Лило, Стич және қазақша дубляж: сүйікті кейіпкерлер қалай қазақ тілінде сөйлей бастады
Соңғы жылдары қазақ тіліндегі контентке деген қызығушылық айтарлықтай артты. Бұл үрдіс тек әлеуметтік бастамалар мен білім беру...
NB лақапатымен танымал Нұрлыбек Хамит — ALPHA тобының басты вокалисі. Ол бала кезінен музыкаға ғашық болған. STEPPE-ке берген сұхбатында ол өнерге келу жолы, Q-POP стилінің қыр-сыры мен армандары туралы айтып берді.
— Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
Менің аты-жөнім Нұрлыбек Хамит, сахнадағы лақапатым — NB. Қазіргі Ұлытау облысы, Жезқазған қаласының тумасымын. Өнерге деген сүйіспеншілігіме анам себепкер болды. Бала күнімде маған ән айтуды өзі үйреткен. 4-сыныпта анам мені өнер мектебіне апарды. Сол кезде іріктеу аяқталған еді, бірақ домбырадан сабақ беретін ұстазым менің дауысым мен қабілетімді байқап, бір баланың орнына мені қабылдап алған. Осылайша музыка мектебінде оқуға түстім. Екі жылдан кейін вокал бағытына да тапсырып, домбыра мен вокалды қатар меңгеріп шықтым.
— Бала кезде арманыңыз қандай еді?
Арманымның 90 пайызы музыкамен байланысты болды. Жатсам да, тұрсам да ән мен әуен ойымнан кетпейтін. Бастапқыда сабақты жақсы оқитынмын, бірақ 5-сыныптан кейін өнерге деген қызығушылығым бәрінен басым түсті. Вокалдық қабілетім мен домбыра машығым дами бастады. Қазір сол арманым орындалып жатыр, болашағы бар топтың әншісімін.
— Сіз үшін музыка деген не? Топтағы рөліңізді қалай сипаттайсыз?
Музыка — мен үшін үйлесім мен сезім. Әр нотасында терең мән жатыр. Сол арқылы адамның жан дүниесіне жол табуға болады. Бұл менің табиғатыма жақын болғандықтан, өнер жолын таңдадым. ALPHA тобында басты вокалиспін және музыкалық продакшнмен айналысамын — ән құрылымына, гармонияға, стильге жауап беремін. Трейни кезден бастап осы салада үздіксіз дамып келемін.
— Q-POP стилінің қандай қиындықтары бар деп ойлайсыз?
Әр жанрдың өз қиындығы бар. Бірақ бұл бағытта дамимын деген адам тоқтамай еңбектенуі керек. Q-POP — тек ән айту мен би емес, ол — стиль, образ, сахналық дайындық. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс. Арманым деп қабылдаған соң, маған ән айту мен би билеу жеңіл көрінеді. Себебі бұл — өмірлік қағидам. Өз ісіме деген сүйіспеншілігім мен тәжірибемнің арқасы.
— Фонограмма туралы не ойлайсыз?
Өз басым фонограмманы қолдамаймын. Әрбір әртіс жанды дауыста өнер көрсетіп, тыңдарманға табиғи әсер сыйлауы керек деп есептеймін. Фонограмма арқылы эмоция жеткізу қиын. Дегенмен, кейде техникалық себептермен шоуда немесе түсірілімде фонограммаға жүгінуге тура келеді. Бірақ жалпы өнердің 99 пайызында жанды дауыста айту керек деп ойлаймын.
— Қазақстан шоу-бизнесіне қандай өзгеріс енгізгіңіз келеді?
Қазақстандағы шоу-бизнес үнемі дамуда. Әрбір музыкант бұл салаға өз үлесін қосып жатыр. Өзімнің басты мақсатым — қазақ музыкасын әлемге таныту. Біздің музыкада ерекше ұлттық үн, қоңыр әуен бар. Сол стильді жаһандық деңгейге шығарғым келеді.
— Сізге шабыт сыйлайтын әртістер кімдер?
8-сыныпта оқып жүргенде EXO тобымен таныстым. Олар менің өнерге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Олардың перформанстары мен бейнебаяндарын көріп, шабыт алдым. «Қандай болу керек әртіс?» деген сұраққа жауапты солардан таптым.
Біздің елде де талантты музыканттар бар. Бірақ әркімнің өнерге деген көзқарасы әртүрлі. Біреулері шоу-бизнеске бағыт алса, енді бірі тек өнер үшін еңбек етеді. Әркім өз жолымен дамып келеді.
— Сахнаға шығарда қандай дайындық немесе дәстүріңіз бар? Тыңдарманмен қалай байланыс орнатасыз?
Әр сахнаға шыққанда қобалжу болады. Өйткені көрерменнің алдында үлкен жауапкершілік сезінемін — олардың үмітін ақтау керек. Бірақ сахнаға шыққан сәттен бастап бәрін ұмытып кетемін. Сахна — мен үшін екінші үйім.
Ал көрерменмен байланыс орнату — табиғи нәрсе. Өзім ашық адаммын, адамдармен оңай тіл табысамын. Тыңдарман да менің шынайылығымды сезіп, жақсы қабылдайды.
— Қазіргі ең үлкен арманыңыз қандай?
Ең үлкен арманым — тарихта қалу. Тек Қазақстанда ғана емес, әлем сахнасында да өз атымды қалдырғым келеді. Әлемге танымал әртіс болу — менің үлкен мақсатым. Бірақ сонымен қатар дәл қазіргідей өмір сүріп, сүйікті ісіммен айналысып, жақсы көретін адамдарымның жанында болу — мен үшін нағыз бақыт.
— Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Получай актуальные подборки новостей, узнавай о самом интересном в Steppe (без спама, обещаем 😉)
(без спама, обещаем 😉)