— Үйдің артындағы жерге екі жылда 135 түп алма ағашын ектім. Алдағы уақытта жүзім бағын өсірсем деген ниетім бар. Алма көшетін отырғызып жүргенімді көріп, «Осының жемісін өзің жемейсің, әуреленіп қайтесің?» дегендер болды. Қазақта «Атадан мал қалмаса да, тал қалсын»  деген аталы сөз бар. Осы жерде атым емес, затым қалса, қандай жақсы! — дейді ол.