Женщины, которые меняют мир
О том, как у них получилось открыть свое дело, а после — найти настоящую суперсилу. Сегодня...
Мүгедектігі бар адамдарға күн сайын басқаларға қолжетімді көрінетін дүниелер үшін күресуге тура келеді. Олар жолдан өтерде басқа жүргіншілердің жауабын күтеді, өйткені көзі нашар көретін адамдарға арналған бағдаршам жоқ. Құлағы нашар еститін адамдар опера мен концертке бара алмайды. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар подъездерде пандустың болмауынан төрт қабырғаға қамалып, үйден шықпай отыруға мәжбүр.
Бар қиындық осымен бітпейді. Азаматтар теңдігіне кепілдік беретін заңнамалық базаға қарамастан, мүгедектігі бар адамдар әлі күнге ең қарапайым саналатын білім алу мүмкіндігіне толық қол жеткізе алмай келеді.
Университетте қолайлы жағдай мен ым-ишара тілінің аудармашылары болмағандықтан, олар көбіне қашықтан оқыту жүйесін таңдайды. Бірақ бұл жүйенің де кемшілігі көп. Ондағы оқу материалдарын дайындау барысында мүгедектігі бар адамдардың денсаулығындағы ерекшелік ескерілмейді, ал білім мекемесінде студенттерге қажет технологиялар бола бермейді.
Біз инклюзивті білім жүйесінің белсенділері Пархат Юсупжанов және Жанар Бектұрғановамен сөйлесіп, инклюзивті жоғары білім беру саласындағы мәселелер туралы сұрадық.
«Көзімнің нашар көруіне байланысты бірінші топ мүгедегімін. Брайль шрифтін жиі қолданамын. Алматыдағы жоғары оқу орнында мүгедектігі бар адамдарға еш жағдай жасалмаған, бірақ бұл менің білім алуыма кедергі болған жоқ», — дейді әңгімесін әріден бастаған Пархат Юсупжанов. Ол 13 жылдан бері «Жігер» ұйымымен бірге Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесін дамыту жолында еңбектеніп жүр.
Пархат университетті үздік бітіріп, шетелдік білім алуға ұмтылған. Ол бала күнінен Америкада оқуды армандаған. Мектепте оқып жүргенде әртүрлі ауысым бағдарламаларына тапсырып көрген, бірақ бұл талпынысы нәтижесіз аяқталған.
Пархат жолында кездескен сәтсіздіктерге мойымай, өзін басқа үміткерлерден ерекшелеп, оқуға түсу мүмкіндігін арттыратын өтініш дайындауға кіріскен. Нәтижесінде Америкаға жолы түспесе де, Жапонияда білім алу мүмкіндігін жеңіп алған. Ол Жапонияға сапарын «шынайы өмір мектебі» деп атайды. Пархат сонда жүріп «инклюзивті білім — дамыған мемлекет үшін қалыпты құбылыс» екенін түсінген.
Фотосурет: Vlast.kz
Пархаттың бала күнгі арманы кейінірек «Болашақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан. АҚШ-қа оқуға түскен ол мүгедектігі бар студенттерді қолдау орталықтарының моделімен танысқан. Пархат университетте мүгедектігі бар студенттерге қызмет көрсететін, 60 адам жұмыс істейтін арнаулы орын барын көріп, таңғалғанын айтады.
«2017 жылы Миннесотадағы білім департаменті басқармасында тағылымдамадан өттім. 2016 жылы қолдау орталығы ерекше күтімді қажет ететін 4,5 мың студентке қызмет көрсеткен. Университеттегі студенттердің жалпы саны — 45-50 мың адам. Сонда оқу орнындағы әрбір оныншы студентте мүгедектік санаты бар және олар қолдау орталығының қызметін пайдаланады», — дейді ол.
60 адамнан тұратын қызметкерлер штабына қарамастан, орталық Брайль шрифтін шығару, мәтін тілін аударып, бейімдеу, инфрақұрылым мәселесін шешу сияқты көп іспен айналысқан.
АҚШ-тың көп университетінде осындай тәжірибе қалыптасқан. Мәселен, Пархат магистр дәрежесін алып шыққан Индиана университетінде физикалық денсаулығында әртүрлі ақауы бар 1200 студент білім алған. Олардың 900-іне менталды бұзылыс пен психоәлеуметтік мүгедектік диагнозы қойылған, бірақ бұл азаматтардың білім алуына кедергі болмаған.
