Женщины, которые меняют мир
О том, как у них получилось открыть свое дело, а после — найти настоящую суперсилу. Сегодня...
Әсел Ергешқызы — журналист, «Болашақ» өнер мектебінің директоры, Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ниет» әлеуметтік жобасының шеф-редакторы. Журналистика саласында он екі жылдық тәжірибесі бар.
YouTube желісінде жыныстық сауаттылықты көтеретін «Жабық тақырып» танымдық влогын жүргізеді. Қазақ тіліндегі влогта Әсел ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынас және ер мен әйел денсаулығы туралы әңгіме қозғайды. Уролог, гинеколог, сексолог мамандардың көмегімен қазақ қоғамында ұят саналатын, ашық айтыла бермейтін тақырыптарды ортаға салып, күрделі сұрақтарға жауап іздейді.
Журналист TEDxAstana іс-шарасына қатысып, жыныстық сауаттылық проблемасын қайта қозғады.
Фото: TEDxAstana
— YouTube желісінен «Жабық тақырып» арнасын ашуға не себеп болды?
Соңғы 8 айда менің өмірім күрт өзгерді. Таныстарым мені «порно-журналист» деп атай бастады. Қазақ радиосында қарапайым журналист болып келген мен — Әсел Ергешқызы — енді «порно-журналиспін». «Бұған не себеп болды?», «Порноның журналиске не қатысы бар» дейсіз ғой?
Былтыр Елбасы мектеп бағдарламасына жыныстық сауаттылық дәрістерін енгізуді ұсынып, Денсаулық сақтау министрі «мектептерге тегін мүшеқап тарату керек» дегенде ата-аналар өре түрегелді. Менің де екі ұлым бар. Сондықтан бұл мәселеге ана ретінде алаңдаушылықпен қарасам да, журналист ретінде тақырыпты кәсіптік тұрғыда зерттеп көрдім. «Бұлар мұндай шешімді нақты бір мәселеге сүйеніп айтып отыр ғой» деп, жағдайдың себебін іздедім. Расында да бұл статистика мені ойландырды.
Жұқпалы жыныстық аурулар қаладағы жастарға қарағанда ауылдағы бозбала мен бойжеткен, яғни кәмелеттік жасқа толмағандар арасында көп кездеседі. Статистика бойынша, ауыл мен қаланың ара-қатынасы 3/1 құрап тұр. Соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандар арасында 33 мың жасанды түсік жасату фактісі тіркелсе, соның 10 мыңға жуығы 15 пен 18 жас аралығындағы қыздарға тиесілі. Ал, ұлттық құндылығымыздың қаймағы бұзылмаған Түркістан облысында 350-ден аса ерте жүктілік тіркелген, олардың арасы әлі 12 жасқа толмағандар да бар.
Алғашқы жыныстық қатынас қанша жаста болады? Қалай болады? Боз бала мен бойжеткен қалай дайындалуы керек? Нендей күйзеліске ұшырауы мүмкін? Неден сақтану керек? Сауатты болмаса, қауіп барын олар біле ме? Жасөспірім осы сұрақтардың жауабын білмейді.
Ақпаратты қайдан алады? Ғаламторға қолы жетсе, ол жерде қалалық және өзге тілді жастарға аз-маз ақпарат табылып қалар, оның өзі — жалпылама ақпарат. Ал ауылдағы жастар үшін, әсіресе қазақ тілділерге бұл тақырыпта ақпарат мүлде жоқ. Оларға бұл тақырып жайлы кім айтады? Үйдегі жеңгесі ме? Жеңгенің функциясын қазір интернет атқарады. Себебі, жеңгенің өзі көп нәрсе білмеуі мүмкін. Қарапайым ғана мысал, мектепте бізге биологиядан ағайын жеңгеміз сабақ беретін. Отырған 20 баланың 17-і — өзінің қайнысы, қайынсіңлісі. Бәрі бір рудан. Оқулықтың адам ағзасы туралы бөлімінде ер мен әйелдің жалаңаш бейнесі және ішкі ағзасының суреті берілетінін білесіздер. Жеңгеміз сол тақырыпқа келгенде, «Бұл тақырыпты үйден оқып аласыңдар. Қазір гүлдің аталығы мен аналығы жайлы сабақ өтеміз» дейтін. Апайдың өзі де ұялады. Сабақты ашып айтқысы келмегеннен емес, ыңғайсыз тақырып кездескеннен осындай күйге түсетін. Ұят!
