Топ емес, жанұя: ALPHA-ның шынайы тарихы

9 минут Ардақ Құлтай
Топ емес, жанұя: ALPHA-ның шынайы тарихы

Альфа — грек әліпбиінің алғашқы әрпі. Альфа болу бүкіл саладан бәрінен мықты болып шығу деген сөз емес, бұл өз өміріңде өзің үшін альфа болу, дейді топ мүшелері. ALPHA — осыдан 3 жыл бұрын құрылып, бүгінде Қазақстан музыка әлемінде жаңа тыныс бола білген топ. Өнерпаздармен кездесіп, ұжым туралы, олардың шығармашылығы мен өмірлік ұстанымдары туралы сұхбат құрдық. STEPPE жаңа материалынан топ туралы ең маңызды мәліметтерді оқи аласыздар.


Топтың продюсері жоқ. Бәрі де ән жазады. Сөзінің де авторы өздері.

«Qozzy (Тілеужан Уәлиев) — біздің лидер. Dark (Дарын Амангелді) — басты мәтін жазушымыз. A.Boo (Әбілқайыр Мәдеш) — біздің краш (күліп). NB (Нұрлыбек Хамит) — басты вокалист. Ал мен визуалдық жағына жауаптымын. Мен қазақ, ағылшын, қытай және жапон тілдерін білемін, ал қазір орыс тілін оқып жатырмын», деп таныстырды топтың әр мүшесінің ролін I (Ақжол Серікжанұлы).

Топ қалай құрылды?

2019 жылы Project X жобасы болған. Бұл музыкалық реалити-шоуды JUZ Entertainment лейблі өткізген. Айта кетсек, дәл осы продюсерлік орталық танымал Ninety One тобын шығарған. Реалити-шоудың мақсаты — ұлдардан құралатын топқа 5 мыңнан аса жас өнерпаздың бағын сынап, үздік бес адамнан топ шығару.  

«Сол кезде финалға 10 адам жеттік. Ақтық сында 4 адам үздік шықты. Бұл төрт адам DNA тобы болып құрылды. Ал біз болсақ, бесеуміз JUZ Entertainment-те трейни (тәжірибеден өтуші) болуға жолдама алдық. Осы лейблде 2,5 жыл бойы тәжірибе жинадық. Ал осы уақыт өткен соң өзіміз бөлек шығуды ұйғардық», дейді Qozzy.

I. Ақжол Серікжанұлы. "Альфа" тобы. Музыка. Шоу-бизнес. Alpha. Топ. Шығармашылық. Ай

Топ мүшелерінің айтуынша, қазіргі уақытта олар продюсерсіз жұмыс істейді. Оған себеп те көп екен. Бірінші себебі — жұмысқа еркін әрі жеке көзқараспен қарау мүмкіндігі.

«Бұл ALPHA болудың нақты идеологиясын көрсетеді. Себебі өзіміздің жұмысымызды, өзіміздің жолымызды, өзіміздің өмірімізді өзіміз басқаруымыз керек деп ойлаймыз. Бүкіл шешімді өзіміз қарастырып, өзіміз шешеміз», дейді Qozzy.

Бірақ топ Project X жобасы әрқайсының да өмірін өзгерткен жоба деп бағалайды.

«Бұл жоба болмаса, біз бір-бірімізді танымайтын да едік. Бізге берген басты сыйы да осы. Жақын араласып, бір-бірімізді таныдық. Сол арқылы аудиториямен қалай жұмыс істеуге болатынын үйрендік, одан қалса, сахна тәжірибесін жинадық. Ал кейін дебют жасағанымызда сол кезде алған базалық машығымыз өте қатты көмектесті», дейді Qozzy.

Q-POP деген не?

Топ өзін Q-POP-қа да, нақты бір жанрға да жатқызбайды. Яғни бұл топтың продюсерлік орталықпен жұмысындағы саясаты болған, ал қазір бұл жанрда ғана шектеліп қалмайды. Топ мүшелері Q-POP-ты қолдайтынын айтады. Алайда ұжымның бұл жанрға деген түсінігі өзгеше.

