Мұсылмандарды түсінуге көмектесетін 12 сөз

5 минут Алуа Досанова
Мұсылмандарды түсінуге көмектесетін 12 сөз

Біз Қазақстанды қонақжай мемлекет, ал ел азаматтарын толерантты адамдар деп танимыз.  Бірақ шын мәнінде, ел ішінде және әлемде дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар әлі де болып тұрады.

Көзқарасы мен өмірлік ұстанымы бізден бөлек адамдар мен қоғамдар туралы шынайы ақпарат таратып, толеранттылық сезімін арттыру өте маңызды. Сондықтан Еуропа одағының қаржылай қолдауымен әртүрлі дінде кездесетін негізгі түсініктер туралы материалдар сериясын бастаймыз.

Бүгінгі тақырыпты ислам дініне арнадық. Бұл материалды дайындауға Шымкент қаласындағы орталық мешіттің наиб-имамы Ерғазиев Қайрат пен дінтанушы, “Дін мәселелерін зерттеу орталығы” мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының бөлім басшысы  Бауыржан Заманханов көмектесті. Материал мүфтият өкілімен мақұлданған.

Бұл веб-сайттағы материал автордың жауапкершілігі саналады және Еуропа одағының көзқарасын білдірмейді.


Азан

Мұсылмандарға парыз саналатын бес уақыт намазға шақыру. Араб тілінен аударғанда «шақыру» немесе «хабарлау» деген мағына береді. Азан шақыратын адамды  «муэдзин» немесе «азаншы» деп атайды.

Азан “Алла жалғыз, Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның елшісі” деген сөздер мен бірнеше рет қайталанатын намазға шақырудан тұрады.  Азаншы мен көп мұсылман бұл сөздерді жатқа біледі.


Ақырет

Мұсылмандар жердегі тіршіліктің аяқталып, жаңа, мәңгілік өмірдің басталуын ақырет (немесе ахира) деп атайды. Исламда өлімнен кейінгі өмір мәңгілік және маңызды саналады. Әр мұсылман қайтыс болғаннан кейін өмірі жұмақта не тозақта жалғасатынына сенеді. Араб тілінен аударғанда ақырет сөзі  «болашақ өмір», «қабірден кейінгі өмір» деген мағына береді.


Аят

Бұл — мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Құрандағы сөздер немесе сөйлемдер жиынтығы. Құран “сүре” деп аталатын бөлімдерден, ал әр сүре аяттан тұрады. Аят көбіне өлең ретінде түсіндіріледі.

Құран аяттары Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өміріндегі әртүрлі оқиға кезінде белгілі бір сұрақтарға жауап ретінде түсіп отырған.


Береке

Бұл — Алланың адамға игі істері мен құлшылығы үшін беретін жақсылығы мен ризық-несібесі. Араб тілінен аударғанда «құт, береке» немесе «бата алу» деген мағына береді.

Мұсылмандар бұл сөзді жиі қолданады. Олар «БаракаЛлаху Фикум» деп,  бір-біріне береке тілейді.


Жихад

Жихад сөзі Құдай жолында игі істер атқаруға күш салу дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, жихад — адамның ішкі «меніне» қарсы күресі, мұсылманның жаман әдеттерден арылып, жақсы жаққа қарай өзгеруге деген талпынысы.

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  жихадты кіші және үлкен деп екі түрге бөлген. Шағын жихад — өлім қаупі төнген жағдайда өзіңді және жақындарыңды қорғау. Мұндай кезде қару қолдануға рұқсат беріледі. Өйткені мұсылман өз отбасын қорғауға міндетті. Үлкен жихад — адамның ішкі «меніне» және жаман әдеттеріне қарсы күресі.

Қазір қате түсінудің салдарынан бұл сөз негативті сипатқа ие болды. «Жихад» сөзін естігенде көз алдымызға соғысқа немесе өзін жаруға кетіп бара жатқан жанкеш елестейді. Исламда өзіне қол салу өте ауыр күнә саналады. 


Зекет

Мүлкі бар мұсылмандар жылына бір рет төлейтін міндетті садақа немесе салық. Зекет  — исламдағы бес парыздың бірі, яғни барлық мұсылманға міндеттелген әрекет.

Мұсылмандар садақа беру жүректі сараңдықтан тазартып, мейірімді оятады деп сенеді. Зекетті кәмелеттік жасқа толған, психикалық ауытқушылығы жоқ, еңбекке жарамды мұсылмандар төлейді. 


Имам

Араб тілінен аударғанда «ұжымдық құлшылық жетекшісі», «алдыңғы қатарда тұрушы» деген мағынаны білдіреді. Басқаша айтқанда, имам өзі жұмыс істейтін мешіт үшін жауапты болады, жамағатпен оқылатын намазды жүргізеді. Сондай-ақ белгілі діндарлар мен дінтанушыларға берілетін титул да осылай аталады. 