Шынымды айтсам, 31 жылдық өмірімде маған гүлдің аналығы мен аталығы қажет болған кез болған жоқ. Есесіне, бүйрегім мен бауырым қай жерде орналасқанын кешеге дейін білмей келгенімді жасырмаймын.
— Неге адам мұндай ақпарат алу үшін мамандар көмегіне жүгінбейді?
Бізде осындай мәселе бар: көбі гинеколог, сексолог мамандарды бала көтере алмаған әйелдер немесе қандай да бір дертке шалдыққан, әлде аяғы ауыр келіншектер баратын маман деп қабылдайды. Бірақ гинекологтің одан да бөлек міндеттері бар ғой. Қыздар да қаралуы тиіс, олардың тұрмыстық өмірге дайындығы аталған маманның кеңесімен жүруі керек. Ал біз бұл мамандарды бір мәселе туғанда ғана іздейміз. Сондықтан қыздар бес мың теңгесін төлеп, гинекологқа бара алмаса, тым болмаса «Жабық тақырып» арқылы тегін кеңес алсын деген ойға тоқтадым. Ұл балалар урологқа мүлде бармайды. Оларға дұрыс дәрет сындырып жүрмін деп ойлаудың өзі жеткілікті. Ерлер кей аурулар жыныстық жолмен жұғып, олардың ашық симптомдары болмайтынын білмейді. Сол үшін менің влогымда уролог, гинеколог, сексологтар кеңес береді.
— Отбасыңызда сізбен бұл тақырыпта ашық әңгімелесуші ме еді?
Бұл жалпы біздің қоғам мен менталитетімізде жабық нәрсе ғой. Мен де отбасымда бұл тақырыпта ашық сөйлескен жоқпын. Қажет болғанда, анамнан түсінбегенімді сұрап, қызға етеккір келетін уақыт таяғанда ғана әңгімелесетінбіз. Менің әпкелерім болды, көп кеңесті солардан алатынмын. Бірақ анасымен мүлдем сөйлеспейтін, тіл табыса алмайтын қыздар да бар ғой. Одан бөлек, баласының эмоционалды өзгерісі, оның дамуы қызықтырмайтын ата-аналар да жеткілікті.
Әр үйдің өз мәселесі бар. Баланы ересек өмірге дайындауға бірінші кезекте ата-ана жауапты. Бүкіл қоғам болып осыны мойындамасақ, баланы ересек өмірге дайындауды кейінге қалдыра береміз. «Өмір үйретеді» дейміз, ал ол қашан үйретеді? Қателікке ұшыраған кезде ме? Немесе бір ауруға шалдыққанда ма?
— Білуімше, екі ұлыңыз бар. Жастары нешеде? Олармен жыныстық сауаттылық тақырыбында әңгіме бастап көрдіңіз бе?
Олар кішкентай: екі жарым және үш жарым жаста. Бірақ қазірдің өзінде балам қызығады, балабақшадағы бір қызды «жақсы» дейді. «Ол саған ұнай ма?» десем, «Иә, бірақ мен оның бетінен сүймеймін, ұят болады» деп жауап қайырады. Осы кезден бастап ол ненің дұрыс, ненің қате екенін түсінеді.
Қазіргі ұрпақ өздеріне қажет ақпаратты интернеттен қарап алады. Қазіргі заманда даму басқаша жүреді: бала құрсақта жатқанда қандай ақпаратты бойына сіңірсе, соны біледі. Уақыттың өзгерісі баларға үлкен әсерін тигізеді.
«Біз де аман-есен өттік қой», «Өзімізге ешкім үйреткен жоқ», «Біздің кезімізде…», «Ата-бабамыздың кезінде…» деген аргументтер қазір жарамайды. Бүгінгі балалар өзгеше, талаптары да басқа. Олар бізден жақсы дамыған. Балаларымызға ілесу үшін біз ізденіп, оқуымыз керек.
Фото: TEDxAstana
— Жаңа заманға ата-аналар да бейімделуі керек дедіңіз. Ата-аналар баласымен жыныстық сауаттылық тақырыбында сөйлесуді қандай әңгімеден бастауы керек?
Біріншіден, ата-ана баласының ең жақын досы болуы керек. Әңгімені оның көңіл-күйін сұраудан бастаған дұрыс. Балаға бірінші «Сабағыңды оқыдың ба?» деудің орнына «Балам, көңіл-күйің жақсы ма? Бүгін қандай сабақтар болды? Не ұнады? Не ұнамады? Қайсысы қиын болды? Қайсысы оңай болды?», «Балам, қандай жағдайда да сен мықтысың» деген сұрақтар қою арқылы оған не керегін анықтау — ата-ананың міндеті.