 «Q-POP деп қазақ тіліндегі танымал музыканы айтамыз. Біз осы түсінікті ұстанамыз. Біздің бағалауымыз бойынша, қазақстандық Q-POP өте жақсы дамып келеді. Әртүрлі жанрлар жұртшылыққа кеңінен танылып жатқанына куә болып отырмыз. Бұған, әрине, қуаныштымыз. Ал егер де топтық жүйені айтар болсақ, әзірше, өкінішке қарай, шығып жатқандар өте аз. Біздің елдегі музыка индустриясында топтық жүйені түсінетіндер аз десек болады. Бірақ болашақта дамитынына үмітіміз бар. Себебі бізге қарап бой түзеп жатқан топтар, әртістер бар. Соған қарағанда, көбейе бермек», дейді топ мүшелері.

Алайда бүгінде құрылып жатқан көп топ тарап жатқанына куә болып отырмыз. Бұған, әрине, қаражат та басты себептердің бірі. Алайда альфалықтар басқа да себебіне үңіледі. Мысалы, топтағы қарым-қатынас та дәл сондай маңызды.

«Әрине, топтардың тарауына қаражатқа байланысты. Бірақ мұндай жағдай жүйенің дұрыс болмауынан шығады және дайындық аз болғаны да әсер етеді. Топ мүшелерінің бір-бірін тану барысында қателікке бой алдыруы, дұрыс танымауы десек болады. Біз де сол кезеңнен өткенбіз. Ал біздің жағдайда шыдамдылық танытып, топтың өмірін жалғастыруға өзара махаббатымыз көмектесті дей аламыз. Себебі бұл жай ғана бес адамнан тұратын топ емес, бұл үлкен жанұя. Сол кезеңдегі көрген қиындықты дер кезінде түзеп отырғанымыздың арқасы. Қазір сол жүріп өткен жолымызға қарай отырып, бұл қиындықтардан өттік деп айта аламыз», дейді альфалықтар.

"Альфа" тобы. Музыка. Шоу-бизнес. Alpha. Топ. Шығармашылық. Kozzy

Танымалдық «Кім ол?» әнінен басталды

Топтың қай бейнебаянын қарап көрсеңіз де, миллиондаған қаралым жинайды. Мәселен, топтың ең танымал әні — «Кім ол?» жарты жылдың ішінде 4,3 миллион қаралым жинаған.

«Рас, танымалдық осы «Кім ол?» әнінен келді. Яғни 2024 жылдың екінші жартысынан өсім пайда болды. Сол кезден бастап нақты өзімізбен өзіміз жұмыс істей бастадық, яғни ешқандай продюсерлік жүйе болмады. Алдымызда таңдау тұрды: біз көрерменнің қабылдауына байланысты оңай әрі түсінікті стильде шығамыз немесе өз дүниетанымымызды, өз жолымызды қалай көрсек, солай шығарамыз деген диллемаға келдік.

Осылайша екінші нұсқасын таңдадық, яғни өз дүниетанымымызбен шықтық. Алайда «Құпия», «Сені ойлай», «Сөз бере алмаймын», «Өстің бе?» әндері де болған, бірақ «Кім ол?» әні жемісін әкеліп, өсім берген ән деп айта аламыз. Бұл біздің жанкүйерлеріміздің қаншама жылдан бергі қолдап, қиын кезеңдерде де үміт артып, сенуінің арқасы болды» дейді өнерпаздар.

«Ninety One — бой түзейтін ағаларымыз»

Топ өкілдері продюсерлік орталықта болған сәтінде атақты Ninety One тобынан үлгі алып келген, әлі де ақыл-кеңес сұрайтын аға буын ретінде қарайды.

«Бір Entertainment-те, олар әртіс, ал біз трейни болдық. Сол кезде үйренгеніміз көп болды. Бой түзеген адамдарымыз болды дей аламыз. 2,5 жыл ішінде көп кеңесін берді, олардың жүріп өткен жолына қарай отырып, мәселен фан-база құру, қалай жұмыс істеу керегін үйрендік. Бір сөзбен айтқанда Ninety One-нан алғанымыз көп болды, әрине, алда аларымыз да көп. Әлі күнге дейін жақсы қарым-қатынастамыз, сұрақтарымыз болса, аға ретінде кеңестерін алып жүреміз», деп бағалайды альфалықтар.

Музыкалық ұжым алға қойған мақсат-мұраттары туралы айта келе, әзірше орындалмай тұрған жолы — әлемдік сахна төрі, дейді. Бірақ тағы да, Альфа-философиясы өзгемемен жарысу я бәсекелес болу емес, өз жолында үздік болуға ұмтылуды білдіреді.