Мұсылмандар жергілікті имамды ерекше құрметтейді. Имамдар мұсылмандардың дінге байланысты сұрақтарына жауап береді. 


Иман

Мұсылман жүрегіндегі сенім осылай аталады. Иман Құдайға, періштелерге, Қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне, тағдырға және жақсы да, жаман да тек Алланың қалауымен ғана болатынына сенуден тұрады. Сенім күмәнсіз және шын жүректен болуы керек. 


Қағба

Мекке қаласындағы мешіттің ішкі ауласында орналасқан мұсылмандардың қасиетті орны. Қағба — биіктігі 13 метрден асатын төртбұрышты құрылым. Осы қасиетті орынға қажылыққа бару мұсылманның бес парызына кіреді. Мұсылмандар бес уақыт намазын қағбаны бетке алып, құбылаға қарап оқиды.

Қағба құрылысын жер бетіне жіберілген алғашқы пайғамбар — Адам салдыра бастаған. Бірақ жер бетін басқан топан су кезінде Қағба жойылған. Мұсылмандар Қағба құрылысын екінші рет Ибрахим пайғамбар (батыс дәстүрінде оны Авраам деп атайды) мен оның ұлы Исмаил қолға алған деп сенеді.


Мәзһаб

Исламдағы белгілі бір ғалымдардың пікіріне құрылған діни-құқықтық мектеп. Араб тілінен аударғанда «белгілі бір жолмен жүру», «доктрина» және «мектеп» деген мағынаны береді.

Қазіргі ғалымдар мен мұсылмандардың түсінігінде Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали деп аталатын төрт негізгі мәзһаб бар. Мәзһабтар Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін исламды таратуға күш салған ғалымдардың атымен аталады. Төрт мәзһаб та Құран мен пайғамбардың сүннетіне сүйенеді. Бірақ әртүрлі мәзһаб ғалымдарының арасында әлі күнге дейін намаздағы қимыл мен дәрет алу тәртібі сияқты екінші деңгейлі мәселелерге қатысты көзқарас қайшылығы бар.

Исламда Әбу Ханифаның іліміне негізделген ханафи мәзһабын ұстанатындар көп. Қазақстанда мұсылмандардың көпшілігі дәл осы мәзхабты ұстанады.


Хадис

Хадис — Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір салты, әрекеттері, құптаған істері мен насихат сөздерінің жиынтығы. Осының бәрі бірігіп, пайғамбардың маңызды сөздерінен тұратын сүннетті құрайды. Барлық мұсылман өз өмірінде пайғамбар сүннетін басшылыққа алуға тырысады.

Пайғамбар хадистерінде қасиетті Құранның мағынасы түсіндіріледі. Хадистер сенімді — сахих, жақсы — хасан және әлсіз деп бірнеше топқа бөлінеді. 


Харам

Исламда тыйым салынған және наразылық туғызатын әрекеттер. «Харам» сөзі араб тілінен аударғанда «тыйым салынған» немесе «қасиетті» деген мағына береді.

Исламда кісі өлтіруге, зинақорлыққа, ұрлық жасауға, шошқа етін жеуге, ішімдік ішуге, Құдайға серік қосуға, бірнеше Тәңірге табынуға (мұсылмандар монотеистік көзқарасты ұстанады) тыйым салынған. Бұл тыйымдардың бәрі Құран аяттары мен пайғамбардың хадистеріне негізделген. 

 

 

 

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Подборка ко Дню независимости: что смотреть, читать и слушать

Подборка ко Дню независимости: что смотреть, читать и слушать

В преддверии Дня независимости собрали подборку, которая поможет погрузиться в культуру и историю страны через книги, фильмы и...

2 минуты
2 минуты
Гид по профессии: кто такие IT-аналитики и чем они занимаются

Гид по профессии: кто такие IT-аналитики и чем они занимаются

Если вы задумывались, как появляются новые цифровые продукты и сервисы и кто за ними стоит, самое время разобраться в том, кто...

3 минуты
3 минуты
The Sims и культурный след: как игра сформировала ценности и мечты поколений

The Sims и культурный след: как игра сформировала ценности и мечты поколений

The Sims, пожалуй, одна из немногих видеоигр, которая не только изменила индустрию, но и стала мощным культурным феноменом,...

8 минут
8 минут
Пока мы живем в 2024 году, Япония живет в 2034: топ-10 технологических прорывов, которые хочется позаимствовать
Партнерский

Пока мы живем в 2024 году, Япония живет в 2034: топ-10 технологических прорывов, которые хочется позаимствовать

Когда речь заходит о высоких технологиях, Япония неизменно оказывается впереди планеты всей. Эта страна уже живет так, будто на...

5 минут
5 минут