Біздің буынның өкілдері «Мұғалімнен таяқ жеп өстік, содан өлген жоқпыз ғой, ал қазіргі ата-аналар баласына мұғалімнің қол көтергенін қабылдай алмайды» дейді. Себебі бүгінгі балалардың психологиясы басқа. Сол үшін ата-ана баласына икемделуі керек.
Сөйлесуді неден бастау керек? Мәселен, бала сегіз-тоғыз жасқа келгенде, оның еркектік гормондары ойнап, пісіп-жетіле бастайды. Сексологтардың айтуынша, мұндай кезде олардың ағзасынан түнде сұйықтықтар бөлінеді. Бала бұл туралы сұрап келгенде, «Балам, кейде ондай болады» демейсің ғой. Сен оған бәрін дұрыс түсіндіруің керек.
Он-он бір жастан бастап бала жыныстық өмірге қызыға бастайды. YouTube порталынан сүйген видеоларды көріп, соны өмірде қайталап көргісі келеді. Сыныптағы қыздарға арқасынан түрту, бетінен сүйіп кету, шашынан тарту арқылы тиісіп ойнайды. Бұл кезде әр баланың жанынан анасы табылуы керек.
Сіз балаңызды қанша жерден тәртіпті, тәрбиелі, қыз мінезді көргеніңізбен, оның сексуалды конституциясы туралы білмейсіз. Еркектің гармондары пісіп-жетілген тұста, сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, ол жыныстық қатынасқа барудың жолын табады. Сол кезде оған қалай қорғану керегін кім айтады? Кей балалардың мүшеқап сатып алуға 600 теңгесі болмауы мүмкін. Ауылда 600 теңге деген әжептеуір ақша екенін ескеріңіз. Мүшеқап жоқ, соған қарамастан жыныстық қатынасқа түсіп көрді. Кіммен деген сұрақ тағы бар. Яғни нәтижесі инфекция жұқтыруға әкеп соғуы да мүмкін. Бұл 13-14 жастың шамасы. Қазақ «Он үште отау иесі» деп біліп айтқан ғой. Бала 10-11 жаста жыныстық өмірге қызыға бастайды. Уақыты келгенде үйленіп, өздері біледі дерсіз. Бәлкім сіз де кейбір ата-аналар сияқты «мүшеқап» тарату – бойжеткен мен бозбаланы жыныстық қатынасқа түсуге итермелеу деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ, таяқтың екі ұшы барын ескеруіміз керек.
— Жыныстық сауаттылық тақырыбына келгенде, адамдар көбіне «ұятты» сылтауратады. Бұған қалай қарсы тұруға болады?
Иә, біздің қоғамда жыныстық қатынас туралы ашық сөйлесу – ұят. «Болмайды», «Көрме», «Қарама», «Кейін өзің білесің», «Саған қазір ерте». Тыйым мен шектеулерден кейін жастар жыныстық этикетті интернеттен тауып, сауатын порнофильмдермен ашады. Қазақ, «Жасыр, айтпа» деген жоқ қой. Керісінше, «Ауруын жасырған өледі» деген. Бұдан ары үндемей отыра беруге болмайды. Жағдай ушығып бара жатыр. Ересектер қаласа да, қаламаса да, табиғат өз дегенін алады. Тыйым салу — проблеманың шешу жолы емес. Тыйым мәселенің шешу жолы болса, соңғы кезде жол бойына, дәретханаға және басқа жерге белгісіз біреу нәрестесін тастап кеткені туралы ақпарат болмас еді.
Бізге ел болып, қоғам болып жыныстық сауатымызды көтеру керек. YouTube арқылы мен алыс аймақтарды толық қамти алмайтынымды білдім. Бұл бағдарламаны республикалық телеарналардың бірінде шығарып көргім келген. Себебі, телеарналардың басты көрермендері ауылда отыр. Өкініштісі, мұндай тақырып отандық телеарналарда ашық айтылмайды. Ары кетсе, атқа мінудің ер адамның денсаулығына пайдасы туралы айтылатын шығар, басқа өмірімізге керек ақпарат берілмейді. Бірақ «ұят болады», «қазақ өйтпеген, сөйтпеген» деген тыйымдар проблеманың шешу жолы емес. Бұл — cалт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қарсы шық деген пікір емес. Ата-анасы баланың дәл қазіргі танымы, ойлау қабілеті, эмоционалды және физикалық дамуына сай амалдарды іздеуі керек.