Ал осы әлемдік сахнаға шығу жолдарының бірі — ағылшын, жапон, қытай тілдерінде де ән салу.

«Соңғы шыққан әніміз, яғни камбэгімізде (Tiki-Taka әні) бридж, дроптың бәрі ағылшын тілінде болды. Әлемдік сахнаға басқалар үшін болмаса да, өзіміз үшін қадам жасап, дайын екенімізді өзімізге өзіміз көрсеткіміз келеді. Сондықтан әлем тілдері болғандықтан, ағылшынша және қытайша да айтуды жөн көріп отырмыз», дейді олар.

Альфа-философия

ALPHA тобының әрбір өкілі музыкамен өмір сүреді десек, қателеспейміз. Әр мүшесі де өнер жолына басқа кәсіптен келмеген. Ер жеткен сәтінен-ақ әрқайсы да шығармашылыққа келген.

 «Біз үшін кәсіп те, оқу да — ALPHA. Өмір үйрететін жеріміз де осы топ. Сондықтан басқа ештеңемен айналыспаймыз. Себебі бұл жол жай ғана музыка емес, сонымен қатар, даму. Жетістікке жету үшін музыка саласында әр қырымыздан дамимыз, мәселен, бейнебаян түсіру, аудиториямен жұмыс, әлеуметтік желіде парақша жүргізу, бизнес ретінде айналысатын да тұстары бар. Өзіміздің шаруамыз көп болған соң, бос уақыт та бола бермейді», дейді топ мүшелері.

"Альфа" тобы. Музыка. Шоу-бизнес. Alpha. Топ. Шығармашылық. Kozzy. Дарын Амангелді. Dark

Таяуда, 3 маусымда топ FAN EVENT фан-кездесуі өтеді. Бұл іс-шара — топтың жақында шыққан comeback-іне орай болмақ. Оойындар, жақын таныстықтар, естелікке суретке түсу және ең бастысы — эмоцияға толы, отбасылық кеш. Кеште, міндетті түрде жаңа Tiki Taka әні орындалады.

Топтың әлеуметтік желілердегі парақашаларында белсенділік өте жоғары. Мәселен, Instagram-да 80 мыңнан асатын адам жазылса да, әр жарияланымы көптің белсенді реакциясын туғызады. Ал бейнебаяндары кемінде миллион қаралым жинайды. Мұның себебі туралы сөйлеген әншілер «аудиторияға ұнайтын себебіміз — шынайылық» дейді.

«Біз қандай болсақ, өзімізді одан артық та, кем де көрсеткіміз келмейді. Өз ойымызды, сахнадағы тұрысымызды да шынайы етуге тырысамыз. Тіпті нотадан ауытқып кеткен сәт болса да, бұл шынайы шығуы керек. Қандай сахна болса да, қайда концерт берсек те, 100 пайыз ALPHA-ны көрсетуге тырысамыз. Ал бір жағынан біз бесеуміз, бесеуміздің де ойымыз, образымыз көпшілікке өз қырынан жетіп, жүрегінен орын табамыз», дейді музыканттар.

ALPHA-ның тағы бір ерекшелігі — ешқашан бір ғана жанрда, бір ғана стильде шектелмегенін байқайсыз, Нақты жанр жоқ. Бес адам, әртүрлі композитор ортақ дүние шығаруы үшін Pop, RAP, R&B сияқты белгілі бір жанрда шектеле алмайсыз.

A.Boo. Әбілқайыр Мәдеш. Музыка. ALPHA.

«Әрқашан экспериментке дайынбыз. Қорқыныш жоқ. Бәлкім жанкүйерлеріміздің бізді жақсы көруінің себебі, яғни біздің күшіміз музыкада емес, біздің жұмысқа деген, фан-базаға деген махаббатымыздан шығар», дейді Qozzy.

Идея мен месседж

«Өзімізді әлеуметтік тақырыптарды ғана қозғайтын топ деп атамаймыз», — дейді Dark. Оған себеп — өнерпаздар жанкүйерге сенім беру, өмірін жақсартуға шақыру, өз-өзін сүйе білуге үндеу сияқты ой салу.

