Қазақ тіліндегі оқу мәдениеті, таралым мәселесі және сұраныс — «Мың кітап» орталығындағы сараптамалық кездесу
Алматыдағы «Мың кітап» әдебиет үйінде «Қазақстанда кітаптың келешегі қандай?» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті. Кездесуде оқырман мен автор арасындағы байланыс, оқу мәдениетін арттыру жолдары және кітап индустриясын дамыту мәселелері талқыланды — ал Steppe кездесудің басты сәттерімен бөлісуде.
Алматыдағы әдеби өмірде соңғы жылдары бір жаңа тенденция байқалады: оқырман мен автор арасындағы байланыс күшейіп, оқу мәдениетін арттыруға бағытталған жобалар көбейіп келеді. 7 сәуірде «Мың кітап» әдебиет үйінде «Қазақстанда кітаптың келешегі қандай?» тақырыбында БАҚ өкілдері мен кітап баспаларының қатысуымен жабық кездесу өтті. Іс-шараны кітапхананың ұйымдастырушы директоры Раиса Қадыр жүргізді. Кездесу барысында кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған бастамалар мен қазіргі мәселелер кеңінен талқыланды.
«Мың кітап» кеңістігінің ерекшелігі — кітап сататын дүкеннен бұрын оқырман мен автор арасындағы байланысты қалыптастыратын орта болуы. Мұнда келген адам кітапты парақтап, сезініп, өзіне жақын дүниені таңдай алады, басты мақсат — оқу мәдениетін қалыптастыру.
Кітапханада түрлі клубтар жұмыс істейді: аналар клубы, ертегілер клубы және жақында іске қосылған ағылшын speaking club. Бұл клубтар балалардан бастап ересектерге дейін оқырман қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жобаның негізі Steppe & World Publishing баспасынан бастау алған. Ол оқырмандардың сұранысына сәйкес ашылып, бүгінгі таңда қазақ тіліндегі кітаптарға және сапалы аудармаларға басымдық беріп келеді. Дегенмен, сарапшылар Қазақстанда кітап оқу деңгейінің төмен болуын тек жеке жобалармен шешу қиын екенін атап өтті.
Сарапшылардың бірі Отбасы хрестоматиясы қоғамдық қорының өкілі Қазақстанда кітап оқу деңгейінің төмен болуын баспалардың аздығы мен кітаптардың жеткілікті түрде таралмауымен байланыстырады. Сонымен қатар, олар білім беру жүйесіне де назар аударды. Олардың пікірінше, оқу орындарында философия, әлеуметтану сияқты пәндермен қатар көркем әдебиетті кеңінен енгізу қажет, бұл болашақта ойлай білетін ұрпақ тәрбиелеуге септігін тигізеді.
Кітап нарығындағы соңғы үрдістерге тоқталған Meloman қазақ классикасына қызығушылық соңғы үш жылда артқанын атап өтті. Дегенмен, аударма әдебиеттер арасында орыс тіліндегі кітаптарға сұраныс әлі де жоғары. Балалар әдебиеті мен өзін-өзі дамыту жанры да оқырмандар арасында кең таралған. Бұл оқырмандар әртүрлілікті және сапаны іздейтінін көрсетеді, сондықтан кітапқа қолжетімділікті арттыру мен оқу ортасын ыңғайлы ету өте маңызды.
Жалпы, мамандар кітап индустриясының болашағы баспалардың дамуына, сапалы аудармаларға, оқырман қауымдастықтарының қалыптасуына және оқу мәдениетінің артуына тікелей байланысты екенін айтады. Әрбір кездесу мен бастама оқырман санын арттыруға, жаңа ұрпақты кітапқа тартуға және отандық әдебиетті қолдауға маңызды қадам болып саналады.