Бұл — жыныстық қатынасқа да қатысты тәртіп. Ақша санау үшін математиканы білу керек дейсіз, балаға жақсы білім беруге бар күшіңізді саласыз. Сол сияқты жыныстық қатынасқа да қажеттілік деп қараңыз. Балаңызға шын мәнінде жаныңыз ашыса, білім беріңіз. Өзіңіз білмесеңіз, алдымен өзіңіз оқыңыз, іздеңіз, дайындалыңыз. Бұл — сіздің жауапкершілігіңіз. Алматыда жастардың жыныстық қатынас туралы сауатын ашып, сұрақтарына жауап беретін орталық бар. Оны ЮНФПА ұйымдастырды. Аталған халықаралық ұйымның ресми спикері, танымал әнші Калия да аймақтарға барып, бойжеткен оқушылармен жыныстық қатынас туралы ашық сөйлесіп, көп жұмыс атқарып жүр. Бірақ бұл тақырыптағы басты рөл ата-ананың еншісінде екенін қоғам болып түсінуіміз керек. Ата-Ана бұл мәселеге салмақты қарап, баланы ересек өмірге дайындау керегін мойындамаса, мәселе шешілмей, статистика өсе беретіні анық.
— YouTube каналыңызда отыз мыңнан астам көрермен бар. Көрермендер көбіне қандай сұрақтар жолдайды? Оларды әдетте қандай мәселелер мазалайды??
Басында бәрі қарсы пікір жазатын. Соған қарамастан, арнаға жазылушылар мен көрілім саны күн санап өсіп жатыр. Менің ойымша, бұл аталған мәселенің қоғамдағы өзектілігін көрсетеді. Қазір көрермендер менімен бірге жұмыс істейтін кәсіби мамандардың байланыс нөмірлерін сұрайды. Инстаграм парақшама өмірбаяндарын ұзақ хат түрінде жолдап, ерлі-зайыптылар арасындағы немесе жастар мәселесі бойынша кеңес сұрайтындар бар.
Көбіне «Мастурбациямен айналысу зиян ба?» деген сұрақ келеді. Әйелдер де, ерлер де жазады. Одан бөлек, жыныстық мүшелердің шамасы мен комплекстер туралы сұрақтар жиі қойылады. Көп қайталанған сұрақты кәсіби маманға қойып, жауап алуға тырысамын.
— Жобаңызға қатысты көп сын айтылғанына қарамастан, жұмысыңызды жалғастырып келесіз.
Бір жағынан, бұл сынның болғаны да дұрыс шығар деп ойлаймын. Адамдардың жаңашылдықты бірдей қабылдай алмауы — қоғамның иммунитеті әлі де бар екенін көрсетеді. Қарсыласа берсін. Бірақ жобадан әркім өзіне керегін аларына сенемін. Менің мамандарымның кәсіби біліктілігі жоғары. Оларды табудың өзі оңайға соққан жоқ. Менің влогым қазақ тілінде екенін білесіз. Ал қазақ тілінде сөйлейтін маман аз. Орыс және ағылшын тілінде ақпарат табу әлдеқайда оңай. Ал баласын дәретханаға, қоқысқа тастап кеткендердің дені ауылдан келген қазақ қыздары құрайды. Себебі оларға ақпарат жетпейді. Олар гинекологқа бармайды. Тіпті, «гинеколог» дегенді естудің өзінен қорқуы мүмкін.
Айналамдағы көп адам менен «Қалай боп жатыр? Влог қалай?» деп күліп сұрайды. Мен де әдейі: «Жақсы, өзіңе пайдалы ақпарат алып жүрсің бе? Үйленгенсің бе?» деп жауап беремін. «Жоқ» дейді. «Онда үйленерден жетпіс екі күн бұрын моншаға барып, парға отырма» десем, «Неге?!» деп таң қалады. «Енді, сен сауаттысың ғой, қалай білмейсің?» — деп күлемін. Еркектердің аталық ұрықтары (сперматазоидтар) әрбір жетпіс екі күн сайын жаңарады. Біздің жігіттер осындай қарапайым нәрсені білмейді. Тойдан бір-екі күн бұрын достарымен жиналып, моншаға барады. Ер адам буға кірген сайын, оның ұрықтарының күші өле береді. Осыдан үйлене салып, балалы болуға ниеттенгенде, әлсіз ұрық жатырдың қажет жеріне жетпей, жарты жолда өліп қалады. Нәтижесінде әйелі бала көтере алмайды. «Сауатты болсаң», осыны білер едің ғой?» деймін. Одан бөлек, ер адамдарға көлікте орындықты жылыту құрылғысын пайдалануға болмайды. Осындай пайдалы кеңестерді менің бағдарламамда арнаулы мамандар айтады.