Бірақ топ бұл сөзімен әлеуметтік проблемаларды қозғамайды деген сөз емес. Мәселен, Toxic әні Алматыдағы жер сілкінісінен туған ой болған екен.

«Бұл жағдайлар бізді қатты уайымдатты, алайда біз оған басқа қырынан қарауға ұмтылдық. Басты месседж — адам мен қаланы салыстыру, яғни параллель арқылы қала мен табиғаттың бет-бейнесі — адамның өзі екенін аңғартып, ой тастау. Алайда бұл қанша жерден әлеуметтік мәселе болғанымен, біздің айтқымыз келгені — әр адамның жеке қабылдауы мен сезімдеріне қатысты болды», дейді музыканттар.

Осылайша топтың алға қойған мақсат-мұраттары көп. Мәселен, 2024 жыл топ үшін танылу, көптің алдына шығу болса, ендігі жыл музыка сапасын жаңа деңгейге көтеріп, шығармашылық масштабты кеңейту. Ерекше атап өтер бастамалардың бірі — шетелдік сахнаға шығу.

"Альфа" тобы. Музыка. Шоу-бизнес. Alpha. Топ. Шығармашылық. Kozzy. Дарын Амангелді. Dark. NB. Нұрлыбек Хамит

Алайда топ мүшелері «жұлдыз ауруына» тап болмадық дейді. Себебі осындай батыл мақсаттарға жету болашақтың еншісінде. Ал жетістікке жетпей тұрып, танымалдық туралы ойлау ертерек.

«Өзімізді толыққанды жетістікке жеткен әртіс санамаймыз. Қазіргі уақытта жеткеніміз — жүріп өтер жолымыздың 5 пайызы ғана шығар. Арманның биіктігі өзіңді әрқашан биіктеп кетпеуге шақырады. Сол себепті де бізге қатысты хейт болмады. Себебі біздің алдымызда Ninety One болды. Біз дәл сондай ауқымды деңгейде хейтке ұшырамадық. Бірақ әр топтың шыңдалу жолы бөлек, өзгеше. Танымалдық біздің бойымызға қандай да бір өзгеріс әкелді деп те айта алмаймыз. Себебі әрқайсымыз шыққан сәтімізде қандай болсақ, қазір де сол биік арман-мұрат жолында, сол жетістікке жету амалымен жүрміз. Біз үшін танымалдық тек өзімізге деген сенімділікті берген шығар, дұрыс бағытта екенімізді түсіндік», дейді альфалықтар.

Бұл соңы емес!

Айта кетейік, алдағы уақытта топтың әр мүшесімен өмір жолы, жеке қасиеттері, шығармашылығы және арман-мақсаттары туралы егжей-тегжейлі сұхбаттар легін жариялаймыз.

Еще много интересного

Статьи STEPPE

Біз білетін ұшқыш Хиуаз Доспанова шын мәнінде қандай тұлға болды?

Біз білетін ұшқыш Хиуаз Доспанова шын мәнінде қандай тұлға болды?

Соғыс батыры-Хиуаздың ұлы Ерболат Амиров әңгімесі. Биыл — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. 9 мамырда әлемнің түкпір-түкпірінде,...

3 минуты
3 минуты
Қазақ тіліндегі жаңашыл подкасттар: тың мазмұн, жаңа форматтар

Қазақ тіліндегі жаңашыл подкасттар: тың мазмұн, жаңа форматтар

Кейінгі жылдары қазақ тіліндегі подкаст индустриясы айтарлықтай жанданып келеді. Көбінесе әлеуметтік желі мен YouTube алаңында...

3 минуты
3 минуты
Алматы халыққа арналған қала ма? 10 жылға болжам

Алматы халыққа арналған қала ма? 10 жылға болжам

Кейінгі онжылдықта Алматы қаласында урбанистикаға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын урбанистика десе — жол, көлік,...

7 минут
7 минут
Неге 400 мың теңге жалақы алатындар несиеге тәуелді? Қарызсыз өмір құпиясы

Неге 400 мың теңге жалақы алатындар несиеге тәуелді? Қарызсыз өмір құпиясы

Бүгінгі таңда несиесіз өмір сүру — біреуге қиял секілді көрінсе, енді біреулер үшін бұл нақты мақсат пен өмір салтына айналып...

12 минут
12 минут