Пархат екі елдегі жағдайды салыстыру үшін, Қазақстанда білім алған кезде басынан өткен қиындықтарын ортаға салды. «Алматыда оқып жүргенімде, мәтіндер мен тапсырмаларды зағип жандарға арналған кітапханаға барып, өзім аударатынмын. Өйткені университеттерде қазірдің өзінде көзі нашар көретін адамдарға материалдарды Брайль шрифтінде бермейді», — дейді ол.
Пархат отандық оқу орындарының инклюзивті білім жүйесін дамытуға құлықсыздығын бағалау жүйесінің әртүрлілігімен байланыстырып, Қазақстанда АҚШ-тағыдай оқу орындарының рейтингі жоғын айтады.
«Оқу орындары бұл мәселеге немқұрайды қарайды. Өйткені ерекше күтімді қажет ететін адамдардың білім алуына жағдай жасау университеттің мемлекет алдындағы беделіне еш әсер етпейді. Ректорларға қолдау орталықтарын ашуды ұсынсақ, олар бірден «бұған қанша ақша кетеді?» деп сұрайды. Бізде жоғары оқу орындары өз қызметіне бизнес сияқты қарайды. Сондықтан өзіне пайдасы жоқ жобаларға қаржы құймайды», — дейді Пархат.
Мүгедектігі бар студенттерді денсаулығындағы ерекшелік емес, осы ерекшелік ешкімге керек болмайды деген ой тоқтатады.
Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай мен өз уақытына қарай бейімдеуге болатын тиімді шарттар ұсынатын АҚШ-тың онлайн-университеттерінің арасында да рейтинг бар. Бұл мекемелерде білім алатын студенттердің кемі бес пайызы — әртүрлі топтағы мүгедектігі бар адамдар. Яғни, оқу орындары қозғалысы қиын адамдарға ғана емес, есту, көру немесе ойлау қабілеті бұзылған студенттерге де арналған.
Мәселен, тірек-қимыл аппараты бұзылған: ДЦП, бұлшық ет дистрофиясы, шашыраңқы ұмытшақтық, Лу Гериг ауруы сияқты диагнозы бар адамдар мәтінді дыбыстық басқару жүйесі немесе дауыс ажырату қабілетіне ие Dragon NaturallySpeaking сияқты бағдарламалар арқылы тереді. Tobii Eye Tracker технологиясы арқылы компьютерге көзді қозғалту арқылы тапсырма беруге болады — гаджет көз қарашығының қозғалысын бақылап, экранға шығарады.
Пархат пен оның командасының түпкі мақсаты да – осы: мүгедектігі бар студенттердің басқалармен тең дәрежеде білім алуына жағдай жасау. Бірақ бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде басымдық беріліп отырған жоқ. Сондықтан шешімді де ұзақ күтуге тура келеді.
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың оқуға түсуіне университет дәретханасында ерекше күтімді қажет ететін студенттерге қолайлы жағдайдың жоқтығы, лифт пен пандустардың болмауы сияқты мәселелер кедергі болады.
Мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциядан үзінді
АҚШ-та инклюзивті білім заңға 1973 жылы енді. Бұл заң балаларға басқалармен бірге мектепке барып, жеке әдіспен оқу мүмкіндігін сыйлады. Кейін осы тенденция университеттерге көшіп, онда жоғарыда аталған қолдау орталықтары ашыла бастады.
Қазақстан 2015 жылы мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенцияны ратификациялап, ерекше күтімді қажет ететін адамдарға білім алып, жұмысқа тұруда тең мүмкіндіктер қалыптастыру міндетін алды. Бірақ бес жыл ішінде бұл заң университеттері сапаға емес, санға жұмыс істейтін қоғамның керегіне жараған жоқ.
Мемлекетпен пинг-понг ойыны жүріп жатыр. Бірақ ойыншы тарап –біреу ғана.
Әдетте инклюзияны дамыту бастамасын мүгедектігі бар адамдар құрған ұйымдар көтереді. Мәселен, Пархат әріптестерімен бірге оқулықтар мен материалдарды Брайль шрифтіне көшірумен айналысады. Олар сондай-ақ университеттермен әріптестік орнатып, бұл әдісті барынша қолжетімді етуге тырысып жүр.