— Мектеп бағдарламасына «сексология» пәнін енгізуге қалай қарайсыз?
Жыныстық сауаттылықты арттыру — өте керек нәрсе. Әсіресе, он төрт-он бес жастан бастап репродуктивті денсаулықтың не екенін, оның маңызын үйрету керек.
Сексологтар өз жұмысын балалардың сексуалды конституциясын анықтаудан бастауы керек. Мысалы, сексуалды конституциясы жоғары балалардың жыныстық өмірге деген қызығушылығы ерте оянады. Ал сексуалды конституциясы төмен балаларда мұндай белсенділік байқалмайды. Бұл тақырып оларға ауыр, жағымсыз естіледі.
Сексологтар қосымша пән енгізіп, сабақ өткізсе, сексуалды конституциясы жоғары балалармен ерекше жұмыс істеуі қажет. Ал сексуалды конституциясы төмен балаларға тимей-ақ қойсын, олармен дамуына сай сөйлесуге болады.
— Соңғы бірнеше айда Еуропада жасанды түсікке тыйым салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселе туралы не ойлайсыз?
Былтыр министрлік жасанды түсік жасауға рұқсат беріп, мектептерге тегін мүшеқап тарату туралы мәселе көтергенде, үлкен шу болды. Мүшеқап тарату деген проблеманың алдын-алу жолын қарастыру, ал жасанды түсік мәселесі қайтадан ата-ананың сауатына кеп тіреледі. Қызын сол өмірге дайындай алмаса, бұл — ата-ананың бірінші қателігі. Аяғы ауыр қызға жасанды түсік жасату – олардың екінші қателігі. Біз «ұят болады» деген нәрсемен өмір сүреміз.
Жеке басым жасанды түсік жасатуға қарсымын. Құрсағына шарана бітті ме, ол оның бір сәттік ләззәтінің жемісі. Ләззәтін алды ма, баланы да туу керек. Қазіргі статистикаға сәйкес, жасанды түсік саны өте көп. Сол қыздардың арасында он екі жасқа толмағандар да бар. Бұл кімнің қателігі? Ата-аналардың қателігі.
Егер ата-аналар балаларымен ашық сөйлессе, тыйым салмаса, жағдай басқаша болар ма еді?! Жабық нәрсе қашанда қызық қой. Оны бала өзі қателесіп тапқаннан, ата-ананың түсіндіргені артық. Біздің қатарластарымызбен ата-анасы осындай тақырыпта сөйлеспегеннен, көз алдымызда жасанды түсік, ерте жүктілік, инфекциялық аурулар, бедеулік, белсіздік фактілері көбейіп отыр. Енді біз өз балаларымыздың мұндай қателікке ұрынуына жол бермеуіміз керек.
— Болашақта «Жабық тақырып» жобасын жалғастырасыз ба?
Әрине. Жыныстық аурумен қатар, бүгінгі біздің қоғамда өзекті тақырыпқа айналған ажырасу, бедеулік сияқты мәселелер дн жетіп-артылады. Мен «Жабық тақырып» арқылы осының бәріне жауап іздеймін. Көрерменге барынша пайдалы ақпарат беруге тырысамын. Өйткені жыныстық сауаттылық тек бозбала мен бойжеткенге ғана емес, ересектерге де қажет. Посткеңестік елдері мен Орталық Азия мемлекеттері жыныстық тақырыпқа келгенде ортақ қағида ұстанып, «тұспалдап, жалпылама түсіндіреді, мәселені ашып айтпайды. Сондықтан «Жабық тақырып» бағдарламасы – порно емес.
Мақсатымыз – жыныстық сауатты көтеру. Мен бұл влогты жүргізуге ұялмаймын. Ал маған хабарласып, мені интернеттен көргеніне ұялып жүрген ағалар жаңа туған баласын қоқысқа, дәретханаға, жолға тастап кететін қарындастарының әрекетінен, соған итермелеген бауырының шала ісінен ұялса екен
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)