Пархаттың бастамасын бірінші болып Абай атындағы педагогикалық университет қолдаған. Университет қабырғасында құрылған орталықта көшпелі сессиялар мен семинарлар өткен. Бұл инклюзивті білім беру саласында тәжірибе алмасуға көмектескен. Ал «Жігер»ұйымы студенттермен қалай дұрыс жұмыс істеу керегі жөнінде тренингтер ұйымдастырған.
Құлағы естімейтін адамдар қоғамының өкілі Жанар Бектұрғанова бұл салада шешімін таппаған мәселенің көптігіне қарамастан, Алматыда соңғы кездері арнаулы топтар ашылып, квота бөліне бастағанын айтады. Мәселен, Спорт және туризм академиясында қазір есту қабілетінен айырылған 50 студент білім алады. Олар кездесетін қиындық та аз емес — студенттерге ым-ишара тілін меңгерген сурдоаудармашы берілмейді.
Пандемияның басталуымен көп ел, оның ішінде Қазақстан да онлайн оқытуға көшті. Бұл қадам барлық студенттің мүмкіндігін теңестіріп, ақпарат алу оңай әрі ыңғайлы болуы керек еді. Бірақ онлайн оқытудың бірінші күні-ақ біраз мәселенің ұшы шықты — оқытушылар цифрлық платформамен әзер танысты, ал оқыту материалдарын онлайн форматқа көшіру қиынға соқты.
Көп жоғары оқу орны қазір Zoom, Moodle, Platonus немесе Microsoft Teams сервистерін қолданады. Студенттер кез келген платформаға кіріп, онлайн режимде дәріс тыңдап, қажет материалдарын экраннан қарайды. Осыдан кейін оларға электронды порталға жүктеуге болатын тапсырмалар беріледі.
Мүгедектігі бар адамдардың оқу жағдайы түзелген жоқ. Қашықтан оқыту университетке жетуі қиын, тірек-қимыл аппараты бұзылған студенттерге ғана біршама жеңілдік сыйлады. Ал көзі көрмейтін немесе құлағы естімейтін студенттер қайтпек?
«Көзі нашар көретін студентте барлық арнаулы техника болса да, дәрістер мен тапсырмалар жүктелетін сайттар мен платформалар мұндай ерекшелігі бар студенттің еркін жұмыс істеуіне арналмаған. 45 беттен тұратын сканерден өткен PDF-құжатын ортақ чатқа жібереді. Ал көзі көрмейтін студентке жанындағы адамнан материалды дауыстап оқуып беруін сұрауға тура келеді. Бұған қанша уақыт кететінін елестетіп көріңізші», — дейді Пархат.
Есту қабілеті нашар адамдарға келсек, бұрын ым-ишара тілін білетін аудармашысы болмаған университет мұндай маман қызметін қазір ұсына алмайды. Осылай ерекше күтімді қажет ететін студенттердің бірен-сараны ғана онлайн білім ала алады.
Пархат пен Жанар сияқты белсенділердің еңбегіне қарамастан, сапалы инклюзивті білім әлі де қолжетімсіз күйде қалып отыр. Қашықтан оқуға көшу мүгедектігі бар студенттерге көмектесуі керек еді. Бірақ керісінше, онлайн-оқыту кезінде білім жүйесінің ерекше күтімді қажет ететін адамдарға көңіл бөлмейтіні анық көрінді.
Мұның себебі — қарапайым: ерекше күтімді қажет ететін адамдарға жоғары білім алуға толық кепілдік берілмейді, оқу орындарында арнаулы техника, сурдоаудармашы мен білім бағдарламалары жоқ. Студенттердің денсаулық жағдайының ерекшелігі ескерілмейді.
Білім жүйесі мүгедектігі бар адамдарға неге көңіл бөлмейді? Оларды еңбекке жарамды халықтың қатарына қосып, өзгелермен тең дәрежеде оқуға мүмкіндік берсе, барлық салада дамуға жол ашылар еді.
Оның үстіне, Конвенция қабылданғалы мүгедектігі бар адамдарға грант, жатақханадан орын мен тамақтануға берілетін талон ғана емес, ең бастысы — бәсекеге қабілетті маман болуға көмектесетін білім керегін түсінуге жеткілікті уақыт өтті.
Бұл материал «Qolda» төтенше көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен бірге дайындалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)